Гүлен: «Мен жайлы айыптаулар дәлелденсе, Түркияға қайтуға дайынмын»

Dalanews 16 там. 2016 13:07 217

Түркия 15 шілдеде болған төңкеріс жасау әрекетімен жақын тарихтағы ең үлкен сұмдықты бастан кешті, шыңырау құзға құлап кете жаздап аман қалды. Сол түні болған оқиғаны террорлық төңкеріс деуге болады. «Әскери шенділердің мемлекет ісіне араласуы тарихта қалды» деп ойлаған түрік қоғамының барлық саласы төңкеріс әрекетіне ортақтаса қарсы тұрды, әрі демократияны жақтайтындықтарын көрсетті. Мен де әлгі жағдай орын алып жатқанда ашық әрі анық түрде төңкеріске лағынет айттым.

Осы сорақы төңкеріске әрекет басталғанына 20 минут өтісімен, әлі кім ұйымдастырғаны нақтыланып жатпастан, Р. Т. Ердоған мырза дереу кінәні маған артты. Әлі оқиғаның егжей-тегжейі анықталмастан, кімнің неге істегені білінбестен, кінәліні осыншама тез табу ойлантарлық. Соңғы елу жыл бойы көптеген әскери төңкерістерден көресіні көрген адамның бірі ретінде бұндай қылмысқа мені іліктіруі көңілімді жабырқатуда. Бұндай айыптауларды нақты түрде теріске шығарамын.

17 жыл болды өз еркіммен АҚШ-та шағын ғана ауылда оңаша өмір сүрудемін. Менің әлемдегі ең мықты 8-орында тұрған әскерді 10 000 шақырымдық жерден өз үкіметіне қарсы төңкеріс жасауға көндіргендігім туралы айтылуы сенуге қиын жала әрі әлемдік қауымдастық тарапынан да ешкім оны құп көрмеуде.

Егер төңкерісшіл топқа қатысқандар арасында өзін «Қызмет» қозғалысын жақтаймын деп танытқан әскерилер болса, меніңше, олар өз отандастарының өмірін қиған іске қатысып, елінің бірлігі мен бүтіндігіне қиянат жасағаны, мен өмір бойы қорғап келе жатқан құндылықтарды аяққа таптап, жүз мыңдаған кінәсіз адамның жапа шегуіне жол ашқаны.

Әскердің бір жағында арадағы кісілердің араласуымен бұндай істерін қызмет құндылықтарынан жоғары қойғандар болса, өз басым ондайлар бар деп ойламаймын, олардың қателігін қозғалыстағы барлық адамға жабу дұрыс емес. Олардың үкімін Алла берсін.

Өзімді де қоса алғанда ешкім де заңнан артық емес. Бұл төңкеріс жауаптыларының қай саладан болса да әділ заң тұрғысынан жауапқа тартылып, тиісті жазасын алғанын қалаймын. Түркияда заң жүйесі 2014 жылы қазан айынан бастап саяси қысымға ұшырағандықтан, әділ түрде жауапқа тарту мүмкіндігі өте аз. Осы себепті бұл тұрғыда халықаралық комиссия құрылғанын әрі сол комиссияның қабылдайтын шешіміне шын ризашылықпен бас иетінімді неше рет айттым.

Бұл қозғалыс мүшелері 50 жылдан бері бірде-бір зорлықшыл бүліктерге қатыспады, олар соңғы үш жылда Р.Т.Ердоғанның ашық түрде айтқан «жалмауыздарды жою» деген жарлығының қысымына ұшыраса да, қарсылық танытып көшеге шықпады, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құзырлы органдарға қарсылық танытпады.

Үш жылдан бері үкімет тарапынан жүйелі түрде бұл қозғалысты жеккөрінішті етіп көрсету науқаны жүріп жатыр, тіпт іауыр қыспаққа ұшыраты, сонда да «Қызмет» қозғалысы заң белгілеген шеңберден шықпай, заңды түрде ғана өзін қорғады, құқыларын тек құқықтық жолмен ғана іздеді. 3 жылдан бері мемлекеттің барлық құзырлы мекемелері «параллель мемлекетті» (оны мен басқарады деп жала жабылуда) анықтау үшін жұмыс істеп жатыр. Мұндай жала Түркия Республикасы тарихында осы уақытқа дейін болмаған.

Үкімет 2013 жылғы желтоқсан айындағы жемқорлықты әшкерелеу әрекеттерін де бюрократия ішіндегі мені қолдайтындар ұйымдастырған төңкеріс деп көрсетті. Сол күннен бергі өткен аралықта 4000-дай кісі тұтқындалды, он мыңдаған қызметкер жұмысынан қуылды, жүздеген мекеме, фирмалар заңсыз тәркіленді, дегенмен бұл айыптауларды дәлелдейтін бірде-бір дәлел табылмады. Үкіметтің бірнеше мүшесі жемқорлықпен өз орнынан кеткеннен кейін, 2014 жылғы мамыр айында сол кезеңнің премьер-министрі (Р.Т.Ердоған) алаңға жиналған халықтың алдына шығып, осы қозғалыстың мүшелері жайлы «қанды қарақшы», «қан сорғыш» деген небір ауыр сөздер айта бастады.

Үстіміздегі жылдың 15 шілдесінде болған төңкерістен кейін бұл қысым одан сайын асқынып кетті. Түрік үкіметі мені және «Қызметті» қолдаушыларды «қатерлі вирус ретінде тазарту керек» деп айыптай бастады. Осы қозғалысқа жақындығымен танылған мекемелерге, ұйымдарға азды-көпті қолдау білдірген жүз мыңдаған жазықсыз адамды адам санатынан өшіріп тастады.

Олардың дүние-мүлкін тәркілеп, банк есептерін тоқтатып, паспорттарын жарамсыз етіп, шетелге шығуына да жол бермеуде. Жүз мыңдаған отбасы «жалмауыздарды жою» деген сұмдықтың салдарынан өте ауыр жағдайды бастан кешуде. 90 000 мыңға жуық адам жұмысынан қуылды, 21 000 мұғалімнің дипломын жарамсыз етіп тастағанын БАҚ жариялады.

Мамандығымен жұмыс істей алмаса, шетелге шығуға рұқсат етілмесе, сонда бұл отбасыларды үкімет ашықтан-ашық аштыққа итермелеп отырған жоқ па? Бұл әрекеттің Европа тарихындағы геноцидтың алдындағы істелген істерден не айырмашылығы бар?!

Түркияда болған барлық әскери төңкерістерді көрдім.Барша түрік халқы секілді мен де сол уақыттарда үлкен қиындықтарға ұшырадым. 1971 жылғы 12 наурыздағы төңкерістен кейін хунта билігінің шешімімен түрмеге қамалдым. 1980 жылғы 12 қыркүйектегі төңкерістен кейін мені тұтқындау туралы шешім шықты. 1997 жылғы 28 ақпандағы әскери төңкерістен кейін мен жайлы «бір адамнан тұратын қарусыз террорлық ұйым» деген айып тағылып, сотталдым. Сол үшін мені дарға асуды талап етті.

Әскери билік кезеңдерінде мен жайлы 3 рет «террорлық ұйым жетекшісі» деген жаламен іс қозғалды. Олардың бәрінен ақталып шықтым. Кешегі күні әскери биліктің нысанына іліксем, бүгін анағұрлым заңсыз түрде азаматтық авторитарлы режим тарапынан дәл сондай кінәлауларға тап болудамын.

Мен бұрынырақта қадірлі елбасылар Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Бүлент Ежевит секілді түрлі саяси көзқарастағы жетекшілермен достық қарым-қатынаста болдым. Олардың игі бастамаларын шын көңілмен қолдадым. Ол кісілер әсіресе «Қызмет» қозғалысының білім мен қоғамдық бейбітшілікке қосқан үлесі үшін ерекше құрметтеді.

Саяси Исламнан үнемі бойымды аулақ ұстасам да, ел басқарған алғашқы жылдарында жүргізген демократиялық реформалары үшін Ердоған мен АКП («Әділет және даму» партиясы) жетекшілерін бағаладым. Алайда өмірімнің әр кезеңінде әскердің саясатқа араласуына, әскери төңкерістерге қарсы болдым. 22 жыл бұрын «Демократия мен зайырлылықтан бас тартуға болмайды» деген пікірім үшін сол кезеңде бұндай құндылықтарға қарсы пиғылдағы қазіргі билікке жақын саяси исламшылдардың қаһарына ұшырадым. Бүгін де сол пікірлерімді жақтаймын.

40 жылдан бері жазған мақалаларым мен айтқан уағыздарымнан алынған 70-тен аса кітабымның бәрі көпшілікке белгілі. Бұл еңбектерде төңкеріс туралы ой беретін ешбір сөз жоқ, керісінше,демократияға негіз боларлық адами құндылықтар дәріптелген.

Түркияның жарқын болашағы демократиялық мәдениеттің тереңдей түсуіне, зайырлылыққа сүйенген мемлекеттік басқарудың нық орнығуымен тығыз байланысты. Әскери төңкеріс те, автократиялық азаматтық басқару да шешім бола алмайды.

Өкінішке қарай, елде оппозициялық БАҚ жабылғандықтан немесе қысымға ұшырағандықтан, түрік азаматтарының көпшілігі кең көлемде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының ықпалымен 15 шілдедегі төңкерісті мен ұйымдастырды дегенге сенген. Шынтуайтында, оқиғаларға анағұрлым объективті қарай алатын әлемдік қауымдастық бұл істің «жалмауыздарды ұстау» желеуімен биліктегілердің өз күшін нығайта түсу үшін жасаған әрекеті екенін анық байқауда.

Әрине, маңыздысы – көпшіліктің не ойлағаны емес, әділетті түрде сотпен анықталған шындықтар. Осындай ауыр айыптауға ұшырап отырған мен және он мыңдаған адам әрине әділетпен жүргізілген заң арқылы өзіміздің жазықсыз екенімізді дәлелдеп, ақталғымыз келеді. Күдікті ретінде өмір сүргіміз келмейді. Өкінішке орай, 2014 жылдан бастап заң жүйесі түгелдей саясаттың ықпалына өтіп кеткендіктен, мен де, кінә тағылып отырған Қызмет қолдаушылары да өздерін ақтауға деген құқыққа ие емес. Осы себепті түрік үкіметін ашық түрде толықтай ынтымақтастыққа шақырамын. Халықаралық тәуелсіз комиссиясының төңкеріс әрекетін зерттеп, қарастыруын талап етемін. Егер мен туралы айтылғандардың оннан бірін дәлелдей алса, Түркияға қайтып, ең ауыр жазаны тартуға дайынмын.

Бұл қозғалыстың еріктілері төрткүл әлемнің төрт бұрышында жүздеген үкімет, қауіпсіздік ұйымы, зерттеуші немесе тәуелсіз азаматтық қоғам ұйымдары тарапынан 25 жылдан бері бақылауда. Ешбір заңсыздықтары болған емес. Осы себепті көптеген елдер түрік үкіметінің Қызмет қозғалысы жайлы айтқандарына сенім танытпауда.

Қызмет қозғалысының ең айтулы ерекшелігі, саяси билікке құмартпауы, оның орнына халықтардың болашағына қауіп төндіретін әрі кең көлемді қажыр-қайрат қажет ететін мәселелерге шешім іздеуінде. Ислам жағрапиясына террор, қан төгіс және артта қалушылық телінген кезеңде өзі өмір сүрге қоғамға белсенді түрде білімді және диалогқа ашық ұрпақ өсіруге назарын шоғырландыруда. Мұсылман елдердің ең үлкен келеңсіздігі нададық, алауыздық және кедейлік екеніне сенгендігімнен мені қолдаушыларға үнемі «мешіт немесе құран үйрететін курс емес, мектеп ашыңдар» деген кеңес бердім. Бұның ең үлкен ерекшелігі тек мұсылмандарға емес, барлық діннен және этникалық ерекшеліктегі адамдарға дәл сондай қызметтерді ұсынуға деген талпыныс.

Пакистанның ең қиын аймақтарында қыз лицейлерін ашу, азаматтық соғыс болып жатқан кезеңде Орталық Африка Республикасында білім беруін жалғастырған. Нигерияда Боко Харам қыздарды кепілдікке алып жатқанда, Қызмет қозғалысы қыздарға білім беретін мектептер ашқан. Әрі Францияда, әрі французша сөйлейтін елдерде менің пікірлерімді тыңдайтын адамдарға адамдарға радикал ислам түсінігін насихаттайтын топтарға қарсы күресуді, мемлекеттің ресми басшыларын осы күреске қолдау білдіруге ынталандырдым.

Осы елдерде өмір сүріп отырған мұсылмандардың өзі өмір сүрген қоғамға позитивті үлес қосатын, келеңсіздіктермен қатар аталмай, қайта істеген істерімен үлес қосу арқылы танылатын ықтияры дербес адамдар ретінде қалыптасқанын қаладым. Террорлық операциялар арқылы исламның пәк келбетіне дақ түсірген әл-Каида, ИШИМ секілді ұйымдарды, басыма қауіп төнуі мүмкін болса да, қаншама рет лағынеттедім. Түрік үкіметі өкінішке қарай 15 Шілде қанды террор шабуылына еш қатысы жоқ, зорлық-зомбылыққа үзілді-кесілді қарсы шыққан бұл адамдарды әрі ашқан мектептерін де әлемдегі әр елдің үкіметіне шағым етуде. Бүкіл әлемдік үкіметтерге үндеуім, бұндай негізсіз айыптауларға мән бермесе, орынсыз талаптарды қабылдамаса екен.

Айтқандай, Түрік үкіметінің Қызмет қозғалысын саяси шешім ретінде террорлық ұйым деп жариялап, жапқан мекемелері: мектептер, емханалар және қайырымдылық көмек ассосациялары. Мұғалім, кәсіпкер, дәрігер, ғалымдар мен журналистерді тұтқынға алды. Қатаң бақылауда ұстауда.  «Жалмауыздарды аулау» операциясына ұшыраған осы жүз мыңдаған жандардың төңкерісті қолдаушылармен де, қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерімен де айыптайтындай бірде-бір дәлел табылмады.

Париждегі мәдениет орталығының өртелуі, іздеген адамдарын орнынан таппағанда жанұясын кепілдікке алғаны, науқас журналистердің денсаулық жағдайына қарамастан бақылауға алынуы, 35 емхананың және қайырымдылық көмек ассосациясы «KİMSE YOK MU? » (Кимсе йок муны)  жабу, 1500 ғылыми қызметкерді мәжбүрлеп жұмыстан кетіру әрекеттерін төңкеріспен байланыстыра түсіндіру мүмкін емес.

Бұдан байқалатыны, билік Қызмет қозғалысын нысанаға алғандай көрініп, өзіне серт бермеген баршаны мемлекеттік мекемелерден тазалауға әрекеттенуде. Билік азаматтық қоғам ұйымдарына да қыр көрсетуде. Халықаралық амнистия ұйымы (Amnesty International) рапорттарына тіркелген қорлықты да қосқанда адам құқықтарының аяққа тапталуы ең сорақы жағдайда.

15 шілде төңкеріске әрекеттің сәтсіз аяқталуы сайлаумен билікке келген үкіметке жасалған антидемократиялық араласудың халықтың да қолдауымен кері итеріп тастауы тұрғысынан тарихи маңызға ие оқиға. Алайда, төңкерістің алдын алу демократиялана түсу үшін жеткілікті емес. Азшылықтың билігі, көпшілікке тән билік пен азшылықты езу не сайланғандардың автократиясы да шынайы демократия емес. Заңның жоғары тұруы, күштерді бөлісу, сөз еркіндігінен бастап негізгі адам құқықтары сақталмастан,  демократия туралы айту қиын. Түркия үшін демократия атына шынайы жеңіс осы негізгі құндылықтарды қайтадан жандандыруда деп айтар едім.

 

Фетхуллаһ Гүлен, интеллектуал, философ, дін ғалымы

ТәржімалағанАрыстан Сапарғали

Дереккөз: lemonde.fr

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x