Айдос Сарым: "Әттең!..." дегеннен басқа амал бар ма?"

Dalanews 19 шіл. 2019 13:15 941

Қазақ Алтынбектей тұлғаға мұқтаж. Дәл қазіргі қоғамға Алтынбектей тұлға ауадай қажет. Алтынбек тірі болғанда оппозицияда алауыздық болмас еді. Алтынбек тірі тұрғанда ұлт көшбасшысы болатын еді. Алтынбек Сәрсенбаев туралы тереңнен толғаған саясаттанушы Айдос Сарымның "Жас Алаштағы" сұхбатын ықшамдап ұсындық.

Алтекең, шын мәнінде, өзінің кемеліне жетіп, өзін-өзі үлкен ұлттық көшбасшылыққа дайындап келе жатқан саясаткер еді.

 2006 жылғы ақпан айындағы қайғылы оқиғалар болмаған жағдайда, Алтекең 2012 жылғы және одан кейінгі президент сайлауларына түсетін еді деп ойлаймын.

Қазақтың ұлттық санасы, жігері оянып келе жатқан кезде оның сайлауға түсіп, белсенділік танытуы, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы балама болуы елдегі саяси ахуалды өзгерте алар еді деп сенемін.

Тіпті, сайлауға түспегеннің өзінде, оппозицияда жүріп-ақ биліктің ұлтқа қатысты саясатына оң ықпал жасайтын еді. Әттең, дегеннен басқа не дейсің?

Алтекеңнің армандарына келетін болсақ, менің пайымдауымша, оның басты ойы – қазақ ұлттық мемлекетін құрып, оның тәуелсіздігі мен тұтастығын мәңгі сақтау дер едім.


Әлі есімде, 2003 жылдың басында Алтекең Мәскеуден Алматығы келіп, мені бүгінгі 28 панфиловшылар паркіне шақырып алды. Екі сағаттай серуендеп жүріп сөйлестік.



Сонда жұмыстың анық-қанығы туралы сұрастырып, сөзінің соңында: «Айдосжан, мен мына елшіліктен кететін болдым. Әрі кетсе жылдың соңына дейін бір жағына шығарам. Ресейдің қысымы үдеп барады. Біздің шикі, ақша десе анасын сатуға дайын биліктегілерден үміт жоқ. Бұлай кете берсе, мыналар елімізді Ресейге бір-ақ қосып жіберуі де мүмкін. Басшыға айта-айта шаршадық, түсінбей ме, қасақана істей ме, кім біледі? Не де болса елге қайтып, қоғамның арасына еніп, ұлтты ояту керек. Жабық саясатқа қарсы тек ашық саясатпен күресуге болады.

Алда Парламент сайлауы келе жатыр, соған мықты дайындық керек. Ұлттың сана-сезімін оятып, оның саяси ұстанымдарын билікке айқын көрсету керек» деген еді.

Ақыры сол жылдың қараша айында Алтекең елге оралып, ашық саясатқа араласып кетті. Сол кезде өткен «Ақжол» партиясының құрылтайында тең төраға болып бірауыздан сайланды. Өзімен бірге партияға қазақтың қаймақтарын, ұлт зиялыларын ертіп келді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар