Cоңғы жаңалықтар
Back
| DalaNews

Ипподром? Әйтеновты “саудагер” деу ешқандай қисынға келмейді  – Шыңғыс Мұқан

Шымкенте ипподромға қатысты дау өршіп тұр. Ипподром орнына жаңа тұрғын-үй кешені түскенін бір жақ түрлі аргументтерді алға тарта отырып қолдаса, екінші жақ өз дәлелімен қарсы уәж айтадыИпподромға қатысты өзекті сұрақтарды жинақтап, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға қойдық.

Әйтеновты “саудагер” деу ешқандай қисынға келмейді 

– Әйтеновті жұрт «торгач» деп сынап жүр. Неге ипподромды сатып жіберді?

– Ипподромды ешкім сатқан жоқ. Мәселе мынада. Басында жүрген соң айтайын. BI group әкімге бірнеше жерге үй салам деп келді. Соның ішінде ипподромның жері де бар. Сосын әкім: «Осыдан екі жыл бұрын қалалық мәслихат ипподромды қаланың сыртына көшіру туралы шешім шығарған. Сол ипподромды тегін салып бересіңдер», – деді.

Жаңа ипподромға 2 млрд теңгенің үстінде ақша керек. Олар ойланайық деп кетті. Бір айналып қайтып келді. «Жақсы, салып береміз» деді. Әкім: «Үй салған жерге мектеп пен емхана керек. BI group оған да келісті. Сосын әкім: «Тек үй салып қоймайсыздар, бұл жер қалада өзіндік орны бар аумаққа айналуы тиіс. Арғы жағы Шымситиге жалғасып кететін променад, бергі жағы Дендропаркке дейін өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір саласыздар», – деді.

«Променад» – астанадағы Ақорда мен Хан-Шатырдың арасындағы үлкен аллея. Бірнеше жерде фонтандары бар. Рекреациялық зона. Оған да келісті. Әдетте қаланың бюджетінен, яғни біздің, салықтөлеушілердің қалтасынан шығатын шығынды BI group өзі мойнына алып тұрған соң, ипподромның 36 гектар жерін тегін беріп жіберуге болатын еді.

Көптеген облыстар инвестор келсе, жері мен инфрақұрылымын онсыз да тегін беріп жатыр. Жоқ, әкім оны да 3,5 млрд теңгеге сатып аласыңдар деп талап қойды. Бұл қаржы мемлекеттік бюджетке түседі.

Компанияның оңтүстік бойынша дивизионын аштырып, 10 млрд теңгеден астам салығын да Шымкенттің бюджетіне түсіретін болды. Ол салықтан әкімдік мұғалімдер мен дәрігерлерге айлық береді, басқа да әлеуметтік мәселені шешеді. Осындай айларға созылған, бірақ мемлекеттің мүддесіне шешілген келіссөзден кейін «саудагер» деу ешқандай қисынға келмейді. Әкім инвестормен саудаласқан болар, бірақ өз мүддесі үшін емес, мемлекеттің мүддесі үшін саудаласты.

– Бұл жер парктің жері ғой. Онсыз да қалада ағаш азайып бара жатыр…

– Біріншіден, бұл парктің жері емес. Рекреациялық аймақ – парк аймағы емес. Рекреациялық аймақ дегеніміз, демалыс аймағы, яғни балалардың ойын алаңын салсаң да, велосипедпен жүретін жолақ салсаң да, ол рекреациялық аймақ болып есептеледі. Ол жерде ешқандай ағаштың басынан жапырақ түспейді. Суретте көріп тұрғандай Бәйдібек бабаның ескерткіші тұрған қырдан бері құлайтын жасыл-жебек қаз қалпында қалады. Шаңы шығып, оншақты жыл қаралмай қалған, жылдар бойы жарыс өтпеген ипподромның ортасы мен жартылай қираған атқоралардың орнына салынады.

Әкімді табиғаттың қас жауы етіп көрсететін адамдарды түсінбей отырмын. Шымкентте 6 млн ағаш бар. Әр шымкенттікке 6 ағаштан келеді. Ал Алматыда әр адамға 13 ағаштан келеді. Осыған байланысты Мұрат Дүйсенбекұлы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен 5,5 миллион ағаш егіп, жасыл белдеу жасау жоспарын бекітті. Енді пайдаланылмай жатқан жекедегі жерлерді мемлекетке қайтарып, жасыл-желек егіледі. Мыңдаған гектарға! Жас-желек қоры екі есеге жуық артпақ. Жасыл белдеу – бұл Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі сияқты мыңдаған гектар жасыл-желек.

Бір нәрсені түсіну керек. Алты мың ағашты бес күнде егіп тастауға болады. Ол қиын емес. Ал алты мың пәтерді салуға жылдар қажет. Ипподромның орнына парк салсын, демалыс аймаққа айналдырсын деп жатыр.

Сол жағында 107 гектар Дендропарк, ортасында 29 гектар зообақ (ол да парк іспетті), оң жағында 76 гектар «Қазына» саябағы бар. Ол жерге тағы 30 гектарға ағаш еккенмен ешнәрсе өзгермейді. Былайынша айтқанда, үш парк қатар тұрған жерге қыстырып төртінші паркті салғанда не өзгереді? Сол парктерге күнделікті жаяу келетіндей тұрғын үйлер болмаса, ол парктерге кім барады?

– Бұл Асанбай Асқаровтан қалған мұраға қол сұғу емес пе? 

– Бұл жерде әкімдікті Асқаровтың мұрасына қарсы етіп суреттеу – әбестік. Егер әкімдік қарсы болса, Үкіметтің қаулысын шығарып, Дендропаркке Асанбай Асқаровтың атына алып берер ме еді? Ипподромның дәл қазіргі күйі Асанбай атамыздың әруағын разы қыла қоймас. Қала әкімі қайта сол кісінің салған ипподромын одан әрі жаңғыртып, биік жақсы жерге көшіріп жатыр. Тіпті ескі ипподромның тасын пайдаланып, элементтерін алуға болады. Жаңа ипподромның қабырғасына «Шымкент ипподромы 1979 жылы Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынып, 2021 жылы Бозарыққа қайта жаңғыра көшірілді» деп жазылады.

«Шымкенттің болашағы инвестицияға байланысты»

Шымкентке инвестиция келсе, ол және ғимарат болып қалса, оны ешкім алып кетпейді

– Әкімдік халықпен санаспайды деп жатыр. Неге?

– Егер әкімдік халықпен санаспаса, қоғамдық тыңдау өткізбес еді. Қала жерін коммерциялық құрылысқа берейін деп жатқан алғашқы әкім Әйтенов емес. Бизнеске бұған дейін де беріледі, бұдан кейін де беріледі. Қай уақытта қоғамдық тыңдау өтіп еді? Әрине, әкімнің басты міндеті – бюджет қаржысын ұлғайту және тұрғындарды жұмыспен қамту. Ол үшін инвестиция керек. Президентіміздің өзі инвестор тартыңдар деп тапсырып отыр. Әкімдікке инвесторлар қанша керек болғанымен, әкімдік халықтың сөзіне құлақ асады. Талай талқыланып, иіні қанып, 19 ақпанда халық алдында ортақ шешім қабылданады.

– Инвестиция әкелді дейсіздер. BI group салған үйін сатып, шаш етектен пайда таппай ма?

– Кеңес кезінде басшы болған бір ағамыз: «Олар үйлерін қымбатқа сатады» деп айтады. Үйді сатады екен деп ешнәрсе салмай отырамыз ба? Экономика бакалавры ретінде айтар болсам, инвестицияны, бейнелеп айтсам, суға теңер едім. Қайда құйылса, сол жерге шөп шығады, тал өседі. Сол сияқты Шымкентке инвестиция келсе, ол және ғимарат болып қалса, оны ешкім алып кетпейді. Осы жерде қалады.

Кезінде астананың құрылысына да қаржы салынды. Қарсы шыққандар да болды. Бірақ қазір астана салған қаржысын еселеп қайтарып жатыр. Су құйсаң ағаш өседі, бірнеше жылдан соң жемісін береді. Қалада салынатын құрылыс та солай. 

Қазір ешкім тегін үй салып бермейді. Бізде 40 мың адам баспана кезегінде тұр. Оны біз бюджеттен, яғни сіз бен біздің салығымыздың есебінен салып жатырмыз. Бірақ кезегі келгендерге тұруға берсек те, үй олардың атына өтпейді, мемлекеттің есебінде болады. Кезекке тұрып үй алған адам сатып алғысы келсе, соған кеткен шығынды мемлекеттік бюджетке өтейді. Жалпы, мемлекеттің есебінен үй салу қиын емес. Бюджетте ақша болса, сала бер. Ең қиыны – коммерциялық тұрғын үй салу. Себебі жеке компания өз ақшасына салады, өзі сатады, барлық тәуекелді өз мойнына алады.

Сондықтан коммерциялық тұрғын үй құрылысын қолдауымыз керек. Қазір Нұр-Сұлтанда құрылыстың 80% – коммерциялық тұрғын үй. Ал Шымкентте тек 25% коммерциялық тұрғын үй, қалғанын әкімдік бюджет есебінен салып жатыр. Бәсекелестік ұлғайған сайын құрылыс нарығы дамиды.  Бұл жерде тек инвестиция ғана маңызды емес, BI group, Bazis, Highvill сияқты компаниялар құрылыс мәдениетін әкеледі.

Өткенде Шымкенттің бір құрылыс компаниясы сыртын қоршамай, үй салар орынның котлаванын қаза бастауы үлкен шу болды. Көршілердің уәжі дұрыс. Балалар ойнап жүріп түсіп кетуі мүмкін. Оған үлкен айппұл төлеттік. Аты аталған үлгілі компаниялар өйтпейді. Тіпті құрылыс алаңына кіріп-шыққан жүк көліктерінің дөңгелегін жуады, балшық-балшық болып, қаланың көшелерін былғамайды. Бірдей форма киіп, каска тағып жүру, екінші қабаттан жоғары шықса, міндетті түрде арқан байлап жүру – мұның барлығы құрылыс мәдениеті, қауіпсіздік техникасы.

Осындай жоғары құрылыс стандарттарын көріп жүріп біздің жас құрылысшылар да үйренеді. Одан бөлек, егер бұл жоба жүзеге аса қалса, 2 млн текше метр монолит, 250 мың текше метр кірпіш, 1,7 млн шаршы метр инертті материалдар, 750 мың текшеметр өрнектас, 320 мың тонна темір бұйымдары, 460 мың шаршы метр терезе, 3 млн шаршы метр ішкі жұмыстарға қажет материалдар, 800 мың шаршы метр фасад.

Бір сөзбен айтқанда Шымкенттің құрылыс материалдар индустриясына бірнеше жыл азық болатын тапсырыс түседі және бұл сала да дамып кетеді.

Біздің қала көптен бері су көрмеген бақ сияқты

– Ол үйлер бизнес класс, тек байлар сатып алады емес пе?

– Шымкентте тек әлеуметтік топтар тұрады деп кім айтты. BI group әкімдіктің жанынан Tamerlan деген тұрғын үй кешенін салған, бірнеше күнде сатылып кеткен. Егер сұрағыңызға қарай жіктейтін болсақ, миллион халқы бар қалада бай да, кедей де бар, Әлеуметтік топтарға мемлекет онсыз да жылда үй салып жатыр. Бірақ бағасы шектеулі әлеуметтік үйлермен қала сала алмаймыз. Қаланың көркін ашатын еңселі зәулім үйлер. Бұл – бір.

Екіншіден, тұрғын үй – бұл баспана ғана емес, инвестициялық құрал, былайша айтсақ, мүлік. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Шымкенттің қыз-жігіттері жұмыс істеп жүр.

Олар тапқан ақшасын Нұр-Сұлтан мен Алматыдан пәтер сатып алып, қаржысын сол қалаларға салып жатыр. Егер Шымкентте сондай инвестициялық құрал бола алатындай жылжымайтын мүлік нарығы қалыптасса, солар қаржысын Шымкентке салады.

Шыны керек, тұрғын үй салуда Шымкент артта қалды, республикалық қала болғанымен. Дәл осындай миллионниктер – Нұр-Сұлтан мен Алматыда жылына 3 млн шаршы метр үй салынады. Тіпті халқы 200 мың адамға жетпейтін Ақтаудың өзі жылына бір миллион шаршы метр тұрғын үй салады. Ал миллион халық тұратын Шымкентте қанша шаршы метр тұрғын үй салынады деп ойлайсыз? Жарты миллион шаршы метр. Жарты-ақ миллион! Бұл баяу қарқынмен қала дамуын тежеп тастаймыз.

Біздің қала көптен бері су көрмеген бақ сияқты. Жапырағы сарғайып, сабақтары солып жатқан. Бұл баққа су керек, яғни инвестиция керек. BI group сияқты бірнеше компания 100 миллиардтап инвестиция салса, қала Нұр-Сұлтан сияқты көздің жауын алар зәулім үйлерге толып, еңсесін тіктеп алар еді.

ДереккөзOinet.kz