Сарым: "Сайлау фейсбук пен шынайы өмірдің арасындағы алшақтықты көрсетті"

Dalanews 17 мау. 2019 15:09 190

Саясаттанушы Айдос Сарым сайлаудан кейін алғаш сұхбат беріп, Қосанов туралы көзқарасын, оппозиция туралы ойын және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты пікірін ортаға салыпты. 

"Сайлау? Сайлау фейсбуктегі өмір мен шынайы өмірдің арасындағы алшақтықты айқын көрсетті. Фейсбукте батыр болу, Қазақстанда батыр болуды білдірмейді екен. 

Қосановтың белсенді үгіт-насихатшысы бола алмадым. Саясаттануға қатысты бірнеше жобаның жұмысымен жүрдім. Сонда да болса Қосановты қолдаймын. Оның сайлауға қатысуы игілікті іс болды. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі? Меніңше қазір экономикаға да, әлеуметтік салаға да тоқталудың қажеті шамалы. Бұл кеңес елдегі саяси ахуалды ашық талқылауы тиіс.

Оның ішінде: сайлау туралы заң, партиялар және қоғамдық бірлестіктер туралы заң, БАҚ туралы заң және митингілер туралы заң ешбір халықаралық талаптарға сай келмейді.


Қоғамдық сенім кеңесі осы 5 заңнаманы түбегейлі өзгертіп, оларды Батыстың стандартына бейімдеп, елдегі демократияның тынысын ашатын жағдайға жеткізсе, күзге таман бұларды Парламентің талқысына ұсынып, қолданысқа енгізсе, тек содан соң барып жаңа сайлау өтетіні туралы хабарлауға болады. 

Бұл өз кезегінде жаңа партиялардың пайда болуына, жаңа ойыншылар мен жаңа оппозициялық күштердің қалыптасуына қозғау болар еді. 

Әзірдің өзінде ілгерідегі 5 заңнама әділетті үлгіде өзгерер болса, саяси партия ретінде үн қатуға қабілеті жететін 4-5 жобаны көріп тұрмын. 


Жоқ, бұл әлеуметтік желіден әріге аса алмайтын Фейсбук жұртшылығы емес.

Оларға қарағанда әлдеқайда салмақты ойыншылар, бизнесмендер әлгі заңнамалар өзгерсе, саясатқа білек сыбанып араласуға әзір тұр. 

Бұл арада "бұған билік бара қояр ма?" деген сауалдың туындауы заңды.

Бұрын мемлекеттік деңгейдегі шешімдерін бәрін бір адам қабылдайтын. Бүгін бұл жағдай өзгерді. Белгілі бір мәселенің шешімін табуына ықпал ете алатын ондаған адам мен құрылымдар бар. Демократия туралы айтқанда мұндай шешім қабылдайтын тұлғалардың саны ұлғайту маңызды. 

Назарбаевтан кейінгі кез-келген билік бұрынғыдай болмайды.

Стратегиялық тұрғыдан қазіргі биліктің алдында екі таңдау тұр.

Мұның бірі елдегі демократиялық құрылымдардың талап-арызына құлақ асу немесе қыспақты күшейту.

Мұны біздің билік жақсы меңгерген. Оның ішінде интернетті бұғаттау, алаңға шыққандардың қол-аяғын матап, абақтыға қамау секілді әдіс-амалдар мың-сан...", – дейді Айдос Сарым.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

 

https://www.youtube.com/watch?v=HHq-oEXPZ7c&fbclid=IwAR10htJFohNhpd2w-AbLf7I4F2pYVnmY_4MOrb05rSxppdE3ZLu1obVQdDM

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x