Back
| DalaNews

Назарбаев болашақ Премьер-министрдің кандидатурасы туралы пікір білдірді

Nur Otan партиясының төрағасы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына қатысты. Елбасы болашақ Премьер-министрдің кандидатурасына қатысты сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Менің ойымша, сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиындықтарға қарамастан, Үкімет өз жұмысын қалтқысыз атқара алды. Барлық басқа елдермен салыстырғанда біздің нәтижелер – жалпы жаман емес.

Егер Президент Асқар Ұзақпайұлының кандидатурасын ұсынып жатса, онда мен фракциядан оны қолдауларын сұраймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетінің өкілеті тоқтатылады. 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті.

Маминнің өмірбаяны

Асқар Ұзақбайұлы Мамин 1965 жылы 23 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. 2003 жылы Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы халық шаруашылығы академиясын тәмамдады.

Әйелі – Алтынай Қасымқызы. Балалары – ұлы Данияр мен қызы Динара.

Еңбек өтілі

Монтаждаушы, “Целинтяжстрой” трестінің шебері (1987-1988 жж.);

Қазақстанның инновациялық кәсіпорындары одағы бас директорының орынбасары (1991-1993);

“Интер-Ишим” ҚК бас директоры (1993-1996);

Ақмола (Астана) қаласы әкімінің бірінші орынбасары (1996-2000);

Ақмола АЭА әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары (1998-2000);

Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар вице-министрі (2000-2002);

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы (2000-2001);

“Инком Астана” ЖШС бас директоры (2002-2003);

Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және сауда министрлігінің бірінші вице-министрі (2003-2004);

Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрі (2005-2006);

Астана қаласының әкімі (2006-2008);

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ президенті (2008-2016);

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары (2016);

Қазақстан Республикасының премьер-министрі (2019 жылдың ақпанынан қазірге дейін).

Тағы оқыңыз:

Назарбаев Мәжілістегі “Nur Otan” фракциясын басқаруға Нығматулинді ұсынды