Кеңес өкіметі көзі тірісінде Әлиханнан қалай қорықса, аруағынан да солай қорықты

Dalanews 26 сәу. 2019 14:39 391

"Қадірін білгенге Әлихан Бөкейханов – адамзат тарихындағы өте сирек кездесетін санаулы тұлғалардың бірі. Оның деңгейі Махатма Ганди, Ататүріктен еш кем емес", - дейді белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтанхан Аққұлұлы. 

  – Сұлтанхан мырза, біз Әлихан Бөкейхановты тек Алашорданың құрушысы, көшбасшысы деп қана білеміз, ол кісінің өмірінің көптеген тұстарынан бейхабармыз. Ал сіз осы бір айбынды тұлғаны зерттеуге 20 жылдай өміріңізді арнап, соның нәтижесі ретінде том-том еңбектер шығарып отырған адамсыз. Біз білмейтін Әлихан Бөкейханов кім?



– Біз білмейтін Бөкейханов – ең алдымен, Алаш қозғалысының стратегиясы мен тактикасын айқындап берген тұлға. Бұған бір ғана мысал келтірейін, 1731 жылы Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүз Ресейге қосылды.

 1750-60 жылдары Орта жүз, тек XIX ғасырдың соңында барып Ұлы жүздің ру-тайпалары біртіндеп кірді. Біз осы тарихи фактіге неге назар аудармаймыз?

 Осы кезде біріккен ұлт емес, бөлек-бөлек үш жүз болды. Бұл деген сол кездегі қуатты Қазақ хандығының болмағандығын көрсетеді. Сондықтан біз бүгін «қазақ құлдыққа ұлт ретінде тұтас, ерікті барған жоқ» дей аламыз. Әлекеңнің 1903 жылы шыққан «История киргизского края» деген кітабын оқып қарасаңыз, «қазақ» деген көздің қайдан шыққанына үңіледі.

Сол кітапта Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың мифтік атасы бар, ол – Алаш» дейді. Сөйтіп, өздері ұлттың басын біріктіріп, тәуелсіз ел ететін партия атауын «Алаш» деп алды.


Солайша патшаға жеке-жеке ру боп кірген қазақ құлдықтан шығар кезде бір ұлт болдық, оны жүзеге асырған кім? Әлихан! Біз білмейтін Әлекеңнің бір қыры, міне, сол.

Екіншіден, «өзінің өткен тарихы жоқ халық халық болмайды» деп, ол кісі бірінші болып қазақтың тарихын жазуға кірісті.

1903 жылы, сосын 1910 жылы «Қазақ» газетіндегі «Түрік баласы» деген атпен жазған Әлекеңнің мақалаларын оқып шығыңызшы. Сонда ол кісі қазақ хандарының орыс патшаларымен хат алмасқандары туралы тарихи фактілерді тізіп жазып, тіпті қазақ хандарының патшаға барып, сәлем беріп, сөйтіп, олардан атақ-даңқ пен шен, қымбат сый алғандықтарын, сөйтіп, соңында орыстардың қазақты қарумен емес, атақ пен ақшаға сатып алғандығын айтады.

– Алғаш абайтануды бастап кеткен де осы –  Әлихан Бөкейханов. Бір деректерде Әлиханның Абаймен алыс туыстығы жайлы айтылады. Осы қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Көп адам Абайдың ағасы Құдайбердінің бәйбішесі мен Әлихан Бөкейхановтың шешесі апалы-сіңлілі болғанын біле бермейді. Бірақ Әлихан Абайды туысы болғандықтан емес, қазақтың ұлысы болғандықтан таныту керек деп тапты.

 1904 жылы Әлекең Омбыда жүргенде, елден Абайдың қайтыс болғандығы жайлы қаралы хабар жетеді. Ести сала ол кісі Абайдың балаларына хат жазады. Ол хатта Әлихан Нұрмұхаммедұлы көп ұзатпай, ел аузында қалған ақынның барлық шығармаларын жинап, сондай-ақ қолжазбаларын біріктіріп, жинақ шығару керектігін айтқан болатын.

Абайдың балалары хатты алысымен, қолдарындағы малдарын сатып, ақша мен қолжазбаны Кәкітайдан Әлихан Бөкейхановқа беріп жібереді. Көп ұзамай, 1905 жылдың күзінде «Семипалатинский листок» газетінің үш бірдей санына Әлиханның Абайдың шығармашылығы жайлы көлемді мақалалары шықты.

Дәл осындай Абай жайлы бір кітапқа жүк боларлық дүниені қысқа да нұсқа етіп сыйғыза білген басқа мақаланы мен екінші кездестіргенім жоқ. Абайды Еуропаның Гете, Байрон сынды алып ақындарымен салыстырып, баға береді. Сол мақаласының соңында Әлихан оның Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлының көмегімен жазылғандығын айта келе, енді ақынның шығармалар жинағының таяу уақытта императорлық Ресейдің География қоғамының Батые Сібір бөлігіне қарасты Семей бөлімшесінен шығатынынан жұртшылықты құлағдар етіп өтеді.

Бірақ көп ұзамай Думаға сайлау басталып кетті, одан кейін Әлекеңнің өзі қудалауға түсті, сол себепті ол жинақты Семейден шығаруға рұқсат бермеген болар, әйтеуір, қамауға алынған кезінде Әлиханның портфелінде Абай өлеңдерінің жинағы қолжазба күйінде болыпты.

Әлихан Нұрмұхаммедұлы өзі тергеуге алынғанда, сол қолжазбаны құртып жібермесін деп сотқа арыз жазады.

«Мен тұтқындалғанда, портфелімде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев өлеңдерінің қолжазбасы бар. Оның құны – 5000 рубль». Біреу-міреудің колы тиіп, құртып, өртеп жібермесін деп қолжазбаның қаншалықты құнды екенін әдейі жазған.


Ақырында 1906 жылдың 30 сәуірінде ол кісі Думаға сайлаушы болып сайланғаннан кейін, заң бойынша оны қамаудан шығаруға мәжбүр болды. Сосын Думаға депутат болды да, Столыпин үкіметіне қарсы күрес басталды сол тұста.

Сөйтіп, Әлекең біраз кешіксе де, Семейден шығара алмаған Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын патша үкіметімен, 1909 жылы сол тұстағы Столыпин бастаған Ресейдің реакцияшыл үкіметімен ерегісіп жүріп, Санкт-Петербургтен бір-ак, шығарды.

– Әлихан Бөкейхановтың атақты Бөкей ордасының ханы тұқымынан шыққанын, қазақтың Тәуелсіздігін көксеген Алаш партиясының көшбасшысы екендігін біле тұра, көпке дейін Кеңес үкіметінің өзі оған тісін батыра алмады.

Ол кісіні 15 жылдай Мәскеуде мырзақамақта ұстады. Сонда большевиктердің өздері үшін «қауіпті» адамды бірден атып тастауға тегеуріні жетпеді ме?

– Әлихан хан тұқымы болғанда да, есептеп қарасақ, Шыңғыс ханның 23-ұрпағы екен.

Төрелердің, негізінен, сол Шыңғыстан тараған ұрпақ екені даусыз ғой. Ал бай десе, хан ұрпағы десе, төбе шашы тік тұратын большевиктер неге Әлиханды бірден атып тастамады дегенге келсек, большевиктер – марксистер, Әлекең сол Сібір аймағына марксизмді насихаттаған бірден-бір адам болған. Сол үшін Әлекеңді Мәскеуге алып келген де – Лениннің өзі. Ленин де, оның үзеңгілестері де Әлихан Бөкейхановты ұлт көсемі ретінде, саяси тұлға ретінде сыйлаған.

Сондықтан сондай адамды бірден атып тастауға олардың моральдық қақысы болмады. Ондай көсемін бірден атып тастаса, елі көтеріліп кетпей ме?


Әлекеңді Мәскеуге алып кеткендегі бірінші себеп ол кісіні, ең алдымен, елінің есінен шығару керек болды.

Екіншіден, оның ізін басқан үзеңгілестерінің көзін жойып, сосын үшінші кезекте барып Әлихан Бөкейхановқа ауыз салды.

Оны тек Сталин ғана атуға бұйрық шығарды. Себебі Сталин кезінде қарақшы болған адам, сондықтан билік басына келгенімен, не марксизмге, не ленинизмге сенбей, тіпті биліктегі өзіне қарсы шығады деген үзеңгілестерін де қырып тастады.

Әлиханның жерленген жерін де ұзақ уақыт құпия ұстап келген себебі – Кеңес үкіметі көзі тірісінде ол кісіден қаншалықты қорықса, оның аруағынан да соншалықты қорықты.

Шындығында, ол кісінің сүйегін де қалдырмай отқа өртеп, күлін ғана шашып жіберген. Әйгілі «Донской зиратына» барып, директорымен жолыққанымда, ол кісі осы шындықты мойындады.


Ендігіде оны жасырудың не құны қалды?

Яғни, репрессия кезінде 5мың адамды атып тастап, крематорийге өртеген де, әлгі жерге күлін төгіп отырған. Әйтпесе, 5мың адамның сүйегі алақандай жерге қалай сыяды?..

– Қарап отырсақ, қайта сол Мәскеуде отырып ол кісі елдегі Ахаң, Жақаң сынды інілерімен байланысып, бостандықтағыдан екі есе артық ірі істер атқарған сияқты. Бұл ол кісінің өзіне төнген қатерді сезінгендігінен бе, әлде басқа да себептері бар ма?

– Ол кез, біріншіден, Әлекеңнің саяси қайраткер ретінде әбден пісіп-жетілген тұсы болатын. Әлекеңнің «оценщик земли» деген тағы бір мамандығы болған.

Сол бойынша ол кісі Қазақстанға жасалған төрт экспедицияға қатысып, өз елін бес саусағының саласындай, өзінің туған баласындай білген. Қазақстанның қай түкпірінде қандай бұта өсіп, қай жердің мал өсіруге қолайлылығын, былайша айтқанда, ауыл шаруашылығын да, мәдениетін де, әдебиетін де түгел зерттеп шыққан.

 1908 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Сибирские вопросы» газетіне жазған мақаласында: «Қазір Қазақстанға көшіп келіп жатқан келімсектердің көбі мал шаруашылығымен айналыса бастады. Сонда олар сол үшін келіп жатыр ма? Қазақ даласы белгілі бір мөлшерде мал асырауға жарайды, алайда ол малдың саны Қазақстанда қазірдің өзінде жеткілікті. Онда келімсектер Қазақстанға неге қажет?» деп жазады.

Ол кісі сондай-ақ қазақ даласын көктемде құлпырып, күзде жалмауыз кемпірдей қорқынышты кейіпке енетінін айтып, әдейі келімсектерді қорқытады.

Бұл – тек үркіту ғана емес, астарлы шындық та. Себебі қазақ жерінің тек үстіңгі қабаты ғана құнарлы, сондықтан оны жыртса, астыңғы жағынан удың желменен ұшып, даланың құнарсыз шөлге айналатынын ғалым сол кезде білген.


Ал біз бұл шындыққа тың жерді игерудің зардабын әбден тартқаннан кейін ғана көз жеткіздік. Қазақтың жері үшін қаншама тер төккен, тіпті тілімдей жерді де өзгеге бермеуге жанұшыра шырылдаған тұлға да осы – Әлихан. Санкт-Петербургте, Омбыда, Орынборда, Семейде шығып тұрған басылымдарға орысша, қазақша мақалалар жазып, «Ей, қазақтар, 15 десятина жерден алушы болмандар! Қала болам деп құтырмаңдар! Жерсіз қаласындар! Орыс неге жерді бұлай бөліп, қазақты жарылқап жатыр? Өйткені қалған жердің барлығын алып қойып, өз келімсектеріне бермек. Сондықтан әзірге қала болуға құмартпай, көшпенді болып қалу арқылы кең-байтақ жеріңді сақтап қал» деп шырылдады ол.

Бұл – көсемнің сөзі ғой! Әлекең өз туғандарының арасында отырғанда, үнемі «қазақ әлі есі кірмеген бала сияқты: оны еркелетіп қолыңа көтерсең, төсіңе шаптырады» деп айтып отырады екен.

– Әлихан ағамызды зерттеуші алаштанушы ғалымдардың бірі де бірегейі Айгүл Ісмақова ол кісінің ауылшаруашылық саласындағы ерен еңбегінің зерттелмей жатқанын айтып, сондай-ақ талай жылдан бері осы Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетке Әлихан Бөкейханов есімін бергізе алмай келе жатқанын айтып еді. Осыған не кедергі деп ойлайсыз?

– Рас, Әлекеңнің бүгінде бұл қырының зерттелмей жатуының бірнеше астарлы сыры бар.

 Соның ең сұмдығын айтайын, кезінде Әлекеңнің бұл еңбегін ауылшаруашылық ғалымдары ұрлап, өздері жаңалық етіп те ашқан. Сондықтан көп ұрлықтың беті ашылып қалмай ма?

Әлекең Сергей Парфирьевич Швецов деген кісімен бірге 1903 жылы Сібір теміржолы бойындағы қазақтардың қой, ірі қара, мал шаруашылығына араласқан.

Сол кісі 1928 жылы Әлекең туралы жазған мінездемесінде былай дейді: «Әлихан қазақтың жылқысы жайлы бірнеше очерк жазып қалдырды. Бұрын-соңды ол жайлы ешқандай зерттеу болған емес». Менің қазір таба алмай жүргенім – сол жылқы жайлы очерктер.

– Өмірбаянына көз жүгіртсек, «Әлихан Бөкейханов масондық ұйымға мүше болған» деген жолдарды көреміз. Осы масондық ұйым дегенді, шыны керек, көбіміз жете түсінбейміз, жағымсыз жағынан қабылдаймыз. Әлекең неге сол ұйымға мүше болды, әлде ол мәжбүрлік пе, болмаса содан қазаққа қандай да бір келетін пайданы көрді ме?

– Дума Әлекеңнің үмітін ақтамады. Партиялардың бірлігі де болмады. Сондықтан осы тығырықтан шығатын жолды іздеген ол кісі масондық ұйымға мүше болды.

Масондық ұйым – ол саяси партия емес, одан да жоғары саяси құрылым болатын.

 Масондар өзінің тамырын сонау ежелгі «ерікті тас қашаушылар ұйымы» деп аталатын еврейлердің ұйымынан алатындықтан шығар, оған үрке қарайтыны. Бірақ 1906 жылы Ресейде қайта жанданған масондық ағым алдына тек бір мақсат қойды, ол – самодержавиялық Ресей үкіметін құлату.

 Әлиханның оған мүше болған себебі – қазаққа қара шаңырағын қайта алып беру болды. Біз Әлихан Бөкейхановты тек Қазақстан көлеміндегі ғана емес, бүкілресейлік контексте қарастыруымыз керек.

Қазақты әскер қатарына алу керектігін айтып, мәселе көтерген осы Әлихан Бөкейханов болатын. Неге? Себебі қазақ қайтып атқа отырса, орыс әскерінің құрамында жүріп соғысу әдістерін меңгерсе, онда ол тәуелсіз мемлекет болғанда, ең керек нәрсе емес пе? Тіл, ділмен қатар, тәуелсіз елде әскер де болуы қажет қой.


Сол 1916 жылы Әлекең Атырауға барғанда, адайлар «О, біздің ханымыз келді» деп қарсы алса керек. Сонда Әлекең тыйып тастап, керісінше, «Көтеріліске шықпаңдар, текке қырылып қаласыңдар, одан да 19 бен 43 жас арасындағы азаматтарды әскерге жіберіңдер, ел-жер көріп, соғыс тәсілін меңгеріп қайтады» деген екен.

Бұл – керемет көрегендік.

Өзі де сол соғыста майдан даласын аралай жүріп, қазақтарға, «Шырақтарым, бір жерде жиналып жүрмендер, бір снаряд түссе, бәрің қырылып қаласыңдар. Өздерің мініп барған жылқыларды жеп қойдыңдар, ертең жылқы қалмаса не істейсіңдер? Одан да орыс жауынгерлері қара нан жесе, соған үйреніңдер. Сосын мұндағы жезөкшелерге қарамаңдар. Мерез деген ауру жұқтырып, елге індет апарасыңдар» деп, аман қалу жолдарын, соғыста дұрыс жүріп-тұрудың амалдарын айтып, лекция оқыды. Кейін сол соғыстан қайтқан жігіттерден Алаш атты әскерін құрды.

– Сіз Әлихан Бөкейхановтың 15 жыл мырзақамақта тұрған Мәскеудегі пәтерінде болыпсыз. Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мұрағаттарын да түгел ақтарған екенсіз. Әлихандай ұлығымызды «өлген» жерінен тірілтіп, өшкенін жаққан сізді бұл тақырыпқа алып келген қандай күш?

– Бұл – менің 20 жылғы еңбегімнің жемісі. 1990 жылдары Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, Әдебиет институына жұмысқа орналастым. Сіздерге өтірік сияқты көріне ме, бірақ шындығында, сол кезден бері бір күнімді Әлекеңнің еңбегін оқымай өткізген емеспін.

Ресейдің барлық кітапханалары мен мұрағаттарындағы материалдарға тапсырыс беретін мүмкіндігім бар. Тіпті солай электронды кітапхананың көмегімен-ақ талай құнды дүниелерге қол жеткіздім.

 Алғаш Әлекеңнің мақалаларына ұшырасуыма себепкер болған – Үшкүлтай Субханбердина апамыз.

«Қазақ» газеті жайлы кітап жазып жүргенде, бір күні маған қоңырау шалып: «Сұлтанхан, мен мына жерден Қыр оғлы деген бүркеншік атпен жазылған мақала тауып алдым, осы Әлихандікі емес пе?» деді. Бұл ақпарға елең етіп, шынында да, қарап отырсам, кейін А.Н., Ә.Н. деп те қол қойған екен кей жерлерде. Қазбалай келе, тағы оның Қарқаралы оязы, Тоқырауын болысы деген жерін де таптым. Бұл қай жер – ол Әлекеңнің туған топырағы. Осылайша, бүркеншік есімдері арқылы Әлихан Нұрмұхаммедұлының әлі ешкім зерттемеген бас-аяғы 12 мақаласының сыры ашылды.

Екінші, 1906 жылы Омбыда шыққан «Степной пионер» деген газетке жарияланған жаңа мақалаларын табу да маған үлкен олжа болды. Ол жерде Әлекеңнің Столыпинді жермен-жексен етіп сынаған 25-ке жуық мақаласы бар. Бұл да – бұрын еш жерде жарық көрмеген тың дүниелер.

– Алаш деп өткен арысымыздың бүгінгі ұрпағының орыстанып кеткені жанымызға батады. Алайда оған олар кінәлі емес, тағдыр тауқыметі ғой. Сіз олармен байланысып тұратын шығарсыз?

– Бөкейханов тегін алып қалу олар үшін ауыр да азапты болды. Ең алдымен, Әлекеңнің ұлы Сергей кезінде Жезқазғанда мол табиғи қор жатқанын зерттеп, соны игеру керек екендігін айтып, алғаш Мәскеуде баяндама жасаған.

1938 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясынан «Большой Джезказган» деген қалың кітап шыққан. Міне, соның бірінші бетінде осы баяндама тұр. Сол баяндамадан кейін КСРО Ғылым академиясы Жезқазғанды игеруге ақшаны төккен. Ең алғаш басшы болған да – сол Сергей.

Бірақ 1937 жылы әкесі атылып кеткен соң, оны да орнынан босатып, қуғынға ұшыратқан. Сол Сергей өте қайғылы жағдайда қаза болған, бірақ қалай қайтыс болғанын біз әлі күнге білмейміз.


Әйтеуір, Ресеймен екі ортада «елге қалай оралсам екен?» деп сергелдең кешумен кеткені белгілі. Оның Мәскеуде бәйбішесі мен Евгений атты ұлы қалған. Мен сол кісімен, Евгений Сергейұлы Бөкейхановпен, 1992 жылы, 1994 жылы екі рет кездесіп, үйінде болдым.

Қазір ол кісінің Петр есімді ұлы бар. Осы таяуда Санкт-Петербургке барғанымда, мен Әлекеңнің шөбересі Петрдің Ресей ішкі істер министрлігіндегі қылмыстық істерді тергеуге қатысты кандидаттық диссертациясын қорғауына катыстым.

Бөкейхановтар әулеті әлі де ғылымның соңында, бірақ елден хабар үзіп қалған. 1992 жылы Әлихан Бөкейхановтың туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Алаштың үш бірдей арысы – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың мерейтойына Евгений ұлы Петрмен келген.

Сонда барып олар атамекендерінің ауасын жұтып, ат мініп, аталарының халқы үшін қандай ұлы тұлға болғандығын шын сезінді. Сол кезде ғана өздерінің ұлының ұрпағы екендіктеріне көзі жеткен.

– Елі үшін осынша ерен еңбек етіп еңіреп өткен, тіпті соңында күлі де қалмай жанып кеткен осындай ұлы тұлғаны біз қазір қалай бағалап жүрміз? Барахолка базары жақта ешкім білмейтін тар көшені сондай үлы тұлғаға беру, керісінше оны мазақ еткен сияқты емес пе?

Елорда мен Алматының төрінен Әлихан Бөкейханов атына даңғыл беріп, оқу орнына атын қойсақ, абыройымыз асқақтамай ма? Олай болса, неге олай етпей отырмыз? Не кедергі?

– Кезінде Аэродромная көшесін сол кісінің атына бергенде, мен де дәл осылай оның ағаттык, тұлғаға жасалған қиянат екенін әкімдіктегі азаматтарға түсіндіре алмай-ақ қойғанмын.

Себебі ол кезде сол алақандай көшеге Бөкейханов есімін бергендердің санасындағы Әлиханның орны да сондай ғана көлемде болатын. Демек, қоғамның көзін ашу керектігіне менің көзім анық жетті.

Ал қадірін білгенге Әлихан Бөкейханов – адамзат тарихындағы өте сирек кездесетін санаулы тұлғалардың бірі. Оның деңгейі Махатма Ганди, Ататүріктен еш кем емес. Алайда өкініштісі – біздің өз бағымызға туған, өзіміз үшін құрбан болған тұлғаны сол деңгейде бағалауға өреміз жетпей жатыр.

Әңгімелескен, Мәриям ӘБСАТТАР


«Алаш айнасы». 2010 жыл.


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x