«Назарбаев кеткен күні...». Досым Сәтпаев билік ауысқанда не болатынын айтты

Dalanews 19 сәу. 2018 06:05 205

Досым Сәтпаев бүй депті: «Төрт жылды толды бұл одақтың құрылғанына. Опа тапқанымыз шамалы. Ресей ауруынан да, әдетінен де айырылмады. Аға болғысы келеді. Айтқаныммен жүрсе екен дейді. «Еуразиялық одақтан» еш пайда болмасы әуелден белгілі еді...».

Орыстілді сайттардың біріне сұхбат берген саясаттанушы бұдан өзге де өзекті мәселелерді сөз еткен екен. Сала құлаш мақаланы барынша ықшамдаған түріміз бұл.

Сонымен, Сәтпаев не дейді?

Әуелде...


Еуразиялық одақ әуелде экономикалық бірлестік еді. Одақты саясиландырған, саясиландырып отырған жалғыз ел – Ресей. Кремльдің әу бастағы мақсаты тым күдікті-тін. Кедендік Одақты білесіздер ғой. Бұған бас кезінен бастап қарсылық таныттым.

Ресей үшін бұл тектес жобалардың бәрі геосаяси мазмұнға ие. Украинамен де сол үшін араздасты. Украина Кедендік одаққа кіруден бас тартқан-тұғын, білесіздер. Кремльдің жоспарын бұзды осылайша. Дәл қазір бір ғана даусыз дүние бар: Батыс пен Ресейдің арасындағы айқас асқына түседі. Санкцияның алапаты әлі алда.

Бұл ненің белгісі? Ресейді оқшаулатып тынбақ. «Изгой» мемлекетке айналдырмақ.

Біз қандаймыз? Біз мүлде бөлекпіз. Ашықпыз.
«Изгой» мемлекет бізді өз иіріміне тартпақ болады.

Күн кеше Путиннің көмекшісі Владислав Сурков айтты: «Ресейді жүз (бәлкім екі жүз, үш жүз) жылдық жалғыздық күтіп тұр» деп...

Сурковтың сөзі Ресейдің екі одақтасы ғана бар. Ол – әскер және флот дегенге саяды. Кремль «геосаяси жалғыздықты» жалғыз өзі өткермек ойы жоқ. Бізді де ілестіре кетпек. Одақдастары не ойлайтыны оған маңызды емес.

Содан шығар біздің елдің АҚШ азаматтарына арнап визасыз жүйе енгізгенін Ресей ауыр қабылдады. Біздің ойымызда дәнеңе жоқ еді. Осы арқылы инвестиция әкелуді көздеген едік өз елімізге.
Сөздің қысқасы, Ресейдің тынысы тарылған қазіргі тұста Еуразиялық одақтың пайдасынан бұрын, кеселі көп екенін ескеру керекпіз.

Еуразиялық одақ сапасыз кір жуғыш ұнтақ сияқты. Көпіршігі көп, нәтижесі нөл.

 

Ресей де біз сияқты


Еуразиялық одақтың абырой-беделіне кір келтірген Ресейдің өзі. Одақтастарымен санаспайтын, санасқысы келмейтін саясат Қазақстан мен Беларустің саяси-экономикалық мүдделерін күл-талқан етті.

Мәскеудің мақсаты ешқандай экономика емес. Өзінің айтқанына көніп, айдауына жүретін елдерді қоластына қосу. Төрт жыл өтті. Не өзгерді? Не орындалды? Одақ аясындағы өлі туған жобаларды санамаласақ он саусақ он қайтара бүгіледі екен. Айтқанымыз айдай келді, демек.

Ресейден үйренер жеріміз болса, бір басқа.

Ресей де біз сияқты. Шикізатқа тәуелді.

Ресей де біз сияқты. Жемқор мемлекет.
Ресейден үйренер түгіміз жоқ. Біз инновациялық тұрғыдан көш соңында қалған, әскери-өндірістік кешенінен басқа түгі жоқ аутсайдер мемлекеттің одақтасымыз.

Қазақстандық кәсіпкерлер Ресей нарығына кіре алмады. Кіргізген жоқ. Күлді. Кедергіні қолдан құрастырды. Әсіресе, арақ-шарапқа келгенде...

Кремльдің амалы жоқ. Әзіргі ахуал Ресейді өз нарығын, өз өндірушісін қорғауға мәжбүрлеуде.

Таразылай айтқанда екі елдің арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс тең емес. Біз ұтылдық.

Лағу


Ресей сондай. Батыспен араздасты екен. Оған одақтастарын араластырып, арандатқысы келеді. Ресейлік БАҚ-ты оқыңыз. Қазақстанға деген өкпесі қара қазандай. «Ресейді бәлен жерде, түген жерде қолдамады, қалыс қалды» дейді. Қазақстан латынға көшіп еді тіпті лақты: «бұлар орыс әлемін тастап барады, тағы да сатқындық жасады...»  десті.

Біз тәуелсіз мемлекет емеспіз бе? Ресей мұны біле ме өзі? Біз ғана емес, өзге де одақтастары егемендік алғанынан хабардар ма?
Ресейдің ауруы 2014 жылдан кейін асқына түсті. Біз мұны білдік. Бәрібір қосылдық осы одаққа...

Қазақстанның қателігі: жүзіп үйренбей жатып, суға секіріп кетті. Соның сорын тартып отырмыз. Рубль құлдыраса, айдаладағы АҚШ санкция енгізсе салдарын біз сеземіз.

Неге? Себебі, ойлаған жоқпыз бұлай болады деп. Өз-өзімізге қақпан құрдық. Бұдан шығу қиын.

Ешкім бізді жан алқымнан алған жоқ, маңдайымызға тапанша да тақамады...

Ол


Назарбаев кеткенде соңына қандай мұра қалдырады?

Ол Қазақстанды экономикалық тұрғыдан өлі, саяси тұрғыдан қауіпті ұйымға кіргізіп кетті.  

Еуразиялық одақты Назарбаев идеясы, Назарбаевтың саяси мұрасы дейді. Путинге керегі де осы. Отқа май тамызып отыр ол. Одақтың көлеңкелі тұстарын осы арқылы көлегейлемекші.
Назарбаевтың төңірегі одаққа қатысты шындықты президентке өлсе де айтпайды. Айта алмайды. Содан да шығар президентке одақтың зиянынан, пайдасы көп боп көрінетіні.

Егер ертең Қазақстан Еуразиялық одақ аясындағы бірқатар шарттарға өзгеріс енгізуді талап етсе, Ресей бұған қарсы шығады. Себебі, одақтың қазіргі құжаты түгелдей Ресейдің ұлттың мүддесін ескеріп жасалған.

Одақтан шыққымыз келсе тағы да бәлеге қаламыз. Ресей мұны жаугершілікке балайтын болады. Бір кездері Украинаны да сөйткен олар...

Ресей билігінің бүгінгі болмысы: «бізбен бірге болмасаң, дұшпансың» дегенге сайып тұр.

Одақтан шығатынымызды айттық екен, ертесіне-ақ ресейлік ақпарат құралдары дүр көтеріледі.

Алдымен саяси тұлғалары төбе көрсетеді.  Сөйлейді. Сынайды.
 «Қазақстан сатқындық жасады, екі елдің арасындағы сыпайы байланысқа сына қақты. Орыс әлемінен оқшауланбақ ойы бар. Билікте Кремльге қарсы күштер отыр.  Мемлекетті басқа бағытта қарай бұрып тынбақ...» дейді олар.

Тоқ етерін айтсақ, Украинаға қарсы тәсілді қолданады.  Мұның еш қиындығы жоқ. Ресей кез-келген уақытта Қазақстанға қарсы ақпараттық айқасқа шығуға әзір.

Қазақтар


Қазақстанның бұл ұйымға кіруінің өзі  Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымын аңғартып отыр.

Алайда ертеңгі күні Назарбаевтың орнына келген президент ол салған жолмен жүре ме? Еуразиялық одаққа дәл Назарбаев қарағандай қарай ма?

Күндердің күні ойын ережесі өзгереді. 
Назарбаевтың орнына кім келсе де, ол этникалық құрамы қазіргіден бөлек  қоғаммен санасуға мәжбүр болады. Қазір халықтың 60 пайыздан астамы қазақтар.

Ұлт-патриоттарының идеялары күн өткен сайын үлкен қолдауға ие болмақ. Мұндай жағдайда Ресеймен арадағы байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып қайта қарауға тура келеді.

Еуразиялық одақтың нендей, қандай түйсікпен құрылған одақ екенін түсінгендердің саны көбейе түседі. Жалпақ жұрттың қысымы күшейеді. Сол кездегі жаңа билік қандай шешім қабылдамақ?..

Назарбаевтың мұрагері осындай мәселемен бетпе-бет келмек. Бұл дағдарыс. Бұл дау. Патриарх кеткесін бұл бәрібір шығады.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x