"Әлем мұғалімі" байқауының финалына өткен ұстаз Семейде тұрады

Dalanews 16 сәу. 2020 09:30 347

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері  – ұстаз Асхат Жұмабеков.




Асхат Жұмабеков жаста болса еліміздегі білікті ұстаздардың бірі. Болашақ бағдарламасының түлегі бүгінде Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

2019 жылы  «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерімен сұхбаттасудың сәті түсіп, әңгіме тартқан едік.

Балаларға алдымен өзің үлгі болу керексің 




«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді хакім Абай. Бүгінде бар білгенімді оқушыларға үйретіп келемін. Қазір ғылыммен техниканың қарыштаған уақыты. Бір сәт ғылыми жаңалықтардан құр қалмауға тырысамыз. Өзің оларға барлық жағынан үлгі болу керексің. Байқауларға қатысып, ғылыми мақалалар жазып жүргенім содан да болар» дейді жас ұстаз.

Асхат Халықаралық «Болашақ» стипендиясының ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша Финляндия мемлекетінде білім алған болатын.

Тағылымдадан өтіп жүрген кезде жалпы және Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді зерттеу бойынша жұмыс істей бастаған. Ол үшін бұл жай мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ғана емес, «ерекше балалардың» қоғамға енуіне көмектесу болып табылады.


Міне, үш жыл бойы Асхат Советханұлы Қазақстанда осы мәселемен айналысып, бұл жұмысқа шәкірттерін де жұмылдырып жүр. Ол Ресей және Финляндия сарапшыларымен тығыз байланысының арқасында аталмыш жобаны өз бетінше жүргізіп, оқыту семинарларын, коучингтер және шеберлік сыныптарын өткізеді.

Талантты, бастамашыл мұғалімнің сабақтары оқушылар әрдайым өздеріне жаңа және қызық жаңалықтар ашатындай, зерттейтіндей, практика жасап, талдай алатындай және қорытынды жасайтындай, өз жұмысын бағалай алатындай етіп жоспарланып өткізіледі.

Бұл өз кезегінде  оқушылардың бойында тәуелсіз ойлау стилін қалыптастыру мен қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Міне осындай оқушыларды білімге құштарлығын ояту нәтижесінде,  биыл ақпан айында өткен  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген республикалық ғылыми жобалар байқауында  шәкірттері  12-інші сынып оқушысы Ұлан Сейітқалиев өзінің компьютерлік және физикалық модельдер арқылы табиғи және виртуалды орталық күштердің заңдылықтарын зерттеуге арналған ғылыми жобасымен 1-ші орынды, 11 сынып оқушылары Бек Қадесов пен Әлішер Рымқанның бірлесе жасаған онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған ғылыми жобасы 2-ші орынды жеңіп алып, ұстаздың еңбегі еленді. Шәкірттері жетістігімен қуантты.

«Осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі алда істе асырмақ жоспарларымыз аз емес. Қазіргі уақытта мектептер алдында ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшыларын қалыптастыру және олардың шығармашылық белсенділігін арттыру міндеті тұр.

Мұғалімдер оқушылардың ой-өрісін дамытып, ғылымға деген қызуғушылықтарын арттыру керек деп санаймын » дейді Асхат Советханұлы.

Ақтық сынға әзірлік 




Білікті маман  өзінің еңбекқорлығы мен білім саласында көрсеткен жоғары нәтижелерінің арқасында ұстаздар арасында Нобель сыйлығымен пара-пар «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы номинанттары қатарынан орын алып, Қазақстаннан алғаш рет қатысуға мүмкіндік алды.

-Мен бұл әлемдік байқауға қатысуға 2018 жылдың қазан айының соңынан бастап дайындала бастадым. Отандық білім саласының өзге елдерден еш кем емес екенін сенімді түрде айта аламын.

Әлемдік сайыстың әр кезеңіне мұқият дайындалып, олардың тарапынан берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындадым. Бұл істе өзім еңбек ететін мектеп ұжымы, оқушыларым атсалысты. Бұл сынға қатысу мен үшін педагогтік қызметімнің жаңа бір белесі деп білемін.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі ретінде біз өз Отанымыздың өркендеп, дамуына үлес қосуымыз керек. Маған осындай мүмкіндік тудырып отырған ұйымдастырушы қор мен еліміздің Білім және Ғылым министрлігіне алғысым шексіз.

Мен өз жетістіктерімнің барлығы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ –да  құрылған тиімді басқару мен қалыптасқан менеджменттің арқасында деп білемін.


Ғаламдық мұғалімдер сыйлығының ақтық финалы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында  2020 жылдың наурыз айында өтеді жоспарланған еді. Бірақ пандемияға байланысты кейнге шегерілді» дейді Асхат Жұмабеков.

40 жылғы қасірет: мұны бүгінгі буын да білуі керек


Сондай-ақ  жас ұстаз   жерімізге 40 жыл қайғы-қасірет әкелген ядролық сынақтардың  қоршаған ортаға әсеріне көңіл бөліп, өңір экологиясын ғылыми-зерттеу жұмыстарына өзінің оқушыларында тартып отыр.

Нәтижесінде Әлия Тұманбаева, Диана Кульгускина есімді шәкірттері республикалық “Болашаққа қадам” атты ғылым фестивалі және ЮНЕСКО-ның ұлттық сайысында лауреат атанды. Осы ауқымды үлкен жұмыстарының нәтижесінде “Невада – Семей” қозғалысы қамқорлығының арқасында “The Kazakhstan Way of a Nuclear-Free World” – “Казахстанский путь без ядерного оружия” атты кітабы жарық көрді.

Аталған кітап еліміздегі антиядролық қозғалыстың танымал белсендісі, “Невада-Семей” халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоевпен бірлесе отырып жазылды. Еңбек Германия Ұлттық кітапханасының баспасында басылып шықты», – дейді Асхат Советханұлы.

Оның шәкірттері қатерлі ісікті емдеудің жолын іздеуде 




Ол мұғалімдер оқушылардың ой-өрісін дамытып, ғылымға деген қызуғушылықтарын арттыру керек деп санайды. Жақында 11 сыныпта оқитын өз шәкірттері Бек Кадесов және Әлішер Рымқанмен бірге обырдың емдеу саласын зерттейтін, онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеуге арналған авторлық жұмыстары үшін сертификатқа ие болды.

 Осы жобаны іске асыруға 1 жарым жылдай уақыт кеткен. Бұл зерттеу химиотерапия және сәулелік терапияның дәстүрлі құралдарына балама табу мақсатында жүргізілген.


Осы мақсатқа жету үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің, Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ-дың зертханаларында әртүрлі тұрақтандырғыштар, алтын нанобөлшектерін табу және анықтау әдістері зерттелген екен.

Көздеген мақсатқа жету үшін оқушылар физика, химия, математика, биология және компьютерлік модельдеу пәндерін қатар қарастырды.

«Болашақта қатерлі ісік жасушалары бөлімдерінде алтын нанобөлшектерін сынау жоспарлануда. Ол үшін Семей қаласындағы ядролық медицина және онкология ғылыми-зерттеу институтымен меморандум жасау ойымызда бар» дейді Асхат Жұмабеков.

Білімді, ойы ұшқыр, жан-жақты, өнертапқышқа ұстазға қарап, қазіргі таңда білім ордаларына Асхат сияқты мұғалімдер керек деген ойға қаласың. Әр сабағын қызықты өткізіп және оқушыларды ғылымға құлшынысын оята білген жаннан үйренер дүниелер көп екен.

«Жетістікке жетуіме оқушыларымның септігі көп тиді. Қазір балалар жан-жақты. Тіпті кейбір ұстаздардан артық білсе, кем білмейді. Біз ескі ұғымдардан арылып, жаңаша білім беру жүйесін кеңінен қолдану керекпіз. Әсіресе жаңа технологияларды пайдалану арқылы, алдымыздан зор мүмкіндіктер айқара ашылады.

Ұстаз үнемі өз-өзімен, қарым-қатынас стилімен, оқушылардың төңірегіндегі мінез-құлықпен жұмыс істеуге тиіс.


Мұғалімдер оқушылардан өздерін жоғары, білімді санамауы керек. Мұндай стиль өткеннің сарқыншағы.   Өйткені біздің балалар көп жағдайда бізден артық біледі. Оларға кез-келген ақпарат қолжетімді. Сол арқылы көп біледі. Бұл білімді сабақта қолдану керек. Тіпті өзіңді дамыту үшін де.



Ұстаз барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек. Сондай-ақ, балаларды белсенді жұмысқа тарту арқылы, олардың ұйықыда жатқан қабілеттерін оята алмыз. Мұнда оқушыларға дифференциалды көзқарас қажет.

Дарынды балаларға мұғалімнің көмекшілері ретінде қатысу өте қызықты. Олар қалған балаларға тақырыпты түсінуге көмектеседі,өткен материалды бір уақытта бекіте отырып, олардың қателіктерін көрсетеді» деп бүгінгі білім жүйесіне де қатысты ойын білдірді.

«Білім-инемен құдық қазғандай». Қиын да қызықты жолда аянбай еңбек етіп, білімді жас ұрпақ тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген Асхан Советханұлы өзінің еңбекқорлығы мен, ізденімпаздығы мен әр жанға үлгі болса керек. «Жас келсе іске» деп тегін айтылмаса керекті.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x