ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы 7,5 жылға сотталды

Dalanews 11 қыр. 2017 05:27 276




ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Әскери сотының сайтында хабарланды.


 Ақмола гарнизонының Әскери соты 2017 жылғы 24 тамызда Нартай Дүтбаевқа және істің басқа фигуранттарына қатысты қылмыстық іс бойынша шығарылған үкімін жариялады. Сот отырысы жабық жағдайда өтті.


«Соттың үкіміне сәйкес Н.Н.Дүтбаев мемлекетті құпияларды жария еткені үшін ҚР ҚК 172 бабына сәйкес кінәлі деп танылып, қызметтік міндетін асыра пайдаланғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н.Н.Дүтбаевты «генерал-лейтенант» әскери атағынан және мемлекеттік марапаттарынан айыру жөнінде ұсыныс енгізілді», - деп жазылған ҚР Жоғарғы соты таратқан хабарламада.

Іс бойынша тағы бір фигурант Р.Ж. Мұратовтың осындай қылмыс (ҚР ҚК 172, 451-баптары) жасағаны дәлелденіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.

Н.Б.Хасен мемлекеттік құпияларды жария еткені (ҚР ҚК 172-бабы) және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны (ҚР ҚК 308-бабы) үшін айыпты деп танылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырыла отырып, 5 жылға сотталды. Оның мемлекеттік наградаларын қайтару туралы ұсыныс енгізілді.

Е.С.Нұртаев мемлекеттік құпияларды жария етуге көмектесуде кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, ол да өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Үкім заңды күшіне енбеді.

Әскери соттың баспасөз қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына қатысты іс Ақмола гарнизонының әскери сотында қаралып жатқанын хабарлады. Егер сотталушылар апелляциялық шағым түсірсе, Жоғары сот істі жалғастыруы мүмкін.


Нартай Дүтбаев 2001-2006 жылдары ҰҚК төрағасы қызметін атқарған. Ол өткен жылдың соңында "мемлекеттік құпияны жария етті" деген күдікпен ұсталған болатын. Дүтбаевтың нақты қандай құпияны кімге және қашан жария еткені беймәлім. Бұған дейінгі тергеу және сот отырыстарының бәрі дерліктей құпия жағдайда өтті.

Бұған дейін ҰҚК-ні екі рет басқарған Әлнұр Мұсаев "мемлекетке опасыздық жасады", "Әскери төңкеріс жасамақ болды" деген айыптармен сырттай сотталған болатын. Ол қазір шетелде бой тасалап жүр. Әлнұр Мұсаев пен Нартай Дүтбаевтың есімдері ҰҚК сайттарынан алынып тасталған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x