Қ. Шамахайұлы. Шын мәнінде, халық - арыстан, саясаткер - қоян...

Dalanews 04 қаз. 2016 11:38 238

Ә. Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған мақала

Алаш қайраткерлері осыдан бір ғасыр бұрын Қазақ елін ұлттық демократиялық мемлекетке айналдырмаққа ұмтылған асыл армандарына жете алмай отаршы империяның қанды қолынан ажал құшты. Өздері кетсе де арттарында «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейтін» идеялары мен арман-мүдделері қалды. Өз елін тәуелсіз дербес мемлекет ретінде көргісі келген Алаш мұратына біз 1991 жылы қол жеткіздік. Бабалардың арманы болған сол тәуелсіздігімізге де биыл ширек ғасыр толып отыр.

25 жыл – буырыл тарих үшін қас қағым сәттей болғанымен, уақыт өлшемімен қарасаң, тепсе темір үзетін жігерлі жастың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» тұсы. Алайда, тәуелсіздіктің асыл арманын алақанға қондырған қазақ баласы әлі күнге дейін бұғанасы қатпаған бозбаланың тірлігін кешіп отыр.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескертуі далада қалды. Мемлекеттік мәртебесін алғанымызбен ана тілімізді әлі күнге дейін өз тұғырына қондыра алмадық. Биліктің үш тармағы мемлекет ісін бізді үш ғасыр бойы отарлаған көрші елдің тілінде жүргізуден әлі күнге дейін жаңылмады. Тіпті, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген ұлты қазақ жастарымыздың өзі өзара орысша сөйлесумен жүр.Енді, қазақ тілінің мүшкіл халін одан ары ауырлатып, реті келсе құртып жіберу үшін «үштұғырлы тіл» міндеттелді, арасында қытай тілі де тықпаланып жатыр.

Егер қолымызда құзіретіміз болса,қазақ тілін білмейтін адамға мемлекеттік қызмет тұрмақ ҚР азаматтығын да бермес едік. Өкінішке қарай ана тіліңді неғұрлым білмесең, тіпті, оған шын ынтамен беріліп өшіксең немесе  ұлтың басқа, байырғы келімсек диаспоралардың ұрпағы  болсаң, мемлекеттік лауазымда жолың бола түсетін сорақылықтан арылмай-ақ қойдық.

23287Еліміздің табиғи байлық қоры мол екендігіне көз жеткізген соң, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ тез дамып, әлем өркениетінің  көшінде алдыңғы қатарға шығып кетерміз деп сенгенбіз. Әлемде бір ел көркейсе, өткен жиырмабес жылдың ішінде біз гүлденіп-ақ кетер едік қой. Бірақ, өкінішке қарай олай болмады. Мұндай байлық сыбайлас-жемқорлық деген індетті ерте жүреді екен де экономикалық дамуды тіпті кері тартқанын көрдік. Табиғи байлықтың молдығы бақ емес, сорға айналды.

Инвестор деп аталатын шетелдіктер қазақ жерінің байлығын аяусыз тонап алып, ақыр соңында  бананды жеген соң қабығын тастайтыны секілді лақтырып кететін түрлері бар.  Экономикалық түрлі көрсеткіштер, пайда мен табыс туралы жасалатын санқилы баяндамалар және билік өкілдерінің мақтанып-шаттанған жалынды сөздері қарапайым халыққа түсініксіз әрі аса қатты толғандыратындай дүние  де емес, шындығын айтқанда.

Қатардағы қазақ үшін мәселені «табиғи байлықтан түсетін табысты неге тең бөліспейміз?», «қазба байлық таусылған соң жағдай қалай болады?» деп қана қарапайым түрде көтерген әлдеқайда тиімді. Елдің экспорттық өнімдерінің көп бөлігін табиғи байлық, яғни, толықтай өңделмеген шикізат иеленеді. Үкімет орны бюджетті жоспарлағанның өзінде әлем нарығындағы мыстың, мұнайдың, алтынның өсімі мен кемуіне лайықтап келеді. Сонда, Әлихан Бөкейхан айтқан «қазақ жерінің әр тасы кеудемізге түйме болып қадалуы» туралы өсиеті қайда қалды?

Табиғи байлықтың белгілі бір елге ақша әкелгенімен даму қарқынын арттырмайтынын, табиғи шикізатқа аса бай болсақ та, ішкі өндірісіміз құрыдымға кетті, елдегі ат төбіліндей ғана топтың байып, жалпы халқымыз қайыршылық күй кешіп отыр. Экономикалық өсім бұрын болмаған ірі көрсеткішке ие болғанын бір кісінің даналығымен байланыстырып, мақтануға келгенде алдыға жан салмаймыз.  Кейін соның зардабын тарттырған кінәлі адам кім екенін қайдан іздер екенбіз?

Ғажайып жетістіктерімізбен мақтану үшін көзге көрінетін, қарапайым халық тікелей сезінетін бірдемелер болуы керек қой. Айлық жалақымыз қаншалықты өсті, тұрмыстық қажеттілігімізді толықтай өтеуге жетіп тұр ма, өндіріс саласында ілгерілеу бар ма, тәуелсіздік жылдарында әлемдік нарыққа шығарған брендтік қандай дайын өнімдеріміз бар? Осы сұрақтарға жауап боларлық ештеңе таппаған соң, еріксіз күмілжіп қаламыз. 

Біздің дәл осы жағдайымызды Латын Америкасының бірқатар елдері бұрын бастан кешірген екен. Жалпы, табиғи байлығы мол елдерде 1990-жылдары ішкі жалпы өнім мен тұтыну қажеттілік өсіп, гүлденіп шыға келген. Алайда, оның бәрі шын мәнінде әдемі сандық көрсеткіш қана болып қалған көрінеді. Себебі, ондай «бай» елдер айналасы төрт-бес жылдың ішінде экономикалық құлдырауға ұшыраған. Оны «голландиялық ауру» деді ме, әйтеуір, түрлі диагнозбен түсіндіргендері мәлім. 

Оның жайын экономистер түсіндіре жатар. Ал, біздің түсінгеніміз, табиғи мол байлық бізді ұшпаққа шығармайтыны. Ақша көбейген сайын оны талан-таражыға салып, шекара асырып таситындар, ішіп-жеп алып қашып кететіндердің саны арта түседі екен.

Сонымен қатар, табиғи байлықты сатудан түскен қыруар ақша ішкі өнім өндіруге кері әсер ететін секілді. Айталық, аз шығынмен олжалаған табиғи байлықты шикі күйінде экспорттайды, одан түскен ақшамен қажеттілігін өтейді, тіпті оңды-солды шашады. Байлықтың желігі шенеуніктердің «ісіп-кебуіне» әсер етеді. Соның салдарынан мемлекеттік орындардың бюджетінен нәтижесіз ағылып-төгілетін шығын көбейіп, сыбайлас-жемқорлық кәріне мінеді. Есесіне, жасампаздық пен нақты істің тетіктері әлсіреп, өндірістік қабілет төмендейді, тіпті жансыздана түспек. Одан сақтанудың жодары да бар негізі:

Біріншіден, бухгалтерлік есеп-қисап жүйесін жетілдіру. Табиғи байлықты игерушілер өздерінің тапқан таза пайдаларын кемітіп көрсету үшін қаржылық есеп-қисаптарына санқилы қулық-сұмдықты, айлакерлікті қолданатын көрінеді. Бізде бұл жағының бақылауы мен тексерісі өте жоғары деңгейде дегенге өз басым аса сенбеймін.

Екіншіден, жауапкершілік жүктеу үрдісі. Бұл жерде әлдебіреулерді әбден «ішкізіп, жегізіп» тойдырғаннан кейін,  шетелге қашырып жібергесін ғана зорға дегенде  іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғаудың, сырттай пәлен жылға соттаудың қаншалықты тиімді екенін өздеріңіз бажайлай беріңіздер.

Үшіншіден, бақылу, тексерудің тиімді жүйесі. Бұл жерде қолында құзіреті шамалылау  есеп комитетінің, құзіреті бола тұра майда шабақтардан аса алмайтын күштік құрылымдардың жырын айтып, жалықтырмай-ақ қоялық.

Төртіншіден, ашықтық пен жариялы іс әрекет.  Бұл жерде ең бастысы, жемқорлыққа, алаяқтыққа жол бермеуді ғана меңзеп отырмыз. Қазіргі таңда  табиғи байлығымызды игерушілер төлемақыны мемлекетке төлеуден гөрі бір ғана шенеуніктің  қалтасын толтырып, бар жүктемеден құтылып кетуді ойлайтыны және оған жол берілетін жағдай қалыптасқаны халық үшін ауыр қасірет. Ондай келеңсіздіктері әшкерелейтін еркін ойлы баспасөзге мемлекеттің өзі жағдай жасап қолдап отырса, ықтимал қауіптің алдын алуға айтарлықтай көмегі болар еді. Бірақ, бізде әділ баспасөзге қысым жасалып, даңғаза-дақпыртты ту еткен жағымпаз-жалтақ ақпарат құралдары алға шығып кетті.

37205Тұрақты даму туралы билік иелері де айтуға тым әуес. Алайда, бұл сөзбен шектелетін дүние емес, әрине. Ол үшін табиғи байлықты шетке шығарудан түскен пайданың есебімен бюджеттің шығынын көбейтудің, барды ұқсата алмай беталды шашудың, азғана топтың шексіз баюына ғана мүмкіндік беріп қоюдың соңы орны толмас өкінішке әкелетін түрі бар.

Табиғи байлыққа тәуелді болмаудың, дамудың басқаша жолдарын қарастыра алмаған үкімет кабинетін қайта-қайта тағайындап әспеттеп келеміз. Шын мәнінде, олар соңғы кезде қазба байлықты пайдалану туралы заңға елеулі өзгерістер енгізудің, ұлттық қордағы қаржыны тиімді пайдаланудың жолдарын да таба алған жоқ.

 Тоқсаныншы жылдардың басында бейбіт жолмен келген тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға, осы бір баға жетпес құндылығымызды әлдебір еуразияшыл одақтан, кремлдік жымысқы саясаттан ғана емес, жалпы сыртқы күштердің ықпалынан қорғауымыз керек еді. Жоқ, оны естен шығарып алдық.Қазіргі алмағайып заманның өзі «жау жоқ жеме, жар астында» деген нақылды еске салса да, жаһанданудың күңгейіне ғана шуақтап отырмыз, оның теріскей бетіне бір сәт көз жүгіртуге де асықпаудамыз.

Адамзатты басқарудың барлық тетіктерін бір қолға шоғырландыруға тырысушылар XX ғасырда осы бір жаһандану дегенді ойлап тапқанымен оның түп негізі тым арыда жатыр. Жалпы бүкіләлемді ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстағысы келгендер барлық тарихи кезеңде болды, әрине. Бірақ, оған озық ойлы елдер мен саналы халық жол бере қоймады. Отарлаушыларға тегеуірінді түрде қарсылық білдіріп, елінің тәуелсіздігі мен дербестігін қорғау жолында жан аямай күресті.

 

Қазіргі таңда жаһандану үрдісі өзінің отарлық саясатын «бостандық», «еркін нарық» секілді құлаққа жағымды естілетін сөздермен көмкеріп, өңін айналдыра бастады. Былай қарағанда мұның өзі де тыңнан түрен салған, бүгін ғана қолға алынып отырған әрекет емес.

Ертеде ежелгі Мысырдағы құпия білім мен маңызды мәліметтерін сақтаушылар әлем елдерінің сауда-саттық қатынастарын біртіндеп иеліктеріне алу тәсілін қолданып, мәдени байланыстарды өз мүдделері мен мақсаттарына сай икемдеп алып, басқаруға болатынын түсінген. Солардың мұрагерлері - қазіргі Батыс елдеріндегі қаржылық элита өкілдері өздерінің шынайы мақсаттарының ішкі сырларын жасыру үшін ғана жымысқы әрекеттеріне «жаһандану» деп ат қойса керек. Онымен де шектелмей түрлі елдер мен мемлекеттердің қоғамды басқару жалпы ұстанымдарын, тәсілдерін жасап, аталмыш үдеріске басшылық етіп келе жатқаны қазіргі ақпараттық дәуірде ешкімге құпия болмай қалған.

Бәрімізге белгілісі, әрине, қару-жарақтың күшімен қырып-жою. Ықылым заманнан қолданып келген дәстүрлі қарулар: мылтықтың неше атасы, танк, бомбалаушы ұшақтар т.с.с. Тұрғындарын қырып-жойып, материалдық байлығын талан-таражыға салған соң бәрін өз иелігіне қаратып ала сала салады. Осы орайда, «Соғыс дегеніміз саяси мақсатты өзгеше тәсілмен жалғастырудың бір түрі» деп Карл фон Клаузевиц жайдан жай айтпаса керек.

Әлем тарихында ондай қанды қырғын соғыстар талай өткен. Тарихи кезеңдерде бүкіл бір елді, ұлтты жалмап, жаппай құлдыққа салуға ұмтылған, алдын ала жоспарланған соғыспен қатар түрлі айла-шарғылар да жасалып келді. Қазір де адамзат ондай зұлымдықтың құрсауынан құтыла алған жоқ. Бірі өзгенің жеріндегі байлыққа көз алартса, енді бірі елінің тәуелсіздігі мен дербестігін қорғап қалу үшін жанталаса қарулануға мәжбүр. Ақыры, екі жақ та қорғаныс саласына қыруар қаржы шығындап, экономикалық дамуды тежеп, кері кетуде. Әр ел өзінің геосаяси жауларымен бірлесе бәсекелесіп жүріп, жер ғаламшарының күллі тіршілігін, адамзаттың барлық өркениетін тып-типыл ете алатын зор қуатты қару-жарақты ойлап тауып, ұстап отыр. Жай отырған жоқ, арасында түрлі сылтаумен әр жерде соғыс өртіп тұтатып та қояды...

АҚШ әскері Иракқа себепсіз басып кіріп, ол елден мистер Буш жаппай қырып-жоятын қару таппаған кезден бастап жұртшылық сырттан «экспортталатын» дәл қазіргі «демократия» атты құндылыққа күмәнмен қарайтын болған. Оған бұрынғыдай емес, отарлаудың құралы, белгілі бір елдің экономикасын әлсірететін, шикі зат нарығын тартып алудың амалы, дамушы елдердің халқын қаржы жүйесімен арбайтын «ми шырмаушы» идеология деп қарайтындардың қатары қазіргі таңда азаймай отыр.

Демократияның қорғаны саналатын алып ел 16 триллион долларлық сыртқы қарызға белшесінен батып отырғанына қарамастан жылына шамамен 1 триллион долларды әскери күшке аямай-ақ шығындап отыр.  Оған шын мәнінде әлемнің барлық елдері бірігіп, бір жылда қорғаныс саласына жұмсайтын барлық қаражатты қоссаң да жетпейтін көрінеді.

 

Жарайды, жат елдің әскері басып кіріп жаулай алмасын делік. Бірақ, ел тұрғындарын қынадай қырып тастауға қауқарлы - геноцид құралдарын қайда қоямыз. Айталық, арақ-темекі, есірткі заттары, гендік өзгеріске ұшыраған азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, тамақ дәмдегіш қосындылар секілді химиялық өнімдер. Оларға бүгінгілер ғана уланып қала берсе, рахмет айтарсың. Кейінгі ұрпағы үрім-бұтағымен тұқым қуалаған ауыр науқасқа шалдығып, иммундық әлсіруге ұшырап құрып бітпек. Сонда әлгі екінші соғыста бізден жеңіліп қалған Адольф Гитлердің «Шығыстағы варварларды тазалықтарынан ажырату керек. Оларды арақ-темекіге барынша үйір еткен жөн» деген өсиетінің қалтқысыз орындалып жатқаны ма?!

Осынау геноцидтік құралдар арқылы яғни, спирттік ішімдіктер, есірткі заттары, кейбір вакциналары мен гендік өзгеріске ұшыраған жеміс-жидектерімен бүкіл бір ұлтты өзіне тәуелді етіп алып, жойып жіберуге қуаты жететінін аңғару аса қиын емес. Алайда, мұның бәрін қарапайым жұрт геноцидке ұшырататын қару-жарақ екенін қайдан білсін. Және ондай «улардың» көңіл көтеретін, стресті тарқататын, денсаулыққа аса пайдалы дүние іспетті БАҚ арқылы насихатталатынын қайтерсің.

Ал, әлгі вакцинасын қатерлі ауруларға төтеп беретін қуаты бардай жалған уәжбен тықпалайды. Шын мәнінде онысының «сау басқа сақина» болып жабысатын пәле екені қазірдің өзінде қылаң беріп жатыр. Осылайша, іс жүзінде ұлттың гендік қорына нұқсан келтіретін, қазіргімен қоймай келер ұрпақтың тұқымын тұздай құртатын мұндай дүниелерді геноцидтік апат қаруы дегеннен өзгеше қалай атауға болады?!

Медалдың екі жағы болатыны секілді жаһанданудың да жағымды жақтарымен қатар кері тұстары жетерлік. Аталмыш «ірі жобаның» иелері адамзатты қолдан сусып шығып кете беретін қағаз ақшаның құлақ кесті құлына айналдырды. Ақшадан ақша тудыратындардың әлемдік жүйесіне енгізіп, жұтып қоюды көздеп келеді. Кезінде Амшель Ротшильд былай деген екен: «Маған белгілі бір елдің ақшаға жасайтын бақылауы мен билігін бере салсаң болды. Ал, ол жерде кімнің заң шығаратыны мүлде маңызды емес».

Отарлауды көздеушілер үшін расында, барлық адамды түгелдей қырып тастау маңызды емес. Құл ретінде жұмсайтын біреулер аман қалуы керек қой. Сондықтан, түрлі елдердің экономикасын олар өздерінің отбасылық, кландық мүддесіне лайықтау үшін жанталасып жатыр. Онысын әрине, кез келген жан түсінбестей етіп өте жымысқы түрде жүргізбек. Ол үшін әрине, арада доллар жүреді. Халықаралық валюта қоры, әлемдік банк секілді алпуыттар несиенің пайыздық өсімі арқылы да ойындағыларын орындап жатыр. Жалпы, осы банкир атты бампирлер өздері шөптің басын сындырмай-ақ несиенің өсімінің арқасында ақылға қонбайтын мол пайда тауып жатыр.

Ал, банктен алған несиенің құрсауынан халық өмір бақи тер төгіп еңбек етсе де құтыла алмайтын жағдайға жетуі құлдықтың кісені емей немене. Мұндай тетікті жүзеге асыру бір күндік шаруа емес екені мәлім. Сондықтан олар қоғам өмірінде жүзеге асырылуы неғайбылдау экономикалық теорияға бізді әбден сендірді.

Алаш көсемдерін абақтыда азаптап, атып көздерін құртқан соң отаршылар маркизммен миымызды ашытқандары аз болғандай енді келіп еркін нарықтық экономика қағидаларын тықпалап жатыр.  Онысының астарына үңілсек, бүкіл қоғам, күллі жұртшылық несие алған-алмағанына, осынау құпия тетікті ұққан-ұқпағанына қарамастан  іс жүзінде экономикалық тұрғыдан өзгеге кіріптар болып, ат төбеліндей банкирлердің құлына айналып шыға келмек. Осындай мейірімсіз һәм жыртқыш жүйені енді келіп өзіміз асырап, баптап отырмыз.

«Дерек пен дәйектің өзін қалай көрсетіп, түсіндірсең солай көрініс табады» деген екен, герман ойшылы Фридрих Ницще. Иә, дін, идеология, ақпараттық технология, БАҚ арқылы адамдардың санасына елеулі түрде ықпал етуге болады және әркім өзіне қолайлы қоғамдық пікірді барынша ойдағыдай қалыптастыра алады.

Сол сияқты адам баласының ішкі ой-санасын, ұғым-пайымын зерттеп таныған соң оларды діни сенімнің көмегімен немесе өзге де әлеуметтік догматикалық қағидалар арқылы тасада тұрып та басқара беруге болады. Егер қажет деп тапса ішкі қайшылықтарды қоздыра түсуге, тапсырыспен атыс-шабыс ұйымдастыруға, лаңкестік шабуыл жасатуға, шулы мақалалар жариялатуға дейін барады.  Мұның бәрі сырттай қарағанда кездейсоқ дүние іспетті көрінуі ықтимал. Алайда, іс жүзінде олай емес, бәрі алдын ала ойластырылған саяси сценарий.

Мұндай сәтте адамдардың санасын жаулап алып, өзіне қажет бағытқа қарай бұрып жіберуге ең қолайлы ұтымды қару - телевизия арналары екендігі мәлім. Негізінде, БАҚ атаулының абзал борышы - шынайы жағдайды айна қатесіз сол қалпында халыққа жеткізу ғана. Алайда, өкінішке қарай телевизия саласына ақша аямай шашып отырған олигархтар оларды «арбасына мінгізіп алып, өз әндерін шырқатып» қоятын тұстары да баршылық.

Шығыс халықтарында «Келешекте ірі қателікке ұрынбау үшін өткеніңе үнемі бұрылып қарап жүр» деген даналық сөз бар. Олай болса, белгілі бір халықтың тарихын қайта өңдеп жазу, тарихи санасын жою да отарлаудың орасан сұрқия саясаттарының бірі.

Өз отанының шынайы тарихын ұмытқан адам түп тамырынан ажыраған ағаш секілді болары хақ. Егер толықтай бір халық, іргелі бір ел өз тарихын ұмытып, жат жұрттық зерттеушілердің зорлықпен мойындатқан тарихына сенсе не болады? Халықтың тарихын белгілі бір мақсатпен идеологиялық тұрғыдан бұрмалап, өзгертіп жазған жағдайда сол елдің болашағы міндетті түрде өзгереді деген заңдылық бар. Ал, біз осыдан тарихи сабақ алудың орнына білім беру жүйесін бейберекет реформалауға, қазақ тарихын емес, «стандық» өмірбаянды 1991 жылдан бастап оқытуға жанталасып жатырмыз. Тіпті, бірнеше пәнді бір-бірімен мидай араластырып, үш тілде қойыртпақ жасап, жас буынды есалаң етпекпіз.

Жалпы, жат жұрттық отарлаушылар өздеріне аяқ-қол болатын құл-құтандарын белгілі бір елдің ішінен тауып, саяси сахнаға шығаратыны белгілі. Олар міндетті түрде алдымен елінің төл тарихын шет жұрттағы отаршы қожайындарына пайдалы етіп, өзінің қолайына икемдеп бұрмалайды. Ол үшін кейбір тарихи деректерді әдейі бүркемелейді, сызып тастайды, енді бірін зорайтады, халықтың санасын улап, адастыруға тырысады. 1990 жылдан бері жазылған тарихымыздың халы нешік. Жарыққа шыққан оқулықтар мен оқу құралдарын ерінбей салыстырып көре салсаңыз, еріксіз түрлі ойдың жетегінде кетесіз.

Алайда, ең сорақы қасірет жат жұрт идеологиясының жетегінде кеткенін, солардың ықпалына түсіп, жымысқы әрекеттеріне қолшоқпар болып жүргенін билеушілердің өздері де сезбейтіндігі. Дегенмен, адамдардың соның ішінде тарихи тұлғалардың өткеннен сабақ алмайтыны, сол үшін болашақ оны аяусыз жазалайтынын ұмытпаған абзал.

Шығыс халықтарының тағы бір даналық сөзінде «Бір елді толығымен өзіңе қаратып басып алу үшін жеткіншектері мен жастарын өзіңнің ығыңа жығып, тәрбиеле» делінген екен. Мұнысы, жастардың ұлттық дүниетанымын  күрт өзгертуге бағытталмақ. Егер дүниетанымымыз бен көзқарасымыз ұлттық сипаттан толық ажырап, тек материалдық құндылықтарға ғана бас ұратын халге жеткен болсақ, онда кері қайтуымыз қиынға соғады.

Ұлттық санамызға қайта оралудың арқасында ғана құлдықтың құрсауынан, бодандықдың бұғауынан босауымызға болады. Олай болмаған жағдайда адамзат тарихындағы жер бетінен ұлт ретінде қарасын батырған халықтардың қайғылы шырғалаңын біз де кешетін боламыз. Мұндай бейшара халге түскен сорлы халық отарлаушы жауларының мүддесін өздерінің қалыпты өмірінің құрамдас бөлігі деп шатасып, сол режимді өлердей қорғаштайтын көрінеді.

Мысалы, 200 жылдан астам  Ұлыбританияның отарында болған Үндістандағы әлеуметтік кастыны алайық.  Бүгінде 300 миллионға жуық адам қайыршылық деңгейде өлместің күнін көріп отыр. Оларды «адам төзгісіз каст» деп атайтын көрінеді. Сол қауымның дүниетанымы бойынша олардың кедейшілігі маңдайға жазылған тағдыр, қоғамдағы бірден бір мүмкіндіктің өзі осы ғана. Мұндай көзқарасты нық орнықтырудың өзі шын мәнінде қылмыс. Халықтың дүниетанымының өзі олардың өмірін бірнеше буынға дейін осылайша бағыттап тастаған.

Қазіргі таңда қоғам өмірінде екі түрлі дүниетанымдық көзқарас анықталып отырғанын ғалымдар алға тартады. Оның бірі - калейдоскоп (жиынтық құрақтардан тұратын) сипатындағы дүниетаным. Адамдар түрлі оқиғалар мен шынайы дерек, ақпараттар ағыны ортасында өз орнын таба алмай бейберекеттікке ұрынуы. Олардың пайымынша, әрбір тың ақпарат пен оқиға, көрініс атаулы адамның миын одан ары балшыққа айналдырады. Ондай жағдайда адамдардың айналасын қалай сезініп, қабылдауы бейне бір әйнектің жаңа сынығын калейдоскопқа енгізгендей және онысы барлық ұғым мен пайымды өзгертіп жібергендей болатын көрінеді.

Екіншісі, мозаика (өз ретімен толықтай көру) сипатындағы дүниетаным. Мұндай көзқарастағы адамдар айналасындағы оқиғаларды өзара сабақтастырып, біртұтас сипатта көре алады. Барлық мәселені себеп-салдарымен кешенді түрде қабылдай алады. Олар үшін белгілі бір оқиғада кездейсоқтық болмайды, шынайы өмір мен оқиға бұрын-соңды қалыптасқан ұғым мен пайымды айқындаушы фактор.

Алайда, өкінішке қарай қазіргі таңдағы ақшаға табынған «өркениет» қоғамда калейдоскоп сипатындағы дүниетанымның кең өріс алуына ықпал етіп отыр. Омар Хайям былай дейді: «Әлемдегі барлық көріністердің ішкі сипаты тым арыда жатады. Сондықтан, көзге көрініп тұрғаны аса маңызды емес, керісінше, бүкіл құпиясы мен шынайы сырын ішіне бүккен түпкі мәніне үңілу парыз».

Олай болса, қоғамдағы әрбір тетікті саналы түрде түсінгенде ғана түрлі жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра аламыз. Дәл қазір біз үшін санқилы ақпарат ағынына ұлттық ділімізбен төтеп беріп, оған қарсы тұра аламыз ба, әлде, бодандықтың бұғауынан босай алмай құл болып қала береміз бе деген таңдау тұр. Саналы түрде дұрыс таңдау жасау үшін зор жауапкершілік пен терең біліктілік керек.

Кезінде әлемді жеке дара билемек болған Шыңғыс хан - Тэмүжиннің өзі «ханның тағы ауыспалы, қолдағы билікке де кезек бар» - деп, тақтың мәңгі еместігін, уақыты келгенде өзгеге тапсыру керектігін айтып кеткен. Олай болса, қазіргідей өркениет дәуірінде жемқорларды биліктің маңына жолатпаумен қатар оны үнемі білікті де алғыр жас буын өкілдерімен алмастырып, жаңартып, тазартып отыратын үрдісті қалыптастыруымыз керек еді ғой. Әрине, бұл жерде мен бізде сапырылысып жататын көзбояушылықты айтып отырған жоқпын. Шынайы демократиялық тәртіптің орнауы бәрінен маңызды болмас па.

Жалпы қоғамдағы саяси, құқықтық түрлі өлшемдердің сыртында моралдық жауапкершілік деген жазылмаған заң бар. Адамзат өмірінің қозғалысы аясында туып шыққан құндылықтардың арасында дәл осы ар-ұяттан биігі жоқ шығар, сірә! Сонысымен де мораль деген шын мәнінде бәрінен күшті. Ол заң секілді емес. Сондықтан оны билік, белгілі бір топ жасай алмайды. Тіпті, өз қалауымен өзгертуге де еш мүмкіндігі жоқ.

Қоғам бүкіл болмысымен рухани өмірден тұрады десек қателеспейтін шығармыз. Себебі, оны жасаушы адам - өзі өзіне рухани пайымды жасап алып, сонысына еріп өмір сүреді емес пе. Олай болса, саяси билік иелерінің моралдық жауапкершілігі туралы сөз қозғау, дәл бүгінгі күнгі өзекті мәселе болып отыр.

Тарихтың спиралдық тұрпатпен,  өзіндік циклдерімен жалғасатындығын ескерсек, саясат атты «сайқалдың» ластануы да өзінің заңдылығымен жүріп жатқан үрдіс шығар. Алайда, саяси үрдістің дәл бүгінгідей былыққан кезі тарихта сирек кездескен болар. Айталық, саясатқа лас тәсілмен араласу, бір адамның дара билігінің үстемдік құруы, өз құзіретін халықтың мүддесіне емес, қарақан басының қамын күйттеуге арнауы, ортақ байлықты отбасының уысында ғана ұстау т.с.с.

Мұндайды аластау үшін не істеу керек?  Оған қарсы күш қолдана алмайсың. Заң-зәкүн айтып, иландыру тіпті де мүмкін емес. Ғылыми тұрғыдан келгенде, ең дұрысы - моралдық жауапкершілік қана. Алайда, мұның өзі орындалмас арман іспетті көрінер. Себебі, сол мораліңнің өзін мойындап жатқан кім бар?!

Әркімде өз құзіретін жүзеге асыруы үшін қолында билігі болуы керек. Ол билік болмаса ше? Ал, шын мәнінде, өз құзіретін жүзеге асырып отырғандар  сіз бен біздің билігімізді шеберлікпен пайдалана білушілер. Ендеше, оларға біздің жоғары талап қоюға толық қақымыз бар ғой. Билік жайын түсіндіретін бихевористік теорияда: «Билік дегеніміз адамның өз өмірінің қадіріне жете отырып, дүние мүлік, атақ-даңқ, еркіндікті иеленуі және оның қауіпсіздігін кепілдендіру құралы» - деп, анықтайды. Әрине, жоғарыдағы айтқанымыздан мүлде өзгеше пайым жатыр. Аталмыш теорияға қарап, бәзбіреулер ғылыми түрде осылай екен ғой деуі мүмкін. Алайда, олай емес.

Осы жерде жалпы саяси билік көшбасшылары қайдан, қалай туып шығады деген сұрақтың туындауы заңды. Жалпылай алғанда, сайлану, таңдалып тағайындалу және мұрагер ретінде танылу бар. Біздің жағдайда соңғысы болмауға тиіс. Оған еш негіз де жоқ. Ал, сайлану, тағайындалу қолданыста бар дүние. Негізі, әділ жолмен бәсекеге түсіп, жеңіп шығып сайлануға болады. Топ ортадан таңдалып тағайындалу да бар. Бұл енді демократия!

Ал, сайлауды былықтырып, дауыс ұрлап та «жеңіске» жетуге болады, яғни, авторитарлық жолмен. Сол сияқты сыбайластық жолмен лауазымға тағайындалу, қызметтік тақты сатып алу да бар. Осылайша, мемлекеттің атына кір келтіретін, қоғамдағы тұрақтылықтың берекесін қашыратын көріністер қылаң беріп жатады. Ондай былық-шылықтан арылудың бірден бір жолы - тағы да сол ар-ұждан, мораль дер едік.

Ұлы ойшылдардың пайымдауынша, билікке қол жеткізудің өзі түбірімен кездейсоқтықтан тұрады екен. Сен президент, премьер министр, депутат, министр, әкім бол, мейлі.  Барлық лауазымдық орынтақ көп жағдайда кездейсоқ сипатта иесін табатын көрінеді. Әйтпесе, біреудің пешенесіне мәңгілік жазылып қойылған заңдылық болмаса керек. Таңдалып алынудың өзі терең мағынасына үңілгенде кездейсоқтығы басым түсетін жайы бар. Бір орынға ұсынылған екеудің бірінің басым түсіп таңдалуы оның бәсекелесінен озық туғандығындығында емес. Бағы жанып, оза шапқанның өзі «жеңілген» бәсекелесінің алып тастаған тырнағына да татымауы мүмкін. Алайда, кездейсоқ таңдау соған түсті. Сондықтан, саясаттағы сапырылысқан бәсекеде ар-ұждан мәселесіне көбірек назар аударуымыз керек секілді.

Мысал ретінде орман өмірін алайық. Онда аңдардың патшасы - арыстан.  Қоян мен арыстан екеуінің арасында азу тіс пен тырнақ, күш-қуат жағынан бітім-болмыстық айырмашылықтары жеткілікті. Олай болса, шынайы өмірімізде халық - арыстан, саясаткер - қоян деп білгін! Қазір біз бәрін шатастырып жүрміз. Саясаткер мырзалар өздерін арыстан екенбіз деп ойлап тіпті қатты қателесіп кетті. Оны күнделікті жүріс-тұрыстарынан, сөйлеген сөздерінен анық аңғаруға болады.

 

Саяси билік иелеріне қойылатын моралдық талаптың аясы өте кең. Оны тіпті толыққанды түрде анықтаудың өзі қиын. Сондықтан, айналып келіп, көне ойшылдарға соның ішінде Аристотелге жүгінуімізге тура келеді. Оның «Биік мораль», «Саясат», «Шешендік өнер» сынды шығармаларынан ой түйіндер болсақ мынандай:

-  Жалған сөйлемеу, халықты алдамау;

-  Заңды бұлжытпай орындаумен қатар этикалық тәрбиесінің мықтылығы;

-  Парақорлыққа, жемқорлыққа мойынсынбайтын ерік-күштің беріктігі;

-  Өзінен бұрын халықтың мүддесін биік қою;

-  Қылмыстық топтардан іргесін аулақ салу;

-  Әрдайым әділдікті қастерлеу.

Осылай санамалап айта салу оңай, әрине. Алайда, жоғарыда аталған моралдық талаптардың үдесінен толықтай шығатын тұлғаларды тауып тағайындау, сайлау өте күрделі. Ал, оның қандай тәсілмен қалай айқындалатыны өз алдына бөлек әңгіме.

Негізі, саяси билік иелеріне қойылатын моралдық талаптарды қалыптастыратын институттардың құрылымы таза әрі дені сау болуға тиіс. Жалпы саясаткерлердің моралдық жағынан азғындауы, артта қалушылыққа ұшырауы - оның қоғам арасындағы абыройын айрандай төгетін, кереғар салдары көп дүние. Тіпті қоғамда жаппай жек көрушіліктің де орын алатындығын «Араб көктемі» мен кейбір шығыс диктаторлары өмірінің  ақыры көрсетіп берген жоқ па. Одан алатын сабақ, билікті теріс пайдаланудың соңы міндетті түрде қасіретпен аяқталатындығы болса керек. Лас жолмен келген байлық та, мәнсап та ешкімге опа бермесі анық.

Атаққұмарлықтың да соңы абыроймен аяқталмайтыны әлімсақтан мәлім. Ендеше, тоқ жемқорларымызды аялап, «Алла оларға қанағат берсін» деп ештеңені өзгертпей отыра береміз бе? Әлде, ашқарағы да, тойғаны да жемқор, «мешкей деген жақсы ат емес» деп біліп, аластаған абзал ма?

Расында, қазір жоғары лауазымдық қызметте жүргендердің арасынан жемқорлықтан аулақ, ары таза жандарды табу қиынға соғатын секілді. Олай болса, шынымен де Елбасы өзі айтқандай «шетінен бір-бірлеп қолынан жетектеп сотқа апара беруге» болатын шығар.

Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тауар өндіру, қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау секілді елдің ең бір өзекті мәселелерін қағаз жүзінде ғана керемет көрсеткіштермен алаулатқанымыз болмаса, іс жүзінде сын көтермейтін халдеміз. Жағдайлары бізден көш ілгері жұрт дабыл қағып жатса, өзімізді әлемдегі ең бай елдер қатарына қосып «бізде бәрі бар» деп мақтанудан алдымызға жан салар түріміз жоқ.

Тіпті онымыз аз болғандай, депутаттар алдына барған бір министріміз шетелдік мамандарды салықтан босату, оларға бюджеттен арнайы жеңілдік жасалуы керектігін айтып жомартсыды. Соған қарағанда, біздің бюджетте ақша тым көптік етіп, бұлар тауыса алмай отыр ма деп ойлап қала жаздайсың. Олай дейін десең, олигархтардың ұрлап апарып, шетелге тыққан лас капиталдарын жуған ақшадан салыққа пәлен қаржы түскенін айтып қуанып жатады. Мұнысы енді, ортақ қазанның ортайып, тиын-тебен таппай қысылып отырған елдің тірлігін аңғартады. Бәрі шым-шытырық, ештеңесін түсініп болмайсың. 

Бір анығы, қазіргі жағдайда ортақ қазаннан қаншалықты мол қарпып жеп қалсаң, соншалықты әл-ауқатың көтеріліп, қазынадан ұрлаудың арқасында баюға болатындай ұғымның қалыптасқаны рас. Керісінше, «ұрлық түбі қорлық» дегенді ұғатын күн туса игі еді. Майлы жіліктің басын ұстап отырғандардың көбінің қандай жолмен байығанын бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бес саусағындай білетін жағдайға жеттік. Тәуелсіздіктің 25 жылы бізге не берді дегенді халық сұрайтын, оған шынайы жауап беруді талап ететін уақыт келе жатыр. Ештеңе де, ешқашан сұраусыз, жауапсыз қалмайтынын ескерсек, оның да бір есебі болады.

Жалпы әр қазақ үшін еліміздің тәуелсіздігінен қымбат ештеңе жоқ дейтін болсақ, ел мен жердің байлығын білім-пайымымен, моралдық құндылықтарымен қоса ту-талапайын шығаруына жол бермесе керек. Халықтың жайбырақаттығы мен жайбасарлығының салдарынан бүгінге дейін бай мен кедейдің аражігі барған сайын алшақтап барады. Бұл әрине, бүкіләлемге тән үрдіс болғанымен халқы аз, жерінің асты мен үсті байлыққа толы,  біз секілді мұнайлы елдер үшін кедейшілікке жол бермеуге мүмкіндік зор.

Алайда, қазіргі кең өріс алған жұмыссыздық, қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас-жемқорлық пен асқынған парақорлық, әлеуметтік теңсіздік халықтың отаншылдық сезіміне селкеу түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндігімен қатерлі.

Кедейшіліктің тағы бір негізгі кілті – барған сайын өршіп бара жатқан инфляция мен коммерциялық банктердің ақылға сыймайтын пайыздық өсімдерінде болып тұр. Осының бәрі қазақ халқының 25 жылғы сенімі мен үмітіне қаяу түсіріп отыр.  Барша қазақ ел тәуелсіздігіне барынша сенген, одан жақсылық күткен. Енді, қайда кетіп бара жатқандығын бажайлайтын, ойланатын жағдайға жетті. Тәуелсіздікті нығайту, оны баянды етіп ұстап тұрудың маңыздылығы барған сайын өткір сезіліп отыр. Ол үшін ең алдымен, әлеуметтік теңдікті, әділдікті қалыптастыруға тиіспіз.

Кез келген мемлекет өз азаматтарының қарны тоқ, иығы бүтін, қолайлы баспаналы болуын қамтамасыз етуге міндетті. Егер оны жасай алмаса, несіне халықтың төлеген салығы есебінен жалақы алып, несіне өзгеден көп артықшылықтарды иеленіп, не үшін абажадай аппаратта шіреніп, жан-жағын қорғаушылармен қоршап, қымбат көлікте шалқайып отыр. Арасында, ел игілігіне жұмсалуға тиіс қаржыны ұрлап, онысын шет ел асырып тығуға, іскер жандардың бизнесіне рейдерлік жасап тартып алуға, тіпті, онысы аз болғандай атып өлтіруге кім құқық берді? Осы ма, біздің жеткен жеріміз?!

Біз демократиялық зайырлы қоғам құруды Конституция арқылы бекіткен елміз. Мұндай қоғамда мемлекеті өз тұрғындарының ішер асы мен киім-кешегін, баспанасын сатып алуына қолайлы жағдай тудыратын жұмыс орнымен қамтуға тиіс болса керек. Осы мәселені шешкеннен кейін барып, саясат, экономика, геосаяси мәселелер жөнінде әңгіме айтып, халықаралық іс шаралар ұйымдастыруға болатын шығар.

Демократиялық зайырлы қоғам туралы қағидаларға зер салсақ, онда «халықты алда, қазына ұрла, мемлекеттің бөлген білім грантын саудала, еліңді тона, алаяқтық жолмен олигарх бол» деген сөз жоқ. Қазір жұрттың кейбір бөлігі осындай әділетсіздіктің бәрін демократиядан көріп, сталинизм мен оның қанды қырғынын аңсайтын ностальгияға бой ұра бастады. Шын мәнінде, демократия дегеніміз адамгершілік пен әділдікті, теңдік пен бостандықты ту ететін адами құндылық. Ал, тәуелсіздіктің 25 жылында біз осы үрдістерді қалыптастыра алдық па?    

Сөз жүзінде әл-ауқатымыз пәлен есе артты делінгенімен, халықтың 50 пайыздан да көбі кедейшіліктің қамытып киіп отыр.  Дес бермей тұрған инфляция мен банктердің пайыздық өсімі жоғары несиесіне құл болғандардың саны күн санап артып келеді. Ал, ұрлықтарын заңдастырып, лас капиталдарын жудырып алған, Панамагейт тізіміндегі офшорда мүлкі көп  азғана байларды айтып, ауызды ауыртпай-ақ қоялық.

Экономикалық өсіміміз керемет деп айтылғанымен әлемде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, алға шығып кеткен ештеңеміз тағы жоқ. Керісінше, сыртқы қарызға белшемізден батып, оның өсімі жыл өткен сайын өсіп келеді. Енді, осы бетімізбен кете берсек, азғана уақытта сыртқы қарыздың ел азаматтарының әрбіріне шаққандығы көлемі оншақты мың доллардан да асып кетер. 

Жер қойнауын ақтарып қазба байлықты түгесуге жақындадық. Мұнайымыздың да мұңы көбейіп тұр. Үміт артқан кен орындарымыздың біразы қаңтарылып тұр. Үш күндік ғұмыры бар кәсіпорынды ашуымыздан жабуымыз жылдам. Халықтың күнкөрісінің көзі болып отырған қара базар өртенсе, қарапайым саудагерге соқыр тиын өтейтін тірі жан табылмайды. Сөйте тұра Астанадағы мега ойын-сауық орталығының мұртын балта шаппаса да мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, орынсыз жарылқап тастамаққа  тырыштанамыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшарларды таратқанда ата кәсібіміз төрт түлік малдың құнын бір қойды бірлі жарым сабын мен бір қап ұнның деңгейіне дейін түсіріп ауылдың тоз-тозын шығарған едік. Енді, жер қойнауын ақтарып, өзен-суларымызды ластап, құрғатып бітіретін түріміз бар. Онымен қоймай шетелдіктерге жер сатпаққа, жалға бермекке тырысқанымыз тағы бар.  1990-жылдары қаңырап бос қалған өндірістердің орнына ештеңе салынбады. Қазір салынды делініп жүргендердің не өндіріп, кімді жарылқап жатқанын түсінуден де қалдық.

Әлем елдерінің көбі өздерінің стратегиялық маңызды нысандарын жекеменшіктің қолына беталды ұстата салмайды. Ал, біз көбін жекеге беріп қойдық. Енді, оның бағасын білгендерінше өсіріп, жұрттың қалтасын қағып жатса, қоғамдағы тұрақтылыққа кепілдік бере алмамыз ба?

Арақ пен темекіден басқа ауыз толтырып айтарлықтай өнімі жоқ елді бәсекеге барынша қабілетті деп қашанғы өзімізді алдарқатамыз.   Шетел компаниясында жұмыс істейтін өз отандастарымыздың алатын еңбекақылары сол ұжымның жат жұрттық жұмысшылары алатын жалақысымен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылығы туралы өкпе наз айтыла-айтыла жауыр болды.

[caption id="attachment_20496" align="alignright" width="195"]zhamaqai Қуандық Шамахайұлы[/caption]

Біздің қазіргі экономикалық саясатымызда ұлттық мүдде ең алдыңғы қатарға қойылуға тиіс. Ал, шикі затқа ғана негізделген, мұнайға бай бола тұра жанармайға мұқтаж, енгізіліп жатқан өндірістік технологиясы шамалы ел дамудың қай шетінде жүргені айтпаса да түсінікті шығар.

 Сөз соңында айтарымыз, ел экономикасының дамуына құрғақ уәделер мен орындалмайтын түрлі бағдарламалардан гөрі нақты із қызмет, жұмыс орындары, білімді де білікті азаматтар ғана керек.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,


халықаралық журналист


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x