Сингапур үкіметінің саясатында екі нәрсеге назар аудардым – Тоқаев

Dalanews 17 мам. 2022 10:09 306

Кеңес Одағы Ли Куан Юдың ілтипатына іліне қоймаған еді. Басқасын айтпағанның өзінде осынау коммунистік империяға оның іші жылымайтын. 

 Оның «кеңестер еліне» деген көзқарасы маған бұрыннан белгілі. Сингапурда алғашқы дипломаттық жұмыстың тезінен өтіп, қызмет істеген кездерімде Ли Куан Юдың саяси көзқарасын жеткілікті зерттегенмін.

 Оның бүкіл өн-бойынан Сингапур патриоты мен нағыз британ саясаткерінің біте қайнасқан болмысы байқалатын. Олай болуы табиғи да, өйткені Ли Куан Ю Англияда білім алды, сондықтан оның жүрек түкпірінде Британ империясының тарихы мен дәстүріне деген құрмет берік ұялаған.

Оның қаны мен тәніне ағылшындық қасиеттің сіңіп кеткені сонша, бірде ол: «Менің сыртқы келбетім ғана қытайлық және ол туралы айнаға қараған кезімде ғана есіме аламын. Негізінен, мен – нағыз ағылшынмын», – деп мәлімдеді.

Ли Куан Ю менің жадымда өзіне-өзі сенімді, нағыз этникалық қытайлыққа тән емес бәсең, сәл көмескілеу үнмен сөйлейтін шымыр әрі табанды саясаткер бейнесінде қалды.



КСРО-ны соншалықты ұнатпағанына қарамастан, ол кеңес елшісі Ю.Раздуховты жылына үш-төрт рет қабылдайтын.

 Мен, әдетте, мемлекеттік резиденция «Истанаға» Сингапур премьер-министрінің қабылдауына барғанда елшімен бірге жүретінмін. Сірә, менің азиялық бет-пішінім оның жадында қалса керек, кездескен сайын ол маған жылы шырай танытып, ықыластана амандасатын, бір жолы ол менің ата-бабамның Кеңес Одағының қай бөлігінде өмір сүргенін сұрады.

 Менің қытай тілін білетінімді естіген ол дипломатиялық корпустағылардың арасынан маған мүлде өзгеше ілтипатпен қарайтын болды.

 Қалай дегенмен де, әйтеуір қабылдау кездерінде мен әрдайым оның зерделі де мұқият көзқарасын байқап отыратынмын.

Бірде елші Ю.Раздухов маған әзіл-шыны аралас: «Ли Куан Ю менімен сөйлесіп отырып, ылғи сенен көзін алмайды,» – деді.

Ли Куан Ю КСРО-ға қатысты көзқарасын өмір бойы өзгерткен жоқ


Ли Куан Ю кітабындағы пікіріне қарағанда, КСРО-ға және тұтастай кеңестік жүйеге өз көзқарасын өзгертпепті.

Ол Мәскеу мен Тбилисиге 1972 жылғы сапарын егжей-тегжейлі сипаттап жазып, оған нағыз англосаксондық саяси жүйенің өкіліне қонақүйдегі сервистің және өзіне ілесіп жүрген мәскеулік шенеуніктердің мінез-құлқының түрпідей тигенін жасырмайды.


Тіпті дәстүрлі грузин қонақжайлығы оған жабайылау көрінді. КСРО-ға кезекті сапарын президент М.Горбачевпен кездесуіне байланысты жасады. Сингапур көшбасшысы келіссөздердің ұйымдастырылуы және олардың мазмұнынан көңілі қалды.

Ли Куан Юдің сөзіне қарағанда кеңестік президенттің ойы көмескі, халық депутаттары съезінің сөз сайыстары шайқасынан әлі арылмаған, жалпылама сөздермен жайылып кетіп, қайта құру идеяларына үнемі орала береді. Ол елдегі ахуалды нашар бақылап отыр деген қорытындыға келді Ли Куан Ю. Осы түйсігінің ақиқаты жарты жыл өткен соң Сингапурге сапармен келген кеңестік үкімет басшысы Н.Рыжковпен келіссөздерден кейін көрініс берді. Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан және сарқылмайтын табиғи ресурстарға ие мемлекеттің премьер-министрі кіп-кішкентай Сингапурдың басшысынан 100 млн доллар сомасында кредит сұрады.

 

Білесіз бе?


Сингапурде жұмыс істеп жүргенімде мен Сингапур үкіметінің саясатындағы екі нәрсеге назар аудардым, олар: білім беру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. 

Ол кезде бұл елде екі үлкен университет болды: соның бірі Наньян университеті, ондағы сабақ тиісті пәндер іріктеліп, қытай тілінде жүргізілді және екіншісі – Сингапур университеті, кейіннен ол политехникалық университет деп аталды.

 Бұл университеттер даярлаған мамандар жаман болған жоқ, олар мемлекеттік және жеке сектордың пайдасына жарады. Бірақ билік қол жеткенге тоқмейілсіп қалмай, білім беру жүйесін үнемі жетілдіріп отырды. Студенттер мен оқушылардың алдында Ли Куан Юдың өзі жиі сөйлеп, дүние жүзіндегі ең озық білімдерді игерудің маңыздылығын шаршамай-шалдықпай айтумен болды.

 Бізге, кеңестік дипломаттарға жоғары басшының өз елінің жеткіншек ұрпағымен үнемі сұхбаттасып жүретіні біртүрлі ерсілеу көрінетін. Ол жылдарда КОКП ОК-ның бас хатшысы Л.Брежневті пленумдар мен съездердің мінберлерінен ғана көзіміз шалатын.

Сингапурдің көптеген студенттері Англияның, АҚШ-тың, Австралияның ең үздік оқу орындарында білім алды. Сингапурдің қазіргі зияткерлік әлеуетінің негізі осылай қаланды.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске келсек, бұл жетілдірілген заң жүйесінің, заң үстемдігінің жарқын дәлелі және биліктің саяси ерік-жігері осындай нәтиже берді, ол бүкіл дүниежүзі қоғамдастығын Сингапурға зор құрметпен қарауға амалсыз көндірді. 

Сингапур өкіметі көптеген елдерге қарағанда мүлтіксіз орындалатын қатаң заңдарын ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге жалақыны күрт көтеру сияқты маңызды шараны да сыбайлас жемқорлыққа қарсы қойды.

 Сингапур үкіметінің мүшелері дүниежүзіндегі ең жоғары еңбекақы алатындар.

Жақын араға дейін Сингапурдың премьер-министрі АҚШ президентінен екі есеге жуық артық жалақы алды. Солай бола тұрса да, олар бұған дандайсымайды, өздерін өте қарапайым ұстайды.


 Н.Назарбаевтың Сингапурға 1996 жылғы бірінші ресми сапарында премьер-министр Го Чок Тонгтің және оның үкіметі мүшелерінің оншалық көз тарта қоймайтын киіміне назар аудардық.



Үкімет отырыстары өтетін үй-жайдың қарапайымдығы да көзге ұрып тұрды: үлкен жартылай сопақша үстел, онда-су құйылған графин, жай ғана блокноттар және министрлердің әрқайсысына арналған екі-екіден қарындаштар қойылыпты.

Сингапурде билік құрылымдарында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің тағы бір тиімді құралы: лас ақшамен қолын былғаған адамдарға қатысты қоғамдық жек көру (қуғын)  жазасы қолданылады. Қазынаны ұрлаумен немесе пара алумен қолға түскен шенеуніктердің болашағы жоқ.

Қылмыстық қудалауға түсуден басқа, өзіне жақын адамдардың ғана емес, бүкіл ел көлемінде адамдардың құрметінен айырылып, қоғамнан қуғындауға ұшырайды.

Сингапур үкіметінің дүниежүзіндегі мейлінше кәсіпқой үкімет саналатыны кездейсоқ емес.

 Бұл осындай пәрменді мемлекеттік аппаратқа бірінші дәрежелі маңыз берген Ли Куан Юдың еңбегі екені даусыз.


Оның жағажолға темекі тұқылын тастағаны үшін 500 доллар айыппұл санкциясын қолдану туралы бұйрығы, көпшілік жиналатын орындарда сағыз шайнауға, жігіттердің ұзын шаш қоюына және Сингапурде құмар ойындарына тыйым салуы дүниежүзінде ауыздан түспейтін тәмсілге айналды.

Осынау өзіндік бір ерекше саясаттың нәтижесін көру үшін елге туристер лек-легімен ағылды.

Сингапур сол кезде де, қазір де өзінің әсем көшелерімен, қызмет көрсету саласы инфрақұрылымдарының көңілге қонымдылығымен, қала құрылысының аса ауқымдылығымен барлық шетелдіктерді таңғалдырады. Тұтастай бір ел һәм қала болып табылатын бұл ғажайып мемлекет «Сингапур кереметінің» табысына кәміл сенген, оның негізін қалаушы Ли Куан Юдің жасампаз еңбегінің жемісіне айналды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ


«Нұр және көлеңке» атты кітабынан үзінді.


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x