Құлекеев: "Мәмин 300 млрд-ты жолға емес, жұртқа бөлуі керек"

Dalanews 17 нау. 2020 15:03 994

Экономист, Экономика және сауда министрлігінің экс-басшысы Жақсыбек Құлекеев Үкімет дағдарысқа бөлінген ақшаны мүлде басқа жаққа бағыттап жіберді деп есептейді. 

Dalanews.kz Тоқаев енгізген төтенше жағдайдың салдары қандай боларын тұспалдаған сарапшының пікірін ықшамдап ұсынады. 

Құлекеевтің айтуынша мұнай бағасының құлдырауы еліміздегі мұнай өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етпейді. Осы салада қысқарту жүруі, жалақының азаюы секілді дағдарыспен ілесе келетін түйткілдер туындауы неғайбыл. Әрі кетсе өндірісті жаңалауға бөлінген инвестицияны кейінге шегерер.

– Тоқаев енгізген төтенше жағдай бірінші кезекте білім саласын жіпсіз байлап тастады. Мектеп, ЖОО-лар бұдан жапа шекпес, мемлекет оларды жан-жақты қолдауды тоқтатпайды.

Тек мектепке дейінгі жекеменшік білім беру мекемелері, түрлі үйірмелер, спорт секциялары үшін төтенше жағдай тұтқиылдан тиді.

Білім саласының бұл тармағында 600 мыңға тарта адам өз күнін өзі көріп жүр, көпшілігі шағын бизнестің өкілі.  


Бұл ахуал сауда-саттық саласы, асханалар, кафелер тұтастай алғанда қызмет көрсету мен ойын-сауық индустриясына да ауыр соғады. Экономиканың шикізаттық емес бағытында бұлардың рөлі зор. Шикізаттық емес портфелдің тең жартысы осылардың үлесінде.

Жүздеген, мыңдаған адам амалсыздан демалысқа шығады. Мәселе оларға жалақы төлене ме, жоқ па? Тым құрығанда жарты айлығын алып отыра ма екен? Әй, қайдам... Кәсіпкерлер әзірдің өзінде қып-қызылға шығынға батты. Ертең олардың өзіне көмек керек болады. Жұмысшы да, жұмыс беруші де кіріптар күйге түседі, – дейді Жақсыбек Құлекеев.

Оның айтуынша Мәмин үкіметі дағдарысқа деп бөлінген ақшаны экономиканың осы секторына арнаудың орнына, жол салу мен баспана құрылысына бағыттап жіберді.


Айта кетелік бұдан бұрын Мәмин: "Қазақстан азаматтарын тарта отырып, инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді қарастыратын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінетінін" мәлімдеген.

"Жол салуды қашан бастаймыз сонда? Кейбір өңірде мамырдың аяғына дейін қар жатады. Одан бұрын халықты жұмыспен қамту үшін жол салуға басымдық беру - ескірген әдіс! Коронавирус пен мұнай бағасының құлдырауы салдарынан есеңгіреген экономиканы бұлайша сауықтыра алмайсың.

Үкімет осы арқылы 30-шы жылдары жаппай хайвей салып Ұлы депрессияны еңсерген АҚШ-тан үлгі алған сынды. Бірақ, одан бері бір ғасыр өтті ғой?!


Баспана салуға бағытталған бағдарламалар да экономиканың тамырына қан жүгірте қоймас. Ұлттық валюта құнсызданып, ел күйзеліске ұшыраған шақта қас қылғандай баспана бағасы да шарықтай бастайды. Табысы төмендеген халық қай ақшасына үй алады? Одан да жұртқа, шағын орта бизнеске көмектескені әлдеқайда қисынды болар еді, – дейді Құлекеев.

Оның пікірінше жұртты жұмыспен қамтуды кәсіпкерлерге жүктеу керек. Ол үшін бизнестің төбесінен төніп тұрған бюрократияның көзін жойған жөн.

– Мысалға қазір медициналық маска, антисептик таппай аласұрып жүрміз. Ойлап қараған адамға түк қиындығы жоқ. Маска өндірісін ел көлемінде жолға қоюға екі-үш күн жеткілікті. Антисептиктің әлденеше түрін өндіретін фабрика құруға құрығанда үш күн кетеді. Үкімет кәсіпкерлерге сеніп, олардың жолындағы бюрократиялық кедергінің көзін жойғаны жөн.

Мемлекет қазіргі шақта ауадай қажет осы бір өнімдерді субсидияласа, кәсіпкерлер өз кезегінде бағаны өсірмеуге кепілдік берсе, әзіргідей аласапыран туындамас еді, – дейді Құлекеев.

Айта кетелік Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы коронавирусқа байланысты 19 наурыздан жабылады.


Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:


- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;

- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;


- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

- азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;


- ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар