Back

Қазақстан үшін тепе-теңдік сақтау қиындап барады – Carnegie center 

Қазақстан үшін АҚШ-пен жақын қарым-қатынас орнату  Ресей мен  Қытайдың елге әсер ету ықпалын азайтудың маңызды бөлігі. Бұлай деп отырғанымыз, алпауыт көрші екі ел де Қазақстан билігі үшін қауіптенетіндей әрекеттерді әлсін-әлсін көрсететіні жасырын емес. 

Ресейдің батыстағы басты одақтасы – Белорусь елі бола, шығыста – Қытай, ал оңтүстікте бұл, әрине  Қазақстан. Осы елдердің ішінде Ресеймен шектесетін құрлықтағы ең ұзын шекара, яғни жеті мың километрге жуық қашықтық Қазақстанға тиесілі.

Бұған қоса, ол Мәскеудің барлық интеграциялық жобаларына, атап айтқанда ТМД, ШЫҰ, ЕЭО, ҰҚК және тағы басқаларына қатысады. Владимир Путин президент болған мерзімде бәрінен де Қазақстанда жиірек, яғни 28 рет (екінші орында – Белорусь елі, 24 рет) болатын. Тіпті Дмитрий Медведевтің президент лауазымына келгендегі алғашқы шетелдік сапары да осы Қазақстаннан басталған.

Сонымен қоса Қазақстан – Қытайдың Орталық Азиядағы басты серіктесі әрі Пекиннің ауқымды бастамаларының аймақтағы маңызды қатысушысы. ҚХР-нің төрағасы Си Цзиньпин «Белдеу және жол» бастамасының құрлықтағы бөлігін   іске қосатынын алғаш рет Қазақстанда жариялаған болатын.

Еуразиядағы екі алып державаның қақ ортасында орналасқан Қазақстан бұған қоса, АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты серіктесі рөлін де атқарып келеді. Жалпы алғанда бұл ел теңдессіз дипломатиялық балансты ұстанады деуге әбден болады. Себебі бір мезетте Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен де тұрақты түрде жақсы қарым-қатынас орнатып, сақтап келеді. Алайда әлемдік державалар арасындағы текетірес тереңдей түскен сайын Қазақстан үшін бір елмен біріге екіншісіне қарсы шығуға қосылмай, геополитикалық тепе-теңдікті сақтап тұру қиындай түсуде.

 

Экономикалық мүдделер

Қазіргі таңда АҚШ пен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы жақсы кезеңді өткеріп жатқан жоқ. Орталық Азия елдері үшін Америка Ресей мен Қытайға қарама-қарсы күш ретінде сипатын жоғалтты, оған қоса Вашингтонның да бұл аймаққа қызығушылығы төмендеді.

Американың бұл аймақтың саяси дамуына ықпал етуге деген талпынысы да тығырыққа тірелді, экономикалық тұрғыдан да ол тартымдылығын жоғалтты. Ал Ауғанстаннан кеткесін әскери байланыс та әлсіреді.

Дегенмен Қазақстан осы аймақтағы бұл тенденцияны ұстанбайды. Себебі оның АҚШ-пен қарым-қатынасында Ауғанстан да, демократияны қалыптастыру мәселелері де басты тақырып болған емес. Бірақ экономикалық байланыс көкейкестілігін жоғалтқан емес.

Кейбір бағалауға сүйенсек, Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің 44%-ын қалыптастыратын  мұнай-газ саласында америкалық компаниялар табысы бойынша көшбасшы орында.

 2019 жылы Қазақстанда өндірілген мұнайдың 30%-ға жуығы Америка үлесінде болды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Қытайдың CNPC, Sinopec және CITIC компанияларының үлесі 17% болса, ресейлік «Лукойл» компаниясынікі – 3%.

Chevron мен  ExxonMobil екеуі біріге Қазақстандағы ірі мұнай өндіруші «Теңізшевройл» кәсіпорны акцияларының 75%-ын иелік етеді. Сонымен қоса әр компанияның басқа  шағын жобаларда да бұдан азырақ үлесі бар.  Chevron 2020 жылы компания қолындағы мұнайдың әлемдік барлық қорларының 20%-ы Қазақстанда болғанын мәлімдеді.

Fluor, Schlumberger және Baker Hughes атты америкалық компаниялар елге барлық дерлік мұнай өндіру қызметін көрсетсе, басқалары Қазақстанға мұнай өндіруге арналған құрылғыларды жеткізеді. Бұл техника елге келетін барлық америкалық импорттың үштен бірін құрайтынын айта кеткен жөн.

Мұнай-газ саласынан бөлек Қазақстанда General Electric, Citibank, Uber, Starbucks, McDonalds сияқты жүздеген компания жұмыс істейді. Сондықтан елге салынған америкалық инвестицияның жалпы көлемі 2021 жылдың басында  40 млрд $-ға жуықтап қалды.

Әрине, Қазақстан мен АҚШ арасындағы  тауар айналымын (2020 жылы 2 млрд $-ға жуық) Қазақстан мен Қытай (21,4 млрд $) немесе Қазақстан мен Ресей (19 млрд $) айналымымен салыстыруға келмейтіні сөзсіз. Десе де бұл көрсеткіш Орталық Азия елдерінің барлығының тауар айналымын қосып, есептегеннің өзінде (шамамен 0,6 млрд $) оларға қарағанда  үш есе жоғары.

 

Кокус және Сорос

Қалай алсақ та, тіпті осындай экономикалық серіктестіктің өзі Қазақстанды АҚШ үшін теңдессіз етпейтіні анық. Себебі ол Американың 70 ірі сауда серіктесі тізіміне де кірмейді. Бірақ осының өзі екі ел арасында басқа салалар бойынша терең байланыс орнату үшін әбден жеткілікті.

Вашингтон әу баста Қазақстанды Орталық Азиядағы басымдығы бар серіктес ретінде қарастырған. Қазақстан тәуелсіздік алғасын  АҚШ елдің сол кездегі астанасы Алматыда елшілігін ашқан алғашқы мемлекет болса, Нұрсұлтан Назарбаев  Орталық Азия елдері ішінен Америкаға келген тұңғыш президент болды.

2012 жылдан бастап Стратегиялық серіктестік жөнінде комиссия аясында сыртқы істер министрлерінің саммиттері өтуде (Өзбекстан бес жылдан кейін, яғни Шавкат Мирзиёев реформаларынан кейін, тек 2021 жылы ғана Вашингтоннан осындай комиссия құру жөнінде уәдеге қол жеткізді). Сонымен бірге Қазақстанның АҚШ-пен бірге энергетикалық және ғылыми-техникалық серіктестік жөнінде министрлік комиссиялары бар.

Бизнес және қоғам деңгейіндегі байланыстар да жақсы жолға қойылған: АҚШ Конгресінде Қазақстанның кокусы жұмыс істейді, ал қазақстандықтар Орта Азия елдері ішінде америкалық визаны жиірек алады, мұнда виза беруден бас тарту көрсеткіші өте төмен. 

Әскери салада да серіктестік жақсы деңгейде. 2003 жылдан бастап Қазақстан НАТО-мен бірлесе «Дала қыраны» әскери жаттығуларын өткізіп тұрады. 2004 жылдан 2019 жылға дейін АҚШ Қазақстанға жалпы алғанда  43 млн $-ға қару-жарақ жеткізді. Ал бұл осы аймақтағы басқа елдердің барлығын қосып есептегеннің өзінде олардан әлдеқайда көп.

Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасының тереңдей түсуіне Қазақстанның мемлекеттік идеологиясында Ресейге немесе бұрынғы КСРО құрамында болған өзге елдерге тән батысқа қарсы нарратив жоқ.

Қазақстанда  Сорос қорының «Ашық қоғам» ұйымы сияқты үкіметтік емес батыс ұйымдары жұмыс істейді. Ал бұл ұйымдардың жұмысы  Ресейде құпталмайды.

Қазақстанның бұрынғы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтің айтуынша, Қазақстандағы  КЕҰ жыл сайын 13,6 млн $ көлемінде грант алады, осы соманың 70%-ы АҚШ-тан түседі.

Мыңдаған жас қазақстандық АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келді. Ал бұл бағдарламаның негізін 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған еді.

Егемендікке қарсы бағытталған шабуылдар 

Қазақстан үшін АҚШ-пен жақын қарым-қатынас орнату  Ресей мен  Қытайдың елге ықпалын тұрақтандыру стратегиясының маңызды бөлігі. Бұлай деп отырғанымыз, алпауыт көрші екі ел де Қазақстан билігі үшін қауіптенетіндей әрекеттерді әлсін-әлсін көрсететіні жасырын емес.

Мәселен, Ресей саясаткерлері мен депутаттары Қазақстанның территориялық біртұтастығына күмән тудыратынын қоғам алдында ашық айтады, ал СІМ мен Кремль бұл мәселе турасында пікір білдіруге асықпайды.  Президент Путиннің өзі Ресеймен шектесетін жер турасында «орыс халқының сыйы» ретінде талай рет атап өткен болатын. Ол тіпті 2014 жылы билікке Нұрсұлтан Назарбаев келмей тұрғанда «қазақтарда мемлекет болған жоқ» деген пікірді алға тартқан еді.

Мәскеу болса өз алдына Қазақстандағы әріптестерін Батыспен жақындасқаны үшін сынға алып отырады. 

Мысалы, 2018 жылы министр Лавров Қазақстанның америкалық әскери емес тауарларды Ауғанстанға Каспий теңізінің порттары арқылы жіберуге рұқсат бергеніне наразылығын білдірді.

Содан кейін Мәскеу Пентагонның  екі биолабораторияны қайта жөндеу жұмысын қаржыландырғанына наразы екенін көрсетті. Тіпті Владимир Соловьев осы екі лабораторияларды бомбалауды ұсынды. Ал сол лабораторияның біреуі ірі мегаполис Алматының маңында орналасқан.

Бұған қоса Қазақстанның 2015 жылы АҚШ және кейбір Еуропа елдері азаматтарына уақытша виза беруін тоқтату мәселесі де үлкен сынға ұшырады.

Екінші көрші ел Қытаймен де осы тектес мәселелер туындап отырады. 2020 жылы көктемде Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары мен пабликтері «Қазақстан неліктен Қытайға оралуға ұмтылады?» (哈萨克斯坦”为何渴望回归中国?) деген мақаланы бірінен кейін бірі жарыса жариялаған еді.

Мұнда Қазақстан территориясы тарихи тұрғыда Қытайға тиесілі деп мәлім етіледі. ҚХР-дағы қатаң цензураға қарамастан бұл мақала барша жұртқа қолжетімді болды. Мәселе Қазақстан СІМ Қытай елшісін өзіне шақырғасын ғана шешілді. Мақаланың қайта басылған нұсқаларын қазір де басқа сайттардан табуға болады.

Қазақстанның мұндай араңдатушылыққа қатысты реакциясын бірнеше бөлікке жіктей аламыз. Біріншіден, мемлекет билігі өз наразылығын білдірсе де, дипломатиялық протокол шеңберінен шықпайды.

Жыл басында Ресейдің бірнеше депутаты «Қазақстан территориясы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы» деп мәлімдегенде, Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігі Александр Комаровқа қарсылық нотасын жіберді. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне мақаласын жариялады.

Мақалада былай делінген: «ата-бабамыздан бізге аманат болып қалған қасиетті жеріміз – басты байлығымыз. Оны бізге «ешкім» сыйға тартқан жоқ. Отанымыздың тарихы 1991 жылы емес, 1936 жылы басталды».

Екіншіден, Қазақстан (әсіресе, 2014 жылғы Украинадағы оқиғалардан кейін) ел ішінде сеператизм көрінісімен қарқынды күрес жүргізе бастады. Әлеуметтік желілердегі Ресей мүддесін жақтаған қауымдастықтар бұғаттала бастады, ал Қырымның тағдырын қайталамақшы болғандар психикалық ауруханаға жіберілді немесе түрмеге жабылды.

Үшіншіден, Қазақстан елдегі Ресейдің мәдени ықпалын белсенді түрде шектеуге тырысуда. Мұнда тіл саясаты маңызды рөл атқаратыны белгілі. Соңғы жылдары қазақ тілінің беделі артып келеді,  мемелекеттік тілді білмегендерді көптеген жоғары оқу орнына қабылдамайды. 

Кирилл қарпінен латын қарпіне өту жұмыстары мен қазақ орфографиясының реформасы жалғасуда, мәселен, 2023 жылға қарай барлық мектептер оқуды  жаңа әліпбимен бастамақшы. Сондай-ақ билік ресейлік телеарналардың таратылуына шектеу қоюда.

Реакцияның төртінші бағыты – Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен де достық қарым-қатынасты сақтау, ал бұл өз кезегінде Қазақстан тарапынан көрсетілген бейілдік үшін алып державалардан преференция алуға мүмкіндік береді.

Мысалы, Вашингтон демократия және адам құқығына қатысты мәселелерге қарамастан Нұр-Сұлтанмен ары қарай байланысын жалғастыруда.

Мәскеу 1991 жылдан бастап Қазақстанға жалпы сомасы 2,5 млрд $-ға жететін қару-жарақ жеткізді. Бұл – Қарулы күштері шағын ғана ел үшін үлкен көрсеткіш.

Қытай 2018 жылдан бастап қазақ аграрийлеріне өзінің ішкі үлкен нарығына жол ашуда.

Ары тарт та, бері тарт 

Осындай шиеленіскен жағдайда болудың теріс тұсы – әр державаның конфликт кезінде басқасына қарсы шығуда бірлесуге шақыруы.

Мұнымен бәрінен де Мәскеу белсенді түрде айналысады, алайда Нұр-Сұлтан оның бастамаларын көбінесе қолдамай, бейтарап саясат ұстануды жөн көреді.

Мысалы, Қазақстан Қырымды Ресейдің жері екенін мойындамайды, десе де президент Тоқаев болған оқиғаны аннексия ретінде бағалаудан бас тартады. Сонымен бірге Қазақстан ресейлік контрсанкцияларға қосылуға қарсы және оны былай түсіндіруде: «Батыстың санкцияларының негізінде саяси мотив бар, сондықтан олар түгел ЕЭО-ға емес, жекелеген мемлекеттерге қарсы бағытталған».

Қытай да АҚШ-қа қарсы күресте өз жағында Қазақстанды көргісі келеді.

ҚХР халықаралық қолдауға мұқтаж маңызды тақырып – Синьцзян. Қазақстан бұл мәселеде бір жағынан халықаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларының ұйғырларды жаппай қудалауға қатысты хабарламаларын сенуден бас тартса, екінші жағынан ҚХР-дың Синьцзяндағы саясатын қолдауға қол қоймайды.

Мәселен, Ресей бұл құжатқа қол қойған, тіпті жақын уақыттан бастап қытай-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен қытай азаматтарына босқын статусын ұсынуда.

АҚШ та Қазақстаннан қолдау күтеді. Әсіресе, Қытайға қарсы мәселеде қолдауға мұқтаж.  Бұған дейінгі әкімшілік мұны ашық істейтін. 2020 жылдың ақпанында сол кездегі мемлекеттік хатшы Майк Помпео Қазақстанға сапары кезінде Қытай ықпалына қарсы тұрудың маңызын баса айтқан болатын.

Қазақстан үшін тепе-теңдікті сақтау да қиындап барады. 

Себебі Қытай мен АҚШ арасындағы қарама-қайшылықтар күннен күнге артып келеді. Бірақ бір жағынан бәрімен достықты сақтай отыра, арақашықтықты ұстанудан басқа амал жоқ сияқты көрінеді. Үлкен державаларда да Қазақстанды өз жағына толық тартуға бағытталған құрал жоқ.

Мәскеу мен Пекин Қазақстаннан бәрібір де қашып құтыла алмайды. Бұған қоса Ресей өзінің соңғы тұрақты серіктестерінің бірімен қарым-қатынасты тоқтатқысы келмейді. Өйткені бұл серіктесі яғни Қазақстансыз, ЕЭО-ны да, ҰҚК-ні де елестету мүмкін емес.

Пекин үшін Синьцзян Ұйғыр автономиялық ауданындағы тұрақтылықты сақтауға Қазақстанның атсалысқаны маңызды. Сондай-ақ қытай инвесторларына әрдайым жол ашып, Қытай мен посткеңес кеңістігі және Еуропа арасындағы маңызды транзит қызметін жалғастырғанын қалайды. Қазақстан Си Цзиньпиннің флагмандық инфраструктуралық жобасы – Жібек жолының Экономикалық белдеуінде маңызды рөл атқарады.

Ал АҚШ болса Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақты серіктес ретінде бағалайды. Себебі Қазақстан Қырғызстан немесе Каримов кезінде Өзбекстандағыдай қысқамерзімді пайда үшін шешімдерін ары-бері ауыстырмайды.

Бұл тепе-теңдік Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының негізінде жатыр және оны бұзуға бағытталған кез келген әрекет сырттан қарсы жауап алады. Болашақта бұл ұстанған бағыт, сарабдал саясат өзгермейтіні айдан анық.

Дереккөз: carnegie.ru

Аударған, Думан БЫҚАЙ