«Мұны Қайрат естімесін...». Ерғалиева қайдан қателесті?

Dalanews 21 мам. 2018 11:43 376

Әлеуметтік желіде журналист Гүлжан Ерғалиеваның «Шатылған » деп аталатын посты қызу талқыланғаны баршаға мәлім. Халық сынынан кейін Гүлекең әлгі жазбасын өшіріп тастауға мәжбүр болды деп хабарлайды DalaNews.kz.

 

Гүлжан шулы жазбасын өшіргеннен кейін  «бізде халық шындықты айтсаң осылай жазғырады» деп ренжіпті.

 

Орынсыз ой

Кезінде журналының жарнамасын жасау үшін тырдай жалаңаш шешініп, жұрт алдына шыққан апамыздың соңғы жазбасынан әлеуметтік желіге нені жазып, нені жазбау керегін әлі түсінбегенін байқадық.

Шулы жазбаны мазмұны төмендегідей. Апамыз бір жерге бару үшін такси ұстап, бір орыстың таза, жайлы мәшинесімен ырғалып-жырғалып діттеген жеріне жетіп алыпты. Ал қайтарда бір қазақтың іші лас, Қайрат Нұртастың әнін «бақыртып» қойған көлікпен үйіне әрең жетіпті.

Апамыз қазақ таксистің ештеңе оқымағанын, ештеңеге қызықпайтынын, Димаш Құдайберген жайында мүлде білмейтінін байқапты (апа, сенімді болуыңыз үшін сұрай салуыңыз керек еді).

Тіпті,ештеңе ойламайтын қазақ таксистің «қазақтар орыстарды тұншықтыруы керек» деп ойлайтынын аңдап қалыпты. Осылайша апамыз жол бойы көкейге түйген ойларын үйіне келген соң, Фейсбукқа төпелетіп жазып тастаған ғой.



 

Ерғалиева қазақтар жайында не ойлайды?

Ерғалиева осы посты жазғанда ауылдан шыққан қазақтар (Гүлекеңе қатысы жоқ адамдар) ренжиді-ау деп неге ойламады?

Демек Ерғалиева ойланбайтын саясаткер болды ғой. Сонда оның билікті сынап, халықтың сойылын соғып жүргенінің бәрі бекер болғаны ма?

Гүлжан апамның қазақ таксисттің неліктен мұндай күйге түскенін білмеді деп айтуға ауызың бармайды. Егер шынымен білмесе,айтайық.

Тәуелсіздік алғалы бері билік басындағы орыстілділер ауылдың жайын ойламай, жұмыссыздық белең алып, күнін көре алмаған ауыл халқының біразы қалаға келіп тіршілік етуге мәжбүр болды. Өз бетінше күнелткен жұрттың ескі көлігімен қалаға келіп таксист болудан басқа амалы қалды ма? Қалған жоқ. Мұны оппозицияшыл журналист Гүлжан апам білмейді дегенге өз басымыз сене алмаймыз.

Осы бір жазбадан-ақ, Ерғалиеваның халық үшін, қазақ тілі үшін жаны ауырмайтын, ойыншық оппозиционер екенін байқағандай болдық. Тіпті, мына жазбасынан кейін апамызды оппозиционер дегеннен гөрі «саяси саудагер» деп атаған дұрыс па деп қалдық.

Қазір Астана мен Алматының көшелерінде қу тіршіліктің қамымен жүрген ауылдан келген таксисттерді көптеп кездестіруге болады. Пәтер жалдап, бала-шағаны қалай асыраймын деп жүрген ауыл қазағының жол бойында қол көтеріп, көлігіне мінген Ергалиеваға «қандай музыка тыңдайсыз» деп сызылып тұратын жайы бар ма? Әрине жоқ.

Егер орыс таксист «музыка қосайын ба?» деп сыпайлық танытса, оның жағдайы жақсы болғаны... Үрім-бұтағымен осы Алматыда тұратын адамды жағдайы жоқ деп ешкім айта алмасы анық. Алматыдағы орыстардың баспана деген бәлемен бас ауыртпағанын бәріміз білеміз. Төрт құбыласы түгел. Жұмысы бар.

 

 

Мәдениеттің өлшемі...

Ал Гүлжан апамыздың тұрмыс тауқыметін тартып жүрген қазақ таксистен жоғары мәдениетті талап ететіндей қандай моральдық қақысы бар? Ешқандай қақысы жоқ. Аңқау ауыл қазағының мәдениеті кемшін түсіп жатса, оған билік, қала берді өз қазағына жылы қабақ танытпайтын тасбауыр орыстілді қазақтар кінәлі.

Айтпақшы, апамыз өз жазбасында «Қайрат Нұртастың әнін бақыртып қойыпты» деп кекегені жанымызға батты.

Қайрат Нұртасты Ерғалиева тыңдамайды екен деп барша қазақ  сіздің талғамыңғыз бойынша ән тыңдауы керек пе?

Құрметті Гүлжан апа, біліп қойыңыз, қазақ тілінде ән салып, қалың қазақтың қошеметіне бөлінген Қайрат Нұртас деген балаңыз қазақтың шоу-бизнесін дамытып жүрген майталман әншілердің бірі. Сондықтан өзін мәдениетті санайтын қазақтар Қайрат Нұртасты тыңдайды.

Керісінше «Қайрат Нұртасты бақыртып қойыпты» деп өзіңіздің қазіргі қазақтың музыка мәдениетінен хабарыңыз жоқ екеніңізді байқатып қойдыңыз.

Сонымен қатар әлгі ештеңеге қызықпайтын таксистің Димаш Құдайбергенді білмейтінін үлкен кемшілік ретінде айтыпсыз. Иә, Димаш үлкен талант иесі. Оны музыкалық білімі бар мамандар күнделікті тыңдауы мүмкін.

Ал қарапайым адамның Димашты күнделікті тыңдамайтыны анық. Гүлжан апа, сізге салса Алматының таксистерінің бәріне ақ жейде мен қара фрак кигізіп, Димаштың әнін әуелетіп әрбір клиенттің алдында мүнәйім болғанын қалайсыз-ау.

Апа-ау, оны Қазақстанның жағдайы көтере ме? Оны өзіңіз айтарсыз.Ойыңызға келген осы бір ойды ұсыныс хат ретінде жоғарыға жазбадыңыз ба?

Енді самайыңызды қырау шалғанда ойланбай пост жазып, жазбаңызды Фейсбуктан қайта өшіріп, бес жасар баланың деңгейіне түсіп отырсыз. Әлде билікпен күресіп кәртейдіңіз бе, апа?!

 

 Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист

https://dalanews.kz/8927

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x