«Оралмандарды ұрғаны бар» Талғат Мамашев қауымдастықты қалай басқарып отыр?

Dalanews 21 мау. 2017 06:28 398

22-25 маусым аралығында Елордамыз Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді. Құрылтайдың мақсаты әлемнің әр қиырында жүрген қазақтардың өзекті мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру. Тәуелсіз мемлекеттіміздің тұтастығы мен өсіп-өркендеуіне әр қазақты атсалысуға шақыру болмақ. Ендеше, осы құрылтай діттеген мақсатына жетіп, әлем қазақтарының үмітін ақтай ала ма?

Алғашқы 2 құрылтай


Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайы  Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылған. Қауымдастықтың Төралқасының төрағасы президент Нұрсұлтан Назарбаев, бірінші орынбасары болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қалдарбек Найманбаев бекітілген.
Құрылтай күндері “Қазақтар: кеше, бүгін және ертең” деген тақырыпта ғылыми конференция  өтіп, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев “Құшағымыз бауырларға айқара ашық” деген тақырыпта баяндама жасап шеттегі қандастарына елге оралу жөнінде үндеу тастаған

. Бұдан кейін 2002 жылы ІІ құрылтай Түркістанда өтіп, қазақ көшін жандандыру мәселелері қарастырылып, көші-қон квотасының мөлшерін арттыру,  шетелде тұратын қазақ жастарының Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқыту үшін жағдай жасау, қандастардың ел экономикасынан хабардар болып, тарихи отанына инвестициялар орналастыру мүмкіндіктері секілді мәселелер талқыланған.
Алғашқы 2 құрылтай өз нәтижесін беріп, тәуелсіздіктің алғашқы 15 жылдығында қазақ көші қарқынды жүрді. Өз Отанына білім іздеп келген қазақ жастарының да қарасы мол болды.

Оған сол кездегі Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы Төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев, төралқа мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлы сияқты ұлтшыл тұлғалардың нақты әсері болғанын ел біледі деп ойлаймыз. Аталған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің кезінде Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы да ықпалды мекемеке айналған еді.

Мамашев келді...


2004 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының Төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев қайтыс болып, орынына Талғат Мамашев деген адам келді.

Талғат Мамашев келгеннен бері 2005 және 2011 жылдары Астанда дүние жүзі қазақтарының ІІІ және ІV құрылтайы өтіп, енді V құрылтайға дайындалып жатыр. Жасыратыны жоқ, біздің ғана пікіріміз емес, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына Талғат Мамашев келгеннен бері қауымдастықтың да, құрылтайдың да жылдан жылға күші де, сенімі де кетіп бара жатқаны көп айтылады. Бұл да болса «Оралмандарды ұрғаны бар» Талғат Мамашевтың қазақ ұлтына деген махаббатының ашық көрінісі болса керек.

Дүниежүзі қазақтарының ІІІ және ІV құрылтайында ауыз толтырып айтатындай елеуі ештеңе бола қойған жоқ. Тіпті тұралап қалған көші-қонның түйткілді мәселелерін де дұрыс талқылай алмағандықтан
ІV құрылтайдан бастап қазақ көшінің тоқырауы басталды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да аты бар заты жоқ мекемеге айналды.

Оны қауымдастықтың өкілдері де «біздің ондай өкілеттілігіміз жоқ» деген сөздерді жиі айтуымен білдіріп те жүр.

Үкіметке есеп беру мақсатында жылында бірнеше рет көші-қон тақырыбында дөңгелек стол ұйымдастыру мен шетелден келген ақын-жазушылардың бір-екі жинағын шығарудан басқа қауымдастықтың тындырып жатқан шаруасы жоқтың қасы. Көші-қон жәйін талқылаған жиналыстарды да Талғат Мамашев мырза «Оралмандарға» зәрін төгіп бастап, әр елден келген қандастарды бір-біріне айдап салып тарататын. Қауымдастыққа жөн сұрап барған ағайынды есіктен кіргеннен жөн-жосықсыз айғайға алып, екінші есіктерін атамастай қайтаратыны тағы бар.

Ат тонын ала қашады


Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы – әлемнің әр қиырындағы қазақтың иесі, әр қазақтың отанымен байланыс орнату ортасы. Бірақ, қазір иесі шеттегі қазақтың, шеттегі қазақ иесінің жағдайынан хабарсыз. Қауымдастық шетелдегі қазақтар тұрып жатқан елдің ішкі саясатына араласпайды. Бірақ, бұл шеттегі қазақтың тыныш тіршілігі мен өзекті мәселелеріне бей-жәй қарайды дегендік емес.
Өзге елдің ішкі саясатына араласпағанымен ондағы қазақтарға деген мемлекеттің көзқарасын, ондағы қазақтардың негізгі мәселелерін зерттеп - зерттелеп еліміздің қатысты орындарына жеткізіп отыратын, әлем қазақтарымен байланыс орнатып отыратын осы – дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы еді ғой.

Т. Мамашев басқарған қауымдастық болса, шеттегі қазақтардың маңызды мәселерлері туралы сөз қозғар болсаңыз, «біз өзге елдердің ішкі ісіне араласпаймыз» деп бірден ат тонын ала қашады. Қазақ бар жердегі қай мемлекеттің ішкі шаруасы болса да, ол толық қанды ол елдің ішкі шаруасы емес. Қазақ бар жерде қазақтың иесінің де мүдесі болады. Құзыреті «ішкі шаруаға» араласуға жетпесе, өкілетілігін өткізе алатын жерге негізгі мәселені жеткізу қауымдастықтың міндеті еді ғой.

Қауымдастық болса өздерінің қоғамдық ұйым екенін алға тартып, кез-келген мәселеден сытылып шығып, тіпті өзіңізді түймедейді түйедей етіп көрсетуші, арандатушы адам қатарына қоса салады.

Қауымдастыққа бөлінген қаржы қайда?


Қауымдастық елге оралған қандастар мәселесінде де құлықсыз. Көші-қон туралы заңға өзгерістер енгізерде үкіметке есеп беру мақсатында өткізетін, шешімі жоқ дөңгелек столдарынан басқа ештеңесі жоқ. Осыншама жылдың ішінде көші-қон саласын жандандыру, шеттегі қазақтардың еліміздің солтүстік өңірлеріне тарту туралы бір де өз жобаларын ұсынғанын да көрмедік. Шетелдегі қазақтардың мәдениет, білім орталықтарымен қандай байланыстар орнатып отырғанын да белгісіз.
Атап айтқанда, Талғат Мамашев басқарған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы үкіметтен бөлінген қаржыны қызметкерлеріне айлық ретінде беріп ғана отырған мекемеге ұқсайды.

Ендігі Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығынан күтер үмітіміз жоқ. Шетелден ұзын алған, кең тұсау алып келетін құрылтайға қатысушы қандастарымыздың да шеттегі қазақ мәселесін толыққанды жеткізе аларына да сеніміміз жоқ. Тек үкіметтен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан осы құрылтайда Дүние жүзі қазақтарының Қауымдастығының күшін қалпына келтіруді ғана сұраймыз. Ол үшін келесі ұсыныстарымызды жеткізгіміз келеді:

  1. Қауымдастықтың мақсаты мен міндетін қайта қарап, өкілеттік құрылымын бекіту. Дүние жүзі қазақтарына ие бола алатындай күш-қуат беру;
    Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының мемлекеттік статусын белгілеп, қоғамдық ұйым деңгейінен мемлекеттік мекемеге көтеріп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің құзырына беру. Сыртқы істер министрінің бір құрылымы бола отырып, шеттегі әр қазақтың мәселесін басты назарға алуды тапсыру;

  2.  «Оралманды ұрғаны бар» Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевты жұмыс тобымен бірге қызметінен босатып, орнына қазақ мүддесін басты орынға қойған ұлтшыл азаматтарды әкелу.

  3. Қазіргі заман талабына сай қауымдастық жұмысының ащықтығына мән беру. Атап айтқанда, қазіргі кездегі Дүние жүзі қазақтары Қауымдастығының ел білмейтін http://qazaq-alemi.kz деген ресми сайтының жұмысын жандандырып, әр елдегі қазаққа ел ішіндегі маңызды жаңалықтардан хабардар етіп, шеттегі қазақтардың жағдайын ел ішіне жеткізіп отыруды назарға алу.


Бұдан ары мемлекет қаржысын аты бар заты жоқ, қоғамдық ұйымға шаша бермей, нақты жұмыстар жасайтын, әр қазақтың иесі бола алар мемлекеттік мекемеге айналдырар кез келді. Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығын «Әр қазақ менің жалғызым» деп бар қазаққа сүйіне де, күйіне алатын адамның басқарғаны қажеттілік.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x