Тоқаев орнынан алған экс-қорғаныс министрі Мәскеудің сойылын соққан ба?

Dalanews 04 ақп. 2020 15:46 245

Қазақстан Қарулы Күштері жүйесінен мүлде аластатылған бұрынғы қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов өзінің бұрынғы қарамағындағылармен тергеуден өтіп жатыр.

Бұл жайт бойынша істі болып жатқан адамдардың аты-жөні ешбір жерде аталмайды, алайда «Караван» басылымы олардың ішінде Қарулы күштер бас басқармасының аға офицерлері барын анықтады. Dalanews.kz осы мақалаға қысқаша шолу жасады.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сәкен Жасұзақовты «Арыс қаласындағы оқ-дәрілер қоймасында қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өз міндеттерін тиісінше орындамағаны және елеулі қателіктер жібергені үшін» деген айыппен қызметінен босатты.

Арыс қаласындағы жарылыстар мен төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде сарбаздардың қаза болуы да өзекті бір тақырыптың бетін ашты.


Осыған байланысты тергеушілер Қорғаныс министрлігінде және Бас штабта Ресейде жасап шығарылған кем дегенде 30 ескі БТР-ді кім сатып алуды талап еткеніне қызығушылық білдіріп, тексерген.

Расында, Қазақстанның әскери ведомствасында қай шенді солтүстіктегі көршіміздің әскери-өнеркәсіптік кешенінің мүддесін қолдаған?

Әскери ғалымдардың пікірінше, бұлайша «ескі-құсқымен қарулану» шенділер үшін пышақтың жүзінде жүргендей сынақтың бір түріне, ал әскери қызметшілер, келісімшарттағы сержанттар мен кіші офицерлер үшін ол үлкен трагедияға айналуы мүмкін.

«Гибридтік соғысқа кеңестің БТР-лері жарамсыз ...»


БТР-80 және оған ұқсас брон техникаларды өткен ғасырдың 50-ші жылдарында кеңестік конструкторлар дайындаған. Химиялық, бактериологиялық және ядролық қаруды қолдану жоспарланған кезде. Бұл бронтехникалар өте қолайсыз әрі тар, Кеңес әскерінің сарбаздарын онда күштеп тығатын, ішінде ауа мүлде жоқ.

Ол кездегі солдаттар стратегиялық маңызды екі міндетке ғана бағынышты болды: жаппай қырып-жоятын қарудан «тірідей» қорғау және ауқымды әскери қимылдар жүргізу.

Бірақ қазір заман басқа, сондықтан біздің құрметті генералдарымыздың Қазақстан Әскери ғылымдары академиясының ғалымдарының тұжырымдарымен келісетін уақыт келген секілді.

Соңғы 30 жыл ішінде соғыс қимылдарының сипаты, технологиялық прогресі, стратегиясының өзі және қазіргі соғыс психологиясы түбегейлі өзгерді.


Ресей Құрлық әскерлерінің бұрынғы бас қолбасшысы, генерал-полковник Александр Постниковтың өзі кеңестің ескірген қару-жарағы мен техникасы (соның ішінде БТР да бар) параметрлері бойынша «заманауи гибридтік соғыстарда қолдануға жарамсыз»  деп ашықтан ашық сын айтқан.

Ендеше неге түкке жарамсыз ол өткен ғасырдың әскери техникаларын Қазақстан Қарулы Күштеріне әкеліп тықпалап жатыр?


Шын мәнінде, бұл баяғы кеңестік БТР-80, тек аздап жаңартылғаны болмаса. Экипажға арналған орындары ыңғайсыз әрі қауіпсіз. Егер механик-жүргізуші жарақат алса, онда оны эвакуациялау өте қиын болады. Құдай сақтасын, ал ол өлетін болса, онда оны ешкім алмастыра алмайды. Өйткені іші тар, артық адам сыймайды.

 

Әскери ғалымдардың  ескертпесі


Абай Тасболатов басқарған Әскери ғылымдар академиясы бронды доңғалақты техниканы заманауи соғыс жағдайында қолдану жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есеп жариялады.

273 беттен тұратын ғылыми еңбекте  терең талдау мен зертханалық зерттеулердің мәліметтері берілген. Әскери ғылым және әскери істер талабына сәйкес, әскери техника барлық техникалық жетістіктер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, ықтимал жауды жоюдың нақты анықтамалары бойынша әзірленеді.

Қазір Қарулы Күштерде ескірген БМП мен БТР-лар жетіп артылады, ал әскери ғалымдар олардың негізгі кемшіліктерін былай деп тізбектейді:

«БТР-дың жалпы өзі жауға кездейсоқ тап болғанда, сол секілді тұқиылдан берілген соққыға жауап беруге шамасы жетпейді. Одан соң техниканың бронды корпусынан, зертханалық зерттеулер көрсеткендей, 7,62 калибрлі болат оқ тесіп өтіп кете алады, сондай-ақ 8 келі тротилл жарылса доңғалақтарынан да түк қалмайды. Десант қажет болған, әсіресе жауынгерлік жағдайда, көлікті тез тастап шыға алмайды».

Әскери ғалымдардың пікірінше, қазіргі уақытта шетелдік танк құрылысы жауынгерлік техниканың қорғанысын мейілінше арттыруға басымдық беруде.


Конструкторлар ауыр қару-жарақ, суға жүзу, ұшаққа тиеуге жарамдылық деген сияқты талаптарды оны әзірлеу кезінде сызып тастайды. Олар ең бастысы танк және оның ішіндегілердің қорғанысын қамтамасыз етуге барын салады.

Сондықтан ғалымдардың пікірінше, біздің Қарулы Күштерімізге әскери саладағы тактика мен стратегияны, соның ішінде сатып алынған жабдық пен қару-жараққа қойылатын талаптарды түбегейлі қайта қарастыру керек деп санайды.

Бүгінгі соғыс - бұл жаяу әскердің кең далада брон техникасымен алға жылжуы емес, қазір дрондарды қолдана отырып тау-тасты алдын-ала тіміскілеп алатын, тылдағы  жоғары технологиялық жетістіктерін пайдаланушылардың соғысы.

Неліктен біз жылдан-жылға ескірген әскери техникалар мен қару-жарақты сатып ала береміз, біздің үлкен аумағымыз бен халқымыздың аз саны үшін әскери техниканың әлемдегі соңғы үлгілеріне сүйену әлдеқайда тиімді емес пе?

Сараң екі рет шығынданады деген осы. Басқа енді не деуге болады мұндайда?..

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x