Ж. Қуанышәлин: "Қосанов пен Көшімге емес, Әбіләзовке сенелік!"

Dalanews 16 шіл. 2017 14:38 270

Белгілі саясаткер, өзін оппозицияның белді өкілі санайтын Жасарал Қуанышәлин әлеуметтік желідегі парақшасында Әміржан Қосанов пен Дос Көшімді "жалған оппозицияшы, жалған ұлтшыл" деп, қатты сынға алыпты. Оның пікірнше, Қосанов - Әкежан Қажыгелдиннің, Дос Көшім - биліктің "құйыршығы". Мұндай адамдарға сенуге болмайды. Өзі болса, шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбіләзовты қолдайтын көрінеді. Сөзінің соңын тек қана Әблязовқа сенейік деген тұжырыммен аяқтапты. Саясаткердің пікірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

13.07.2017 жылы «Азаттық» радиосында «Қазақстан оппозициясы қандай күйде?» тақырыбы бойынша жалған оппозицияшы Әміржан Қосанов пен жалған ұлтшыл Дос Көшім «сарапшы» болды. Мен неге оларды жалғандар қатарына қосып отырмын? Мұның себебін анықтау үшін бұл екеуіне қысқаша мінездеме бере кетуге тура келеді.
Сонымен...
Әміржан Қосанов – 90-шы жылдардан бері Әкежан Қажыгелдиннің оң қолы. Ал, Әкежан кім? Ол – Қазақстанның 1994-97 жж. премьер-министрі. Бұл қызметтен ол неге кетті? Назарбаев пен екеуінің арасындағы тақ таласы нәтижесінде. Егер осынау келіспеушілік болмағанда, ол да, Қосанов та күні бүгінге дейін биліктің құрамында жүре берер еді. Яғни, бұлардың амалсыздан өтірік "оппозицияшы" болып шыға келуінің шын себебі – осы.
Қажыгелдиннің жұртшылық біле бермейтін және бір лас сыры - сол кезде ол "Дат" газетінде (01.10.1998) "Возвысить степь, не унижая горы" атты үлкен мақала жариялап, сонда бастан-аяқ Ресейге жағынып, ал қазақтарды жерге тыға ғайбаттап, тіпті, КСРО құлағаннан кейін орыстардың бір бөлігі тарихи отанына кері қайтқаны үшін ұлтымызды.. кінәлап, ауызына келгенін оттаған болатын. Ал, сол мақаланың аяғында "Перевел Амиржан Косанов" деп көрсетілді. Бұл - ешқашан қазақша жазбаған Қажыгелдин өзінің әлгі сасық шатпағын бейне бір "қазақша жазғандай", оны Қосанов "орысшаға аударғандай" етіп көрсету арқылы Әкежанды "қазақы" адам ретінде қазақтарға "өткізу" амалы болатын.
Мен Қажыгелдиннің мұндай жиіркенішті ұлт сатқындығын әшкерелеп, "Кажегельдин - зеркало казахского коллаборационизма или ошибка резидента" атты қарсы мақала жаздым, ол "Ақтөбе" газетінде 22.10.1998 жылы жарық көрді және оны бірнеше газет пен сайт көшіріп басты. Ол мақаланы оқығысы келетіндер маған э-майлдарын берсе, салып жіберем.
Яғни, Қажыгелдин де, Қосанов та – жалған оппозицияшылар. Егер қажет болса, мұны растайтын басқа да фактілерді келтіре алам, алайда, әңгімені созып алмау үшін (қазір «многа букф» деген ауру пайда болды ғой) әзірше осымен шектелем және «Әміржан Қосанов, Серік Медетбеков, Гүлжан Ерғалиевалар биліктің тапсырысымен ҚДТ-ДВК-ға қарсы «Алаш» партиясын құрмақ» деп, Мұхтар Әбіләзовтің бекер айтпағандығына сенімдімін.
Дос Көшімге келсек, ол да солай. Мен онымен 80-шы жылдардың аяғынан 90-шы жылдардың орта тұсына дейін ұлт мәселесі, демократия проблемалары бойынша бірлесе жұмыс істедім, алайда, жүре келе оның билікпен ым-жымы бір екендігіне көзім анық жеткен соң, ат құйрығын үзістім. Ал соңғы жылдары бұл мықыр Назарбаевтың "қалтасы" болып табылатын, сондықтан шын оппозицияшылар түгіл, шын ұлтшылдарды да маңайына жолатпайтын Самұрық-Қазынада қызмет етіп, соның майлы құйрығын сорып отырған мықыр. Олай болған соң Көшім, әрине, билікке қызмет етуге міндетті, әйтпесе Қараорда оны құйрығынан бір-ақ тебеді. Міне, сондықтан да ол өзінің түрлі газеттер, сайттар мен видеоларда сөйлеген сөздерінде Әбіләзовті ғайбаттап, оппозицияға «халық мүддесін ойламайды, тек билікке ұмтылады" деген мінездеме беріп, халықты режиммен шын күресушілерге қарсы қою үшін барын салып жүр. Және Назарбаевтың қытайшыл саясатына сәйкес Қытайды ауызы көпіре жарнамалап, көкке көтере мақтаумен айналысады.
Сондай-ақ, Көшім: «Мен оппозицияшы емеспін», - дейді. Ал, менің ұғымымда, қазаққа қарсы билікке оппозиция емес адамның... шын ұлтшыл болуы да мүмкін емес!
Жұрттың көбісі бұл екіжүзді, көлгір, бейімделгіш, саясатта ойын ойнап жүрген қулардың шын бейнесін білмейді, сондықтан біздің , өкінішке орай, негізінен саяси сауаттан жұрдай замандастарымыз олардың әсіреқызыл әдемі сөздеріне оп-оңай алданып қалады. Мұны, мәселен, «Азаттықтың» аталмыш видеосына берілген комментарийлерден де байқау қыйын емес.
Бұдан шығатын қорытынды: биліктің халықты-алдап-сулау үшін пайдаланып отырған жымысқы жансыздары – Қосановқа да, Көшімге де сенуге болмайды, бұған керісінше, халқымыздың мүдделері үшін шын күресуші ҚДТ-ДВК қозғалысына және оның басшысы – Мұхтар Әбіләзовке сенген дұрыс...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x