Бауыржан Байбекке Мұқағалидың әруағы риза болған шығар?

Dalanews 20 сәу. 2017 03:19 244

Dalanews сайтына «Байбек мырза, Мақатаев көшесінде «На Пастера» кәуапханасы қайдан жүр?» деп мақала жазып, жариялаған едік. Мақаламызда бір кәсіпкердің Мақатаев көшесінің бойына «На Пастера» деген атпен кәуапхана ашып, бизнесін дөңгелетіп жатықаны жайында жазғанбыз. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекке қаратыла жазылған мақаладан кейін кәуапхананың маңдайшасындағы «На Пастера» деген жазу көзден ғайып болды.



Аталаған сайтта жарық көргеннен кейін, бұл мәселеге қатысты пікір айтушылар көп болады.

Ойы таза, ұлтжанды азаматтар біздің көтерген мәселемізді  қолдаса, еті өліп, көнбіс күйге түскен біраз адам «әкімнің бұдан басқа жұмысы жоқ па» деп біздің бастамамаызды жаратпаған сыңай танытты. Енді бірі Пастердің майталман ғалым екенін айтып, ең алғаш азық-түлік өнімдерін пастерленген қаптама ойлап тапқанын, мұндай ғалымның атымен кәуапхананың атын атауды қолдайтындарын айтып, мүлде «қуып» кетіпті.
Бірден айтайық, біздің Пастермен алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. Біздің жанымызға батқаны Мақатаев көшесінің бойындағы кәуапхананың көшенің бұрынғы атауымен атаған кәсіпкердің елдігіміз бен тәуелсіздігімізге бей-жай қараған соң, қолымызға қалам алғанбыз.

Керек десеңіз сол кәуапхананың қожайыны Пастердің кім екенін жетік білмеуі мүмкін. Тіпті, оның мұндай қадамға барғанда қазақты кемсітейін (мен солай ойлаймын) деген «жаман ойы» болмаған да шығар. Бірақ біз Мұқағали Мақатаев көшесінің бойындағы «На Пастера» кәуапханасын көріп тұрып, көрмегендей болып айналып өте алмадық.

Ең сорақысы Алматы тұрғындарының мұндай маңызды мәселеге мән бермейтін күйге түскеніне арқамызға аяздай батты. Содан кейін осы мақаланы Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекке қаратып жазуымызға тура келді.
Біздің қуанышымызға орай, қала басшысы әлдекімдер айтқандай «бұдан басқа жұмысым жоқ па» демей, бұл мәселені айтып ауыз жиғанша шешіп бергеніне риза болып, көңіліміз марқайды.   

Күнделікті кірбің тіршілікпен өмірін өткізіп жүргендер үшін бұл «болмашы дүние», ал ойы сергек азамат үшін бұл «үлкен қателік» екені даусыз шындық. Ең бастысы қала басшысы Бауыржан Байбек ойы сергек, ұлттық мәселелерге бей-жай қарамайтын басшы екенін нақты іспен дәлелдеді.

Сондықтан Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек мырзаға «Қала мен Дала» газетінің ойы сергек, ұлтжанды оқырмандары атынан алғыс айтамыз!

Айтпақшы, кәуапхананың иесі «На Пастера» деген жазуды алып қана қоймай, сонымен қатар кәуапхананың дуалына «Мақатаев 29» деп жазып та қойыпты. Енді табыскер кәсіпкеріміз өзінің  кәуапханасы қай көшенің бойында орналасқанын біліп жүретін болды. Бұл үшін Баукеңе рахмет!

Бауыржан Қадырғалиұылана ақ иық ақын Мұқағали Мақатаевтың әруағы риза болған шығар?!



 

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x