Мұрагер туралы әңгімені кім шығарып жүр?

Dalanews 14 нау. 2017 16:59 193

Алдымен, Досым Сәтпаевтың сөзін мысалға келтірейік. Мұрагерлер туралы айтқан. Бір емес, бірнешеуін тілге тиек еткен.

«Олардың қатары баяғыша. Бұған президент отбасын, оның ішінде Дариға Назарбаева мен Тимур Құлыбаевты, ҰҚК басшысының орынбасары, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішті және ескі гвардия сапындағы тағы бірнеше танымал тұлғаны қосар едім. Тасмағамбетов? Ол Кіші жүздің баласы. Ұлы жүз бен Орта жүздің өкілдері бұл шешімді қолдай қоюы неғайбыл», — деген Сәтпаев 

[audio mp3="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2017/03/2017_01_27_satpaevrus_wocvy1ef.v05.mp3"][/audio]

(дыбыс жазба: sputniknews.kz)
Сәтбаевтың деңгейіндегі саясаттанушы осылай десе, өзгесіне не жорық?

Жалғыз Сәтпаев емес, осыған ұқсас пікірді талай аузы дуалы сарапшының аузынан естігенбіз. Бірін-бірі қайталайды. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сөйлейді. Дәл осылай болатындай көсіледі. Бәлкім, бір білгені бар шығар, кім білген...

Сонда дейміз де, мұрагер туралы әңгімені кім шығарып жүр? Үкімет пе? Әлде Ақ Орданың өзі ме? Бәлкім, тақтан үмітті мұрагердің біреуі болар? Білсек, Назарбаевтың өзі бұл туралы ләм деп, ауызын ашқан емес. 

Жоқ, өзіміз.  Мұрагер туралы әңгімені де ойлап тапқан өзіміз. Енді оны өзіміз жыр жүрміз. Осы арқылы билікке ой салып отырғанымызды аңғармаймыз, анығында. Жүйенің ығына жығылып жатқанымызды көргіміз келмейді.   
«Е, бұқараның өзі осыған ықыласты екен. Халықтың сөзінен асып қайда барамыз?» деп, ойлауы мүмкін ғой, біздің биліктің. Солай ойлайды да…

 Қазақстанның демократиялық мемлекет екені өтірік болғаны ма сонда? Айталық, Ата Заңнан аттап кетуге бола ма?   
Президенттің демократиялық жолмен сайланатыны қайда?

Жоқ, біз аңғал да, аңқау да емеспіз. «Қазақстанда демократия бар ма?» — деген сауалға берер өз жауабымыз бар. Белгілері бар, нышандары бар. Бірақ, соның өзін құртып, жоқ қылып жібермекпіз.

Мұрагер емес, үміткер шығар...


«Тақты тапсыру, билікті аманаттау» деген түсініктерді санаға өзіміз сіңдіріп, оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтын жағдайға жеткен сияқтымыз. 
Бізді қойшы. Ел әлгі Сәтпаевтардың сөзін тыңдайды, негізінде. Әлбетте, оның деңгейіндегі сарапшылар халықты тәрбиелей алмаса да, пікіріне құлақ түргізе алатын әлуетке ие.

Ендеше, дәл осы Сәтпаевтар: «Президент демократиялық жолмен сайлануы тиіс қой. Үміткерлердің арасынан бәленбайды, түгенбайды атап айтар едім. Сайлауда анау бір үміткердың бағы жанады-ау» десе, болмай ма?  

Болсын, болмасын дәл осылай айтса, бәлкім, билік те ойланар ма еді. Бұл арада көрші Өзбекстан бізге үлгі болмауы тиіс. Өзбекстанның жағдайында не өзгерді, айтыңызшы? Ештеңе де...

Анығы, мұрагерді халық таңдамайды. Жүйе таңдайды.

Сосын мұрагер туралы әңгіме Ресейге тиімді. Собянин деген бар. Саясаттанушы. Соның сұхбатын оқыдық.

«Назарбаев билікті тапсыруға болатын бірнеше сценарийді ойластырып жүргені анық.  Мұның бірі – билікті туысқанына өткізу және ең бастысы, өзінің саяси бағдарын сақтай алатын айналасындағы сенімді жақтасына тапсыру», — депті.

Бұл арадағы саяси бағдардың астарына Собянин Кремльді де кіргізіп отыр. Демек, мұрагер туралы әңгіме теріскей көршіміздің тапсырмасымен айтылып жатуы әбден мүмкін. Солай. 

Мұрагер емес, үміткер. Тақты тапсыру емес, әділ сайлау. Бұлардың қаншалықты жүзеге асатыны маңызды емес, бірақ біздің аузымыздан осындай сөз шығуға тиісті. 

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x