Тайжан: "Ұлттық кеңесті кінәлағанша Мәсімовтің үстінен шағым жасаңыздар"

Dalanews 23 қыр. 2019 15:04 216

Саясаткер Мұхтар Тайжан қит етсе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін кінәлай жөнелетін жұртқа жауап қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Күні кеше алаңға шыққан халықтың қыр соңынан қалмай, қуалап, қудалаған полицияның әпербақан әрекеті үшін кейбіреулер Ұлттық кеңесті кінәлауда. Бұл кеңестің іске кіріскеніне әлі ай да толған жоқ.

Еліміздегі күштік құрылымдардың бәрі, оның ішінде ІІМ мен ҰҚК тікелей Қауіпсіздік кеңесіне бағынатынын білмейсіздер ме? Қауіпсіздік кеңесін Қазақстанды 30 жыл билеп-төстеген Назарбаев басқарып отыр, ал оның хатшысы атышулы – Қалмұхамет Қасымов екенін қалайша ұмыттыңыздар?", – дейді Тайжан.

Оның айтуынша, әділдік іздегендер алдымен Ішкі істер министрі Тұрғымбаевқа немесе ҰҚК төрағасы Мәсімовке шағымдануы қажет. Бұл әлдеқайда қисынды болады.


Саясаткердің пікірінше митингідегі құқық қорғау органдардың оспадар әрекетіне қатысты арыз-шағымдарды оларға жөн сілтеп отырған жауапты тұлғаларға жолдаған жөн!

"Ал ҰҚСК (Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі) еліміздегі митингілер, сайлау, саяси партиялар туралы заң мен саяси тұтқындарға қатысты баптарды өзгертуге жол ашатын жалғыз мүмкіндік. Одан өзге амал бар ма? Бар болса кәнеки, көрсетіңіздер! Жоқ па, ендеше кедергі келтірмеңіздер.

Арыз-шағымның мекенжайын шатастырмауды сұраймын. Ұлттық кеңеске өз мүмкіндігін паш ету үшін тым болмаса жыл аяғына дейін уақыт беріңіздер. Көмек көрсеткілеріңіз келмейді екен, ендеше кедергі келтірмеуді сұраймын.

Осыдан 4 ай бұрын Қосановқа дауыс бер деп өңешін жыртқан кейбір саясаткерсымақтар жұмған аузын ашпай, тыныш жатса болар еді", – дейді Мұхтар Тайжан.

Тайжан Ұлттық кеңеске қарата айтылған ешбір сыни пікірді жауапсыз қалдырған емес. Бұған дейін ол Кеңес құрамындағы қоғамға танымал азаматтардың ҰҚСК-дан шығуын талап еткен үндеуге байланысты өз пікірін білдірген еді.


"Ұлттық кеңестен шығыңдар" деген ұран пайда болды.  Ал, шықтық дейік, не ұттық? Әрі қарай әлеуметтік желіде бір-бірімізге ақыл айтып отыра береміз бе? Осы кеңестен өзге сіз бен біздің қолымызда қандай құрал бар, көрсетіңдерші?! Партиямыз бар ма? Қозғалысымыз бар ма? Не бар өзі? Түгіміз жоқ", – дейді саясаткер.

Тайжан Ұлттық кеңестің жұмысына кедергі келтірмеуді сұрайды. Оның пікірінше билік беріп отырған бұл мүмкіндікті пайдаланып, пайдалы әрекет ету қажет.

"Төзім керек, сабыр сақтаңыздар. Уақыт беріңіздер. Бірден бәрі біз қалағандай болмайды. 30 жылғы сірескен жүйені екі аптаның ішінде өзгертем деу ойлау аңғалдық. Олай болмайды", – дейді Тайжан.

Айтпақшы осы жолы митингіге шыққан халықты қолтықтай жөнелген құқық қорғаушылардың маскасы болған жоқ. 


"Бұл да болса ілгерілеудың белгісі. Полиция осы жолы бетпердесіз жүрді. Біз Митингілер және жиындар туралы сонау 1995 жылы қабылданған заңды өзгертуіміз керек. Митингілер биліктің рұқсатымен емес, халықтың тарапынан хабарландыру арқылы ұйымдастырылуы қажет. Осы кезде алаңға шыққан жұртты өзге өркениетті елдердегідей полиция күзетіп, сыртынан бақылайтын болады", – дейді саясаткер.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x