"Бір ғана себеп бар...". Ұстаз неге шәкіртін тепкіледі?

Dalanews 11 қаң. 2019 14:19 279

Жаркенттегі колледжде шәкіртін тепкілеген ұстаздың бейнетаспасын көріп, көпшілік екіұдай пікірге қалды.

Сәбет заманында білім алып, ұстаздарынан таяқ жеп өскен буын "аюға намаз үйреткен таяқ" деген пікірді жақтап, ұстаздың балаға қол көтеруін «тәрбиенің» бір құралы деп өз ойларын ортаға тастады.

Енді бірі ай мен күннің аманында баланы бұлайша сабау нағыз жауыздық деп жағаларын ұстады. 

Қайсын қолдауға болады? Біліп болмайсың. Бірақ, біз білетін анық дүние бар.

Ол – күн өткен сайын Кеңес заманындағы ескі әдеттердің қалып жатқаны. 


Кісінің кісіге әлемжеттік жасауы нағыз надандық. Тіпті, көрсоқырлық десек болады. 

Осы бір оқиғадан елімізде адамға деген құрметтің қатты кеміп кеткенін аңғардық. Бұл ащы да болса шындық. Күн өткен сайын адами құндылықтардан айырылып, хайуанның күйін кешіп барамыз. 

Әлеуметтік желде таралып кеткен видеоға назар салғанымызда оқушының ұстазының тілін алмай базарға кетіп қалғанын білдік. Бірақ сол үшін адамды ұруға бола ма? Әрине, болмайды. 

Бірақ студент те оңып тұрған жоқ. Оқу оқып, білім алудың орнына базар жағалап несі бар? Апама жездем сайдың кебі келіп тұр. 

Бірақ қазір әр ауданда ақша табудың мақсатында ашылған колледждерде қайбір жарытып білім береді дерсіз? Колледждерді айтпаған күннің өзінде атынан ат үркетін университеттерде де білім беру ісі сын көтермей тұрғаны жасырын емес. 

Мұндай жағадайда кім бала оқытқысы келеді. Сол сияқты жастардың да білім алуға ықыласы болмайтынын түсінуге болады. 

Қазір ұстаздың оқытуға, баланың оқуға құлқы жоқ. Бұдан нені аңғарамыз? Бұдан білім саласында, қала берді бүкіл қоғамды «глубокий» дағдарыс дендеп алғанын байқауға болады. 

Білім саласын жемқорлық жайлаған. Қолы келгендер қонышынан басып колледж ашып, білім саласын бизнеске айналдырып алғаны қашан? 


Мұндай колледждердің дайындамайтын мамандықтары жоқ. Бірін дайындайды. Елде жоқ зауыттарға арнап маман даярлайды. Ал ұстаздардың сиқы анау. Жүйкесі сыр беріп, жұрттың баласын төмпештеп жүр. 
Қазір колледжді білім беретін мекеме емес, мал табатын орынға айналған. Ал бұдан кейін жастардың білім алуға құлшынысы қайдан болсын? 

Қайта базар жағалап, сабаққа қатыспай, көше таптағанды жөн санайды. 

Өйткені олар мұндай колледждерді бітіріп, бесаспап маман болып шықпайтындарын жақсы біледі. 
Айтпақшы, біздің еліміздегі мемлекеттік, жекеменшік орындар колледж бітіргендерді жұмысқа қабылдамақ тұрмақ, есігінен сығалатпайды ғой. Сонда біз мұншама колледждерді несіне ұстап отырмыз? Осы жағы түсініксіз болып тұр. 

Ауылдағы ата-аналар балалары қатарынан кем қалмасын деп аузындағысын жырып, солардың оқуына төлеп, колледждердің қожайындарын байытып жатыр. Білім министрлігі неге бұған тосқауыл қоймайды. 

Осыдан біршама жыл бұрын Дәулет Төленді есімді әріптесіміз «Колледж көп пе, коттедж көп пе?» деп мақала жазған еді. Қазір осы тақырыпта кез келген өңірге қаратып, колледждерін санап шығуға болады. 

Осындай болмашы оқу орында сабақ беріп, білім алып жүрген ұстаз бен шәкірттің арасында қандай байланыс болуы мүмкін. Ешқандай. 


Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Тұрмыстың тауқыметін тартып, күйкі тірліктің соңында жүрген ұстазды жазалап, жұмыстан шығарғанмен мәселе шешілмейді. 

Біршама уақыт өткеннен кейін дәл осыған ұқсақ оқыс оқиға кең байтақ Қазақстанның тағы бір пұшпағында бұрқ ете қалуы мүмкін. 

Біздіңше, бұл үшін әлдебіреудің қалтасын қампиту мақсатында құрылған колледждерді жабу керек. 
Бұдан соң, ақшасы барларға колледж емес, кәсіпорын ашуға мүмкіндік туғызып, жағдай жасаған жөн. 

Ал біз болсақ, тақыр жерде колледж ашып, маман дайындап жатырмыз. Қазір колледж бітіргендердің бәрі жұмыссыз, босып жүр. 

Дәл қазір Қазақстанға колледж емес, зауыт, фабрика, өндіріс қажет. Өндіріс дамыса, біздің ой-санамыз да өзгереді, дамиды. Дүниенің, адамының, мамандықтың қадірін білетін боламыз. 

Ал өндірістің дамуы үшін жалғаз Білім және ғылым министрлігі не істей алады? Түк те істей алмасы анық. Бұл жерде Үкімет бір адамның организімі секілді жұмыс істеу керек. 

Өкінішке орай, біздер мұндай жүйелі істі көріп тұрғанымыз жоқ. Сондықтан, Жаркенттегі колледжде орын алған оқиға өндірісіміз дамымаған соң, осындай жайт орын алды байлам жасағанды жөн көріп отырмын. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Нұрлан ЖҰМАХАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x