Серовқа сыйланған сағат...

Dalanews 01 ақп. 2018 16:07 276

Ешнәрнесі жасырып қала алмайсың қазір. Заман сондай өйткені. Жылт етіп жаңалықтарда жүреді ертесіне. Ресейдің танымал әншісі Александр Серовқа сыйланған сағаттың құнын естіген "Қала мен Дала" газетінің тұрақты оқырманы, ақсақал Жұмаш Шүйкенов хабарласты редакциямызға. Былай деді...  


Серовта шаруам жоқ. Сағатта да. Сыйлады. Алды. Несі кетті оның?


Сонда да болса ішің күйеді екен. Əлденеге ызаланасың. Ыза боласың. 


Серовқа сыйланған сағатпен сенің де сыбағаң бірге кеткендей күйге түсесің.


Бай мен кедейдің арасындағы бөлініс біздің елде соншалықты айқын, соншалықты алшақ екеніне кезекті рет көзің жетеді. 




Орыстың əншісі Серовқа тарту етілген сағаттың құны 310 мың теңге екен. Теңге деппін ғой, доллар. 310 мың доллар! Онысын ұрлатып алыпты əлгі сорлы.



Серов Қазақстанға сапарлатып келгенде сыйлапты əлгі сағатты. 


Біздің ақшаға шаққанда шамамен 100 млн-ға шығады екен. 


Кеше базарға бардым. Құр сүлдері қалған халықтың. Жұмыс іздеп жүрген кім? Қазақ. Көмір іздеп жүрген кім? Қазақ. 


Қазақ жүдеу. Себебі, кедей. Кедейшілік кеміріп барады қазақты. Қымбатшылық діңкелетіп жатыр қазақты.


Серовты ойлайтын мұршасы жоқ қазақтың. Мұрнынан шаншылып жүр өйткені. Тырбанып жатыр. Əттең өнбейді. Жетпейді. Маңдай тері өтелмейді


Мемлекеттің мейірімі жетпей тұр қазаққа. Серов сияқтыларға сыйланып жатыр қазақтың несібесі. Серов сияқтыларға сый жасап жатқандар мұны ойлайды ма екен?..


Жазып алған, Думан Бықай


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x