Нұрымбетов зейнетақы жинағын тағы қайда жұмсауға болатынын айтты

Dalanews 03 қыр. 2020 10:18 200

ЕңбекМин басшысы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін мақсатты пайдалану мүмкіндігі мәселелері бойынша түсініктеме берді деп хабарлайды Dalanews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеп.

Министрдің айтуынша, Бірыңғай зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) жинақтардың бір бөлігін жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге алу құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:




  1. Зейнетақы жинақтары бар еңбекке жарамды жастағы азаматтар – «жеткіліктілік шегі» деп аталатын сомадан асатын бір бөлігі (шамамен 529,7 мың адам).


Негізгі қағидат – зейнетақы жинақтары азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесінен (бұдан әрі – ЖЗЖ) болашақ зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін қажет. Сондықтан белгілі бір сома зейнетақы шотында қалуы керек. Осы соманың артығын азаматтар өз қалауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады.




  1. БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткерлер - қалған соманың 50%-ына дейін (шамамен 178,4 мың адам).


Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс.




  1. Зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған соманы (шамамен 13,3 мың адам).


«Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады», – деді Біржан Нұрымбетов.


Нұрымбетов сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өздері, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) үшін емделудің ақысын төлеу үшін пайдалана алатынын атап өтті. Мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.


«Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қою саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады», – деп атап өтті ол.


Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тұрғын үй (бастапқы және қайталама нарықта) немесе жер учаскесін сатып алу, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейдегі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), өз тұрғын үйін салу немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайларын жақсартудың басқа да нұсқаларын көздейді. Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін.


«Бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға мақсатты пайдалануға Уәкілетті оператор ретінде қайта құрылатын «Отбасы Банкі» («Тұрғын үй жинақтаушы банкі» АҚ – ТҮҚЖБ) ұсынылады.


Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.


Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделу төлеміне пайдалану үшін салымшы Денсаулық сақтау басқармалары (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) жанынан арнайы құрылған комиссияларға жүгінеді деп болжануда. Медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы комиссияның қорытындысын алғаннан кейін, емделуден өту үшін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы емделуге ақы төлеу үшін төленген зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі өтініммен уәкілетті операторға (ҚР Үкіметі айқындайтын болады) жүгінеді.


Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.


Салымшы зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауды БЖЗҚ-ға өтініш беру арқылы жүзеге асырады.


Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x