Ашаршылық? Күндердің күні Ақорда Кремльден жауап беруді талап етеді - Новая газета

Dalanews 03 мау. 2021 06:58 220

Қазақстанда миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған ашаршылыққа биыл 90 жыл толып отыр деп жазады Dalanews.kz.

Әрине бұл 1931-33 жылдардан бастап есептегенде ғана. Ал шын мәнінде қазақты қынадай қырған ашаршылық одан да бұрын болған.  Оған Ресей империясы,  КСРО мен Сталинның өзге ұлттарға өктемдік көрсеткен сұм саясаты кінәлі екені даусыз...

Тарихшылар мен сарапшылардың айтуынша егер осы зұлмат кезеңдер болмаса қазір қазақ ұлтының саны 60 миллионға жетер еді. Бұл шындық, бәлкім одан да көп болар ма еді.

...

Кейбір басылымдар жазғандай, КСРО мемлекеттік мұрағатында мынандай құпия дерек бар екен.

«Из всех тюркских или турецких народов России... самым многочисленным являются казахи. На территории в два миллиона триста тысяч кв. верст живет без малого 10 миллионов казахов». (Архив Октябрьской революции, фонд №1318, опись №1, Ед. Хр. №56).

1897 жылғы санақты негізге алған  М.Тынышбаев:

«Біздің есептеулерге сәйкес қазақтар 4 091 746 адам. Орыс империясындағы түркі халықтарының 30,08%-ын құрады» деп жазған.

Қазір 31 миллионнан асып кеткен өзбектер сол кезде небары – 726 534  адам болған екен.


1900 жылы 12 миллион болған Түркия халқының саны қазір 81 миллионнан асты.

«Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн. 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп алғанмын. Ал 1939 жылы 2 млн. адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік!?» – депті белгілі ақын Олжас Сүлейменов 2016 жылы  «Баянтау» газетіне берген сұхбатында (№22 (10725)).



1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәліметтер де кездеседі. Байқап отырғандарыңыздай  қазақ ұлтының саны туралы әр жылдардағы деректер бірдей емес. Бірақ қай-қайсысын алсақ та қазақ саны аз болмаған.

Оның күрт азаюына сол кездердегі саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс және басқа да факторлар тікелей әсер еткен. Соның ішінде әсіресе ашаршылықтан көп зардап шеккен екенбіз.

...

Бірінші ашаршылық зерттеушілердің айтуынша 1916-1920 жылдарда болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың басталуы, мал-мүліктерді тәркілеу мен патшалық биліктің жіберген жазалаушы армиясының басқыншылығы, індет пен қатты суық және құрғақшылық салдарынан  1,5-2 млн. адамнан айырылыппыз.

Оған қоса  1 млн-ға  жуық қазақ шетелдерге, Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға  ауып кетті. Деректерге қарағанда 1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген.


  • жылдарғы ашаршылықтың екінші кезеңі де оңай соқпады. Жаңадан орныға бастаған кеңестік биліктің түрлі әскери жазалаулары, тонаушылық пен табиғи апаттан жұт орын алған.

  • Мал қырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызын кеңестік билік орталыққа тартып әкетіп, халық азық-түліксіз қалды.

  • 1922 жылғы мәлімет бойынша Қазақстан бойынша аштыққа 2 832 000 адам ұрынып,  1 млн. 700 мың адам аштан өлген. 1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені туралы мәліметтер де кездеседі.


1929-1933 жылдарғы ашаршылықта Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, ауыл шаруашылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкету, негізсіз және қасақана салықтарды салу, соттау мен қудалау қазақ үшін ең ауыр соққы болды.

1932 жылдың ақпан айына дейін Қазақстандағы колхоздар 87%-ы және жекелер адамдар 51,8%-ы малынан айырылған.

Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың, кейінгі кезде құпиялығы жария болған мәліметтер бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн. адам аштықтан қырылыпты.  Ал кеңестік ресми деректердің көбінде 1 114 000 адам өлді деп кемітіп көрсеткен.

Осы шартты түрде алған үш ашаршылық нәтижесінде Қазақстан жеріндегі халық саны 1917 жылғы  - 6 218 300, 1920 жылға келгенде 4 679 795, 1923 жылы 3 786 910 адам болып, өсудің орнына өшіп отырған. Бұл ұлтқа жасалған геноцид емес пе?

Қазақстандағы ашаршылықтарды «геноцид»  ретінде бағалағандар бар. Мысалы американдық Сара Кэмерон зерттеуінде «Кеңес билігі мүмкіндігі бола тұра көмектеспеді, керісінше қырылуға себепкер болды» деп,  «бұл мақсатты түрде жасалған геноцид" ретінде баға берген.

АҚШ қос палатасы Украинада 1932-1933 жылдарда болған ашаршылықты геноцид ретінде бағалап ресми құжатқа қол қойғаны белгілі. Ал біз болсақ саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алудан әріге бара алмай отырмыз.

...



Жақында Ресейдің тәуелсіз, либерал-демократиялық бағыттағы қоғамдық-саяси басылымы «Новая газета» өзінің арнаулы тілшісі Вячеслав Половинконың Қазақстандағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы көлемді мақаласын (31 мамыр 2021ж.)  жариялады.

«Ресей бұл үшін қалай жауап береді?» деген өткір сұрақпен басталған мақала айтарлықтай жаңалық ашты деп айта алмаймыз. Дегенмен бұ мәселге назар аударуының өзі біраз нәрсені аңғартқандай.

  Автор ашаршылық тарихына қазақстандықтардың дұрыстап ден қоя бастағанын алдымен атапты.


Оған мысал ретінде осыдан бірнеше жыл бұрын Жанболат Мамайдың «Зұлмат» пен Досым Сәтпаевтың «Откочевники великой степи» атты фильмдері жарыққа шыққанын айтқан. Бұл еңбектерде  ашаршылық кезеңіне терең бойлап, тарихи құжаттардан нақты дәлел келтіргені туралы жазады.

Мәселенің тек қана Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейге көтеріле бастағанына назар аударыпты.

Америкалық Сара Камеронның «Аш дала» атты фильмі 2018 жылы шығып, 2020 жылы қазақ және орыс тілдеріне аударылғанын соған айғақ екенін алға тартады.

«Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан өткен тарихына жете мән беріп, оның себептері мен деректерін қазір ашық жазып жатыр. Тіпті ашаршылық жайлы көп ашылып айта бермейтін, оған тарихи баға беруді талап етуде сақтық байқататын биліктің өзі зұлмат жылдарды зерттеуге ден қоя бастады»,  – дейді журналист.

Сонымен қатар «Әйтсе де, бұл тақырыпқа қоғамның қызығушылығы зор болса да, Ашаршылықтың тарихын зерттеу жағынан ғылыми жұмыстың қарқыны сылбыр.

«Ашаршылық болған емес» деген пікірдегі адамдардың да радикалды пікірлері, сонымен бірге солтүстіктегі көршінің көңілінен шықпай қаламыз-ау деген үрей де ғылыми жұмыстарға кедергі келтіріп тұр»,– деген өткір пікірін де айтыпты автор.

Вячеслав Половинко Қазақстанның қазіргі билігі ашаршылық үшін Реейден жауап беруді талап етуге дайын еместігін жазады.


«30 жылдардағы ашаршылық үшін Кремльден кешірім сұрауды талап ету үшін үлкен даярлық қажет. Бұған бару үшін Сталиннің «қылмыскер» екенін мемдеңгейде мәлімдеу керек. Бұл Мәскеудің құлағына түрпідей тиері анық. Сталин дәуірін ақтап, ГУЛАГ-тың құрылуын құптап, Қызыл империяны қайта тірілтуді көксейтін Путин Қазақстанның мұндай қадамға барарын естісе шалқасынан түсер еді. Дәл қазір Ресей бұл тақырыпты ғылыми деңгейдегі талқылаудан жалтарып жүр. Сталиннің сол тұстағы шешімдері дұрыс болғанын, тек орындаушылардың асыра сілтегенін айтып, қызылдардың «қылмысына» жаңаша баға беруде. Бұл Кремльден тарап жатқан жаңа идеологияның түрі...», – дейді ресейлік журналист.

Әйтсе де Қызыл империяның ізбасары ретінде Кремльдің 90 жыл бұрынғы топалаң үшін күндердің-күні жауап беруге тура келетінін ашық айтыпты.


«Қазіргі Ресей билігі ашаршылық үшін Мәскеуді айыптауды доғару қажет деген ұстанымды ұстанады. Ұмыта салыңдар, өткен іс өтті дегенге меңзеп жүр. Бұл бірінші кезекте Қазақстанға қатысты. Украинадағы ашаршылықтың халықаралық деңгейде мойындалуы путиншіл ғалымдардың қанын қарайтты. Дәл осы жағдай тағы қайталанса Ресейдің репутациясы оңбай құлдырайды.

Бірақ Қазақстан бұл топалаңды ұмытпайды! Бүтін бір ұлтты жер бетінен жойып жібере жаздаған трагедия бүгінгі буынның да, кейінгі толқынның да жадынан өшпесі анық.

Күндердің күні Ақорда Кремльден жауап беруді талап етеді. Тіпті президенттік комиссия бүкіл дәлел құжаттарды қалпына келтіріп, Ашаршылықтан аман қалған адамдардың және олардың туыстарының жауаптарын жинақтап жатыр. Ал осы дәлел құжаттардың бәрі қолға жиналған кезде – трагедиядан басын ала қашқысы келетіндермен әлбетте, әңгіме басқаша болады», – дейді журналист.

Алайда соғай орай пікір білдірген Досым Сәтпаев Кремльдің кешірім сұрарына сенбейді.

«Қазіргі саяси жағдайды есепке алсақ, кешірім сұрау дегенді күтпей-ақ қою керек. Керісінше, біз Ресейдің мойындамай тулауының, оған қарсы қуатты насихаттың күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Әлемде бірнеше мемлекет, атап айтқанда Германия Оңтүстік Африка тарихының қаралы парақтарын мойындағысы келеді: адамдарға, тұтас халықтарға қарсы қылмыстар болып жатты, алайда оның жауапкершілігін қазіргі буын емес, сол кезде ел билеген басшылар көтеруі керек. Тарихтың сол кезеңін ұмытпай, бірақ парағын жауып қою үшін наразылықты бәсеңдету мақсатында кешірім сұраудың өзі – маңызды қадам болар еді» - деген екен сарапшы.

Автор ашаршылыққа қатысты біздің елдегі көзқарас пен ұстанымдарды ашық көрсетуге тырысқан екен. Сонымен бірге  бұл мәселе тікелей көтерілсе Ресеймен  екі ортадағы қарым-қатынасқа ықпал етіп, үлкен дауға алып келетінін ескертуді ұмытпапты.

Қалай болғанда да ресейлік журналистің бұл тақырыпқа барғаны  құптарлық. Зұлмат тарихы өз елімізде ғана емес, халықаралық сахнаға шыққаны дұрыс. Сонда ғана орын алған қырғынның ұлтқа жасалған геноцид екені әлемде мойындалатын болады.

Мәселе өтемақыда емес, мұндай зұлмат заман қайталанбас үшін қазаққа жасалған қырғынға әділ саяси баға берілу керек.

Зейнолла АБАЖАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x