Құнттамағанның қадірі кетер. Отандық газ саласын құлдыратпаудың жолдары қандай?  

Dalanews 05 нау. 2021 08:56 107

Көліктердің бір парасы газға көшіп, елімізде газ желісіне қосылған елді-мекендер қатары көбейіп, енді еңсеміз тіктелді ме десек, мұнымыз асығыстық екен. 

Кеше ғана, яғни 1 наурыздан бастап көліктерге арналған газ бағасын уақытша реттеу тоқтатылғаны сол еді, баға шарықтап шыға келді. Карантин кезінде едәуір бағаны ретеген 2020 жылдың 3 сәуіріндегі «Жанармай құю бекеттерінде жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек сатудың шекті бағаларын белгілеу туралы» N-20293 бұйрық бір жылға жетер-жетпес күші жойылды. Енді мемлекет жанармай бекеттерінің бағасына араласпайды. Бұл жаңалық жанармай құю бекеттері иелерінің құлағына тие салысымен, жалма-жан бағаны көтеруге асықты. Мәселен, Маңғыстауда сұйытылған мұнай газының бір литрі 85 теңге деген баға айтылып қалып жатыр. 

Баға нарықтағы сұраныс пен ұсыныстан туындайды деген базалық түсінікке салсақ, әрине түрлі қисын табылар. Бірақ ішкі нарықты автокөлік газымен толтырып тастауға сыртқы нарықтағы сұйық газ бағасының «ұшып» тұрғаны кесірін тигізіп жатқан сыңайлы. 

Бақсақ бақа екен демекші, үйімізде маздатып отырған кәдімгі табиғи газдың да сұрауы үлкен боп тұр. Олай дейтініміз, отандық газ саласы тозығы шыға бастаған инфрақұрылымды жамап-жасқауға қаражат таппай отырғаны белгілі болды.    


Бұрқ етіп, сыртқа бұлай атқылап шыққан «іріңді жараның» бетін  еліміздегі карантиндік шаралардың жұмсартылуы және көрші Ресейдегі «Союз» газ құбырының жарылуы «тырнап» кеткен болып шықты. Ендеше «Дала мен қала» басылымы осы тақырып аясына кеңінен тоқталып, тереңнен зерделеп көрмек...

Мамандардың уәжіне құлақ ассақ, өткен ғасырдың 60-70-жылдары, советтік кезеңде салынған «Орталық Азия-Орталық», "Союз", "Бұхара-Орал", "Орынбор-Новопсков" сынды магистральдық газ құбырлары тозып барады. Олардың бойында орналасқан компрессорлық станциялардың жарамдылық мерзімі аяқталғандықтан, газ шығындары өте көп, ұдайы жөндеуді талап етеді. Мұндай жабдықты мүмкіндігінше тезірек жаңалау, ауыстыру керек. Бірақ бұл жұмыстарды  жүзеге асыруға кеетін қыруар қаражат ұлттық операторда жоқ. 



Қауіпсіздік стандарттарына сәйкес,магистральды газ құбыры мен компрессорлық станциялардың максималды жұмысқа жарамдылық мерзімі 50 жыл екен. Ал Қазақстандағы магистральдық газ құбырларының 21% -дан астамына 50 жылдан астам уақыт өтіп кеткен, тағы 49% - 40 жылдан 50 жылға дейінгілер, ал тәуелсіздік жылдары салынған – жаңасы дейтін 10% газ құбыры желісінің өзіне жұмыс істегеніне, міне аттай 30 жыл уақыт толып та қойды. Жерастында жұмыс істеп тұрған 638 ұңғыманың 520-ы қауіпсіз, олардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. 



«Газ инфрақұрылымы 75 пайыз тозу (!) деген үлкен көрсеткіш. Мына іргедегі Орынбор аймағындағы жағдай бізге нұқып көрсетілген белгі. Өйткені, шынын айтқанда, бұл сала кезіндегі бақылаудың және білікті мамандардың арқасында ғана істеп тұр. Апат кез-келген уақытта орын алуы мүмкін. Енді, олай демеске тағы болмайды. Маман ретінде біз фактіні айтуымыз керек. Ал факт осыған әкеліп тұр. Сондықтан, Президент, Үкімет бұл жайтқа баса назар аударуы керек. «ҚазТрансГаз» компаниясы жападан-жалғыз шешетін мәселе емес бұл», - дейді осы газ саласының ардагері Сұлтанғали Имажанов. 

Жаңалау дегеннің бәрі айналып келіп бәрібір қаражатқа тірелетіні айдан анық. Ал ол қаражатты кім береді? Неге осыған жеткенше созып келдік? Міне, бұл айтылса да жоғары деңгейде қолдау таппай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келе жатқан шетін мәселеге айналды. 

Халық тұтынысы үшін газға белгіленген тарифтер өз-өзін ақтамайды дейді мамандар. Мысалы, ҚазТрансГаз 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі нарықта шамамен 100 млрд теңге көлемінде шығынға ұрынды,  компания оны экспортқа сатқан газ түсімдері есебінен жапты. Шындығын айтқанда, бүгіндері ішкі тұтыныс бүтіндей экспорт арқылы субсидияланып отыр. Егер бәрі осылай жалғаса беретін болса, онда ұлттық компания шығынды табыспен жамап, ілдебайлап күнін көруге көшеді, ондайда әлемдік инвестицияларға салатын қаржылық ресурстар да қалмайды. Сәйкесінше, бұл салада даму да болмайды. 

Сонымен Кеңес уақытында салынған біздегі газ тасымалдау жүйесі қаусап тұрса да ілдебайлап жұмыс істеп тұр. 

Айдархан Құсайынов, экономист-маман:

- Газ құбырларында, өкінішке қарай, апат болып тұрады. Оның себебін, әрине зерттеп, әбден тезден өткізу керек. Қазақстанда да Ресейдегі жағдайдың қайталануы әбден мүмкін. Бірақ мен бұдан бір «Асан Қайғының күйін» көргім келмейді. Өйткені бізде жеткілікті жүктемедегі газқұбырлары жап-жақсы жұмыс істеп жатыр. Ал ескі газ құбырларына келетін болсақ, жағдай басқаша. Қазір ондағы тасымал көлемі кеңестік жобаларда көрсетілгеннен әлдеқайда аз. 

Дегенмен бұл арқаны кеңге салуға болады дегенді білдірмейді. Еліміздің газ нарығында теңгерімсіздік қатты байқалады. Ішкі баға экспорттан түскен табыс бойынша субсидияланады. Бұл, әрине жалпы дұрыс емес.


Өйткені ол ұлттық оператор жұмысының тиімділігі мен табыстылығын күрт төмендететін нәрсе. Теңгерімсіздік болса, жүйелі мәселелерді тудырады.  Ақыры айналып келгенде, бұлар ішкі нарықтың дамуын тежейді, өйткені баға әділетті қойылып, жүзеге асырылып жатқан жоқ. Оның үстіне мемлекет пен корпоративтік сектор жауапкершілігі біте-қайнасып кеткен. Мәселен, әлеуметтік мәселе бойынша жауап беруі тиіс Үкімет оны «ҚазТрансГаз» АҚ есебінен шешуге тырысады. Одан бөлек экономика және ұлттық қауіпсіздік деген мәселе бар. Газ бағасының төмен болуы оны үнемдеп, жұмсау дегенді ынтыландырмайды, сондықтан  шығын да көп»

 

Бұл - мамандар пікірі. Дегенмен, жуық арада газ инфрақұрылымы нысандарын қайта құрылымдап, толықтай жаңалауға бірден кіріспесек, онда техногендік апаттардан басымызды арашалап ала алмайтын секілдіміз. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x