"Тоқаевтың «Нұр Отанға» бүйрегі бұрмайды" - саясаттанушы

Dalanews 23 қаз. 2020 10:39 247

Ресей сарапшылары парламент сайлауының қарсаңында тұрған көршісіне жіті көз тігіп, елдегі саяси ахуалдың аңысын аңдуда.




ТМД институты жанында Қазақстанды зерттеуге арналған тұтас құрылым бар. Осы орталықтың жетекшісі Андрей Грозин «Тоқаевтың «Нұр Отанға» бүйрегі бұрмайды» деген пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.



Бұдан бөлек ескі гвардияның ығыса бастауы, биліктегі буын алмасу, саясаттағы жаңа ойыншыларға қатысты бақсы-балгерлік жасапты.

Сонымен, Грозин не дейді?


«Парламент сайлауының қарсаңында биліктің ұшар басында жүрген топтардың тайталасы қыза түседі», – дейді Грозин.

Оның айтуынша, алауыздықтың белгісін әзірден-ақ аңғаруға болады.

«Екінші Президент пен Тұңғыш Президенттің «Нұр Отанға» келгендегі позициясы түйіспей тұр. Партияны қайта тірілтіп, халық сенімін қайтаруға тырысқан қарекеттен түк шықпады. Президент Тоқаев «Нұр Отанға» немқұрайды қарайды. Неге? Себебі оны шыңға шығарған партия емес. Ол партияға қарыздар емес.

«
Қазақстанда қос билік орнады. Тоқаевтың бас еркіндігі жоқ. Назарбаевтың нұсқауын орындап отыр» дейтіндер осы арада оңбай қателесті. Егер әлгі сөз рас болса «Нұр Отандағы» қатып-семген бюрократияны Тоқаевтың өзі талқандап, партияны ревизиялауға тырысар еді. Ондайды көріп отырған жоқпыз.


Тоқаев праймеризге көңіл бөлген жоқ. Командасы да сөйтті. Осы арқылы ол «Нұр Отанға» бүйрегі бұрмайтынын көрсетті», – дейді саясаттанушы.

Тоқаевтың түпкі ойы не?


Сонда Тоқаевтың түпкі ойы не? «Нұр Отанға» немқұрайды қараудың астарында не жатыр?

Грозиннің сөзіне қарағанда, Президент билік партиясының абсолютті монополициясын ыдыратуды көздейді. «Нұр Отанды» толық ликвидациялай алмасы анық, алайда ықпалын азайту қазіргі Президент әкімшілігінің қолынан келер шаруа.

«Әлбетте, ол үшін жаңа ұйым және жаңа есімдер керек. Азат Перуашевтың «Ақ жолы», Косаревтың коммунистеріне арқа сүйей алмайды. Олармен алысқа ұзай алмасын Тоқаев түсініп отыр.

Алдағы сайлауға дейін жаңа ұйымды тіркеп, қатарға қоса алмасы тағы белгілі. «Нұр Отанның» шексіз билігін «Ақ жол» немесе Коммунистік партияны пайдаланып, шайқап көруге болатын шығар. Бірақ бұл жеткіліксіз», – дейді Грозин.

Назарбаева орала ма? 




Ресейлік спикер парламент сайлауында «Нұр Отанның» сойылын соғатын үміткерлердің тізімін сүзіп шығу керек деген пікірде. Әзір Мәжіліске барғысы келетіндердің арасында астыртын күрес жүріп жатыр. Партия ішіндегі түрлі топтар өз кандидатын тықпалап, тізімге кіргізуге тырысуда.

Айтпақшы, алдағы сайлауда Дариға Назарбаева төбе көрсетуі мүмкін. Грозиннің пікірінше, бұл оған саясатқа қайта оралатын соңғы мүмкіндік.

«Назарбаева мақсатшыл, амбициясы асып-тасып тұрған тұлға. Оның саяси карьерасы тұйықталып қалғаны рас, дегенмен «Дариғаның дәурені өтті» деп кесіп айтпас едім.

Керісінше, оның сайлауға қатыспауынан секем алар едім, себебі ол мұны жауапсыз қалдырмайды», – дейді Грозин.

Тұңғыш Президент кетерін тыңғылықты ойластырып кетті 


Саясаттанушы Назарбаев қалап кеткен жүйе көпке дейін мызғымай тұрарына сенімді. Оның ойынша, Тұңғыш Президент күні бұрын қамданған, тіпті өмірден өткен күннің өзінде саяси элита ол құрып кеткен жүйенің негізінде әлі талай күн кешеді.

«Бірақ мұның да шегі бар. Билік басындағы топтардың тепе-теңдігін сақтап, осы күнге дейінгі кикілжіңдерді консервілеп келген Назарбаев факторы көзден ғайып болғаннан кейін элита бірін-бірі қырып-жоя бастайды.

Назарбаевтың Тоқаевты тағайындаудағы түпкі ойы осы тәуекелді сәл де болса жұмсарту, сол арқылы элитаны сабасына түсіру болса керек. Бұл енді болжам ғана.

Құдай біледі, Тоқаевтан өрбитін бірнеше саяси жоспар жасалған болар. Назарбаевтың мұны ойластырмауы мүмкін емес. Соның бірі Тоқаев билігін шексіз мерзімге созып, Президентке сырттай жөн сілтеп отыру. Мұндай жағдайда қазіргі Президенттің ықпалы арта түседі, бір жағынан Назарбаевтың бедел-мұрасына нұқсан келмейді», – дейді Грозин.

Ресейлік сарапшы Қазақстандағы саяси өзгерістің бірнеше версиясын алға тартқан екен. Оның бәрін жіпке тізіп жатқанды жөн көрмедік.

Ескі гвардияның орнын кім басады?


Грозиннің сөз ауанынан-ақ аңғардық, Қазақстан билігіндегі ауыс-түйіс, буын-алмасу процесін Путиннің төңірегі қалт жібермей бақылауда. Ал Грозиннің өзі ескі гвардияны ығыстырып жатқан жаңа буынның биографиясына қанық секілді.

«Байбек, Мәулен Әшімбаев, Ерболат Досаев секілді жаңа буын күні ертең Болат Өтемұратов, Әділбек Жақсыбеков, Мәсімов мен Құлыбаевтың орнын басады.

Бұлар екінші эшелон. Бұлардан кейін ірілі-ұсақты агенттіктерге жетекшілік ететін үшінші эшелон бар. Кезегін күтіп тұр.

Тоқаев өз гвардиясын жасақтағысы келсе, екінші және үшінші эшелонды асықпай сүзіп шығуы керек. Қазақстандағы жүйенің өзі жаңа, жас буынға сусап тұр. Қазіргі жүйенің ғұмырын сөйтіп қана ұзарта аласыз», – дейді сарапшы.  


Оның пікірінше, тәуелсіздіктің елең-алаңынан бүгінгі күнге дейін Назарбаевпен қатар жасасып келген азаматтар саясатта санаулы ғана қалды. Арасында Әбіқаев секілді ықпалын жоғалта қоймаған тұлғалар бар.

Грозин әзір биліктің төбе басында жүргендердің 50-70 пайызы әлгі Әбіқаевқа қарыздар дейді. Оның ішінде Байбек пен Әсет Исекешевты бөле-жара айтыпты.

Тасмағамбетовке аз-кем тоқталып, оның саясатқа қайта айналып соғарына күмән келтіріпті.

«Имекең ықпалын жоғалтқан жоқ. Егер саясатқа оралса, елдегі элитааралық талас-тартыс қыза түсер еді», – дейді Грозин.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x