Back
| DalaNews

Олар Аяз бидің өсиетін ұмытты

Марқұм Заманбек Нұрқаділовтің осыдан шамасы 10 жыл бұрынғы сұхбаты әлі де ескірмепті. Әлі де өзекті екен. Өзгермепті біздің ел. 

Нұрқаділов былай депті:

— Адамды сынағың келсе, билік бер деуші еді. Сынақтан өтпеген, болмысын билік бұзған адамдар көп. Билікті көтере алмаған олар адам танымастай өзгерген.

Мен бе? Билік мені бұзған емес, ешқашан. Бұза да алмайды. Иә, талай оқиғаның куәгері болдым. Мемлекеттік маңызы бар талай шешімдерге ықпал еткенім де рас. Бұра тартқан, қателескен кездерім болды. Ешқашан биліктің жалына жармасқан емеспін, бірақ.

Мені билікшіл, креслошыл, тым сұсты, тым тәкаппар деп санайтындар бар. Танымағасын солай ойлайды. Солай пайымдайды.

Бұл өмірдегі бір ақиқат, қолыңа билік берілсе дұрыс пайдалануға тырыс, игі мақсатқа жұмсауға ұмтыл. Мәңгілік ештеңе жоқ, өйткені. Билік те мәңгілік емес.

Құйрығы креслоға жабысып туған пенде жоқ, бұл жалғанда. Креслоның сусымалы екенін ұмытпаған жөн.

Қолына билік тисе жалғанды жалпағынан басқысы келетіндер көп-ақ, соған қарамай. Құдды, құдірет қонғандай сезінеді өзін.

Алжасқанның, адасқанның белгісі бұл. Адамдықтан айнығанның көрінісі. Адам деген атын жоғалтқан, адам қалпынан ажырап қалғандар қаншама арамызда…

Түптеп келгенде сенің де шегің бар, Тәңір белгілеп берген. Бұдан асып қайда барасың, айтшы?

Қолыңа берілген билікті асыра пайдалансаң, осы шектең шыққаның. Тәңір белгілеп берген сызықтан асқаның. Талқаның таусылған күні алдыңнан шығады…

 Билікке келген адам бұл жерге неге отырғанын, не мақсатпен келгенін, қандай іс атқарарын күні бұрын білсе, мұндай адамнан қайыр болады.

Билікке келген адам қызметін қу құлқынның қамына, жұрттың ақшасын жеуге, жұлмалауға жұмсаса түптің-түбі оңбайды. Сазайын алады. Азабын тартады.

Мұндайлар әйгілі Аяз бидің өсиетін ұмытқан.

«Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл».

Өміріме ризамын. Ешкімге өкпем жоқ. Қателессем, алдымен өзіме үңілем. «Дұрыс істедім бе, дұрыс шешім қабылдадым ба?» деп…

Алматының әкімі болдым. Сүйкімсіз жұмыс еді. Қызметтен кеткесін пәтерсіз қалдым.

Қала сыртындағы дачімізге барып тұрдық. Мақпалдың үйіне көшіп бармасым белгілі еді. Жаңа үй салдым. Болды. Менің шегім осы. Бұдан артықтың керегі жоқ . Үйім бар, өмірім бар. Отбасым бар.

Өзімнің қарапайым ғана адам екенімді түсіндім. Қанағат. Керегі осы екен.

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ