Руза неге жалғыз?

Dalanews 28 желт. 2017 05:53 173

Амал жоқ жеккөрінішті боласың. Мыңмен жалғыз алысу оңай ма? 


Тіл майданындағы жалғыз жауынгер дəл қазір - Руза Бейсенбайтегі. Жоқ, рас. Тіл үшін күресте дəл сол сияқты жанкештілік танытып жүргендер аз. Жоқтың қасы, тіпті. 


Неге жанкешті? Сіз, мысалға сіз кондуктор қазақша сөйлемегені үшін травмайды тоқтатар ма едіңіз? Тіл үшін темір рельстің астына түсуге жүрегіңіз дауалар ма еді? 




Трамвай түк емес, пойызды ше?



Есігінен «говорите по русский» деп қарсы алатындарға қарсы аштық жариялауға  керек десеңіздер, "өзімнің өлімім арқылы бүкіл дүние жүзіне маргинал, құбыжық қазақ билігін көрсетіп, қазақ тіліне халықаралық араша сұрауға" (Рузаның өз сөзі), аштық жариялауға бара алар ма едіңіз?


Руза жанкешті сол себепті. Тіл майданында шын күресіп жүрген жалғыз жауынгер. Бұл үшін ақы алмайды. Көзалдау да емес мұнысы. Ұпай жинау да емес. Көргенбіз. Көзіміз жеткен. Ол таза жанкешті.


Төзуден шаршаған. Күтуден шаршаған себебі. Төзгеннен, күткеннен тілдің тағдыры оңалмасын түсінген ол. Күресуге бел байлаған сосын. Осындай жолмен.


Бұл қандай жол?  Бəлкім біреуге тым тұрпайы, тым радикалды көрінер. Анығы, орынды.




Рузаның осы күнге дейінгі тілге қатысты талаптарының барлығы заңды.



Ең алдымен ақылға сияды, ақымақшылық емес. Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету арандату емес өйткені. 


Сол Руза жалғыз. Руза неге жалғыз? Күллі Керекуде Рузаның бір жағына шығысатындар жоқ па сонда?  




Керекудің зиялылары қайда? Керекудің ақын -жазушылары қайда? 



Руза көргенді олар неге көрмейді? Руза айтқанды олар неге айтпайды? 


Жарайды көрмей-ақ қойсын, айтпай-ақ қойсын. Бірақ қысылтаяңға тап болғанда Руза неге əлеуметтік желідегі жұрттан араша сұрауы керек?


Руза трамвайдың табанында таптала жаздағанда олар қайда болды? Руза путиншілдермен, жікшілдермен ит тартысқа түскенде неге жанынан табылған жоқ? Қазақ зиялысының бір мүддесі, бəлкім бір парызы тілді қорғау еді ғой. 


Тілдің табанға тапталуына төзбеушілік танытқан Рузаға демеу болуға неге жарамады олар?


Түсінгеніміз, дәл осы Керекуде тіл үшін дəл осы – Руза сияқты күресу керек. Төзімділіктен төзбеушілікке. Тіліңнің құқығы бұзылса айтуға. Алысуға. Соттасуға. Тіл туралы талабыңның əділ, одан бұрын заңды екенін дəлелдеуге. Кереку өзгермейді əйтпесе...


Думан БЫҚАЙ


https://dalanews.kz/23677

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x