Шетелдегі қазақтың мүддесі Ата заңмен қорғалуы керек

Dalanews 23 ақп. 2017 15:37 308

Елбасы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастама көтеріп, сол өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға бір ай уақыт берді. Міне, көзді ашып-жұмғанша сол бір айыңыз да бітуге таяды. Енді санаулы күндерден кейін талқылау аяқтап, ұсыныстар қортындыланып, нәтиже шығарылады. Осыған байланысты Конституцияға ұлттық көші-қонның мүддесін қорғайтын өзгеріс болса деген ұсыныс хат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, елдің қолдауына ие болды.  

«Қазақ Еліне оралғысы келетін шетте жүрген қандастарыңыздың «Нұрсұлтан салған Нұрлы Жолы» мәңгі ашық болсын десек, Қазақстан Республикасының Конституцияның 10-бабын «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады» - деген жаңа бір тармақпен толықтыру керек» дейді арнайы конституциялық кеңеске жазған ұсынысында Ауыт Мұқибекұлы.

Біз осы ұсыныс жайлы қоғамдық орта қандай пікір білдіруі мүмкін деген оймен арнайы сауалнама жүргізіп көрдік. Сауалнамаға  әртүрлі жастағы, әртүрлі қызмет атқаратын ҚР азаматтары қатысты. 120 адамның 80 пайызы бұл ұсынысты қолдайтынын білдірсе, 12 пайызы мұндай мәселеге бас ауыртпайтынын жеткізді. Қалған 8 пайызы Ата заңға шетелдегі қазақтардың мүддесін кіргізудің қажеттігі жоғын алға тартты.

Төменде осы сауалнамаға қатысқандардың ішінен бірер пікірді ықшамдап, ұсынып отырмыз.




[caption id="attachment_23973" align="alignleft" width="227"] Әзімбай Ғали[/caption]

 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты:

Мұндай тәжірибе Германияда бар

– Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Себебі, Қазақстанға қазақ керек. Қазақ қанша көп болса, біздің ел соншалықты нығая түседі. Менің болжамым бойынша, келер жылы ҚР жан-саны 18 миллионға, қазақтардың үлесі 12 миллионға жетеді. Қазір Қазақстанның халқының бір бөлігі шетелге қоныс аударып жатыр. Негізінен, орыс, украин, неміс, және басқа да ұлыс өкілдері шетелге яки өздерінің тарихи отандарына кетуде. Олардың орнын шетелден келген қазақтар толтырып келеді. 25 жылда 1 миллион қазақ келді. Бұл аз да емес, көп те емес.

Қазақстанның жан-санын арттыру өте маңызды. Себебі, қазір Үндістан халқы тез өсуде. Олар біраз жылдан кейін өз территориясынан сыртқа ағылуды бастайды. Сол кезде біз амалсыз оларды қабылдауға мәжбүр боламыз. Халықаралық қауымдастық жерің кең, халқың аз екенін алға тартып, адам өте көп орналасқан елдерден босқындарды, еңбек күшін, жағдайы төмен тұрғындарын орналастыруды міндеттейді. Сол күнге қалмау үшін жан-санымызды қазақ арқылы арттыруымыз керек.

Ал конституциялық өзгеріске келер болсақ, шеттегі 5 миллион қазақтың тағдырын ойлайтын арнайы баптың болғаны дұрыс. Біз оларды бір он жылда толық әкеле алмаймыз. Бұл процесс әлі талай онжылдарға созылады. Сондықтан, осы бастан біз Ата заңымызға жоғарыдағы өзгерістерді енгізуіміз керек.

Екіншіден, бұл жағңалық емес. Германияның Ата заңында бар. Оларға өздерінің неміс екенін дәлелдесе, мемлекеттік жеңілдік болатыны Ата заңдарында жазылған. Әлемде бар тәжірибені біз неге қолданбаймыз.

Сондай-ақ, басқа қаулы, жарғы, заңдардан Ата заңның орны бөлек. Қайта-қайта өзгерте беретін күннен тезірек өткеніміз дұрыс. Осы жолы Ата заңға жасалар өзгерістері жіті пысықтап, барынша талқыға салып, қоғамдық ортаның ұсынысын сабырлықпен қарау керек. Шетелден 1 миллион қазақ келгенін ескерсек, бұл талапты ескерер деген үміт бар. Бұл бір адамның немесе бірер адамынң талабы емес, миллионнан астам халықтың арман-тілегі деп ойлаған жөн.




 

[caption id="attachment_23972" align="alignright" width="236"] Дос Көшім[/caption]

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

Орынды ұсыныс. Мен қолдаймын

 – Бұл ұсынысты оқыдым. Қолдаймын!

Бізге әр қазақтың мүддесі қымбат. Шетелдегі 5 миллион қазақ – біздің байлығымыз. Қазақ көші-қоны тоқтамайды. Президент Назарбаев өз отандастарын жинап жатқан үш мемлекеттің біріміз деп талай рет айтқан болатын. Конституциялық өзгерістулер мен толықтыру енгізуді қарайтын комиссия мүшелері бұл ұсынысқа бейжай қарамайды деген үмітім зор.

Егер осы ұсыныс қосылып, Ата заңда бекітілсе, ұлттық көші-қон туралы талай жылдан бері айтылып келе жатқан дау-дамай тоқтар еді. Көшіміз көлікті болар еді. Мемлекет шеттегі қандастарын тезірек көшірсе, межелеген 20 миллионға бірер жылдың ішінде жетуге болады. 




Бақсерік БАБАХАН, кәсіпкер:

Ата заңымыздан аттап өте алмайды

– Телеарналардан Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар болатынын естіп жатырмыз. Ата заңымызда ұлттық көші-қон туралы арнайы бап болса деген ойды қолдаймын. Шетелде 5 миллион қазақ бар. Қазір біртіндеп келіп жатыр. Күні ертең заман қалай өзгерерін, билік басына кімнің келерін бір Құдай біледі. Шетелдегі қазақтың енді бізге керегі жоқ деп ойлайтын біреу келіп жатса, таңғалмаймын. Ал Ата заңымызда сондай нақты бап болса, бұдан аттап өте алмайды. Сол үшін қазақ мүддесін қорғайтын кез келген ұсыныс халық тарапынан қолдау табады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x