Facebook`те істейтін қазақ қызы: "Үйренгенімді елімде жүзеге асырғым келді. Бірақ..."

Dalanews 15 сәу. 2020 06:57 259

Айнұр Мұратова Facebook`-те істейді. Цукербергтің командасындағы жалғыз қазақ қызы болуы әбден мүмкін. «Командасы» дегенді көңіліне алмасын. Оларда біздегі түсінік жоқ қой. Біздегі түсінік бойынша, әкім ауысса базар бастығына дейін ауысады емес пе?..Мәселе онда емес. Айнұрмен әңгімелестік. Бізге ұнады. Сізге де ұнауы керек.

Мен...


Алматыда тудым. КИМЭП-ті бітіргем. Кейін Сан-Францискоға кеттім. Магистрлік білімді шетелден алғым келді. Бірақ, болмады. Қалтам көтермеді. Қайтып оралдым. Жеңілгем жоқ. Лондондағы Гринвич университетіне түстім. Елге оралғасын «Болашақ» стипендиясын алуға талпынғам. Бұйырмады. Әке-шешем несие алды. Бір жыл оқудан кейін несиені өзім жабатын жағдайға жеттім. Лондонда бір жыл тұрдым. Білімім толықты. Білігім жетілді. Стратегиялық маркетинг деген мамандық бар. Осы саланың қыр-сырына қанығып шықтым.

Үйренгенімді елде, Қазақстанда қолданғым, жүзеге асырғым келді. Астанаға тарттым. Ұлттық компаниядан орын таптым...Түкке керегім жоқ екен. Ұлттық компания менің үйренген, көрген – білген дүниемді қажет етпеді. Кеттім...


Астананың өмірі маған мынаны үйретті: бұл жақтың жастарын ең алдымен жұмыстың өнімділігі емес, жұмыс орнының аты, абыройы, даңқы мен дақпырты қызықтырады.

2011 жылы Жаңаөзенде қантөгіс болды. Жыладым. Етегім жасқа толды. Бірақ, өз айналамнан бұған қайғырған адамды көрмедім. Елдің есіл-дерті Жаңа жылдық жын-ойнақта болатын. Жаңаөзенді тіпті сөз етуге де құлықсыз еді. Астананың құндылықтары менің тәрбием мен менің көзқарасыма жат екен. Бұл қалада қалғым келмеді...


Мен неге кеттім?


Ойланғам да жоқ. Билет алдым. Алдымен Амстердамға аялдадық. Кеште Сан-Францискода болдық. Соңғы үш жыл бойы осы қалада өмір сүрем. Шешем заңгер, інім күні кеше мектеп бітірді, Голливуд жұлдызы болғысы келеді.

Жоқ, мен сатқындық жасағам жоқ. Тек әрбір адамның өз таңдауы мен талғамы болатынын ескеру керек.

Қазақстанның жабайы тоталитаризмге түсіп кетпеуі үшін ашылғаны жөн. Әлем алдында ашылуы керек.

Демократиядан үрікпеуі тиіс. Демократия қорқынышты емес.

Мұнда жүйкеңіз жұқармайды


Ал Сан-Франциско жұмақ. Жұмақ мекен.

Көшкісі келетіндерге берер кеңесім: ойланбаңыз, ерте қамдансаңыз ұтылмайсыз. Жас ұлғайған сайын армандар да азая береді. Америкалықтарда «fail harder” деген түсінік бар. «Жеңіл, сәтсіздікке ұшыра. Берілме. Ақыр түбінде жемісін жейсің» дейді. Демек, тәжірибе. Бәрі сонымен келеді.

Алғашқы уақытта тілден қиналдық. Бұл жақтағы тіл бөлек. Бұдан да өттік. Қазір шешем мен інім ағылшын тіліне ағып тұр.

Мұнда жүйкеңіз жұқармайды. Сағаттап кезек күтпейсіз. Мемлекеттік, жеке сектор барлығы сіз үшін жұмыс істейді.

Елге уақыты қымбат. Ел атына кір келтірмеуді ойлайды. Қызмет көрсету ең жоғары деңгейде. Біздегідей бұлданып отырмайды. Әрқашан күліп, жадырап қарсы алады сізді. Бұған көпке дейін үйренбедім. Қазақстанға үйреніп қалғам ғой...

Қағазбастылық жоқ мұнда. Қыруар құжат жинамайсың. Кезек күтпейсің. Таныс-тамырға сенбейсің. Аға-көкеге арқаланбайсың. Адам өзіне жүктелген міндетті атқаруы үшін сенен бірнәрсе дәметпейді. Мұнда өмір осындай. Сапалы. Саналы. АҚШ-та бақыттың не екенін сезіне аласың. Мақтап тұрғам жоқ. Іс жүзінде солай.


Facebook туралы


Facebook`тің жанкүйерімін. Студент кезден қолданам. Бұл жерде жұмыс істеу арманым болатын. Сан-Францискоға көшіп келгесін, арманды іске асыруға кірістім. Бұл жерде жұмыс істегеніме үш жыл болды. Келісімшартпен істеймін.

Қолданушы қауымның қажеті мен талабын өтейтін ақпаратты сараптан өткізем. Анықтаймын. Баға беремін.

Бұл жерге қалай келдім, қалай тұрдым? Алғаш хат келді. 60 минуттық жаңа тауардың өтімділігін тексеретін зерттеуге қатысуға шақырыпты. Неге қатыспасқа? Оның үстіне ақшасы да төленеді екен. Оның үстіне өзім армандағам Facebook`тің ішкі өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысам. Бәлкім, маған берілген мүмкіндік шығар. Осы шарада өзімді жан-жақты көрсеттім. Ұнатты. Келісімшартқа қол қойдық. Үш айдан кейін жұмысқа қабылдады. Жұмыс үстелімнің алдында арманымның орындалғанына аң-таң болып отырғаным әлі есімде...

Facebook, Apple, Twitter, Google сияқты компанияларға қызметкер орналасудың ережесі бар деп айта алмаймын. Бірақ, бір ерекшелігі бар. Бұларға түйіндеме жіберсеңіз шындықты жазыңыз. Әсірелемеңіз. Өтірік жазбаңыз. Біліп қояды. Ұятқа қаласыз. Түйіндемені барынша мөлдір, барынша шынайы жазған жөн. Ешнәрнесі алып қоспаңыз.

Сізбен сұхбат құрады. Қысылмаңыз. Қарсы сұрақ қойыңыз. Өз пікіріңізді білдіріңіз. Белсенді болыңыз. Мұндай жерге осындай мамандар қажет. 

Ал бізге қалай үйретті? Біздің комплексіміз көп. Өзіміздің қандай іске шебер екенімізді айта алмаймыз. Орынсыз қысыламыз. Орынсыз ұяламыз.


Сіз ЭКСПО-дан артықсыз


АҚШ-тағы өмір басқа. Ол жақта жұмыс та басқа. АҚШ-тағы ең басты әрі ең қымбат капитал –адам. Адамның өсуі мен дамуы басты орында. Америкалықтар адал еңбек етсе, табысқа жетеріне сенеді. Олар ешкімнің алдын орамайды, аға-көкеге арқаланбайды.

Ал бізде қалай? Қазақстанда шетелдік және ұлттық компанияда жұмыс істедім. Не көрдім? Дөрекілік, қулық-сұмдық, шатақ іздеу, ұрыс іздеу, біліксіздік...


Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейсіз? Ұжымдық мәдениет атымен жоқ жерде қалай жұмыс істейсіз? Бұдан кейін сіздің өміріңіз де сұрғылт тартпай ма?

Америкадағы ұжымдық мәдениет этика мен білікті бірінші орынға қояды. Бір-бірін сыйлау, бір-бірінің ой-пікіріне құрметпен қарау, дөрекілік танытпау, ашықтық, мәдениеттілік...міне біз осындай жағдайда жұмыс істейміз.


Мен неге қызығамын?


Саясат пен модаға. Қазақстандағы саяси ахуалды қадағалап отырам. Моданың қазіргі ағымын қалт жібермеймін. 

Сан-Францискода Қазақстандағы митингілерге қолдау ретінде ұйымдастырылған бірқанша акцияларға қатыстым.

«Жер сатылмасын!» деп ұрандатқан белсенділердің қамалуына қарсы шықтым.


Мені бұл үшін ешкім қудалаған жоқ. АҚШ-та кез келген жерде, кез-келген уақытта митинг өткізуге болады. Бұл үшін биліктен рұқсат сұрамайсың. Бұл сенің таңдауың. Плакат ұстайсың, ойыңды білдіресің. Тарқайсың.

Ал Қазақстанда мені әлдеқашан қамап тастар еді. Екі белсендіміз отыр. Неге? Не үшін қамады оларды?

Америкадағы өмір


Мен мұнда күліп жүремін. Әрдайым күліп жүремін. Америкалық күлкі жасанды емес.

Көлге барғанбыз. Қайығымыз жағада тұрып қалды. Жанымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс жігіт ақ тер, көк терге түсіп итеріп шығарды. Үсті су, аяғы батпақ болды. Қайғырған жоқ. Екі езуі екі жағында. Күліп шығарып салды.

«Коммуналкы» төлейміз. Есеп-шоты әдеттегіден аз кепті. Таң қалдым. Сөйтсек Калифорнияның «акиматы» жылына екі рет осындағы азаматтығы жоқ тұрғындарға жарық пен газдың шотын төлеп береді екен. Көмек болсын дейді.

Полицейлер


Америка полициясынан қорықпайсыз, сенесіз. Шешем екеуміз саябақта қыдырып жүрдік. Біреудің иті үйректер жүзіп жүрген көлшікке қойып кетті. Үйректі, балапандарын тырқыратып қуа бастады. Қожайынын тыңдайтын түрі жоқ. Қарғыбауы шешіліп кеткен. 

Бір кезде полиция келді. Полицей әйел қожайынның қолындағы қарғыбауды алды да суға кірді. «Үйректер отбасының» берекесін қашырған итті алып шықты. Итін қарғыбаудан босатып алған иесіне айыппұл сала ма деп ойлағанбыз. Жоқ, өйткен жоқ. «Бәрі өкей. Жұмысымыз ғой» деді де кете берді.

Қазақстанға қашан ораламын?

Қашан дейсіз бе? Әділдік орнағанда, ашықтық пайда болғанда. Әйтпесе, қазіргі Қазақстанда маған орын жоқ.

Құқықтық, экономикалық, саяси, экологиялық қауіпсіздік орнағанда ғана қазіргі Қазақстанға оралуға болады



Ол оған дейін мен АҚШ-та боламын. Бұл жағдайдың бәрі Америкада бар. Біздің билік АҚШ-тан үлгі алғысы келмейді, бірақ...

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 
Мақаланы көшіріп басарда редакция рұқсатын сұрау міндетті. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x