Бапи: "Транзиттік кезең таяп қалды"

Dalanews 17 сәу. 2018 06:43 316

Қазір, алаң арқылы радикалды түрде билікке қарсы жұмылу мүмкін емес. Брюссельдегі Форумның негізгі тақырыбы осы болды.  Елдегі биліктің қайнар көзі халық дейміз ғой. Халықтың мүмкіндігі шектеулі екендігіне көзіміз жетті.

Мемлекеттік машиналардың барлық тетіктерін қосып,  жапырып, жаншитындай алдын ала ұран көтерген белсенділік емес. Бұл – Брюссельге барамыз, сол жақта жүрген, Қазақстанға келіп, кіре алмайтын азаматтармен бірігіп, бас қосып, «Жаңа Қазақстан» деген мәселені талқылаймыз деген сөз.

Ал, «ол билікпен келісілген», «биліктің рұқсатымен» деген сөздің барлығы тап таза – былжырақ. Ешқандай да келісім болған жоқ.
Егер билікпен келісілген дүние болатұғын болса – мен оған бірінші кезекте қатыспайтын едім.

Себебі – Қазақстанның билігімен бірігіп саяси ойын ойнауға болмайды. Ол шахмат тақтасына  сенімен бірге отырады да, ұтылып бара жатса, үстелдің  астында тұрған бейсбол битасын алады да төбеңнен ұрады. Сондықтан, бұл билікпен келісіп, ымыраласып жұмыс істеу мүмкін емес.  Иә, қоғамды өзгерту жөнінде ымыраласуға болатын шығар.

Ал енді әлі басталмай жатқан, әлі мән-мазмұны белгісіз, талқыланбаған тақырыпты «бұлар билікпен ымыраласып осылай істеп жатыр деген сөз» басы артық сөз, біріншіден.

Екіншіден, Брюссель форуымын өткізген азаматтардың контингентін қарасаң, ондай топтың басын біріктіріп, біздің билік осындай саяси сапарға жібермес те еді. Оның ішіне, құрып кеткенде 4-5 өзінің «ләпбай тақсыр» боп жүрген, «Қазақстан қозғалыстарының алянсы» деген сияқты ұйымдарды қосып, солардың өкілдерін жіберетін еді.
  Қарап отырсақ, барғандардың ішінде билікпен етене жақындасып жүрген ешкім жоқ.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, транзиттік кезең таяп қалды. Мұның артында қазақ ұлтының тағдыры, мемлекеттің тағдыры тұр. Себебі, геосаяси жағдайды қарап отырсақ, анау шығыстағы Қытай, солтүстіктегі Ресей, оңтүстіктегі исламдық терроризм секілді қауіптің төніп келе жатқаны рас.  Мұндай жағдайда біз қазақ қоғамын тұтас мемлекет ретінде сақтаудың кез келген жолын бірігіп ойластыруымыз керек.

Бұл жерде, «ол топтың ішінде анау бар екен, мынау бар екен» деген әңгімені қолдамаймын. Тіпті, биліктің өзі шақырып ап, осындай әңгеме айтып жатса, мен оған да қатысамын. Бұл да талпыныс. Оны да тыңдап көремін. Ол ойын ба, әлде шын көңілден шыққан, қоғамның, Қазақстанның болашағына деген мүддеден туған тақырып па?
Демократиялық оппозицияның ішінде алауыздық болуы – болашақтың мүддесіне қайшы.

Сондықтан, біз жаңа құрылып жатқан «Жаңа Қазақстан» болсын, тағы да басқа ұйым болсын, ең бастысы қоғамға азаматтық мүдделілікпен қай-қайсысымен де жұмыс істеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде жаңағыдай бос сөздерді мен қолдамаймын.

Менің көзқарасым мынау: елдегі  билік транзиті қыр астынан тақап қалғанда бір бірімізбен, «сен ақсың, сен қарасың» деп отыруымыз дұрыс емес. Ал осындай азаматтардың бастарын біріктірмеудің саяси технологиясын Қазақстан билігі 2000-жылдардан бері әбден игеріп алған. Бұл өзара іріткі салу деген бұрыннан бар технология. Осындай  әрекеттер әлі де жалғаса береді.

Қазіргі Қазақстан қоғамының марғау жағдайында, қалғып жатқан қазақты тепкілеп тұрғызып алып, алаңға бар дейтін жағдай ескірген. Ол процесс жүзеге аспайды. Оған әбден көзіміз жетті.  

Осыған дейін талай үндеу айтылып, жұртты алаңға шақырдық. Кім ерді? Ергендері ары кетсе, 100 мың шығар, және оларға ерген тағы 100 мың. Ол 200 мың адамның тең жартысы алаңға шығатын жағдайда емес еді. Тіпті, таным өресі, түйсігі төмен жағдайда болды.
Мейлі, өресі жетті деген күнінң өзінде олардың азаматтық ұстанымдары, батылдығы, елге қоғамға деген іс қимыл әрекетімен сай емес еді.

Осының барлығы бүгін пісіп жетіліп, осындай форум құруға әкелді.  Менің айтпағым, жалғыз бұл ғана емес, басқа азаматтар да қарап жатпасын. Олар құрған ұйымның контексті біздің демократиялық, халықтық билік қалыптастыруға деген ынта-жігерімізге сай келетін болса, мен оған да қатысамын.

Бұ жерде, менің жеке басым, «Жаңа Қазақстанға кіріп алдым, ешқайда шықпаймын, осында омалып отырамын» деген сөз емес. Егер ертең Қазақстанда жаңа партия құрылып, ол шынында қоғамды өзгертуге бет алған, «Нұр Отанға» алтернатива бола алатындай партия болатын болса, мен оған да қосыламын.

Ермұрат БАПИ, тәуелсіз журналист


Дереккөз: abai.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x