"Отставкаға кетпей тұра...". Назарбаев пен Путин не туралы сөйлесті?

Dalanews 19 нау. 2019 19:45 205


Телефон арқылы тілдескен Назарбаев пен Путин нендей мәселені талқылады?




Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, "екі елдің басшылары Назарбаевтың отставкаға кету туралы шешімі жайында сөйлескен".


Бұдан бөлек президенттер "алдағы уақытта да тұрақты түрде хат-хабар алмасып тұруға" сөз байласқан.




Ресейлік ақпарат құралдары орынтағын босатқан Назарбаевтың отставкасын жарыса жазуда.




Олардың басым бөлігі "ендігі жерде екі ел арасындағы байланыста қандай өзгеріс болады?" дегенге саяды.



Думадағы Еуразиялық интеграция комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин "Тоқаевты Назарбаевтың айтқанымен жүретін адам" деп есептейді.




"Назарбаев кеткенімен ықпалын жоғалтқан жоқ. Ол Қытайда Дэн Сяопин қолданған әдісті Қазақстанда жүзеге асырмақ. Маңызды қызметте отырып, президентті бақылауда ұстайтын болады", – дейді ол.




Ресейдің халықаралық істер бойынша Федерация кеңесінің төрағасы Константин Косачев "Тоқаевты Ресейдің ескіден келе жатқан сенімді серіктесі" санайды.




"Екі күн бұрын Астанада кездесіп, аман-саулық сұрастық. Екі ел арасындағы байланысты қазіргі қалпында сақтауға мүдделі екенін түйіндеп өтті", – деді ол Тоқаевтың бүгінгі бағыттан ауытқымасына сенім білдіріп.




Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Верхотуровтың пайымдауынша, Тоқаев Кремль үшін қолайлы тұлға, әрі аса білікті дипломаттың бірі.




Ал Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Назарбаевтың отставкаға кетерін күтпегенін айтып, бұған барынша мұқият қарау қажеттігін мәлімдеді.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x