Сапарбаев Керекуге келе ме?

Dalanews 22 ақп. 2018 07:00 212

Бізде «топовый» саясаткерлер деген бар. Қазір бәрін рейтинг анықтайды. Сол секілді «топовый» саясаткерлерді де анықтайтын рейтинг.

 Онымен мықты саясаткерлердің тізімі жасалып, тобы құрылады. Содан кейін де ол «топовый». Елімізде үздік «топовый» саясаткердің үштігіне кіретін тұлғаның бірі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев.

Әңгімені рейтингден бастаған екенбіз, ендеше соның өзін «сөйлетейік».

«Мынау түсініп отыр ма өзі?»


«Қазақстан» ұлттық арасындағы «Апта» бағдарламасының сараптамалық орталығы зерттеп, тізімін жариялаған қазақ тілінде қапысыз сөйлейтін атқамінерлердің ондығына ол кісі шүбәсіз кірген.

Инвесторға мемлекеттік тіл туралы айтқаны ел есінде шығар. Тіпті, интернетте шетелдік аудармашыға: «Мынау түсініп отыр ма өзі?» деген әкімнің видеосы әлі күнге «хит».

Бір жыл бұрын салынған ол видеоны Youtobe-та 100 мыңға жуық адам қарап, 2 мың адам «лайк» басқан. Осы жайттан соң орыстілді қауым бір дүрліккендей болып еді. Алайда мұның оларға түк қатысы жоқ-тұғын.
Көп біле бермейтін шығар,  біздің жерімізге келген кейбір Қытай инвесторлары қол астындағы жұмысшыларынан қытай тілін үйренуді талап ете бастаған. Бердібек Сапарбаевтың осы атышулы видеосынан кейін бұл мәселе сап тыйылғанға ұқсайды.

Иә, ол кісіні даулы мәселелерді шешуде мықты дейді.  90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде-ақ Бердібек Машбекұлы мұндай мектептен өтіп үлгерген. Бас көтерген талай кеншімен кездесіп, талай инвесторды тізе бүктірмесе де, дегеніне көндірген. Қазір де сол!

Жер дауы, орамал дауы сынды өте шетін, байқамаса үзіліп кететін қылдай мәселелердің басы-қасынан тағы да Бердібек Сапарбаевтың төбесін көреміз. Мұны кездейсоқтық деуге бола ма?..

«Саясат» порталы түзген «Бітімгер саясаткерлер» тобында Бердібек Сапарбаев атының жеке-дара көрсетілуінің мәнісі де осында болса керек.
Осы бағытта атқарған жұмысына дән риза белгілі әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова тіпті: «Сапарбаевтың деңгейіндегідей өңір басшысы Қазақстан түгілі, Ресейде де саусақпен санарлық» деп баға береді.

Бердібек Сапарбаевпен 1990-жылдардан қызметтес болған қоғам белсендісі Әміржан Қосанов оны «сол кезде реформа жасаған үкіметтің беделді тұлғаларының бірі» санатына қосады.

Бизнесті шымкенттіктер дөңгелетеді...




Басқа басшылардан болмысын бөлектейтін тағы бір қасиет бар. Бұл саясаткердің артынан ілестіріп жүретін командасы. Бір қызығы, ол кісінің командасында шымкенттіктер көп.

1999 жылы Оңтүстікті басқарғанын жақсы білеміз.  Сол кезде біршама адамды іріктеп алған секілді. Бірақ неге шымкенттіктер?.. Оның өзіндік құпиясы бар екен. Әрине, бұл арада түрлі жорамал айтып, ойды сан-саққа жүгіртуге болады. Бірақ оның жақсы қырын ғана сөз еткіміз келеді.
Бізде Ютубтың негізінде Қазтубты жасаушылардың бірі, ІТ саласының білікті маманы Азаматхан Әміртаев деген пысық жігіт бар. 

Қазір Алматы мен Астананы дамыған елдердің жасыл желекке оранған шаһарлары секілді тап-таза етемін деп алдына амбициялық мақсат қойып жүр. Бензинді газға, газды жаңартылған энергия көздеріне көшіру үшін жаңа технологияларды қос мегаполиске алып келіп, оның жүзеге асырылуын қадағаламақ. Оның арты не болады, болашақта көрерміз.

Міне, осы басты істейтін, қолынан іс келетін креативті жас жүрген жерінде «Қазақстанның бизнесін шымкенттіктер дөңгелетеді» деп  үнемі айтады екен. Ол өзі Алматының жігіті. Шымкентке еш қатысы жоқ. Әрине, басқа өңірдің бизнесмендері бұл сөзге шамданып қалуы мүмкін. Бірақ Азаматхан бұл ойын былай тұжырымдайды:

Біріншіден,
Шымкент –  Қазақстанда халқы ең көп өңір.

Екіншіден, ол жақта аста-төк қазба байлық деген жоқ, яғни қазып алып, оп-оңай табыс таба беретін.

Үшіншіден, кеңес заманының өзінде шымкенттіктер бизнеспен айналысқан, яғни тәжірибелері, көрген-түйгендері көп.

Төртіншіден, бизнеске келгенде Шымкентте ғана тамыр-таныс рөл атқармайды. Нағыз дода, нағыз бәсекелес орта осында, қайсы мықты сол ғана жетістікке, мол табысқа жетеді.

«Мұндағы кәсіпкерлердің қарым-қабілеті мүлде басқа, түк шықпады деп қарап отырмайды, біреуі болмаса, екіншісін, екіншісі болмаса, үшінші іске қарманады. Бастысы лектен қалмайды, түбі бірдеңеге қол жеткізеді. Ал бизнес нағыз осындай адамдардың саласы. Содан кейін де Қазақстанның бизнесін дөңгелететін шымкенттіктер деп үнемі айтып жүрем»,  – дейді ол.

Көрдіңіз бе, шымкенттіктердің осындай қасиетін Бердібек Машбекұлы да жақсы аңғарған. Сондықтан командасынан оларды бір елі қалдырмайды.

Әкім бол...




Әкімнен өзі не талап етілуші еді? Әрине, өңірдің әл-ауқатының жақсарғаны, адамдардың жұмыспен қамтылғаны. Ал жұмыспен қамту үшін жаңа жұмыс орындары ашылуы керек. Ал жаңа жұмыс орнын ашу үшін бизнес тілін білетін білікті адамдар қажет. Тек бизнес емес...

Бердібек Машбекұлы идеология жағына да мықты. Өз командасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы атқарылмақ түгілі, әлі сөз болмаған күндері осы істі алаулатып-жалаулатпай-ақ, ым-жымын білдірмей жүзеге асырған. Иә, тағы да шымкенттік адам капиталын пайдалана отырып.

Мәселен,
ол кісі 5 жылдан аса басқарған Шығыс Қазақстанды алалық. Орыстанған өңір. Түбегейлі емес, әрине. Бірақ мұнда кейбір шығыстықтар ақпен дос боп, шошқа етін жеңсік ас ретінде жеп жүргеніне қарамастан, өзінің орыстанғанын әсте мойындамайды.

 Қалай мойындасын, бір-біріне ұқсас, сол өздері қалыптастырған бірқалыпты орта, бірқалыпты салт-дәстүр, бірқалыпты жөн-жоралғы. Сондықтан оның бәрін жөн, дұрыс көреді. Ал сырттан барған адам сыншы, өзімен бірге өз танымы мен болмысын да ала барады емес пе? Әсіресе, қаймағы бұзылмаған қазақы орта – Шымкенттің жөні бір бөлек.

Әрине, шығысты 100 процент  қазақтандырған шымкенттіктер десек,  бұл – жаңсақтық. Бірақ оның белгілі бір үлесі барын тағы жоққа шығаруға болмайды.

Иә, Бердібектің кезінде бизнес ашып, қызметке барған шымкенттіктер қазір әлі сол орнын суытпаған, тұрақты мекенге айналдырған. Шығыстың қаласы түгілі аудан-ауданда, ауыл-ауылда қазір жекеменшік жер телімі бар, дөңгелетіп отырған бизнесі бар шымкенттіктерді кездестіруге болады.

Тағы бір жағынан, саяси тілде мұны қан жүгірту дейді. Қазір «Оңтүстіктен солтүстікке көш» деген бағдарлама бар ғой. Міне, осыны кезінде Бердібек Машбекұлы осылай істеп үлгерген.

Мінез


Бұдан бөлек, жүзі иманды, түрі ибалы болғанымен Бердібек Сапарбаевтың шалт кететін, мінезге салатын кездері де болады. Көп одан ондайды күтпейді. Бірақ ашуға мінсе, мінездің тізгінін қоя береді ол кісі де. Мінез болғанда да жаға жыртысып, бет жұлысудан аулақ.

Қазақша ыммен, ыммен болмаса, дыммен дымын шығарады. Мысалы, ұзақ уақыт бойына жарық берілмеген ауыл әкімінің светін қидыртып тастаған. Қайтадан қостырғанда жарық бәріне бірдей берілді.
Оны қойшы, жоғарыдағыларды да тәрбиелеп алатын әдеті бар ол кісінің.

Бердібек Сапарбаевтың ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалар алдында жоғары лауазымды ығай-сығай жиналған саяси кеңестің отырысында баяндамасын қазақша жасаған жалғыз шенеунік болғанын да ел ұмыта қоймаған болар.

«Өстісек қайтеді» деп әріптестеріне үлгі көрсетсе, «Өстісек біреу бірдеме дей ме, десе мен дайын» деп өзін тағы бір қырынан көрсетті.

Кереку


Білесіздер ме, негізі бұл кісі Керекуге керек. Керекуліктер тура осындай басшыға қазір қатты зәру. Қазақ тілі не керек? Тура осылай ауыз ашқызбайды ондағылар. Әлі сол кеңес заманында өмір сүріп жатқандай сезінеді. Оны айтасыз, бес көшенің атын өзгерткенде өліп қала жаздаған керекуліктер.


Қазақтілдің жанашыры жалғыз Руза апайымыз қолынан келгенше «шайқасуда». Бірақ жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас дейді ғой қазақ...

Қазір заман басқа екенін бір де бір әкім оларға ұғындыра алмаған. «Қазақ тілің не керек?» дегендерге облыс әкімі Болат Боқауовтың өзі дым дей алмады.

Керісінше, жаны күйген Руза апайды сотқа апарып, шыж еткізді. Әділетсіздік, әрине. Мүмкін бұл өңірге Сапарбаев барса, жағдай өзгерер.
Құдай қолдап, сол іс оң боп кетсе, Сапарбаевтың артынан ілескен бір болмайтын дабыра әңгіменің де желкесі қиылар еді.

Әрине, айналысқаны саясат болса, ондай адамдардың артынан  «үрдіртіп», жабыстыра қоятын жаман сөз міндетті түрде болады.

Бұл кісінің соңына ілесетін осындай сөз: Ісімен емес, өз-өзін жарнамалаумен  атын шығарған басшы дегенге сайып келеді. Міне, осының көзін жоятын бұл да жақсы мүмкіндік.  Керекуге барса, Сапарбаевтың аты тарихта сөзсіз қалады.
Ал Сапарбаев Керекуге бара ма? Бұл енді басқа әңгіме...

Ал біздің айтпағымыз, «Басшыға жарымадық дегеннен Құдай сақтасын!».  «Топовый» басшыларымыз көп болсын, басқа енді не дейміз?..

 

Кәмшат СӘТИЕВА 


 Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін


 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x