№1 мәселе. Ол не?

Dalanews 21 қаң. 2019 07:11 298

Тура бір жыл бұрын. Тура осы желіде. Фейсбукте-шііі. Қырғын болды. Сол кезде түртіп қойып едік, бұл тарихи күн деп. Енді, міне еліте еске алып отырмыз...

Ұмытпасақ, 2017 жылдың күзі болуы керек. Үкімет алғаш рет онлайн жиын өткізуге бел буды.

Күлтөбенің басы қып, басқа-басқа емес, осы Фейсбукті таңдапты. Онда да Үкіметтің  еркін ой алаңы – Фейсбукке бір бүйірі жәй бұра қалды дейсіз бе? Жоқ. Баяғыша бас пайда ғой ойлағандары.

 Сол, қолға алған әлдебір бағдарламаның жетістігін көрсете қояйық деген болса керек, апыл-ғұпыл. Сөйтіп аяқ-астынан қара халыққа үлкен мүмкіндік туа қалды.

Үкіметтің толық құрамы мен халық тарихта алғаш рет осылай бетпе-бет келе кетті. Виртуалды, әрине.  Дегенмен Үкіметтің бетіне халықтың бар ойын айтатын күн осылай туды ғой ақыры, аяқ-асты...

Лап қойды


Содан, сөзді қайсы бастағанын білмейміз, әйтеуір кезек-кезек министрлер мінбеге шықты. Сыдыртып баяндамаларын оқып жатты. Орысша, әрине. Бақытжан Сағынтаев отырды төрде.

«Ал сұрақтарыңызды қоя беріңіздер» демесі бар емес пе бір уақытта ол кісінің. Сол-ақ екен, әдеп сақтап әрең отырған желідегі қауым лап қойды. Қасындағы атшы-қосшыларынан тек мақтау мен жақсы сөз естіп әбден үйреніп қалған ақ жағалыларды қып-қызыл қып дырдай қылды...

Қайтсін енді, желіде кеңінен көсіліп, ойын ашық айтып үйренген қауым ғой. Әлгілердің ешқайсысының бетіне қарамады. Жан-жақтан шуылдап келіп, жабыла кетті. Іштегі қыжылдарының «тиегін» жіберіп,  бұрқыратты дейсің...


 Министрлер қолындағы гаджетке жабысты да қалды. Біреулерінің төбе шашы тік тұрып, көздері шығып та барады. Шындықтың дәмі ащы ғой өйткені.

Не керек, Үкіметтің бұл реттегі арам есеп, бақай қулығы жүзеге аспай қалды. Жоспарлары быт-шыт болды.

Өз ісіне есеп беріп, мемлекеттік бағдарламаларды, міне қалтқысыз атқарып жатырмыз демекші болған ғой министрлер. Оны елеген ешкім болмады. Баяндама оқыған министрдің өзі бір дөйдалада қалды.

Ода шаруасы болмады ешкімнің. Бұл кезде басқа мәселелер көтеріліп жатты тікелей желіде. Ішіндегі №1 мәселе, әрине қазақ тілі болды!

Иә, «қазақша сөйлеңдер» деген талап үздіксіз  сұралып жатты онда. Үкіметтің алғашқы онлайн жиналысы басталғаннан аяқталғанға дейін бұл талаптан дамыл болмады.

Ақыры...


Ақыры модератор кірісті араға:

«Неге қазақша сөйле дей бересіздер, одан Сіздердің бас проблемаларыңыз шешілмейді ғой, нақтылыққа көшелік» деп жаны ашығансып көпке ой тастады.

Құдды, министр бір адамның мәселесін шешіп тастайтындай сол арада. Ондайға ешкім сенбеді, сенбеген де. Өйткені жағдай айтқанда, Үкіметтің жауабы қандай болатынын жаттап алған ғой халық қазіргі күндері. Қысылмады, оны жатқа соқты со арада, батырлар жыры құсатып:

«Бензин неге қымбат десе,  төрт зауыттың біреуі модернизацияға жабылды дейсіздер. Доллар неге қымбаттады десе, рубль құнсызданды, мұнай бағасы құлады, Ресейдің санкциясы ғой дейсіздер. Басқа не айтасыздар Сіздер? Құдай-ау, 25 жыл бойы естіп келе жатқанымыз осы. Ұялмайсыздар ма? Арасында сөздеріңізді өзгертіп қойсаңыздаршы. Ақыры оған да ерінесіздер.



Халық білмейді дейсіздер ме, біледі. Не керек, көзбояушылықтың? Халықтың емес, ат төбеліндей олигархтардың жайын күйттеп жүрген жүріс  Сендердікі. Қайсы қымбаттаса да монополистің қалтасын қампайту, сонымен бөлісу бар ойларың» деді былш-былш еткізіп,  жан-жақтан.

«Қазақтар саясатты, экономиканы қақпайды» деген стереотипке сүйенетін орыстілді Үкіметтің мұны естігенде шақша бастары шарадай, екі көздері баданадай болды.


Ал желідегілердің бір парасы мына жақта Үкіметтің неге қазақша сөйлеуі керектігін ежіктеп тұрып түсіндіріп жатты.

«Жер байлығынан түскен пайдамен бөліс деп жатқанымыз жоқ, ұлттық қордағы болашақтың ақшасы қайда кетіп жатыр деп сұрап жатқанымыз жоқ, ана бағдарламаларға бөлінген қаражаттың қайсысы қайсыңның тамағынан өтіп кетті деп сұрау салып жатқанымыз жоқ, халықтың талабы қап-қарапайым – қазақша сөйлеңдер, болды» деп жазды ашынған біреу ішінде.

Тура осы кезде модератордың тағы киліге қалмасы бар емес пе? Неге дейді баяғы. Миын ақша тескен біреу ме екен, қайдам?

Қалың қауымның әлеуметтік-экономикалық талаптан моральдық-рухани талабын жоғары қойғаны күлкілі әрі қызық боп кетсе керек өзіне.

Күйіп кеткен жұрт жаман айтты.  Миллион факті келтірді. Бірақ, соны ана жерде отырған министрлердің басым бөлігі түсінді дегенге өз басымыз сенбейміз.

Риза болды


Әйтеуір Сағынтаев риза болды.

Бір қарасақ, министрлерге бір қырынан қарап, миығынан күліп отыр екен. «Со керек өздеріңе, шоқ-шоқ» деп отырған секілді. «Қанша айттым, қазақша сөйлеңдер деп, тыңдамап едіңдер, ал көріңдер» дейтіндей ме, қалай?..

Ал алдындағылардың бастары салбырап кеткен. Көздері әйнек тақтайда. Біреулерінің қолы жыбыр-жыбыр. Қазақша түсінбейтіндері шығар, көмекшілеріне жылдам-жылдам жіберіп жатқан. «Ойбай, мен туралы айтып жатқан жоқ па, аударып жібер» дейді, әрине сондағысы.

«Монополистердің бастығы», «Склероз министр» деген секілді министрлерге жағалай айдарлар тағылып жатты ол арада өйткені.


Соңырақ сөз алған Білім министрі Сағадиев қу боп шықты. Қазақша заулап кетті ғой ана арада. Баяндамасы басынан аяғына дейін қазақша болды.

  Аласапыранда көптің сұрауын қанағаттандырып, бір мақтау ести қояйын деген болса керек. Бірақ бәрібір жақпады қазаққа. Оның да басына су құйып жатқан...

 Осы араға келгенде біз де желіден шығып кеттік. Өйткені Сағадиевке айттың не, айтпадың не, бәрібір ғой. Айналып келіп, өзіңді кінәлі қып шығарады.

Өзге түгілі бүкіл депутатты жынды қылды емес пе ол. Мәжілісте кітаптағы қателер туралы айтылғанда ше? Не дегенін білесіздер ғой...

Беті бүлк етпей:

 «Сайтта тұрды кітап боп шықпай тұрып. Қарамадыңыздар ма сол кезде, оқымадыңыздар ма сол уақта, түземедіңіздер ме түзегіш болсаңыздар. Болары боп қойған соң енді маған бірдеме дейсіздер ме» деп түрін бұзғанда бір топ депутат күйіп кетіп, жерге түкірген. Дым дей алмай қалды сонда ешқайсысы.

 Араларында Бекболат Тілеухан ғана алға шығып, қарманғандай болған. Бірақ онысынан нәтиже болмады. Негізі, сөз өтпейді оған...

Бастысы, осы онлайн жиыннан соң тілі келсе де, келмесе де бытпырақтатып министрлердің әрқайсысы қазақша сөйлей бастады ғой.  Бетбұрыс болды кәдімгідей. Беттеріне айтса, дегенмен жүздері күйеді екен.

Темірді ыстық кезде соқ демекші, халықтың көңіл-күйімен санасқан Елбасы да бұрады оларды одан соң.

 «Мемлекеттік қызметкерсің бе - мемлекеттік тілді білуің тиіс» деді. Сол-ақ екен, журналистер әр министрдің қазақшасын аңдуға көшті.

Ақышев не деді?


Әулем, біреуін дүңкілтетіп қуып жүріп ұстап алды. Иә, шенді қашты камерадан. Быдық қазақшасынан ұялып. Данияр Ақышев қой деймін. Ұлттық банктің төрағасы.

Сөйтсе сол күні Мәжілісте орыс бір депутат оған қазақша сұрақ қойып, қазақша жауап ала алмай қаймана бопты.

Мұны естіп алған журналистер қойсын ба? Ақыры ұстаған. Ұялған тек тұрмас демекші, сөзін шатпақтатып қазақша бастаған Данияр Ақышев  артын орысшамен аяқтапты.

Онда да әбден ақталған:  «Қаржы тілі қазақшаға келмейді, ел дұрыс түсінбей қалады, сондықтан орысша айтайын» деп.

Кезінде министр болған Гүлжан Қарағұсованың да қазақшасы елдің жағасын ұстатты. Бірақ ол да тырысты тілін бұрап.  Сөйтіп-сөйтіп ақыры миларына жетті-ей қазақша сөйлеу міндет екені мына Үкіметке.

Ол үшін Фейсбукке рақмет, обалы не керек, халықтың сөзін жеткізген,  көп тілеуін Үкіметке ұқтырған дейміз де...

Кәмшат СӘТИЕВА


(жалғасы бар)


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x