«Шеврон» компаниясының Қазақстанға келгеніне 25 жыл

Dalanews 12 мам. 2018 04:55 218

 Естеріңізде ме, былтыр «Шеврон» компаниясының басшылығын қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан «Шеврон» компаниясымен ерекше қарым-қатынас орнатты. Біз ширек ғасырдан астам уақыттан бері бірге жұмыс жасап келеміз. Атқарған жұмыстарыңыз үшін Сіздерге алғыстан басқа айтарым жоқ» деген.



«Шевронның» Қазақстанға келгеніне биыл 25 жыл толды. Бүтін бір буын ер жетті осы уақытта. Ел қатарына қосылды.

 «Шеврон» Қазақстанның шынайы әріптесіне айналды осы уақытта. Қазақстандағы экономикадан мәдениетке дейінгі жүздеген, мыңдаған жобаларға шынайы демеуші болды.


Алғашқы аяқ алыс 


Күллі адамзаттың өсіп-өркендеуіне қажетті энергияны бір ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз өндіріп келе жатқан компанияның Қазақстанға келу тарихы 1993 жылдан басталады.

Иә, бұл алғашқы аяқ алыс еді.

Дәл осы жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында Теңіз кенішін игеру бойынша бірлескен Қазақстан-Америка кәсіпорнының құрылуы жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен американдық «Шеврон» мұнай корпорациясының сол кездегі басшысы Кеннет Дерр 40 жылға созылатын келісімге қол қойды. Құрылған бірлескен кәсіпорын «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» деген атқа ие болды.

1997 жыл да Қазақстанның мұнай-газ тарихындағы ерекше кезеңнің бірі. Дәл осы жылы Теңізде алғашқы ірі мұнай кешенін жаңарту аяқталып,  «Тар жерлерді кеңейту» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба жылдық мұнай өндіру көлемін 7 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

 Дәл осы жылы өндірістік қуатты одан әрі арттыру бойынша «Бесінші желі» және «Бағдарлама-12» жобалары жүзеге асты. 2001 жылы мұнай өндіру көлемі 12 миллион тоннаға өсті.

Ал араға 11 жыл салып, 2008 жылдың жазында «Шеврон» Екінші буын зауытын іске қосты.

Шараға Назарбаев қатысты.
«Екінші буын зауыты  –  ең ірі инновациялық жобалардың бірі. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны расында да, еліміздің мұнай-газ саласындағы корпоративтік көшбасшы болып табылады. Бағасы 7 млрд.АҚШ долларын құрайтын осы жоба қазіргі таңда ТМД елдеріндегі ең ірі жоба болып табылады. Оның қуаты Қазақстанға жылына 25 млн. тонна мұнай өндіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жоғары технологиялық жабдықты қолдану ауаға зиянды заттар шығарындылар көлемін азайтуға ықпал етті», – деген еді сол жолы Мемлекет басшысы.



 

5 құндылық 


«Шевронның» өзгелерге ұқсамайтын бір қыры  болса, ол – оның жұмыс жүргізу мәдениетінде. «Шеврон» осы мәдениетті құндылыққа айналдыра алды.

Көз жеткізген бір жайт – «Шеврон» заңды құрметтейді, қол астындағы қызметкердің құқықтарын таптамайды әрі өзі жұмыс істейтін елдегі халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуға күш салады.

Бұл арада біз компания ұстанымдарының бір парасын ғана айттық.

Нәтижеге әділ, таза, дұрыс жолмен қол жеткізу корпорацияның басы принципі.

Оның атауы да бар. «Шеврон жолы». Бағдарламаның өзегінде нақты мақсат жатыр, біз білсек.
Бұл – әлемдегі жетекші энергетикалық компания болу, ұжымның кәсіби деңгейін ұдайы арттыру, ынтымақтастық, және өндірістің жоғары көрсеткіштері арқасында баршаның ықыласына бөлену.

Былай қарасаңыз, қарапайым ғана қағидалар. Осының өзінен-ақ компанияның қандай екенін, неге сенетінін әрі болашаққа деген жоспары жасалып қойғанын аңғаруға болады.

«Біз адамның өмірін жақсартып, әлемнің дамуына үлес қосатын энергияны өндіреміз», – дейді Шеврон.

Ілгеріде айттық, «Шевронның» өз құндылықтары бар деп. Ол қандай құндылықтар? Біз ол туралы не білеміз? 

Солардың бірқатарын мысалға келтірелік.



 

 «Шеврон» былай дейді:

Бірінші. Біз – өзгеше ойлауға еркіндік береміз

Біз қызмет атқаратын елдердің мәдени ерекшеліктерін ескереміз және соның негізінде танымымызды кеңейтеміз. Біз үшін жеке тұлғаның бірегейлігі маңызды. Біз идеяларды бағалаймыз.

Екінші. Біз ұдайы дамуды көздейміз 
Иә,  солай. Біз үшін өз-өзімізді тұрақты түрде дамыту басты мақсат. Сөзіміз бен ісіміз үшін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Сыннан өткен тәсілдерді нысаналы мақсатына сай қолданамыз.

Үшінші. Біз өзімізге де, өзгелерге де адалмыз

Әріптестер мен серіктестеріміздің сеніміне ие болу үшін жұмысымызды ең жоғары этикалық стандарттармен атқарамыз.

Төртінші. Біз серіктесімізді сыйлаймыз

Серіктестермен арада сенімді әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бет бұрамыз. Біздің жетістіктеріміз серіктестеріміздің жетістіктеріне негізделген.

Бесінші. Біз үшін адам өмірі бәрінен қымбат

Қызметкеріміздің қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау біз үшін аса маңызды іс. Ауыр оқиғалардың алдын-алуға назар аударып, қызметімізді әлемдегі ең жоғары стандарттар деңгейінде атқарамыз.

 

Ал экономика ше? 


Иә, Шеврон солай дейді. Ширек ғасыр бойына Қазақстанмен қойын-қолтықтасып жұмыс істеп келе жатқан компания осы уақытқа дейін елдің экономикасына қыруар инвестиция құйды. Бірақ  құр сөзден не пайда? Нақты дәлел келтірген жөн шығар.

 Сонымен...

1993 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Шеврон Қазақстанға 125 миллиард доллардан астам қаржы  құйыпты.  Аз ба? Аз деп айтуға аузымыз бармайды.

1993 жылдан бастап осы күнге дейін ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард  долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланған екен.
Бүгінгі таңда ТШО-да еңбек ететін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 80 пайыздан асып жығылған (1993 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған-тұғын).

Алдағы жылдары бұл көрсеткіш өсе түспесе, төмендемейді. Жергілікті мамандар кейбіреу ойлағандай Шевронның «қара жұмысында» жүрген жоқ. Әзір ТШО-дағы қазақстандық мамандар жалпы басшылық құрамның 67 пайызын құрайды. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаның нәтижесінде жауапты қызметке тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары артып келеді.

Бір ғана дәлел. Бір ғана былтырғы жылы 156 қазақстандық қызметкер басшылық, жауапты және маңызды техникалық қызметтегі шетелдік қызметкерлерді алмастырған.



Бір ғана былтырғы жылы ТШО Қазақстанда жасалған тауарлар мен қызмет түрлерін пайдалануға 2,5 миллиард доллары шамасында қаржы бөлсе, оның 1,1 миллиард АҚШ долларынан астамы ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында жұмсалыпты.
«Шевронның» шарапаты тек мұнымен шектеліп отырған жоқ.

Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) аясында 30 мыңнан қазақстандық жұмысқа тартылыпты. Қазіргі күні бұл жобада жұмысшылардың 92 пайызы өз мамандарымыз.

«Шеврон» компаниясының полиэтилен құбыр және құбыр арматурасы зауыттарында барлық басшылар мен жұмыскерлер Қазақстан азаматтары. Зауытта жергілікті жұмыскерлерге 205 жұмыс орны бар, соның ішінде 120 тұрақты жұмыс орны.

Былайша айтқанда, Шеврон Қазақстандағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге үлкен мөлшерде үлес қосуда.

 

Тек бұл ғана ма?

Шевронның шарапаты тек мұнымен шектеліп отырған жоқ, әрине. Компанияның әлеуметтік жобалары тағы бір мақалаға арқау болады, анығында.

1993 жылдан беріге дейін ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,4 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған екен.
Қазақстанға келген алғашқы күндерден бастап «Шеврон» әлеуметтік жобаларды жандандыруды қолға алды.

Бұлардың алғашқысы «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасы-тұғын.

1993-1998 жылдың аралығында жүзеге асырылған бұл жобаның бюджеті 50 млн. долларды құраған.

Аталған қаражатқа Атырауда  қалалық қазандыққа дейін автоматтандырылды. Қаланың іргесіндегі ауыл-аймақтарды газбен қамтуға жеткілікті қуаты бар табиғи газ құбырының құрылысы жүргізілді.

«Атырау Бонус Қоры» бағдарламасы аясында нан зауыты салынды.  Атырау облыстық ауруханасын жөндеу және қайта жарақтандыру жұмыстары жасалды. Құлсарыда жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы, ал Атырау қаласында жаңа медициналық аппараттармен жабдықталған диагностикалық орталық салынды.
Анығы, бұл бағдарлама «Шевронның» әлеуметтік саладағы алғашқы жобаларының бірі еді.

Бұдан кейінгі 1999 жылы әзірленген «Игілік» бағдарламасы әлі бар.

Бір ғана былтырғы жылы «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасына компания 25 млн. доллар аударған екен.

Осыншама қаражаттың негізгі үлесі Атырау өңіріндегі балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалған.

Бірі ғана былтырғы жылы Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларын қолдауға ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы есебінен 1 миллион доллары шамасында қаржы бөлінген. 

Жалпы айтқанда, жылдық бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағдарламасы аясында 110-нан астам әлеуметтік маңызға ие инфрақұрылым нысандары салынып, дәрігерлер, мұғалімдер және техникалық мамандар үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылыпты.
«Игілік» бағдарламасының жылдық бюджеті жыл сайын өсіп келеді.

«Шеврон» білім саласына да едәуір ықпал етті. Осыдан 5 жыл бұрын компанияның мұрындық болуымен Қазақстан-Британ техникалық универститетінің (ҚБТУ) жанынан алғашқы рет Қазақстан Теңіз Академиясы құрылды. Акамедияның алғашқы түлектері қазіргі күні теңіз тасымалы саласында тер төгіп жүр.

Картинки по запросу программа игилик

 

Осылайша «Шеврон» Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан азаматтарын дәстүрлі мұнайгаз секторынан тыс жерлерге жұмысқа тұрғызу мақсатындағы тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындады.
Экономиканы және шағын және орта бизнесті дамыту да «Шеврон» компаниясының дүниежүзілік инвестициялық қызметінің ең маңызды бөлігі болып табылады.  

«Шеврон» Қазақстанның Қолөнершілер Одағымен тығыз қарым-қатынасын жалғастырып келеді және мыңдаған қолөнершілерге бизнесті дамытуға және дизайн жағынан көмектеседі.  Нәтижесінде, қолөнер бұйымдарының сапасы жоғарылап, нарық кеңейіп, шеберлердің ақпарат алмасу өрісі артты.  

Екі жыл бойы «Шеврон» және Қазақстандағы Британдық кеңес бірігіп, 17-19 жас аралығындағы жастардың бәсекелесті еңбек нарығында жұмысқа тұру қабілетін арттыруға бағытталған жаңа жобаны жүргізіп келеді.
Мұның бәрі еңбек. Еңбектің еленбеуі мүмкін емес. Ел көріп отыр. Шарапатын сезініп отыр.

2011 жылы «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі «Парыз» республикалық байқауында Гран-при сыйлығына ие болды.

 

Экология ескеріле ме?


«Шеврон» қоршаған ортаны қорғауда қаншалықты белсенді? Экология талаптары қаншалықты сақталады, қаншалықты ескеріледі?

«Теңізшевройл» ЖШС-ы Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының директоры Мик Крейли газетімізге берген сұхбатында осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып берген.
«Қоршаған ортаны қорғауда біз «Шеврон» корпорациясының стандарттарын ұстанамыз. Оларға «Шеврон» компаниясының экология, технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді бағыттар бойынша өндірістегі жетекші көрсеткіштерді қамтамасыз ету жұмыстары кіреді.

2000 жылдан бері ТШО газды алауда жағуды 84%-ға қысқартты, ал газды кәдеге жаратуды 98%-ға арттырды, бұл жетістікке саламыздағы қауымдастықтар жоғарғы баға беріп отыр», – деген еді Крейли.

Крейлидің сөзін толықтыра кетелік. 2000 жылдан бері экологиялық ықпалды азайтуға барлығы 3 миллиард доллар бағытталыпты.

 Жыл сайынғы шикі мұнай өндіру көлемі 2,5 есе артқанымен, ТШО-ның капиталдық бағдарламалары мен қондырғылардың сенімді жұмыс істеуінің арқасында мұнайдың бір тоннасына шаққандағы ауа шығарындылары 2000 жылдан бері 71 пайызға азайған. 

Ал былтырғы жылы өндірістік базаның пайдалану және техникалық қызмет көрсету учаскесінде жаңа зертхана ашылды. 
Зертхана ТШО-ның экологиялық мониторинг бағдарламасы шеңберінде қоршаған ортаның ахуалы туралы сапалы мәліметтер алу үшін сынама алу және талдау жұмыстарын қолдау мақсатында құрылған.

«Адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау – біздің компанияның негізгі құндылықтарының бірі», – дейді бұл ретте Шеврон.

 

Келешек кеңею жобасы 


«Теңізшевройл» компаниясы Келешек кеңею жобасының негізгі идеясы неде?

Осыған орай біздің басылымға сұхбат берген тағы сол «Теңізшевройл» ЖШС-ы Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының директоры Мик Крейлидің сөзі ойымызға оралып отыр.



«ККЖ-ҰЕҚБЖ (Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы) –  Теңіз кен орнындағы қолданыстағы зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бір мезгілде жүзеге асырылатын біріккен жоба.
Бұл жоба Теңіз кенішінің жылдық мұнай өндірісі көлемін шамамен 12 млн тоннаға арттырып, жалпы мұнай өндірісі көлемін 39 млн тоннаға дейін жеткізеді деп үміттеніп отырмыз. Бұл Қазақстан экономикасына да зор серпін әкелетін дүние болмақ.

Ал жұмыс күшіне қатысты алаңдамаңыздар. Қазірде 20 мыңнан астам Қазақстан азаматтары ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының ел ішінде орналасқан өндіріс алаңдары мен жұмыс орындарында қызмет етіп жатыр, бұл дегеніміз – жобаның Қазақстандағы жалпы жұмыс күшінің 92 пайызы», – деген еді Крейли.

Жасырары жоқ, «Шеврон» Теңіз кен орнын одан әрі кеңейтуден үлкен үміт күтіп отыр. Біз білсек, мұндағы алғашқы мұнай 2022 жылы өндіріледі деп күтілуде.

Екінші сауал: Бұл жоба Қазақстан экономикасына қаншалықты пайда әкелуі мүмкін?
«Шеврон» басшылығының айтуынша ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының Қазақстан экономикасына әкелетін пайдасы зор.

«Атап айтқанда, – дейді «Шеврон».... 

  1. Құрылыс және жасап шығару жұмыстарының қызған шағында шамамен 20 000 жұмыс орны ашылатын болады.

  2. Қазақстандық мердігерлерді қамту біз үшін ең маңызды мәселе. ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының жобалау, сатып алу және жасап шығару қызметтеріне 1700 қазақстандық кәсіпорынды тарту үшін бастапқы іріктеуден өткізді.

  3. ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы Қазақстандағы бизнеске және адамдарға озық технологиялы құралдарды пайдалану, жаңа оқыту ұйымдарын ашу және модульдерді жасап шығару сияқты жаңа мүмкіндіктер ашады.


 

Сіз білесіз бе?


2017 жылы ТШО рекордтық 28,7 млн тона мұнай өндірді.

ТШО бүкіл Қазақстан мұнайының үштен бірін өндіреді.

2017 жылы ТШО құрылған уақыттан бастап 3 млрд баррель мұнай өндірісіне қол жеткізді
2017 жыл. TШO қызметкерлері жұмыс уақыты шығындалатын тосын оқиғасыз 60 млн. адам-сағат көрсеткішке қол жеткізді. Бұл ТШО тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

2017 жыл. TШO қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша жаңа рекорд орнатты: 2,5 млрд. астам АҚШ доллары, соның ішінде ККЖ-ҰЕҚБЖ бойынша 1,12 млрд. АҚШ доллары жұмсалды. ТШО-ның 1993 жылдан бергі қазақстандық қамтуға салған қаражаты 24 млрд. АҚШ долларынан асты. 

2017 жыл. ТШО-ның 1999 жылдан бері «Игілік» бағдарламасы бойынша жалпы жұмсаған қаражаты 239 млн. АҚШ долларынан асты. 110 жоба жүзеге асып,  мыңнан астам жұмыс орны ашылды.  

P.S. Өзің еңбек ететін мемлекетке құрмет көрсету, елдің, әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті сезіну, оны абыроймен атқару үлкен күш пен мол қаржыны қажет етеді.  Ең бастысы соған деген ниет керек. «Шеврон» компаниясы бұл бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Сондықтан да үлкен беделге ие.

 

Думан БЫҚАЙ,


Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x