Назарбаев тарихтан сабақ алды

Dalanews 01 сәу. 2019 14:13 175

Ол өзін қазақтың Вашингтоны, қазақтың Ататүркі, тәуелсіз Қазақ елінің қабырғасын қалаушы қайраткер ретінде көретінін ешқашан жасырған емес.
Әрісі әлемнің, берісі қазақтың жадында қалуды көздейді дәл осы тұрпатта. Тарихта қалуды мансұқ тұтады ол, тарихтағы рөлі мен орнын айқындап алу үшін де тұғырдан түскен жоқ осы күнге дейін.

Саясаттанушы Айдос Сарым билік тізгінін Тоқаевқа тапсырып, орынтағын босатқан Назарбаевқа таң қалғанын жасырмапты. Сарапшының Carnegie.ru сайтына берген сұхбатын ықшамдап аудардық.

"Иә, таңғалғанымды несін жасырайын. 30 жыл бойы ел билеген Назарбаевтың билікті өз еркімен тапсырағаны тосыннан тиді. Халық үшін де, сырт көз үшін де күтпеген шешім болды бұл. 

Мойындайын, өз басым Назарбаевтың билікті ешқашан, ешкімге бермесіне сенімді болдым, тағын тастап кетеріне күмәнмен қарадым осы күнге дейін. 

Посткеңестік кеңістіктегі өзге басшылардың жүрген жолына қарап, түйген тәжірибем еді бұл. Олардың арасында билікті бейбіт жолмен бергендері некен-саяқ еді. 

Біздің кеңістіктегі тарих сабағын таразылар болсақ: ең құдіретті деген президент билікті бір сәтке уысынан шығарса, сол сәтінде әлсірейді, сол сәтінде шатқаяқтайды ол. 

Содан да шығар ширек ғасырдан астам уақыт ел билеген Назарбаевтың билікті басқа біреуге тапсырып (ол өзінің сенімді серігі болса да), бір адамға бағынған жүйені сөгілтіп жібереріне сену қиын еді. 


Билік қоғамды таңғалдырудан қалған еді одан бұрын. Қоғамның қан-тамыры ұйып, қол-аяғы қақсай бастаған еді. Сергу, серпілу, сілкіну деген ұғымдар ұмытыла бастаған-тұғын.

Биліктің ең басты кемшілігі де, кінәраты да осында жатқан.  Таңғалдым. Таңғалдық сол себепті – Назарбаевтың шешіміне.  Ол неге кетті? Ол неге кету туралы ұйғарымға келді? 

Ел билеудің ұзақтығы жөнінен ел басшылары арасында алдыңғы үштікте жүрген Назарбаевтың отставкасында қандай сыр бар? Оның орнын босатуына сыртқы фактордың әсер ықпалы болды ма? Ішкі фактор ше?

Назарбаевтың сыңайы сырт көздің қас-қабағына қарап шешім қабылдайтын саясаткерге ұқсамайды. Тағы бір додаға түсіп, ел басқарудың ұзақтығы жағынан қара үзіп келсе таңғалмас еді дүйім жұрт.

Бұған барса үлкен қателікке ұрынарын сезді ол. Назарбаев тарихтан сабақ алды. Оның орнын босатуына тарихтың ақтаңдақ парақтары бірден-бір себепкер болды. Тағы бір сайлауға түсер ниеті болмады емес, болды әйтпесе.


Тарих тоқтатты оны. Тарих тежеу болды оған. 

Тарихи кітаптарды, тарихи тұлғаларды, патшалар мен сұлтандардың ғұмырнамасын тауыса оқығанын Назарбаевтың өзі талай мәрте айтқан. 

Олардың ғұмыр жолын ой елегінен өткізді ол, қазіргі қатарластарына қарады және де. Әр жылдары дәмдесіп, тұздасқан үзеңгілестері биліктен қалай, қандай жағдайға кетіп жатқанына куә болды ол. 

Оларға қарап ойланды. Толғанды. Тарих толқындары жағаға шығарып тастаған солардың тағдырынан сабақ алды.

Назарбаевтың деңгейіндегі тұлғалар тарихтың қағаберісінде қалғанды қаламайды.  Ол өзін қазақтың Вашингтоны, қазақтың Ататүркі, тәуелсіз Қазақ елінің қабырғасын қалаушы қайраткер ретінде көретінін ешқашан жасырған емес.

Әрісі әлемнің, берісі қазақтың жадында қалуды көздейді дәл осы тұрпатта. Тарихта қалуды мансұқ тұтады ол, тарихтағы рөлі мен орнын айқындап алу үшін де тұғырдан түскен жоқ осы күнге дейін.

Ілгеріде айттым, ол тағы бір сайлауға түссе де, топ жарар еді. 

Осыдан төрт жыл бұрынғы 97 пайыз болмаса да, соған жетеқабыл дауыс жинар еді ол. Ал 97 пайыздан асып жығылса өз ішімізде де, өркениет тарапынан абсурд деп бағаланар еді, әлбетте. 

Мұның алды жөн болғанмен, арты соқпақ боларын таразылады. Тығырыққа әкеп тірейтінін түсінді бұл сценарийдің. 

Назарбаев әйгілі Маргарет Тэтчердің "референдум диктаторлардың сүйікті ісі" деген ескертуін әсте ұмытқан жоқ. 

Сайлаудан өзге жол - оның ішінде референдум өткізу, Ата заңды өзгертіп өкілеттілігін созу да айналып келгенде абырой әкелмес еді оған.  Өз ішімізде алай-түлей тумаса да, өркениетті әлем елден іргесін аулақ салуы әбден мүмкін еді бұдан кейін. Батыстың изоляциясына ұшырап тынар едік, ақыр соңы. 

Батыспен байланысты үзу Ресей мен Қытайдың бөліс-тартысына қалу. Әсіресе, Кремльдің түрі жаман. Одақтас болса да ойы бұзық. 

Ресейдің бодауына қайта түскенімізді Назарбаев қаламайды, қаламаған да. 


Кремль мен Астананың арасында ат сабылтып жүруді көксемейді ол, көксемеген де.  Иә, екі елдің арасындағы бірқатар интеграциялық идеяға ұйытқы болды. Иә, мұның салдарын да, сазайын да тарттық. 

Бастысы ел аман, жұрт тыныш. Қазақтың Қарабағы немесе Донбассы деген қарулы конфликтіден адамыз. Ұлттық мемлекет қалыптастыруда тәуелсіздіктің әр жылы қымбат.


Бұған төрелік айтар біз емес түптеп келгенде, келер ұрпақ әділ бағасын беретін болады әлі. Мұны Назарбаев та түсініп отыр. Оның тарихтағы орнын тәуелсіздік тұсында өмірге келген буын, оның ішінде қазақ жастары таразылайтын болады. 

Он ойланып, жүз толғанды ол отставкаға кетпей тұра. Қазіргі қиыншылықтың түп-тамырына үңілді. Ұғынды. 

Халықтың жүні жығылып, жадап-жүдегенін сай-сүйегімен сезді. Қоғамның Назарбаев билігінен қажығанын аңдады алғаш рет. Үнсіз қарсыласқан қоғамның түбегейлі өзгергенін түсінді ол. 

Жо-жоқ, оның отставкасы билікпен біржолата ат құйрығын үзіскенін білдірмейді. Билікте қалу үшін де кетуге тура келерін кесіп пішті. Тарихтағы қазіргі орнын қаз-қалпында сақтау үшін де кету керектігіне көзі жетті. 
Мұндай тоқтамға келу оңай соққан жоқ оған. Сол үшін де оның бұл шешімін лайықты бағалау қажет.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x