Жәкішев кімнің жолын кесті?

Dalanews 06 мау. 2018 05:00 384

Билік «Қазатомөндірістің» 25 пайызын кімге сатпақшы? Бұдан біздің ел не ұтады? Жәкішевті неге босатпай отыр? Мұхтар кімнің жолын кескен?

Wall Street Journal хабарлады өткен жолы. Билік  «Қазатомөндірістің» 25 пайыз акциясын саудаға шығарыпты.

«Самұрық-Қазынаның» басшысы Есімовтің ескертіп кеткеніндей, бұдан қандай да бір астар іздеудің қажеті жоқ. Билік осы арқылы өндіріс орнының нарқын арттырып, акцияның бірсыпырасын биржаға шығармақ ойда.

«Компанияларымыздың акциялары биржада айналып жүргенін қалаймыз біз. Басты мақсатымыз да, мұратымыз да осы», – дейді Есімов.

Айтпақшы 


Есімов өткен айда Қытайға сапарлап қайтқан. Көрші ел соңғы жылдары атом бағдарламасын жандандыруды қайта қолға алғаны белгілі. Естуімізше, аталған акцияны сатып алуға Қытай ерекше құлықты.

Акцияны сатып алуға қызығушылық танытып отырған тағы бір ел – Ресей.  Wall Street Journal-дың дерегінше, Қазақстан сатқалы отырған акцияның құны – 3,5 млрд  долларға жетіп жығылмақ.

Америкалық басылымның бұған назар аударуы тегін емес.
«Қазақстан уран қоры жөнінен әлемдегі жетекші ел. Осыншама ауқымды қордың 25 пайызын иелену кімді де болса қызықтырары анық қой. Иә, дәл қазір уран нарығындағы жағдай мәз емес. Бұл нарықтағы алыс-берістің көрсеткіші тым төмен. Уран өндірісі бойынша Австралия мен Канада бақталасуда.  Бұл бір деп қойыңыз.

Екіншіден, соңғы жылдары уранның құны тым қатты құлдырады. Фунты 19 долларға дейін арзандады (қазіргі бағасы 23 доллар).

Алайда алдағы уақытта осы нарыққа жан бітеді деген жорамал бар. Сарапшылардың тұспалдауынша, уранның бағасы екі есеге дейін өсуі керек. Бірақ сәуегейлер не демейді? Уран бағасының өсетінін олар осыдан үш жыл бұрын айтқан. Қайда? Қашан өседі? Десек те, болашағы бар бұл саланың.

Бүгін болмаса да, ертеңгі күні есеңді қайтарасың. Ақыр түбі уранға мұхтаждық туындаса Қазақстан саудаға шығарған акцияны қазір сатып алғаннан Қытай да, Ресей де ұтылмайды. Оның үстіне бағасы да су тегін», – дейді акцияның құнын арзанға бағалаған Wall Street Journal.

Бұл енді сырт көздің пайымы. Ал іштегі сарапшылар не дейді? Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, «Қазатомөнеркәсіп» стратегиялық маңызы бар нысан. Мемлекет қажет деп тапса бұл компанияның өсіп-өрістеуіне инвестиция бағыттауына болар еді.

«Бұл өз кезегінде компания үшін де, жалпы уран нарығы үшін де тиімді болар еді. Ал мына жағдайда акцияға да, ақшаға да жаның ашиды.
Акцияның құны – 3,5 млрд доллар. Саттық делік. Бірақ осы ақшаның қызығын кім көреді? Халыққа бұйыра ма, жоқ па? Қайда кетеді? Қайда бағытталады? Әдеттегідей айдалаға жұмсалса қайтпекпіз?», – дейді күні кешегі ЭКСПО-ны меңзеген саясаттанушы.

Сәтпаевтың пікірінше, іштегі компаниялардың арасында дәл осы «Қазатомөнеркәсіптің» нарықтағы орны нық. «Самұрықтың» сапындағы өзге кәсіпорындар сияқты сүйретіліп жүрген жоқ.

«Содан да шығар, биліктің мемлекеттік ауқымдағы, мемлекеттік дейміз әлемдік деңгейдегі алпауыт компанияны сатуға шығарғаны біртүрлі екен. Анығында, компанияға деген көзқарас дұрыс болса, «ҚазАтомды» мемлекет меншігінде қалдыра берген жөн еді. Акцияны өзге біреулердің алақанына салып берген ақылға сыймайды», – дейді ол.

Жәкішев


«Сөзінің жаны бар», – дейді тағы бір сарапшы Петр Своик Сәтпаевты жақтап.

«ҚазАтом» әуел бастағы мақсатынан тайыпты. КСРО тұсында өндіріс орны уранды әрі өндірген, әрі өңдеген. Әзір тек өндірумен шектеліп жүр.



Компанияны ұзақ жыл бойы қазір абақтыда отырған Мұхтар Жәкішев басқарғаны белгілі.
Білетіндердің айтуынша, 1998-2009 жылғы аралықта «ҚазАтомның» тізгінін ұстаған Жәкішев жалпы уран өндірісінің тамырына қан жүгірткен. Тіпті уран бағасының шарықтауына да барынша ықпал еткен осы Жәкішев дейді. 

Алайда 2009 жылы Мұхтардың төбесіне қара бұлт үйірілді. Қамалды. Айып тағылды. «Ұрлаған, жеген, пара берген...» деді.  14 жылға сотталып кете барды ол.

Дегенмен бұл істің шет-жағасын білетіндер: «Жәкішев Назарбаев пен Путиннің жолын кесті. Одан бұрын қазіргі жүйенің қас жауы Әблязовтың үзеңгілесі болғаны да Мұхтардың басына бәле болып жабысты», – дейді.

Назарбаевтың хабарсыз қалғаны рас па? 


2009 жылы бірқатар ресейлік БАҚ Ресей мен Қазақстанның уран байытатын бірлескен кәсіпорын ашуға ниетті екенін жазған. Кейін аяққа тұрғасын бұл кәсіпорынды Жапонияға сатпақ жоспары болыпты-мыс екі мемлекеттің.
Алайда Жәкішевтің кесірінен Ресейдің жоспары күл-талқан болған деседі. Жапондар аяқасты айнып, Кремльдің жобасынан бас тартады, әрі «ҚазАтомды» басқарып отырған Жәкішевпен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлайды.

Ал Жәкішевтің не «бүлдіріп» жатқанынан, қандай келіссөзге қол қойғанынан Назарбаев хабарсыз қалған.  Бар мәселе осында жатуы мүмкін.  

Аз ғана ауытқысақ тақырыптан: 2010 жылы Назарбаевқа Елбасы деген құрметті атақ берілді. «Елдің сеніміне лайықты боламын» деді сол жолы Президент. Анығы, әншейін атақ емес. Иммунитет.

Елбасы дәрежесіне сай елдегі барлық бастамалар алдымен Назарбаевтың алдынан өтіп, келісілуі керек.

 «Жәкішев осы ережені естен шығарды» дейді сарапшылар.  Жәкішевпен жақын араласқандардың дерлігі ол туралы жақсы пікірде.

«Басшы ретінде жұмысына жауаппен қарады. Кәсіби еді. Кемшілігін көрген жоқпыз», – дейді олар.

Ал Петр Своиктың айтуынша, әзір қамауда отырған Мұхтардың жаңсақ басқан тұстары жетерлік.  Соның сазайын тартып тынған, ақыры. «Мұхтар «біз сендерге уран, сендер бізге технология» деген ұстанымда болды. Уран сыртқа ағылды, алайда технологияның жұрнағы да келген жоқ», – дейді ол.  



Жәкішевтен кейін  «ҚазАтомға» Владимир Школьник пен Нұрлан Қаппаров (осыдан үш жыл бұрын 44 жасында кенеттен көз жұмды) жетекшілік етті. 2017 жылы Асқар Жұмағалиев басқарды бұл компанияны, кейін Ғалымжан Пирматовтың қарамағына өтті.
Анығы, бұлардың бір де біреуі алпауыт компанияның тасын өрге домалатар деңгейде болмады. Жәкішев жасаған қыруар жұмыстың инерциясымен ғана ілгерілеп отырды.  

«Әзір осы ілгерілеудің де ізі жоқ. Уран өндірісінің екінші тынысын ашу қажет билікке», – дейді сарапшылар.

Қытай?


«Компанияның 25 пайыз акциясын  Қытайға сатпай тұра, билік бұл келісімнің оң-терісін таразылап алғаны жөн», – дейді Своик.

Неге? Таяқтың екі ұшы бар, өйткені. Иә, Қытай біздің әріптес атанады. Алайда билікке қоғам пікірімен де санасу қажет.

«Қытайға қарсылық күшейіп тұр. Қытайдағы қазақтардың ахуалынан дүйім ел хабардар. Мұндайда бұл елмен қойын-қолтықтасу билік үшін, жүйе үшін қауіпті. Халықтың қаһарына ұшырауы мүмкін. Оның үстіне уран өндірісі Қазақстан үшін стратегиялық сала. Қытайдың кез келген бірлескен жобаны жалмап, жұтып қоятын әдеті барын ескеру керек», – дейді ол.

Ал Досым Сәтпаевтың пікірінше, мұның бәрі жалған үрей. Қытайдың өзгелерге қарағанда бірнеше басымдығы бар деген пікірде ол.
«Қытайдан өзге инвестор тым секемшіл, тым кінәмшіл болуы мүмкін. Мемлекет «ҚазАтомның»  жұмысына орынсыз араласса, Жәкішевтің жағдайындай білген адамын басшылыққа қойса, өзге инвестор бірден ат-тонын ала қашады бұл жобадан. Ал Қытай көп нәрсеге көз жұма қарайды. Өйткені өз еліндегі адам құқығының ахуалы оңып тұрған жоқ.

Бұл біздің билік үшін тиімді әріптес. Мен білсем, дәл қазір Жәкішевтің жағдайы қиын. Дерті күн өткен сайын дендеп барады оның (күні кеше «Азаттық радиосы» Мұхтар Жәкішевтың үшінші топтағы мүгедек болып қалғанын хабарлады, Ред). Билік те бүгін-ертең Мұхтарды абақтыдан босатар түрі жоқ. Өзге инвестор мұны сөз қылуы мүмкін. Ал Қытай жұмған аузын ашпайды.  Иә, Ресей де сондай. Алайда соңғы кездері Астананың Мәскеуден іргесін аулақ сала бастағанын сезіп жүрміз», – дейді Сәтпаев. 

Айтуынша, «ҚазАтомның» акциясын сату мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасының аясында жүзеге аспақ.

Мұндағы мақсат не? Ақша. Ресейге салынған санкция Қазақстан экономикасын да ақсатып кетті. Акцияны сату арқылы билік әзіргі жағдайды аз да болса оңалтудан  үмітті. Бірақ мұндай жағдайда кейбір активтердің су тегінге сатылып кетуі де ғажап емес.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x