"Қорқудың қажеті жоқ". Вирусолог дәрігер ковид вакцинасының құрамы туралы айтты

Dalanews 08 ақп. 2021 07:00 1050

Коронавирус вакцинасы ойлап табылып, оны халыққа жаппай егу науқаны елімізде 1 ақпанда басталып та кетті. Бірақ желіде желдей ескен кейбір дақпырт сөз, сол секілді халықтың вакцинация туралы нақты ақпараттан хабарсыз болуы көптің басым бөлігінің осы ретте шылбырды тарта тұруға ықпал етіп жатқан жайы бар.

Dalanews.kz осы орайда медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР ДСМ ҚДСҰО «Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» филиалының директоры Айнагүл Қуатбаевамен сұхбаттасып, вакцина туралы егжей-тегжейлі сұрап білді.

Пандемия немесе вакцина жайына тоқталмастан бұрын, осы тақырыпты тереңнен талқылауға дайын бұл ғылыми орталық жайына кеңірек тоқтала өтелік.

Пандемия бірінше кезекте гигиена және эпидемиология институтының жұмысын жаңғыртуға ықпал етті


Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық ортылығының филиалы болып табылады. Белгілі бір себептерге байланысты соңғы жылдары бұл институтта қиындықтар болған, дегенмен былтырғы пандемия жағдайына байланысты мұнда күрт өзгерістер орын алып жатыр.

Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысының арнайы Қаулысы шықты. Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы іс-шараларды іске асыру бойынша «Жаңа жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл кезеңі» атты бұл құжаттың 87 пунктіне сай, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында меморандумға қол қойылды.

Осы Меморандумға байланысты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұқпалы аурулардың алдын алу, оларды қадағалау, әртүрлі эпидемиологиялық қауіп-қатерге дер кезінде төтеп беру, мемлекетіміздегі эпидемиологиялық жұқпалы аурулардың ғылыми әдістемелік потенциалын шоғырландыру мақсатында екі үлкен клиника салынатын болып шешілген.

Соның бірі - Хамза Жұматов атындағы ғылыми зерттеу инстиуты. Ол Алматы қаласында салынбақшы.

"Бүгінгі күні біз сол институттың қандай болатыны, қандай тәртіппен жұмыс істейтіндігі бойынша ғимарат жобасын жобалаушы мамандармен ақылдаса отырып, осы бағытта өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз", - дейді осы орталықтың Алматыдағы филиалдарының бірінің басшысы Айнагүл Мұқанқызы.

Бүгіндері бұл институт жұқпалы аурулар саласында, сонымен қатар гигиена мәселелері, оның ішінде микробиология, вирусология, иммунология бағытын зерттеумен айналысады. Сонымен қатар маман дайындау жағына ерекше ден қойған.


«Біздің басқа институттардан ерекшелігіміз - ғылыми жұмыспен тығыз байланыста болуымыз. Мұндағы басты бағыттың бірі – болашақтағы вакцинология және иммунология деген зертхана жаңа ғимаратта ашылатын болып жоспарланды.

Тағы бір айналысып жатқан дүниеміз - практикада қажетті диагностикалық препараттарды ойлап табу, оның ішінде сальмонеллез, дизентерия, бруцуллез ауруына қарсы өзіміздің отандық диагностикумдарды ойлап табу. Оның қазір нәтижесі де бар. Осы мақсатта «Ғылым қоры» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істейміз», - дейді маман.

Осы инстиутта бұрын профессор Р. Аспетов индуктор Интерферон деген препарат ойлап тауып, ол қолданыста болған екен. Бүгінгі күні сол препаратты тіркеу уақыты аяқталып, оны қайтадан тіркеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сол тіркеу ісі оңтайландырылған соң бұл препарат қайта көпшіліктің қолданысына ұсынылмақ, көптеген жұқпалы ауруларға қарсы иммунитетті көтеруде бұл препараттың тиімділігі өте жоғары көрінеді. Бұл тек қана бір емес, көптеген аурулардың алдын алып, иммунитетті күшейтуге ықпал етуде таптыра бермейтін отандық препарат болып есептеледі.

«Біздің ғылыми институт бұрын әзірлеген ғылыми-методикалық оқулықтар мен кітаптар да жетерлік. Кезінде ғылыми журнал да шығарғанбыз. Бүгінгі күні сол жұмыстардың барлығын қайта жандандырып, қалыпқа келтіру үшін жанталасып жатырмыз. Тағы бір айта кететін жайт, медициналық ұжымдарда, яғни медициналық көмек көрсетуге байланысты болатын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында өте ауқымды жұмысты қолға алып отырмыз», – дейді маман.

Колумбия университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебімен әріптестік не береді?




Бұған дейін Dalanews.kz Қазақстанда инфекциялық бақылауды күшейтуге арналған ұлттық жоба басталғанын хабарлаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» (ҚДСҰО) мен Колумбия Университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебіндегі ICAP орталығының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі (ICAP) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Жоба "Шеврон" компаниясының бастамасы бойынша және қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.


Компания өкілі Лейла Айтмұханованың атап өткеніндей  меморандумға қол қою – COVID-19 эпидемиясына қарсы іс-қимыл бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне кеңес мен практикалық көмек көрсетуге және Қазақстандағы медициналық ұйымдарда инфекциялардың алдын алу мен инфекциялық бақылау жүйесін жақсартуға бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды қадам.

Айнагүл Қуатбаева өз кезегінде бұл бағытта нақты қандай іс-шара атқарылатынын айтып берді.

"Бұл бағытта Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қолдауы арқылы біз Колумбия университетіндегі қоғамдық денсаулық сақтау мектебімен бірге әріптесе жұмыс істеп жатырмыз.

Онда да ұлттық мамандарды әзірлеу, медицина саласында болатын жұқпалы ауруларды болдырмау, оларды дер кезінде тіркеу және болып жатқан оқиғалардың себептерін анықтап,  мекемеде бұдан кейін ондай жағдайдың орын алмасы үшін алдын-ала қам жасап, көмектесеміз.

Біз жұқпалы ауруларды болдырмау жөніндегі ұлттық мамандарды даярлау барысында терең әрі заманауи жайттарға байланысты тренингтер өткіземіз. Олар, өз кезегінде каскад әдісі бойынша облыстағы, аудандағы мамандарды даярлауға көмектеседі», - дейді Қуатбаева.

Мысалы, көбіне ота жасалатын ауруханаларда, көп дәрі қабылдайтын науқастар баратын ауруханада, зарасыздандырғыш құралдары көп алмастырыла бермеген жағдайда медициналық мекемелерде жұқпалы аурулардың қоздырғыштары қалыптасып алуы мүмкін.


Сол үшін осындай мекемедегі мамандардың тәжірибесін жоғарылату, оларға қауіп-қатер факторларын атап көрсету, олардың алдын-алу шараларының барлығын жақсарту бойынша ICAP орталығымен бірлескен тренингтер өткізіледі.

Иә, әр медициналық мекеменің өзіндік ерекшелігі бар: ине салынады, ота жасалынады, әртүрлі медициналық құралдар пайдаланылады, оның бір реттік немесе бір реттік емесі болады дегендей.

Институт мамандары міне, осындағы кәсіби құрал мен ғимараттағы жұқпалы аурулар тасымалының қауіп-қатерін зерттеп, әзірленген ғылыми жұмыс медицина қауымына жеткізіледі. Яғни, аурухана флорасының медицина қызметкерлеріне, науқастарға және қоршаған ортаға қауіп-қатер факторын осы институт әбден зерделейді.

"Колумбия университетімен әріптестіктің тағы бір бағытына тоқталатын болсақ, күнделікті өмірде медициналық мекемеде атқарылып жатқан медициналық қызметке байланысты тіркелетін ауруларға біз мониторинг жасап отырамыз.

Күн сайын ауданда облыста тіркелген жұқпалы аурулардың әр жағдайы туралы мәлімет ұлттық орталыққа келіп түсіп отырады. Ол үлкен ауқымды мәліметтер. Сол ақпараттарды автоматты түрде мониторинглеу үшін шетелдік әріптестеріміз өз қол ұшын беруге дайын екенін жеткізді.

Яғни, олар автоматтандырылған мониторинг жүйесін жасау ғана емес, сонымен қатар қазіргі күнде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын түбегейлі орындап, сол ережелерге сәйкес келетіндей, компьютерлік бағдарлама жасауға көмектеседі. Ал мониторинг бізге өз жұмысымызды қалай жақсарту керектігіне нақты бағыт береді. Біз соған сай жоспар құра аламыз", - дейді ол.

Отандық вакцина мен ресейлік Спутник V вакцинасының айырмасы қандай?




Айнагүл Мұқанқызының айтуынша, жалпы, дүниежүзі бойынша COVID-19 қарсы 200 түрлі вакцина ойлап табылған. Олардың барлығы кандидат вакциналар болып есептеледі.

Кейбір мемлекеттерде АҚШ-тың Модерн вакцинасын, кейбірі Пфайзердің Бион-тест деген вакцинасын пайдаланып жатыр. Астра-Зенека деген вакцина бар. Әртүрлі вакцина қолданысқа ұсынылып жатыр, соның ішінде Гамалей институтының Спутник V вакцинасы да бар.

- Жаңа атаған 200 вакцинаның ішінде Қазақстанның 4 кандидат вакцинасы да бар. Бірақ қазір біз оның екеуін ғана ашып айтып жатырмыз.

Жамбыл облысында Білім мен ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік институты жұмыс істейді. Сол институт жасап шығарған вакцина үстіміздегі жылдын 2 жартысында колданысқа берілуі қажет.


Одан соң Ресейден келетін Спутник V вакцинасы Қарағанды қаласында фармацевтикалық кешенде дайындалып және құйылып, әрі қарай тарату жұмыстары ұйымдастырылады.

Ғылыми ортада беделді шетелдік Lancet атты журнал бар. Таяуда онда Спутник – V вакцинасының тиімділігі өте жоғары екендігі жазылған мақала жарық көрді.  Демек, дүниежүзілік қауымдастық та оны мойындап отыр.

Қазақстанның бұл вакцинаны қолданып жатқанына, міне төртінші күн. Алдағы екі күннің статистикасы бойынша елімізде бұл вакцина 2500  адамға салынған. Әзірге, кері әсер болған жағдай тіркелген жоқ.

Негізі, вакцина үш түрлі технологиямен әзірленеді. 


Соның бірі – векторлық вакцина. Спутник – V соған жатады. Бұл вакцинаның ерекшелігі – Ресейдегі бұрыннан вакцина жасап жатқан платформада әзірленуі. Вакцина құрамында коронавирусты шақыратындай, өлім-жітімге әкелетіндей құрамдас бөліктер жоқ.

Бұл арада «вирустың басқа штамдарына, яғни вирустың мутацияға ұшырауына байланысты бұл вакцина қаншалықты тиімді» деген заңды сауал туындайды.

Енді соған жауап бере кетсек, негізінен, қандай да болмасын, кез келген вирустың ғалымдар бірнеше белоктарын бөліп қарастырады.

Оның ішінде тұрақты және тұрақты емес вирустың белоктары болады, яғни тұрақты белокқа байланысты жасалған вакцина болса, онда оның тиімділігі жоғары болады. Бірақ тұрақты белокқа вакцина тауып, жасау мүмкіндігі өте аз. Ондайда тұрақсыз белоктарға вакцина жасалады. Ондайда ол жыл сайын өзгеріске ұшырап, байытылып отыруы керек болады.

Ал бүгінгі күні осы айтылған КОВИД-ке карсы вакциналардың барлығы да тұрақты S белокқа байланысты жасалған. Ол вирустың белогы түрінде ағзаға түспейді, ол өңделеді, өте аз мөлшері ғана вакцинаға негіз болады, онда да белоктың өзі емес.

Сонымен қатар вакцинаның ағзаға жетіп, тезірек тұрақты иммунитет қалыптастыру мақсатында бұл вакцинаны екі түрлі аденавирус негізінде жасалып жатыр. Ал аденавируспен адам жылына 10-12 рет ауыра береді, тұрақты иммунитетіміз бар.

Соның ауыр түрі емес, жеңіл түрімен адамдардың ауырып кету мүмкіншілігі бар, адамдардың аденавирусқа қарсы төтеп беру қабілеті өте жоғары. Себебі біз аденовируспен жыл сайын бірнеше рет ауырамыз. Сондықтан оған иммунитет қалыптасқан. Сол үшін вакцинация салынған соң адам денесін аздап дел-сал сезінуі мүмкін. Аздап дене қызуының көтерілуі , вакцина салған жері ісініп, қызару белгілері пайда болуы мүмкін.

Ал Жамбыл облысынан шығарылатын вакцина ол инактивирленген вакцина, яғни вирустың белгілі бір мөлшерін өте жоғары технологиялармен өңдеп, ағзада имунитет шақыратындай жағдай жасайды.


Біз мұндай вакцинаны бұрын да пайдаланып келгенбіз. Оның бірі – полиомелитке (негізінен орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру, ред.) қарсы жасалған вакцина. Инъекция түрінде салынатын. Ол - соңғы жылдардағы өте қауіпсіз вакциналардың бірі. Яғни бұдан қорқуға негіз жоқ.

Екпе кейбір адамдарға, соның ішінде балаларға неге салынбайды?




- Ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға, жүкті әйелдерге, бала емізетін әйелдерге, жасы 18-ге толмаған балаларға, жасы 65-тен асқан адамдарға вакцина салынбайды. Неге?

Себебі бұл жастағы және осындай жағдайдағы топтарда вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігіне байланысты арнайы ғылыми жұмыстар жүргізілмеген әрі ол туралы басқа жерде де қандай да бір мәліметтер қарастырылмаған.

Жаңадан ойлап табылған вакцина болғандықтан, ол тек қана еріктілерге - белгілі бір жас тобындағы адамдарға сыналған.

Сол секілді вакцина екі рет салынады десек, бірінші екпе кезінде кері әсері болған адамдарға екіншісінде екпе салынбайды.


Қант диабеті, жүрек талмасы, жүйке жүйесі, астма,  иммун тапшылығына байланысты ВИЧ сынды  әртүрлі созылмалы аурулары бар адамдар, бұрын инсульт алған адам болса, оларға вакцинаны өте сақтықпен жасауы қажет. Көп жағдайда осы адамдар коронавирустың қауіп-қатер тобына жатады. Сондықтан олар вакцина алуы керек.

Бірақ біз медицина қызметкерлеріне мұндай науқастардың жағдайын зерделеу бойынша қазір алдын ала ақпарат беріп, ескерту жасап жатырмыз. Вакцина алар алдында адамды дәрігер қарайды, оған зертханалық және тағы басқа тексеріс қажет етілмейді. Әр адаммен индивидуалды түрде жұмыс атқарылады.

Ең бірінші кезекте вакцина алатын адамдар тобы:

  • Медицина саласы, жедел жәрдем, реанимация қызметкерлері, яғни коронавирус жұқтырған науқас ең бірінші қандай дәрігерлердің, қандай медициналық қызметкерлердің қолына түседі, солар екпе алуы тиіс; науқастармен байланыста болғандарды анықтаушы санитарлық эпидемиология қызметтің, науқастардың сынамасын қабылдаған зертхана қызметкерлері де ең бірінші болып екпе салдыртуға жатады;

  • көп адаммен қарым-қатынаста болатын екінші топ өкілдері – педагогтар мен құқық құрылымы, қарулы күш саласының қызметкерлері, жабық медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен континенгті;

  • шетелге көп шығатын мемлекеттік қызметтегі адамдар, спорттық ұлттық құрамалар, солармен жұмыс істейтін мамандар және т.б.


Вакцина екі кезеңнен тұрады, бірінші екпе алғаннан кейін 21 күннен соң екіншісі салынады. Бірінші вакцинадан кейін 21 күннен соң иммунитеттің күші әлсірейді, сол үшін екіншісі салынады. Одан соң иммунитет көп уақытқа дейін сақталады.

Масканы шешуге әлі ерте немесе вакцина салдырмаса не болады?


- Егер көп адам вакцина алатын болса, сонда вирус ағзаға түскенде өз егесін таба алмайтындай жағдайға жетеді, сол кезде вирусты толық жеңдік деп айтуға болады.

Ал оған дейін вирус толығымен жеңілмейді, демек бетпердені шешуге әлі ерте, жұртпен қарым-қатынасты жиілетуге де болмайды. Вакцинаны біз енді бастап жатқандықтан, ұжымдық иммунитеттің деңгейі әлі төмен.

Бір-екі ай емес, бірнеше айдан кейін ғана біз ұжымдық иммунитеттің деңгейін 50-60 пайыздан жоғары қамтуымыз мүмкін. Міне, сол кезде бұрынғы қалпымызға түсуге болады деп айтуға болады. Онда да оған күмән бар. Өйткені бұл жаңа вирус болғандықтан, алда ол тағы қандай "қылық шығарарынан" ғылыми орта әлі мақрұм. Сондықтан, ең абзалы, вакцина салдырған. Ауырып, жазылған соң пайда болатын иммунитеттің күші әлсіз

Жаңа вирус - өте қауіпті, бүгінгі таңда эпидахуалға байланысты 219 мемлекетте 105 миллонға жуық адам ауырып жатыр, дүниежүзі бойынша 2 миллион 300 мыңға жуық адам қайтыс болды.

Қазақстанда 191 мың зертханалық тексерілген КВИ жағдайы, 48 мың КВИ белгілері бар пневмония тіркелді. 2500 адам КВИ-дан қайтыс болса, 570 адам КВИ-дің зертханалық зерттелмеген түрінен көз жұмды.  Оның Жер бетіндегі екпінінің әлі басылатын түрі жоқ, вирус шабуылдай беретін болады, сондықтан оған әрқайсысымыз үлес қоса отырып, оны жеңуіміз қажет.

Өзгелер вакцина алып жатқанда қоғамнан оқшауланып отыру кімге жақсы?


Вакцинадан кейінгі иммунитет ауырып кеткеннен кейін пайда болатын иммунитеттен тиімділігі әлдқайда жоғары. Ауырып кеткен науқастар қайта ауырып жатыр. Ғалымдар ауырған соң пайда болған иммунитеттің әлсіз әрі тиімділігі төмен екенін айтуда.

Қайталап айтамын, бұл вакцина құрамында ауру шақыратын, басқа ауруды шақыратын немесе өлім-жітімге әкелетін құрамдас бөліктері жоқ.


Бақылау жұмысы мемлекет тарапынан өте жоғары деңгейде қойылып жатыр. Егу пункттерінде арнайы мұздатқыштар орнатылды. Себебі вакцина минус 18-ден жоғары емес температурада сақталып, тасымалдануы тиіс. Мұздатқыш сөмкелер пайдаланылады, арнайы температураны тұрақты сақтайтын мұздатқыштар алынып таратылған.

Вебинар-семинарлар күнделікті өткізіліп жатыр. Тың мәліметтер түссе, бірден оны мамандарды хабардар етіп отырмыз. Сондықтан елімізде ақпан айында қолға алынған егу науқаны толық дайындықпен қалыпты деңгейде жүзеге асырылып жатыр деп айта аламын.

Әзірлеген, Кәмшат СӘТИЕВА 




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар