Расул Жұмалы: «Біздің шенеуніктерде қарапайымдылық жоқ»

Dalanews 25 мам. 2019 12:10 257

«Бүгінгі күні біздің мемлекетте неліктен басы бар да, аяғы жоқ бағдарламалар көп? Өйткені шенеуніктер өздері түсініп тұрса да, аңғарып тұрса да, бастығына қарсы шықпайды», – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

 – Сіз дипломатиялық қызметке тым ерте араластыңыз. Және тым ерте отставкаға кеттіңіз. Әңгімені осыдан бастайықшы...

– Біздің оқыған уақытымыз Кеңес Одағына тұспа-тұс келді. 1991 жылдың аяғында ғана Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады.

Ал ол кезде біз университетті бітіріп жатқанбыз. Оған дейін Кеңес Одағының Конституциясы бойынша сөз жүзінде егеменді мемлекет болып саналсақ та, іс жүзінде сыртқы саяси және экономикалық жағдайымызды Мәскеу шешті, сыртқы сауда мәселесін де Кремль реттейтін.

Соған сай отандық мамандар, соның ішінде дипломаттар, халықаралық қарым-қатынас саласының мамандары Қазақстанда дайындалған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің құрамында, елшіліктерде бірен-саран ғана қазақ ұлтының өкілдері жұмыс істеді. Олардың арасында Болатхан Тайжан, Вячеслав Ғизатов, кейінгі жылдары Сыртқы істер министрлігінің тұтқасын ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев, Ерлан Ыдырысов сынды азаматтар болды.

Бізде бұл салада мамандар тапшы еді. Қазақстан егемендігін алғаннан кейін,

1992 жылы көп мәселені тәуелсіз түрде шешуге тура келді.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде, біз жаңадан Сыртқы істер министрлігіне келген уақытта патриоттық сезім басым болды. Соңғы жылдары түрлі себептермен ол сезім саябырсығандай көрінді. Мемлекеттік қызметте жүргендердің біразы менімен келісетін шығар.


Өйткені қазіргі қоғамда көп нәрсе формальді дүниеге айналып кетті. Өзім талай жыл қызмет еткендіктен, Сыртқы істер министрлігіне тас лақтырғым келмейді. Дегенмен ондағы жұмыстың алғашқы кездердегідей қызықты болмай қалғанын, ары қарай баурап әкете алмағанын жасыра алмаймын. Қызығушылық азайды.

Басқаша айтсақ, соңғы жылдары еліме пайда келтіріп жүрмін-ау деген сезім саябырсыды. Дипломатиялық қызметтен кетуіме мұның да әсері болды.

– Расында да, соңғы жылдары мемлекеттік қызметке деген қызығушылық саябырлады. Бұрынғыдай жаппай ұмтылу байқалмайды...

– Бір жағынан сіздің айтқаныңызбен келісемін. Мемлекеттік қызмет саласында жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық етек алып барады.

Жұмысқа тамыр-таныстықпен тұру әлі күнге дейін өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Кәсіби деңгейге көп назар аудармай, жағымпаздық критерийі бойынша жұмысқа алу сияқты келеңсіздіктер де толастаған жоқ.

Қазіргі біздің қоғамда қаржылық жағдайы жақсы, қымбат көлік мінетін, зәулім сарайда тұратын кімдер? Жастар оған міндетті түрде қарайды. Біздің қоғамда бұл талаптарға толық жауап беретіндер – шенеуніктер. Яғни –  мемлекеттік қызметкерлер. 10 мың долларлаған жалақыны кім алады?


Ұлттық компаниялардың өкілдері алады. Жақсы өмір сүргісі келетін жастар, әрине, осыған қарап бағдар алады. Бірақ біз айтып отырған тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі отансүйгіштік, патриотизм бұл арада екінші, үшінші дәрежеде қалып тұр.

Бұл жастардың кінәсі емес. Бұл қоғамдағы рухани және ұлттық басымдықтардың тасада қалғанының, шенге, атаққа, ақшаға, дәулетке табынған заманның келеңсіз көрінісі. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде жағдайды жақсартпайынша, біз айтып отырған келеңсіз жайттар толастамайды.

– Сіз үшін шенеунік образы қандай?

– Мысалы, депутаттарды «халық қалаулылары» дейміз. Ал орысша сәл басқаша, «слуги народа» деп аталады. Екеуіне жүктелетін міндет екі түрлі. Яғни шенеунік немесе депутат, шын мәнінде, халыққа қызмет етуі керек. Сөз жүзінде солай болғанымен, іс жүзінде мүлдем басқаша. Бұл өкінішті-ақ  жайт. Себебі біздің қоғамымызда қандай түйткілді мәселелер болса, ол әлеуметтік саланың мәселесі бола ма, шаруашылыққа қатыста бола ма, бәрібір, оның тетігі мемлекеттік қызметкерлердің қолында.

Өкінішке қарай, жылдан-жылға әлеумет пен сол әлеуметтің мүддесін мемлекеттік тұрғыда шешетін мемлекеттік қызметкерлердің арасындағы жік ұлғайып бара жатыр.

 Халықтың мүддесін көздеу, халықтан өзін жоғары ұстамау сияқты қарапайым қағидалардың өзі де ұмыт болып барады.

 Неге десеңіз, шенеуніктерге жеткілікті жауапкершілік жүктелмейді. Олардың жұмысын халық та, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да бақылай алмайды. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттің тұрғындарының алдындағы жауаптылығы өте төмен деңгейде. Шенеуніктің қызметі қоғам үшін анық және айқын болуы керек десек, бізде бұл жағы да сын көтермейді. Көп жағдайда көмескі күйінде қалып қойып жатады.

Қайбір жылдары Швейцарияға жолым түсті.

Түстің кезі, кофе ішіп отырғанбыз. Қасымызға бір кісі келіп отырды.  Сөйтсек, ол сол елдің премьер-министрі екен. Қасында күзетшілері жоқ, өзі жаяу келді. Өте қарапайым киінген. Отырғандардың барлығы бірдей оны танып та жатпады. Кофесін ішіп, круасанын жеді де, шығып кетті. Осы бір кішкентай ғана мысалдың өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Швейцария кішігірім болғанымен, дамуы жөнінен, экономикалық жағдайы, сауда және инвестициялық мүмкіндігі жағынан Қазақстаннан жүз жылға озып кеткен мемлекет.

 Ол жердегі халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылығы соншалық, жан басына шаққандағы өнімі 20-25 мың доллардан келеді. Дүниежүзіндегі алғашқы бестікке кіретін елдердің бірі.

Менің ойымша, бұл мемлекеттің осындай кереметтей жетістікке жетуінің кілті мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың арасындағы алшақтықтың неғұрлым аз болуында жатыр. Мемлекеттік билік халыққа жақын болмайынша, даму да, ілгерілеу де болмайды.


Ол үшін демократиялық құндылықтар әспеттеліп, ашық азаматтық қоғам қалыптасуы тиіс. Сөз бостандығына ерік берілуі керек. Еркін және әділ сайлау өткізу сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табуы керек. Сонда ғана шенеуніктерден нәтиже талап ете алатын боламыз.

Тағы бір мысал есіме түсіп отыр. Кезінде Иордания деген мемлекетте болдым. Сол елдің патшасы Абдолла екінші Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) тікелей ұрпағы. Иордания деген дамыған, бай елдердің бірі. Патшасы халыққа сыйлы. Айтайын дегенім, сол кісі жұмыстан үйіне қайтқанда көлігін өзі жүргізетін. Және ол кісі келе жатқанда ешқашан жолды жабу деген болмайтын. Әрине, қасында күзетші көліктер жүреді. Бірақ патша да елмен қатарласып жүре беретін. Бұл да қарапайымдылықтың бір белгісі. Бізде қалай? Мемлекет басшысымен таласпай-ақ қояйық. Қауіпсіздік мәселесі бар, басқа бар. Бізде президентті қойып, әкімдердің өзі де жолды жаптырып тастап жүреді.

Тіпті, жол полициясы басшыларының өзі осындай артықшылықты пайдаланады. Халықпен ара-жігі осыншалық алшақ бола тұра, біздегі шенеуніктердің «елдің игілігі үшін қызмет етіп жатырмыз» деген құрғақ сөзінің қаншалықты құны бар? Оған елдің сенімі қалай болмақ? Бұл, әрине, ойланатын нәрсе.

– Отандық дипломаттардың арасынан мемлекетшіл дипломат деп кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?

– Рас, бізде дипломатия саласының мамандары болған жоқ. Кеңес Одағының кезінде Қазақстанда дипломаттар даярланбайтын. Бірен-сараны Мәскеудегі, Петербордағы оқу орындарында, айталық, Мәскеудің халықаралық қатынастар институты, Мәскеу мемлекеттік университеті жанындагы Азия және Африка институты, Ленинград мемлекеттік университетіндегі шығыстану бөлімінде оқыды.

Немесе Сыртқы істер министрлігі жанындағы жоғарғы дипломатия академиясында тәлім алатын. Онда ұлттық кадр есебінде Қазақстанның да өкілдері оқыды. Бертін келе олар Сыртқы істер министрлігінде, шетелдердегі елшіліктерде қызмет істеді. Бірталайы кейін қайтты, енді біразы Тәуелсіз Қазақстанның саясатына бейімделіп жұмыс істей бастады. Нақтылы тұлғаларды атап айтатын болсам, менің есіме ең алдымен Болатхан Тайжан оралады.

– Сіз шәкірт ретінде ұстаз Болатхан Тайжаннан не үйрендіңіз?

– Ең алдымен, мемлекетшілдік пен ұлтжандылықгы үйрендік. Қазір теледидарды қоса қалсақ, екі шенеуніктің біреуі отансүйгіштік, патриоттық тәрбие туралы сөйлеп жатады.

Бірақ солардың істеп жүрген тірлігіне қарасақ, сөзі мен ісінің арасында сабақтастық жоқтығын аңғарамыз.

1996-98 жылдар аралығында Мысырдағы елшілікте Болатхан Тайжанның қоластында жұмыс істедім. Ол кісі Мысырдағы Төтенше және өкілетті елші болатын. Каирде отырғанымен, Марокко, Ливан, Ливия, Сирия, Иордания елдеріндегі елшілік қызметті қатар атқарды. Ол кісі шынайы мемлекетшіл тұлға болатын. Көп нәрсеге сыни көзқараспен қарайтын.

Қазақстанның, қазақтың мүддесіне қайшы келетін мәселеде тартынып қалмайтын. Ондайда жасқаншақтамай, жалтақтамай, турасын айтатын. Бір айта кетерлігі, Мысырдағы елшілік 1993 жылы ашылды.

Бірінші күннен бастап іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізді. Тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің арасындағы іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін жалғыз мекеме болып келді.

Қалғандары тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін екі тілді қатар алып жүрсе, енді бір елдегі елшіліктер толықтай орыс тілінде іс жүргізді.

Себебі елшілердің өздері қазақ тілін білмейтін.

 Болатхан Тайжан сол кезде Қазақстанның елшіліктерінде қызмет атқаратын азаматтар, елшісінен бастап, төменгі деңгейдегі қызметкерлеріне дейін толықтай қазақ тілін меңгерген азаматтар болуы тиіс дегенді мәселе етіп көтерді.

Өйткені дипломатия саласында жүрген азаматтар – Қазақстанның бетпердесі. Қазақты шетелде соларға қарап таниды.

Егер олар қазақтың тілін білмесе, мәдениетінен жұрдай болса, Қазақстанды қалай танытпақ? Осыны Болатхан аға қатты ұстанды. Бұл мәселені биліктің алдында талай рет көтерді де.


Ал өзі қызмет атқаратын елшіліктерде бұл талапты толықтай орындап отырды. Бізде, мысалы, қазақшаны білуді былай қойғанда, ұлты қазақ емес азаматтар жұмыс істеген емес. Ол кісі бұл мәселені принципті түрде қадағалап отырды. Осыған орай талай қысым да көрді.

Сыртқы саяси басымдықтарға келгенде де ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын. 1995 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына мүше болып енетін болды. Бұл мәселе көп уақыт талқыланды.

Турасын айту керек, сол уақытта мемлекетте лауазымды қызмет атқаратын жекелеген азаматтар бұдан сескенді, шошынды да. «Ислам Конференциясы ұйымына мүше болып жатсақ, мұнымызға Ресей қалай қарайды? Америка қырын қарап қалмай ма?» дегендей жалтақтау болды. Сол кезде осы басымдықты түсіндіру, ұғындыру ісінде Болатхан Тайжан үлкен қызмет атқарды.

Бұл кісі өзі дұрыс деп санаған дүниені өте батыл әрі сауатты түрде жеткізіп айта алатын. Қаймықпайтын. Қазақстанның осы ұйымға мүшелікке өтуіне ол кісі үлкен еңбек сіңірді.

Мемлекеттік қызметкер өзі іштей батыл болуы керек. Бастықтың айтқанына бас шұлғи беретін адам нағыз мемлекеттік қызметкер бола алмайды. Келіспейтін нәрсесі болса, оны міндетті түрде айтуы керек. Елдің мүддесіне қайшы келетін тұста қарап қалмауы тиіс. Сонда ғана ұтымды, оңтайлы шешім қабылданады. Болатхан Тайжан дәл сондай азамат болатын.

Бүгінгі күні біздің мемлекетте неліктен басы бар да аяғы жоқ бағдарламалар көп?

 Өйткені шенеуніктер өздері түсініп тұрса да, аңғарып тұрса да, бастығына қарсы шықпайды. Жоқ нәрседен сескеніп, бәріне бас шұлғи береді. Соның салдарынан өте шикі бағдарламалар пайда болады.

Әңгімелескен, Жұлдыз ӘБДІЛДА


"Алқа" журналы, 2010 жыл


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x