Елдің тілін, мінезін білмеген кісі көшбасын да алып жүре алмайды

Dalanews 19 мау. 2019 13:26 567

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұстыны мен ұлағатын, өзектілігі мен өміршеңділігін жоғалтпаған бір шоғыр ойын назарларыңызға ұсынамыз.

Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Дін ісі мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек.
....
Байлық түбі - ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.
.....
Бізді ұлтшыл қылған нәрсе - біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз.
...
Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.
...
Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса - халықтық мақсат сонда ғана орындалады.
...
Ежелгі түрік - бүгінгі қазақтың Тәңірісі - Көк!
....
Ұлттық әскері, ұлттық милициясы жоқ халық - қорғансыз ел.
...
Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!
...
Қазақтар өзгелердің үстемдігін ешқашан мойындап көрген емес.
...
Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпаққа не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.
...

Біз шалма мен шапан киіп Алаш автономиясын құра алмаймыз.
...

Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, құқына тартысу; жылау салты артта қалды. Ендігі рәсім: құқы үшін жылау емес, құқын талас-тартыспен қорғау.


...
Қазақ баласы бас қосқан жиылысқа әкеліп ортаға салатын, жиылыста сынға түсетін сөз ел арасында сөйленіп, жазылып, сынға салынып, иі болып пісуі керек.

...
Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден.
...
Адам баласы қылып жүрген іс, ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап сөз болып сөйленеді, иә жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей, жұмысқа айналмайды.
...
Бостандыққа апаратын жалғыз жол - ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек.

...

Мемлекеттілігі жоқ халық - жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық - еліктегіш халық.
...
Мен Кеңес өкіметін сүймеймін, бірақ мойындауға мәжбүрмін.
...
Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!
...
Кісі өз басына тіленіп, кішірейсе, кемісе, өз олжасы бес миллион қазақ тілегі кемшілік жолына сыймайды. Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат.
...
Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білгендерінен көрініп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай. Бұл білім-мінез жолы таусылмайтын статья жолы...
...
Еуропа жұртының сайлауы халыққа тегіс бір үлкен той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.

Сайлаған адамы халық қызметшісі, һәм орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды.


Біз қайтеміз? Төрдегі басын есікке сүйреп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып, атының майын параға беріп, біздің сорлы қазақ міне болыс, міне би, міне старшын, міне елу басы дейді.

Қазақтың бұл ісі, жүрмейтін сағат салған, атылмайтын алты-атар мылтық асынған, күштінің көлеңкесінде намаз оқыған секілді, Құдай қарғағандық. Мұнда да не кінә бар; үлгісіз, өрнексіз өскен, ақшаға сатылған елу басылар тас салған соң, қарақшыға да түспекші емес пе?
...
Еуропа жұрты тастан қалса, ендігі жарыста тағы жарысам деп азаптанбай, тас өткен соң, сайлауды, таласты қойып, шаруаға айналады. Оларға сайлау рәсімі осындай ақылға ұнамды жолда болады. Біз сияқты үлгісіз, рәсімсіз жұрт тастан қалса не қылады.
...
Закон сайлауды халықтың көбіне береді. Қазақ жұрты адам болатын болса, осы закон арқылы өз тізгінін өзі алып жүретін жүзі бар.
...
Бізде болыс көп сайлаған болмай, бөтен елден орыс жетелеп әкелген бұралқы болды.
...
Болыс болуға лайықты кісі - халық пайдасын білетін, жөн мен жол көрген, жұрт сөзін тыңдай да, құрметтей де алатын кісі.
...
Қазақ болысы орысша хат білсін, орысша хат білмесе тасқа түсуге жарамайды деген закон бұ күнге дейін жоқ. Сөзін адам тыңдамайтын халыққа қадірсіз сорлы жастар "Мен орысша білемін"- деп болыс бола қалады...

Орысша хат білу тілмаштарға құл болу үшін ғана керек ғой.

...
Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.
...
Түзу қалам-қисайған, өткір қалам-мүжілген заман.
...
Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы, соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм шебер адамы жоқтығы бізден он есе артық.

Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз.
...
Бостандық, теңдік, туысқандық болғаны рас болса, біз; қазақ,  бурят енді бұл зорлыққа көнбейміз. Біздің жерге енді мұжық уақытша, өзіміз жер еншімізді алып орныққанша келмесін.


...
Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін - кәсіп, білімді болу үшін - бірлік керек.
...
Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс.
...

Алаштың баласы да аман қалар ма, жоқ па. Болжап болмайды. Қорқамын, жалпы жұрттың қараңғылығынан, басшы боламын деп, тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағаннан.
...
Аға-іні, Алаштың азаматы, бірік, бүгінгі үй ара уақ істі таста, мына қараңғы қара бұлт Россия ылаңынан Алаш басын қорғайтын жолға шық.
...
Заң адам пайдасына жазылады, адам - заң үшін тумайды ғой.
....
Би түзу, билік - әділ болсын!
...
Жұрт пайдасын таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді.
...
Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.
...
Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады.

Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса - үкімет ісін бөліп қойған оң болады.
....
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көшбасын да алып жүре алмайды.
...
Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды.
...
Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса-мұндай жұртта береке қайдан болсын?!
...
Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештене жақсылық әкеп бермейді.
...
Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.
...
Біреуге телмірген адамнан яки халықтан-қосақ түрткен жетім лақ бақытты.
...
Анық түрік затты халық тілі - біздің қазақ тілі.
...
Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса - тарих жолында тезек теріп қалады. Бақыт пен махабаттан тысқары болады: бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!

...
Бұл болып тұрған заман - Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт - махаббат жолына түсті! Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!
...
Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс.
...
Кадет партиясының мақсаты-ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x