Қосанов халықты көшеге бастап шыққанында не боларын айтты

Dalanews 13 там. 2019 15:19 144

Күні кешегі Президент сайлауының үміткері Әміржан Қосанов қағидалары мен ұстанымдарынан қайтпайтынын тағы бір рет қайталап айтыпты. «Мен көшеге шыққанда маған еріп шығатын 10 мың адамның 100-ін бұл билік аямай, қырып салатын еді...», – дейді саясаткер.

Өткен сайлау ел үшін де, мен үшін де оңай болған жоқ!
10 маусымнан кейін сайлауға қатысты өзімнің позициямды білдіріп, бірнеше сұқбат бердім (оның бәрі осы ФБ-да жарияланған).

Соған қосарым мынау!

 Мен оппозициялық идеяларды сатқан жоқпын! Биліктің принципті қарсыласы боп қала беремін. Қоғамда боп жатқан оқиғалар туралы пікірімді мейлінше ашық айта бермекпін. Бірақ диалог жолын да жоққа шығармаймын: ол мына, қаупі мен қатері көп, алмағайып заманда мемлекетімізді сақтап қалудың бір жолы.

Рас, сайлау қорытындысын мойындауым көптеген ағайынның сынын, ренішін туғызғаны рас. Ол мәлімдемемнің себептері туралы мен сол сұқбаттарымда таратып айтқанмын (төмендегі видеосұқбатта да сол туралы қосымша ақпарат бар).

Ол таңдау - менің қазақ, азамат, саясаткер ретінде орын алғалы тұрған қантөгіске жол бермеу ниетімнен туғанын тағы да қайталап айтамын.

Мен көшеге шыққанда маған еріп шығатын 10 мың адамның 100-ін бұл билік аямай, қырып салатын еді! Мен ондай жолды қаламадым!


Ол қиын таңдауымның дұрыс не бұрыс болғанына бағаны Уақыт бере жатар. Және де тәжірибелі саясаткер ретінде дәл сол таңдауым үшін қоғамның бір бөлігі тарапынан қатты сынға ұшырайтынымды мен білдім. Соны біле отырып, сондай шешім қабылдадым!

Сонымен бірге, менің эволюциялық, бейбітшіл жолымды қолдап жатқан ағайын да аз емес. Осы желіде, мессенджерлерде және кездескенде сол қолдауды естіп-біліп жатырмын. Соған рахмет!

Қоғам әрпікірлі болған соң, солай болады. Оны мен түсіністікпен қабылдаймын.

Және де 22 жыл бойына айтып келе жатқан демократиялық ұстанымдарымнан мен айнымаймын! Сайлау кезіндегі бағдарламамда жарияланған барша әлеуметтік-экономикалық, саяси талаптарымды жүзеге асыру үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп, ағартушылық, саяси қызметімді жалғастыра бермекпін. Қолымдағы қаламымды ешкім де тартып ала алмайды!

 

https://youtu.be/0sajkZNnSao

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x