Амандық Баталов: "Карантин кезінде Алматыға баруға асықпаңыздар" (видео)

Dalanews 18 нау. 2020 16:37 292

Жер жүзін жаулаған коронавирус тыныштықты алғаны жасырын емес. Тұтас ұлттың басына берілген сынаққа елбасқарған тұлғалар бей-жай қарап отырған жоқ. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдап төтенше жағдайға қатысты үн қатқан еді.

Бұл үрдісті Алматы облысының басшысы Амандық Баталов жалғастырды. Облыс әкімі Жетісу жұртшылығына кеселге қатысты ақпар мен ескертпелер айтты.

- Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында отандастарымыздың арасында инфекция жұқтырған оқиғалар тіркелді. Осыған байланысты мемлекет басшылығы ертең түнгі сағат 00-ден бастап Алматы қаласында карантин енгізу туралы шешім қабылдады»,- деп бастады алғы сөзін Амандық Ғаббасұлы.

Қалаға  кіреберісте блокпосттар қойылып, кіру жолдар жабылады.  Бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады, сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мейрамханалар жабылады. Біз бұл мәселені Алматы қаласының әкімдігімен бірге қарастырып жатырмыз, – деді өңір басшысы.

Сондай – ақ, өз  мәлімдемесінде тұрғындарға елдегі орын алған жайттарға түсіністікпен қарап, карантин кезінде алып шаһар Алматыға баруды қоя тұруларын сұрады.


Қазір бірінші кезекте өз денсаулығымызға ерекше назар аударып, санитарлық дәрігерлердің барлық ұсыныстарын толық сақтауымыз керек деген Амандық Баталов, биліктің үндеуіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларына жеңіл-желпі қараған бірқатар Еуропа елдері (Италия сияқты) тұрғындарының қателіктерін қайталамауымыз керек деп ескертті.

- Біздің облыста барлық азық-түлік дүкендері штаттық режимде жұмыс істейді. Бірінші кезектегі қажет азық-түліктер толық көлемде жеткілікті. Тауарлар мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді – деп айтып өтті әкім мырза.

 Елдегі ахуалға алаңдаған А. Ғаббасұлы қабылданып жатқан барлық шаралар халықтың  қауіпсіздігін, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын еске салды.


Сонымен қатар, барша жерлестерді әуелі  денсаулыққа салғырт қарамай, вирустың таралуына жол бермеуге, сын сағатта сынбауға шақырды.

Анар САБЫРОВА

 

https://www.youtube.com/watch?v=x3JtjSF-U_E&feature=youtu.be&fbclid=IwAR1p36qZevJ4ujOnL4L9qjUsvZECKgzmsYji_Vga1Ga7v7WqPfkHeRLU8OU

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x