"Ұйғырларды қуып шығамыз...". Тәліптер Бейжің билігіне үн қатты

Dalanews 11 шіл. 2021 11:38 402

“Талибан” қозғалысы Ауғанстан аумағының 85 пайызын басып алды деп хабарлайды Dalanews.kz South China Morning Post басылымына сілтеп. 

Тәліптердің ресми өкілі Сухаил Шахин ауған жерін тұтастай қолға қаратқасын соғыстан қалжыраған елге Қытайдың қол ұшын созарына сенімді. 

“Бейжіңмен үстел басына отырып, келіссөз жүргізуге әзірміз”, – деді ол. 

Айтуынша, Талибан өкілдері Қытайға жиі-жиі сапарлайды, Бейжің билігімен сыйластық байланыс орнатқан,

“Қытай? Олардың бізге жаулығы жоқ. Егер Ауғанстанды қалпына келтіруге атсалысқысы келсе, әлбетте, құшақ жая қарсы аламыз”, – дейді ол.

Бұдан бөлек “Талибанның” ауған жеріне қаржы құюға құлықты Қытай инвесторлары мен қытайлық жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеріне кепілдік берді. 

Тәліптер Қытайдың Шыңжаң аймағынан Ауғанстанға бас сауғалап келген ұйғырларды ұзақ аялдатпай, елден көшіруді көздеп отыр. 


“Ауған жерін паналап отырған ұйғыр сепаратистерінің осы елде тұрақтап қалуына, Ауғанстан аумағында отырып Қытайға қарсы астыртын күрестің жоба-жоспары мен іс-қимылын әзірлеуіне жол бермейміз.

 Ауған жерін осы мақсатта пайдаланғысы келетін түрлі-түрлі ұйымдасқан топтар жолжүгін жинастырып, қазірден бастап қамдана берсін, АҚШ-пен арадағы уағда кезінде де осы мәселені шегелеп айтқанбыз”, –  деді Шахин.



Сонымен қатар тәліптердің “Әл-Каида” қозғалысын Ауғанстан аумағынан біржолата тықсырып шығуды жоспарлап отырғанын жеткізді. 

“Бір жылдары бұларға кеңшілік жасап, елде қалуға ерік берген едік. Себебі, бізден басқа барар жер, басар тауы болмады.

Қазір бұл ұйымның қатары селдіреп қалған, бізге төтеп берер зауқы да, қауқары да жоқ, қадірі де қалмай барады. Бұдан былай “Әл-Каида” ауған жерінде алшаң басып жүре алмайды. Олардың дәуірі бітті”, – дейді тәліптердің өкілі.


Соңғы айларда “Талибан” қозғалысы ауғанның аудан-ауылдарын арты-артынан қоластына қаратып, позициясын нықтай түсуде. 

Соңғы мәліметке сәй, АҚШ әскерінің 90 пайызы Ауғанстаннан кетіп тынған. Тәліптер елдегі 400-ден аса ауданның 200-ге жуығын өз бақылауына алған. 


South China Morning Post Қытайдың ауған жеріне сұқтануы тегін емес пайымдайды.

Бейжің сарапшылары ауғанның қазіргі билігі әрі кетсе 6 айдан кейін құлайды деген жорамал жасапты. АҚШ-тың соңғы жауынгері ауған территориясын тастап кеткеннен кейін қорғансыздың күйін кешеді. 

Басылымның жазғанындай, Ауғанстан аумағында көмір, мыс, алтын, темір, литий, мырыш және кобальттың 1 трлн АҚШ долларына тең қомақты қоры бар.


Содан болса керек, тәліптердің Қытай билігін қолпаштап, Қытай капиталын елге шақыруы Бейжіңге ұнап отыр. 

Қытай кәсіпкерлері қазірдің өзінде Ауғанстанды “отарлауды” бастап кеткен. Бұдан бұрын Dalanews.kz қытайлық компаниялардың ауғанның Логар аймағында мыс өндіруге рұқсат алғанын хабарлаған. 



Ал британдық Daily Mail: “Ауған жеріне айдаһар кірді! Тәліптер Америкамен жылап көріседі”, – деп тұжырымдаған екен. Әзір Бейжің үшін аймақты басыбүтін қолына қарататын оңтайлы сәт. Саяси һәм экономикалық экспанциясын арттыра түсіп, қазіргі қарқынды жоғалтпаса уақыт оза Ауғанстанды жалғыз өзі билеп-төстейтін болады.

“Си Цзиньпин үшін Ауғанстан тегін келген тарту. Соғыстан қалжыраған ауған жұрты Қытайдың кез-келген ұсынысын қабылдайды. Бейжің осы арқылы Иранға, Таяу Шығысқа өтеді, оның аржағында Қара құрлықтың төбесі көрініп тұр”, – дейді британ басылымы. 


Аталған елдердің нарығына кіру үшін Қытай ұланғайыр территорияны басып өтіп, алтын уақытын сарп ететін.  

Daily Mail-дың жазғанындай Бейжің Совет үкіметі мен Американың қателігінен сабақ алған. Си Цзиньпин үшін ауған қоғамын өзгерту, оны дұрыс жолға бағыттау басты мұрат емес. 

Екіншіден, ілгерідегі екі мемлекеттей күш қолданғанды құп көрмейді, ауған жеріндегі түрлі топтар мен кландарды жұмсақ күштің көмегімен бағындырмақ. 

Си Цзиньпиннің Ауғанстанға қатысты күні бұрын әзірлеп қойған жоспары бар. Бір кездегі Кеңес үкіметінің саясатына салып, Таяу Шығыстағы қара алтынның қомақты қорына зорлықпен қол жеткізуді көздемейді.

Қытайдың қолындағы қаруы - инвестициясы. Әлбетте, әскери әлуеті де асып-тасып тұрғаны жасырын емес. Алайда ақшаның құдіретіне көбірек арқа сүйейді.


Біздің қолымызда Бейжіңнің Ауғанстанға 62 млрд инвестиция құятыны туралы мәлімет бар. Егер бұл рас болса, ауған халқы тұзаққа түсті дей беріңіз…”, – деп түйіндеген екен Daily Mail. 

Автордың айтуынша Ауғанстан экономикасына бағытталатын көл-көсір қаражаттың сұрауы бар. Британ басылымы Қытайдың кедей елдерге беретін көлемді кредиті оларды отарлаудың жаңа үлгісі деп санайды.

Кредитті мезгілінде қайтармаған елдер оның өтеуі ретінде ата-бабадан мұраға қалған жерді, қазба-байлық кеніштерін Қытайдың меншігіне беруге мәжбүр. 

Бейжіңнің бизнес-жоспары кедей елдерге келгенде мүлтіксіз жұмыс істейді. 

“Бұл гангстерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың сүйікті әдісі. Адамды “қарызға батырады” артынан әлгімен білгенін істейді. 


Қытай тәліптердің Шыңжаңдағы 12 млн мұсылман бауырларының “геноцидіне” көз жұма қарайды деп сенеді.  Осы арқылы тәліптер мен ұйғырлардың ауыз жаласып, Бейжіңге қарсы күресуі мүмкін деген сценарийдің алдын-алған жағдайы бар.  

Тәліптер де Қытайдың емеурінін тез түсіне қойған сыңайлы. Ұйғырларға қатысты риторикасы күрт өзгерді. 

Шыны керек, Таяу Шығыстағы ислам елдерінің де ұйғыр десе емешегі үзіліп тұрғаны шамалы. Мұнайға бөгіп жатқан Араб елдері мұсылман бауырларына араша түсудің орнына, Бейжіңмен арадағы бизнес жобаларына көбірек алаңдайды”, – дейді Daily Mail. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x