Қазақ тілі есебінен «уақыт үнемдеу» ақылға сия ма?

Dalanews 20 сәу. 2016 08:06 374

Ширек ғасырдан бері айтудай-ақ айтылып, жазылып келе жатқан бір мәселе болса, ол – қазақ тілінің мүшкіл хәлі. Бұл тақырып тәуелсіздік алғаннан кейін біраз саябырситын шығар деп ойлаған едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Соңғы уақыттары тіл мәселесі өткір талқыланып, жұрттың назарын өзіне тағы да аударды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын министрлік  қызметкерлерінің төрт бет қағазда 50 қате жіберуі де біразға дейін айтылатын әңгімеге арқау болатын түрі бар.

Біз бұл жолы Сағадиевтің реформасын тағы да талқылап жатқымыз жоқ. Министрдің бұл реформасы біраз жыл өткеннен кейін ұмытылуы мүмкін. Жалаулатып басталған талай реформа бет-аузымен жер сүзе құлап, мүрдем кетті емес пе? Сондықтан Сағадиевтің бастамасын сөз қылғымыз жоқ.

Бірақ Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиевтің қазақ тіліне қатысты көзқарасы арқамызға аяздай батқаны анық.

dalanews aristanАлдымен Арыстанбек мырзаның ісіне қатысты ойымызды ортаға салсақ. Иә, қазір атқарушы биліктегі хат дайындайтын хатшылардың бәрі «қазақ тілін жетік біледі» деп айту қиын. Бұл Құдайға да, адамға да белгілі жайт.

Сондықтан Арыстанбек ағайдың қате қағазға қол қойып, одан соң, халық алдында ақталып, екі рет абырой-беделіне нұқсан келтіргені ұят болды.

Бүгінде біздің шенеуніктер халықтан кешірім сұрауға дағдыланбаған.  Бәрі бала сенбейтін әңгімені айтып, ақталуға құмар. Егер Арыстанбек мырза: «Қате бізден кетті. Бұл олқылықтың орнын толтырамыз. Жауапты адам жазасын алады. Халықтан кешірім сұраймын» десе, тауы шағылып қалар ма еді? Жоқ. Қайта халықтың алдында минусқа кеткен беделі бір елі болса да көтеріліп қалар еді. Амал не. Арекең мұндай қадамға бара алмады. Қазақ тілін қадір тұтып, халықтың алдында кішіреюге кісілігі жібермеген сыңайлы. Ең соңында сканер кінәлі болып шықты.
Жалпы, қазақ тілі Арыстанбек Мұхамедиұлының кішіреюіне мұқтаж емес. Бірақ тілді қорғайды, дамытады деген министрлік қызметкерлердің Қазақ тіліне бұлайша бей-жай қарауы еліміз үшін «төтенше оқиға» болуы керек еді. Иә, кәдімгі мемлекет болып аяғынан тік тұратын «төтенше оқиға».

Қызылағашты су басып, қапыда біраз адамнан айырылғанымызда ел болып аза тұттық қой. Мәдениет министрлігі қызметкерлерінің қате-қате қағазы жария болған сәтте Үкіметіміз дабыл қағып, барлық ведомстволардағы хатшылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тексеріп, шетінен сынақтан өткізуі тиіс еді.

Есіңізде болар, Қызылағашты су алғанда еліміздегі бүкіл су қоймалары бір аптаның ішінде тексеруден өтіп, құтқару қызметінің дайындығы сыналды емес пе? Мәдениет министрлігінен шу шыққанда дәл осындай дабыл қағылуы тиіс еді.

Өкінішке қарай, Үкімет бұған селт еткен жоқ. Тіпті, Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері осындай бір «оқиғаның» орын алғанынан білмей қалған сияқты.

dalanews hromtauЕнді назарымызды аударған екінші мәселеге көшсек. Өткен аптада Хоромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиевтің «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында «уақытты үнемдеу» деген желеумен баяндамасының басым бөлігін орыс тілінде жасағаны көпшілігіміздің шымбайымызға шоқ түсірді (кейбіреулердің бұған еті өліп кетті ғой).

Қазір шенеуніктердің қазақ тілінің есебінен уақыт үнемдеуі әдетке айналып бара жатқандай... Бәрі баяндамасының басын қазақша бастап, ары қарай жалпы жұртқа түсінікті болуы үшін орысша жорғалай жөнеледі. Бұдан нені аңғарамыз? Басшылардың тіл мәселесіне келгенде тайғанақ, өзіндік ұстанымы жоқ екенін байқаймыз.

Егер жалпыға түсінікті әрі уақыт үнемдеу керек болса шенеуніктеріміз баяндамасын бірден ағылшын тілінде жасасын. Мектеп оқушылары ағылшын тілінде сабақ оқуды талап еткенде шенділерден  неге ағылшын тілінде баяндама жасауды талап етпейміз.

Біздіңше, ағылшын тілін меңгеруді алдымен шенеуніктерден бастау керек. Қарапайым халық барын салып ағылшын тілін өз бетінше үйреніп жатыр. Біздің қай шенеунік П.Порошенко сияқты ағылшынша ағып тұр. Ешқайсысы. Мемлекеттің қаржысын шашып, «Болашақ» арқылы батыста білім алған «балапан шенеуніктердің» өзі қастарынан тілмаштарын тастамайды. Бірақ бала-шағадан ағылшыншаны талап еткенде бәледей...

Сондықтан тіл үйренуді, тілін түзеуді шенеуніктер өздерінен бастауы керек.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x