Мик Крейли: «ТШО-да еңбек ететін жұмысшылардың 84 пайызы Қазақстан азаматтары»

Dalanews 31 қаз. 2017 10:45 413

«Теңізшевройл» компаниясы Келешек кеңею жобасының негізгі идеясы неде? Бұл жоба Қазақстан экономикасына қаншалықты пайда әкелуі мүмкін? Оның қоршаған ортаға әсері қандай болмақ? «Қала мен Дала» газетінің осы және өзге де сауалдарына «Теңізшевройл» ЖШС-ы Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының директоры Мик Крейли жауап берді.


– ТШО-ның Келешек кеңею жобасының жалпы идеясы неде? Адамдар осыны түсінбей жүрген тәрізді...


– ККЖ-ҰЕҚБЖ (Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы) - “Теңізшевройл” өндірісінің кезекті ауқымды кеңеюі. ККЖ-ҰЕҚБЖ өндіріс көлемін арттыру және Теңіз кен орнындағы қолданыстағы зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бір мезгілде жүзеге асырылатын біріккен жоба болып табылады.




 Бүгінде әлемдік энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан ең ірі күрделі жобалардың бірі болып табылатын ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы Теңіз кенішінің жылдық мұнай өндірісі көлемін шамамен 12 млн тоннаға арттырып, жалпы мұнай өндірісі көлемін 39 млн тоннаға дейін жеткізеді деп күтілуде.



ККЖ зауыттарында күкірт өндірілмейді. Құрамында күкіртті сутегі бар табиғи газ қойнауқаттағы қысымды сақтап тұру мақсатында қойнауқатқа кері айдалатын болады. Атмосфералық шығарындылардықысқарту мақсатында аталған кеңею жобасының нысандарын жобалау және оларды салу барысында ең соңғы заманауи технологияларды қолданылуда.



ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында жаңа нысандардың құрылысы мен монтажы қарастырылған, атап айтсақ:





  • Жаңа шикі мұнай өндіру ұңғылары және мұнай мен кейбір газдарды өңдеуге арналған жинау жүйесі қондырғысы;




  • Құрамында күкіртті сутегі бар табиғи газды қойнауқатқа қайта айдауға арналған ШГА ҮБ (Журналист назарына: Шикі газ айдау-Үшінші Буын) қондырғысы;




  • Атқылаушы ұңғымалардың ернеулеріндегі қысымды азайту және қолданыстағы алты технологиялық желіде қысымды арттыру арқылы Теңіздегі зауыттардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге арналған нысандар;




  • Жобаның құрамдас бөліктерін жеткізуге арналған нысандар мен қызметтер.




2016 жылы ТШО Серіктестері Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі кезеңі болып табылатын ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын қаржыландыруға қатысты соңғы шешімнің қабылданғаны туралы хабарлады.


ККЖ-ҰЕҚБЖ жабдықтарының негізгі бөлігі Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда және Италияда жасалып, алдын ала құрастырылған модульдер ретінде Теңізге түпкілікті орнату үшін жіберіледі.


– Айталық, осы жоба іске қосылғаннан кейін алдағы 5-6 жылда ТШО-ның мұнай өндіру көлемі қаншалықты өседі? Әлде қандай да бір болжам айтуға әлі ерте ме?


– ККЖ-ҰЕҚБЖ мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 миллион тоннаға арттыра отырып, ТШО-ның жалпы мұнай өндіру көлемін жылына 39 миллион тоннаға жуықтатады деп күтілуде.


– Келешек кеңею жобасында қазіргі таңда қанша мердігер жұмыс істейді? Мұндағы қазақстандық компаниялардың үлесі қанша? Осы жоба басталардың алдында отандық мердігерлер барлық көлемді жұмыс Батыс Еуропа зауыттарына беріліп, мұның соңы жобаның қымбаттауына әкеп соқтырады деген пікір білдірген еді... Жалпы ТШО үшін қайсысы тиімдірек: өнімді отандық кәсіпкерден сатып алған жеңіл ме, әлде шетелден сатып алған тиімді ме?


– ТШО қазақстандық қамту (ҚҚ) мәселесіне жіті көңіл бөледі және бұл – кәсіпорынның стратегиялық бағыттарының бірі. ТШО-ның мақсаты – Қазақстандағы жергілікті тауармен және қызметпен қамтушылар нарығын дамытып, олардың сапасын халықаралық стандарттарға бейімдеу.


ТШО жоба қажеттіліктеріне байланысты жергілікті қамтуды барынша арттыру бағытында тынымсыз жұмыс істейді. Қазақстандық қамту бойынша біздің мақсатымыз – жобаға жұмсалған жалпы қаржы үлесінің 32 пайызын қазақстандық тауарлар мен қызметтер жабдықтаушыларына тиесілі ету.




ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберіндегі жобалау, сатып алу, құрастыру жұмыстарына қазақстандық компанияларды жұмылдырды және осы күнге дейін 1800-ден астам қазақстандық компанияны алдын ала іріктеуден өткізді.



Жергілікті қамту мүмкіндіктерін арттыру мақсатында ТШО бірқатар форумдар өткізді. Тек осы жылдың өзінде, ТШО және ҚР Үкіметі жергілікті мердігерлерді тартуға бағытталған үш форумға демеушілік етті. 2017 жылдың қаңтар айында өткізілген форумда жыл аяғына дейін тағайындалуы көзделген төрт негізгі құрылыс жұмыстарының келісімшартына шолу жасалды.



Форумға 180-нен астам жергілікті мердігерлер қатысып, консорциум құру, серіктестік орнату және қосалқы мердігерлік жасау мүмкіндіктерін шетелдік мердігерлермен талқылады. 2017 жылдың сәуір айында өткізілген форумда ТШО-ның биыл мердігерлерге үлестіретін шағындау келісімшарттары сөз болды. Олардың көбіне мердігерлер тікелей қатыса алады. Ал 2017 жылдың маусым айында өткізілген форум жергілікті компаниялар үшін қызметкерлерді оқыту-даярлау мүмкіндіктеріне арналды. Мұнда жұмысшыларды кәсіби даярлау бойынша 60-тан астам мердігер қатысып, жергілікті жұмыс күшін ККЖ жобасына тарту үшін оларды даярлау және жаттықтыру бойынша ТШО және басты мердігерлердің жоспарларымен танысты.


– Әлемдегі мұнай бағасының күн сайын құбылып тұрғанын ескерсек, Келешек кеңею жобасы Қазақстанның экономикасына қысқа және ұзақ мерзімде қандай пайда әкелуі мүмкін?


– ККЖ-ҰЕҚБЖ – Қазақстан Республикасының болашақ ұрпақтарына да игілігін әкелер әлемге белгілі мұнай кен орнының әлеуетін игеруге бағытталған бірегей жоба.


ККЖ-ҰЕҚБ жобасы жергілікті тауарлар мен қызметтерді пайдалану, қазақстандық мамандарды жұмысқа тарту, жұмысшыларды оқыту бағдарламаларын іске асыру, ел ішінде мұнай өндірудің жаңа технологиясын қолданысқа енгізу және қазақстандық кәсіпорындардың әлеуеті мен қуаттылықтарын дамыту арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына тиімді түрде елеулі пайда әкеледі деп күтілуде.


– ТШО-ның Келешек кеңею жобасының қоршаған ортаға әсері қандай болмақ? Бұлай деуіміздің себебі 2017 жылдың басында бірқатар ақпарат құралдары: «Соңғы 3 жылда қоршаған ортаға қатысты ТШО тарапынан 36 оқыс оқиға тіркелген» деген хабар таратқан. Болашақ Кеңею Жобасы шеңберінде мұнай өңдеу көлемі артатынын ескерсек, мұның арты экологиялық апатқа алып келуі мүмкін бе? ТШО мұның алдын-алудың жолдарын қарастырды ма? Жобаның қоршаған ортаға әсерін қалай бағалайтын боласыздар?


– ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын жүзеге асыру барысында өнеркәсіптік қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға және әлеуметтік дамуға ерекше ден қояды. Компания Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптары мен нормаларын, сонымен қатар өз саясаттары мен «Шеврон» корпорациясының стандарттарын ұстанады.


Оларға "Шеврон" компаниясының экология, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, технологиялық қауіпсіздік, сенімділік пен тиімділікті қамтамасыз ету секілді бағыттар бойынша өндірістегі жетекші көрсеткіштерді қамтамасыз ету жұмыстары кіреді.




2000 жылдан бері ТШО газды алауда жағуды 84%-ға қысқартты, ал газды кәдеге жаратуды 98%-ға арттырды, бұл жетістікке саламыздағы қауымдастықтар жоғарғы баға беріп отыр.



ККЖ жобасы ТШО-ның экологиялық көрсеткіштерді жақсарту бойынша мойындалған тәжірибесінің негізінде әзірленуде. ККЖ экологиялық әсер қатерін азайту үшін зауытқа және құрылыс жұмыстарына кіріктірілетін шараларды сипаттайтын бірқатар қоршаған ортаға тигізілетін әсер бағалауларын жүргізді.



ТШО қолданыстағы экологиялық бақылау бағдарламасын жалғастырып, оған жаңа ККЖ нысандарын да қосады. Бұл ауа мен топырақ сапасын және биологиялық түрлілікті бақылауды қамтиды. Қазіргі таңға дейін ТШО -ның экологиялық бақылау деректері кәсіпорын қызметінің қоршаған ортаға тигізген айтарлықтай әсерін анықтаған жоқ. ТШО қоршаған ортаға шығарылатын эмиссиялар талаптарына сәйкес, бақылау деректері бойынша үкіметке есеп беруін жалғастырады.


ТШО қоршаған ортаға, адам денсаулығына немесе кәсіпорын қызметіне зиян келтіруі ықтимал ірі апаттарды болдырмау үшін бар күш-жігерін салуда.


– ТШО-ның Кеңею Жобасы аясында жаңадан қанша маман жұмысқа алынды? Жалпы жұмысқа алынбақ мамандардың саны қанша адамды құрағалы отыр? Мұндағы қазақстандық жұмысшылардың үлесі қандай? Аталған жобаны жүзеге асыруда «Болашақ» түлектеріне сұраныс бар ма? Жалпы жоба аясында жұмысқа қабылдауда ТШО мамандарға қандай талаптар қояды?


– ТШО табысының басым бөлігі қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа тарту және оларды дамытуға бағытталған күш-жігері себебінен деп айтса болады. Компания қызметкерлері мен басшылары арасында қазақстандық қызметкерлер қатарын арттыру мақсатында көптеген бағдарламалар әзірленді. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары ТШО қызметкерлерінің 84 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш 1993 жылы 50 пайызды құраған болатын. Жалпы басшылық қызметтегі жоғары және орта буын басшыларының 70%-ын ҚР азаматтары құрап отыр.




Қазірде 20 мыңнан астам ҚР азаматтары ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының ел ішінде орналасқан өндіріс алаңдары мен жұмыс орындарында қызмет етіп жатыр, бұл дегеніміз – жобаның Қазақстандағы жалпы жұмыс күшінің 92 пайызы.



Компания өз қызметкерлеріне инвестиция жасауды жалғастырады. Қызметкерлердің жауапкершіліктері аясын кеңейтумен қатар, олардың лауазымдарын өсіруге мүмкіндік беретін оқыту және дамыту бағдарламалары жүргізіледі.


ТШО жоғары басшылық лауазымдарға лайықты мамандарды іздестіруді және дайындауды жалғастырады. Қазақстандық азаматтарды шетелдегі қызметтерге тағайындау аса маңызды әдіс, өйткені қызметкерлер халықаралық тәжірибеден өту арқылы өз мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады.



Жұмысын жетік білетін кәсіпқой мамандарға деген сұраныс әрдайым болады. Кәсіпорын мұнай және газ саласына бағытталғандықтан, жұмысымызда құрылыс болсын, іске қосу жұмыстары болсын, кез келген жерде белгілі қатерлер болады. Сондықтан да, біз үшін білікті жұмысшылардың жаңа нысандарды қауіпсіз, тиімді және уақтылы түрде құрып, іске қосып, пайдалануы маңызды.


ТШО Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы өз мойнына қазақстандық мамандарды оқыту және дамыту міндеттемесін алды, осылайша, қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттырып, кәсіби тұрғыдан өсіп, алға қойылған өндірістік мақсаттарға жетуіне жағдай жасалады.


– ТШО-ның көптеген әлеуметтік жобаларға инвестиция салып жатқанын білеміз. Соның бірі «Игілік» бағдарламасы. Осы сияқты бағдарламалардың тиімділігі, сапасы мен қаржының орынды жұмсалуына мониторинг жасала ма?


– 1993 ж. “Теңізшевройл” біріккен кәсіпорны құрылған кезде, компания бес жылға жоспарланған “Атырау бонустық қоры” атты құны 50 млн АҚШ доллары болатын бағдарламаны іске қосқан.


ТШО бұл бағдарламаны компания үшін де, жұртшылық үшін де құндылықтар қалыптастырудың жолы ретінде қарастырды. Кейіннен, ТШО Атырау облысындағы “Теңізшевройл” қорынан қаржыландырылатын әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын таңдау үшін Атырау облысы әкімдігінің жетекшілерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге шешім қабылдады.


1998 жылы “Атырау бонустық қоры” бағдарламасы жоспарға сай өз жұмысын аяқтады. Бағдарламаның мақсаттары толығымен орындалды, ал оның нәтижелері мұндай бағдарламалардың құндылығы мен қажеттілігін айқындады.


Нәтижесінде, 1998 жылы ТШО өз еркімен “Игілік” әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасын іске қосты. “Игілік” бағдарламасының бюджеті бастапқыда 2003 ж. дейін 4 млн АҚШ долларын құраған болса, келесі үшжылдықта 8 млн, одан кейінгі үш жылдық мерзімге 12 млн АҚШ долларына дейін артты. 2009-2012 жылдар аралығында жылдық бюджет 20 млн АҚШ долларын құраған болса, 2013 жылдан бастап осы күнге дейін бұл көрсеткіш 25 млн АҚШ долларына жетті.


ТШО “Игілік” бағдарламасы арқылы бүкіл Атырау облысы халқына пайда беретін және ол жобалар тапсырысқа берілгеннен кейін ТШО-ның үздіксіз техникалық және қаражаттық қолдауын қажет етпейтін ең маңызды жобаларды қаржыландырады.


Игілік” бағдарламасы Қазақстанның мұнайлы өңірі – Атырау облысындағы инфрақұрылымның дамуына қуатты серпіліс берді.


Облыс орталығының көркін кіргізетін заманауи ғимараттар, көп функциялы медициналық клиникалар мен орталықтар, жетік жабдықталған мектептер мен басқа да білім беру ұйымдары бой көтерді.


Картинки по запросу программа игилик


Игілік” бағдарламасы су жеткізу және қуат тасымалдау жүйелерін жаңғыртуға, қала ықшам аудандары мен ауылдардың көптен күткен газбен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. “Игілік” бағдарламасының халық тұрмысына тигізген оң әсерінің мысалы көп.




Игілік” әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы тиімділігінің бір дәлелі - Атырау облысы тұрғындарының қажеттіліктері мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қажетті жобаларды таңдаудың бірлесе жасалған бағалауы негізінде жүзеге асуы.



Бұл бағалауды орындау үшін сырттан сарапшылар тартылады. Мұндай зерттеу әр үш жыл сайын жүргізіледі. Бірлесіп атқарылған бағалау нәтижесіне сәйкес, ТШО “Игілік” бағдарламасы арқылы ТШО тарапынан қаржыландырылуы ықтимал жобалар тізімін жасайды.


Компания демеушілік ететін, халық үшін ең пайдалы деп табылған жобалар ТШО бас директоры және Атырау облысының әкімі тарапынан расталып, бекітіледі. “Игілік” – ТШО-ның негізгі өндірісі тарапынан қаржыландырылатын әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарлама.




Орындалған жобалардың ішіндегі атаулылардың бірі - Теңіз кен орнына ең жақын орналасқан, әрі ТШО-ның көптеген қызметкерлері өмір сүретін Құлсары кентіндегі су жеткізу жүйесінің қайта құрылуы болды.



ТШО өңірде өткізген денсаулыққа және қоршаған ортаға келетін әсерді бағалау кезінде жиналған ақпаратқа сәйкес, Құлсарыдағы су сапасының төмен, әрі су желісінің жұмысы тұрақсыз екенін анықтады. Су жүйесін ауыстыру жұмыстары 4 жылға созылып, ТШО-ның Әлеуметтік инвестиция бағдарламасының (ӘИБ) басты мақсаты - денсаулық сақтау мәселесін жақсартуға арқау болды.


Тағы бір мысал – Жылыой ауданын көгалдандыру. Құлсары қаласында екі саябақ ашылып, Жаңа Қаратон және Қосшағыл ауылдарында 2000-нан астам ағаш отырғызылды.


2016-2017 жж. төмендегі нысандар пайдалануға берілді:





  • балабақша;




  • мектеп;




  • мәдениет үйі;




  • спорт және дене шынықтыру кешені.




2017 оқу жылы басталуының қарсаңында, “Игілік” әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде Атырау қаласы, Нұрсая шағын ауданынан 624 орындық арнайы техникалық гимназия құрылысын аяқтады. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған - онда спорт алаңдары, кітапхана және кең асхана бар.


2017 жылы Атырау қаласындағы Ретро-саябақ құрылысы аяқталады деп күтілуде.


2017 жылы ТШО әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 25 млн АҚШ долларын бөлді. Осы қаражаттың айтарлықтай бөлігі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандар салуға жұмсалды. “Игілік” бағдарламасы басталғалы бері, ТШО шамамен 250 млн АҚШ долларын жұмсап, 130 жобаны жүзеге асырды, нәтижесінде дәрігерлер, мұғалімдер және техникалық қызметкерлер үшін 1000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылды.


– Қателеспесек, 2011-2012 жылдары Атыраудағы бірқатар ақпарат құралдары Теңіз кенішінің жанында аздаған техногенді жерсілкіністері болғанын жазған. Осыған қатысты Еуразия университетінің ғалымдары ТШО-ның тапсырмасымен техногенді жерсілкінісі болған аймақты зерттеу жүргізіп жатқанын естігенбіз. Сол зерттеудің нәтижесі қандай болды өзі? Теңіз бен Жылыой ауданының аумағында техногенді жерсілкінісінің қаупі бар ма сонымен?


– ТШО сейсмикалық процестер мен жыныстардың шөгуін бақылау бағдарламасын 2001 жылдан бері орындап келеді. Қазірде ТШО нақты уақыттағы деректерді жинап, тасымалдайтын 23 сейсмикалық станцияға иелік етеді. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ел аумағы бойынша 8 өңірлік сейсмикалық станциясы бар.


ТШО жинаған деректерді талдау мен зерттеу нәтижелері Теңіз және Королев кен орындарындағы жер бетінің шөгу деңгейі мен микросейсмикалылық деңгейі қауіпсіз және тұрақты екенін көрсетті.


Жыл сайын ТШО бақылау нәтижелерін «Запказнедра» аймақаралық департаментіне жолдап отырады.


ДайындағанДуман БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x