Үйсіз жүрген қазақтың баспана мәселесін 1 теңгемен-ақ шешуге болады

Dalanews 05 қаң. 2017 05:20 369

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді. Facebook қолданушысы Нұрдәулет Нұрәділдің айтуынша үйсіз жүрген қазақтың баспана мәселесін 1 теңгемен-ақ шешуге болады. Автор "1 теңге = 1 үй" акциясын ұсынып отыр екен. 

"Ассалаумағалейкум ағайын! Қазіргі таңда баспана мәселесі барша қазақтың басты уайымына айналып үлгерді. Әсіресе жастардың. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлердің саны мұқтаж жандардың 10 пайызын қамтамасыз ете алмай келеді. "Енді қалай баспаналы болам?"- деп, тапқаны тамағынан артылмайтын ағайынға қалай үй алып беруге болады? Егер біз біріге алсақ, 1 теңгемізді бір отбасы үшін қисақ бұл мәселені де шешуге болады", - деп жазыпты ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Нұрдәулет Нұрәділ осы ұсынысты еліміздегі танымал тұлғалар мен оқылымды ақпарат көздері қолдаса дейді.
"Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 17 миллион 671 мың адам тұратыны мәлім. Біз соның 7 миллионын есепке алмадық дегеннің өзінде 10 миллион адам қалады. Меніңше 1 теңгені садақаға бере алатын 10 миллион адам бар. Ендеше, бізде 10 миллион теңге жиналады", - деп жазды ол. 

Бұл дегеніңіз, оның пікірінше, Алматы мен Астанадан 1 немесе 2 бөлмелі, ал қалған қалалардан 3-4 бөлмелі үй алатын ақша. "Осылайша әр жұма сайын 1 теңгеден садақа беріп отырсақ, 1 жылда 52 отбасын бақытқа бөлеп мол сауапқа қалар едік. Егер күн сайын 1 теңгеден жиналса 1 жылда 365 адам баспаналы болады. Ешқандай талан-таражсыз, басқа бағытқа емес, тек "1 теңге = 1 үй" деп қор ашып, қолдап жіберер азаматтар болса ҚАЗАҚТЫҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ӨЗІНЕН ӨЗІ-АҚ ШЕШІЛЕР ЕДІ!", - деген ұсыныс жасады қолданушы.

Осыдан кейін ол осы мәселені өзі қолға алғысы келетінін айтты. "Өзім қолға алсам ба деп отырмын. Үлкен ағаларыма жолығып көрем. Көмегін берер", - деп жазды ол пікір ретінде.

Осы жазбаға қатысты пікір білдіргендердің дені мұны қолдап жатыр. "Осы ой маған да келіп жүр еді. Өз күшімізбен үйлі болсақ осылай. Тек сұрар сұрағым, осы үй берілетін адамдар тізімі қалай құрылады? Осы ұсыныс жүзеге асса, ай сайын 1000 теңге немесе одан көп беруге дайынмын. 4 балалымыз, баспана мəселесі қиналтып тұр. Қуана-қуана қолдаймын!", - дейді Динара Керимова есімді қолданушы.

"Иә, тиыннан теңге құралады, көп түкірсе көл деген осы болар...", - деп жазды Айгерім Балғымбаева деген қолданушы. Қолдау білдіргендердің арасында біреулері бір адам бір жылға 365 теңге төлеп қойсын деген де пікірлер жазып жатыр. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x