Миллиардты мойындатқан ағайындылар

Dalanews 03 сәу. 2016 02:51 226

Жуырда ғана Астана төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде күрес түрлерінен Азия елдері арасындағы Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда, грек-рим күресі бойынша Қытай құрамасын әлемге танымал балуан Әлнұр Төргеұлы бастап келді. Миллиард халықтың ішінен суырылып шығып, ұлттық құраманың аға бапкеріне айналған қандасымызды журналистер қауымы жылы қарсы алып, бірнеше сұхбат алып үлгерді. Біз даңқты балуанның өмір жолына хронологиялық тәртіппен үңіле отырып, халықаралық деңгейдегі спорт шеберінің жетістіктері мен әттеген-айға толы естеліктерімен тұздықтап отыруды құп көрдік.

 

[caption id="attachment_14538" align="aligncenter" width="749"]image (5) Балуанның отбасы[/caption]

Біздің анықтама

Әлнұр Төргеұлы – Қытайда тұратын қандасымыз, әлемге танымал балуан, халықаралық спорт шебері, спорт саласы бойынша Қытайда «Еңбек озаты», үлгілі қызметкер деген бірталай марапаттауларға ие болған. Грек-рим күресі бойынша Қытай ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы. Азия, Әлем чемпионаттарының жүлдегері. Қытайдың біріншіліктерінде бірнеше мәрте бірінші орын алған жеңімпаз. 4 жылда бір өтетін Қытай спартакиадасының үш күрес түрі бойынша чемпионы, грек-рим күресі бойынша да Қытай спартакиадасында топ жарған қазақ. 2004 жылы күрес түрлері бойынша Қытай атынан Афины олимпиадасына қатысқан тұңғыш қазақ. Жары Шынар Шәпиқызы Шынжаң телеарнасының режиссері, Үкіләй атты қызы, Үмбет атты ұлы бар.

Ұшқан ұяның қадірі

Әлнұр Төргеұлы 1977 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданы Аралтөбе ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Күнес аудандық балалар арасындағы жарысқа қатысып, сол жылы аймақтық жастар құрамасына қабылданады. 12 жасында әкесі Төргеден айырылған бозбала үйдің үлкені еді. Небары 33 жасында жарынан айырылып, 6 баланы бір өзі мәпелеп өсірген Күлсара Тоқтыбаққызы болашақ балуанның бетінен қақпай, спортпен шұғылдануына бар мүмкіндік жасайды. «Егер анам қарсы болса, өзі қиналып жүргеніне қарамастан, мені оқытуға қаржы таппаса, қолдамаса, бүгінгі жетістігімнің бірі де болмас еді», – дейді балуанның өзі.

[caption id="attachment_14539" align="alignright" width="315"]image (1) Күрестен бір көрініс[/caption]

– 1990 жылдың жазы болатын. Оған дейін мектептегі сыныптастарымды алып та, шалып та жығып үйренген мені жұртшылық: «Әкесіне тартыпты» десетін. Әкем марқұм да жауырыны жерге тимеген, қазағы басым Күнес көлемінде кеудесін ешкімге бастырмаған азамат екен. Соны меңзегендері болса керек, мені үнемі әкең секілді қайсарлығың бар дейтін. Қара шаңдақ жолдарда алысып-жұлысып жүретін құрдастарымның талайын борпылдақ топыраққа көміп кетуші ем. Олар да менімен ұстасуды, күресуді қоймайтын. Менің спортқа бейімділігімді ел бірден бірге жеткізсе керек, бізден алыс ауылда тұратын Кәден деген кісі іздеп келіп, аудандық балалар арасындағы спорт жарысына қатысып көруімді сұрады. Шешем: «Бағыңды сына, батамды бердім» деп, шығарып салды. Кіші әкем Қарға мені ертті де, аудан орталығына аттандық. Біз кешігіп қалыптық. Сосын Рахым деген бапкерге жолығып, менің мән-жайымды айтып еді, «күресіп көрсін» деді. Сол іріктеуде бірінші, екінші орын алған әр салмақтағы екі баламен күрестім, оларды «қолға алғам жоқ». Рахым бапкер қуанып, мені 15 күндік жаттығуға алып қалды. Менің спорттағы тарихым осылай басталып еді...

 

[caption id="attachment_14540" align="alignright" width="177"]141987434554a19029305c56.39817624 Қажымұқан[/caption]

«Кішкентай Қажымұқанның» Қазақстанға келуі

Аудандық іріктеуден іркілмей өткен ол Іле аймағы көлемінде жастар арасындағы жарысқа қатысып, 1-орын иеленген соң бірден аймақтық денетәрбие мектебіне қабылданады. Сұрапалды, Рахым секілді білікті бапкерлер күрестің түрлі тәсілдеріне жаттықтыра жүріп, қазақтан шыққан даңқты балуандардың есімдерін жаттатуды ұмытпаған екен. Бала Әлнұр Балуан Шолақ, Қажымұқан, Айханов, Үшкемпіров, Тұрлыхановтардың есімін сонда естіпті. Әсіресе, Қажымұқанның аңызға толы ерлік жолына ерекше ынтыққан оның ішкі арманы сол аталарындай биікті бағындыру еді... 1991 жылы жаз кезінде Шынжаң жасөспірімдері арасында жарыс өтіп, бүкілөлкелік жарыста топ жарған балаларға Шынжаң спорт комитетінің ұйғарымы бойынша Қазақстанда оқу бұйырады. Әлнұр, Ерлан секілді 30 шақты әр ұлт өкілінің жасөспірім сайыпқырандары сол жылы күзде Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт интернатына оқуға аттанады. «Мен үшін бала кездегі ең қуанышты сәтім сол жеткіншектердің қатарында болу еді», – деп еске алады өзі.

[caption id="attachment_14541" align="alignright" width="277"]image (3) Даңқты балуан Әлнұр Төргеұлы[/caption]

– Бәріміз бала едік. «Алматыға оқуға барасыңдар» дегенде, қуанғанымнан жарыс майданын айналып жүгіріппін. «Қазақ радиосынан» күнде тыңдайтын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деген диктордың даусы құлағымда жаңғырып, шат-шадыман күй кештім. Әсем Алматыны көру Жерұйығын табумен бірдей сезілгені бар. 30 бала Алматыға келдік. Қазақстан Тәуелсіздігін енді алып, абыр-сабыр күй кешіп жатқан кез. Мен бұрын еркін күресте жаттығып жүр едім. Мұнда келген соң грек-рим күресіне ауыстым. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов секілді ағаларым осы күрес түрінен әлемді мойындатқанын білетінмін. Өзімнің қалауым сол болды.

Интернатта орыс группасында оқуға тура келді. Сабақ тек орысша жүретін. Наталья Алексеева есімді апайымыз оқытты. Өте кішіпейіл, жанашыр жан еді. Басында орысшадан қиналғанымызбен, көп өтпей үйреніп кеттік. Бұл жылдар менің күллі жетістігімнің негізі болды десем, артық айтқандығым емес. Күн-түн демей жаттықтым. Бапкерлерімнің айтқан ақылын бұлжытпай орындадым. Қазақстанның спорт мектебі ерекше дамығанын айту парыз. Спортшыларды зорықтырмайды, уақтылы демалуға, психологиялық салмақ түсірмеуге қатты мән береді.

Айтпақшы, сол жылдары менен жасы үлкен Ерлан Қазақстан бойынша жастар арасындағы жарыста еркін күрестен 1-орын, мен 2-орын алдым. «Осында қалыңдар, бізге өздеріңдей талантты балалар керек» деп ілтипат танытқан бауырмал бапкерлер де болды. Келісім бойынша 5 жыл оқуымыз керек болатын. 1995 жылы Қытайға қайтып, Шынжаң өлкелік жарысқа қатыстық. Ерлан екеуміз де 1-орын алған соң, «Сендердің жетістіктерің бар екен. Енді өзімізде оқып, жарысқа қатысасыңдар» деп алып қалды. Арада екі жыл өткен соң интернаттың «оқу бітірді» деген дипломын беріп жіберіпті...

image (2)

«Шетелдік» атанған қазақ баласы

1995-1996 жылдары Қытай біріншілігінде екі жыл қатарынан 1-орын алған оны бірден Ұлттық құрамаға қабылдайды. Оның осы жылдардан бастап жарқын жетістіктері тарих бетіне жазылды десек болады. Миллиард халық арасынан шыққан жастың өмір жолындағы ең шуақты күндер де, ең ауыр сәттер де осы жылдардың еншісінде еді... Ол бұдан соң 1996 жылы Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 5-орын, 1999 жылы Румынияда 8-орын, 2001 жылы 4 жылда бір өтетін Қытай спартакиадасында таңдау кезінде 1-орын, шешуші жарыста 3-орын, 2001 жылы Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында 2-орын, 2002 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында 4-орын, тағы басқа елішілік және әлемдік жолдастық кездесулерде жеңісті орындардан көрініп, 2003-2004 жылдары екі рет Қытай біріншілігінде биік тұғырға көтеріледі. «Осы жылдар, – дейді Әлнұр Төргеұлы, – менің жеңіске де, жеңіліске де, тіпті аяқтан шалу мен көреалмаушылыққа да тап болған кезеңдерім. Мұндайда орынсыз мінез көрсетіп, өзіңді дәлелдеу қиын. Ибалылық, сабырлылық, төзімділік керек. Әр спортшыға, әр адамға...».

[caption id="attachment_14543" align="alignright" width="156"]image (15) Афины олимпиадасы кезінде[/caption]

Балуанның айтқанын емес, айтпақшы болғанының астарын арыдан аңғардық. Спорт саласындағы «бармақ басты, көз қысты» әрдайым болатынын білсек те, қатарынан бірнеше жыл бойы төрешілер мен бапкерлердің қысымына тап болып, спортты біржола тастап кетуге бекінгендер тарихта аз емес. Әлнұрдың да басынан сондай жайттар өткенін сырттай естігенімізбен, ол тақырыпты қайталай сұрап жатпадық. Қатарынан 3-4 жыл бойы жарыстан шеттету, жүлделі орындарға жібермеу, халықаралық жарыстарға қатыстырмаудың түрлі шарғысын құрған кейбір бапкер, төрешілер бүгіндері Әлнұрды көрсе, өздерінің қиянаттары үшін қызарары даусыз... Ондай сәттерде балуан сыпайы ғана амандасып, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға тырысатын көрінеді.

– Қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған соң маған бапкерлер жиі айтатын бір сұрақ болды: «Сені Қазақстаннан қаншаға сатып алды?!» Олардың бұлай күмәнданатын жөндері бар еді.

Біріншіден, менің күресу мәнерім қытайлық жастарға ұқсамайтын. Еуропа мен Азияның күресу тәсілі мүлдем бөлек. Еуропа балуандары жақыннан құшақтасып күресуді қаласа, азиялықтар, әсіресе, қытай, жапон, корей, тайланд секілді елдердің балуандары алыстан, ұстаспай күресуді құп көреді. Мен Қазақстаннан үйренгенімді кәдеге жараттым. Тіпті 1995-1996 жылдары өткен Қытай жастар арасындағы біріншілікте қарсыластарыма 1 ұпай да бергем жоқ. Мұның өзі оларды таңғалдырды.

Екіншіден, бірден ауылдан аттанып, бір жыл өтпестен Қазақстанға келдім. Мұнда орысша оқыдым. Ауылда жүргенде атымнан басқа сөзді қытайша айта алмайтын едім. Жазу мүлдем жоқ. Қытай тілін ұлттық құрамаға қабылданған соң үйренуге тура келді. Олардың мыңдаған иероглифтерін жаттап, жазып, сөйлеп үйренгенімше біраз уақыт кетті. Сонда ұлттық құраманың жігіттері: «Әй, шетелдік, біздің тілді үйреніп жатсың ба?» – деп әзіл-шыны аралас қағытпаларын жиі айтатын.

Менің барлық мақсатым – өзімді өзім дәлелдеу, өзгелердің алдында ұялмайтындай жұмыс жасау. Осы принциптен тайғам жоқ. Қытай тілін жатпай-тұрмай үйрене жүріп, жаттығудан бір күн де қалмадым. Олар мені, қазақ баласын мойындауы керек деген ойымды жүзеге асыру үшін бар күшімді салдым.

 image (17)

Құрамадағы жалғыз мұсылман

Әлнұр Төргеұлы – қатарынан оншақты жыл күрес бойынша Шынжаң командасын өрге сүйреп, Қытай құрамасына өлшеусіз үлес қосқан жалғыз қазақ. Онымен бірге күреске қатысқан қазақ балуандарының көбі түрлі себептермен күресті тастап, жолортадан қайтып кеткенін, ішкі Қытайда ұлттық құрамада «жалғыз мұсылман» болғанын біреу білер, біреу білмес. «Небір талантты қазақ балуандары болды, бірақ Қытайдың ұлттық құрамасына іліне алмады. Көбі жаттығудан, тұрмыстық қиыншылықтардан, енді кейбірі бапкерлер мен төрешілердің қателігінен басқа салаға ауысып кеткен де шығар. Жарыста жеңіске жетсең де, ұтылсаң де, ешкімге ренжуге болмайды екен... Өзіңді мойындату қашанда қиын. Әділетсіздік барлық жерде бар ғой», – дейді ол.

Өзінің мақсат-мұраты жолында жалықпай еңбектенген балуанның Қытай ұттық құрамасындағы жылдарының өзіндік қиыншылықтары да көп болыпты. Әсіресе, тамақтану жағынан көп қиналғанын әлі ұмытпайды.

– Ұлттық құрама сапында айлап, жылдап машықтық. Бала кезімнен жаттығуға бар күшімді салған мен үшін ол қиындық тудырмады. Ең қиын тигені – тамақтану болды. Дәруменді тамақтарды үйіп-төгеді. Бірақ жей алмайсың... Ауылда ет пен айран-сүт іштік. Алматыда ең дәмді тамақты жедік. Ал ішкі Қытайда... Олардың тамағын жеу мүмкін емес еді. Өйткені, мен мұсылманмын ғой, жалғыз мұсылманмын. Моңғол, заңзу секілді бірен-саран өзге ұлт болғанымен, олардың діні бір. Не берсе, соны жей береді. Қатарынан 3-4 ай бойы тек қана лапша жеумен күнім өтті. 57 келі салмақта жарысқа түсетін менің күйім кете бастады. Намысқа тырысып, жаттығудан бірде-бір қалған жоқпын. Құрсүлдерім қап, ауылға қайтып кетсем бе екен деп те ойлайтынмын. Оған намыс жібермеді. Төргенің ұлы ештеңе бітірмей қайтып келіпті деген сөзді естігім келмеді. Мен үшін тиын-тебенін жинап, ауыздағысын жырып жүріп ақша төлеген, үлкен үміт күтіп отырған анамның жүзіне қалай қараймын деп уайымдадым. Сөйттім де, өзімді өзім қамшыладым. Бір жолы салмақ өлшеуде 54 келі тартыппын. Бапкерім «саған не болды» деген кісіше маған бажырая қарады. Сонда амалсыз шынымды айттым. «Мына тамақтарды іше алмай жүрмін. Менің дінім бөлек, жеп өскен тамағым да басқа еді» дедім. Ол шақта әлі жаспыз. Бапкерге ұсыныс айту, талап қою өте қиын. Бапкерім де екі сөзге келген жоқ, құрама басшыларымен сөйлесіп, маған арнайы аспаз бекітті. Кейін аспазбен достасып, өзімнің жегім келген тамағымды тапсырыспен жасататын болдым. Басқаны ұмытсам да, лапша жеп күнелткен күндерімді ешқашан ұмыта алмаймын...

[caption id="attachment_14545" align="alignleft" width="398"]image (13) Жары Шынар Шәпиқызымен[/caption]

Афины олимпиадасының бұралаң жолы

2004 жылы Қытай атынан екі қазақ Афины олимпиадасына жолдама алды. Оның бірі – бұл күндері әлемге танымал боксшы, 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиаданың қола жүлдегері Қанат Ислам болса,  екіншісі – күрес бойынша Қытай атынан Олимп шыңын бағындыруға ниетті Әлнұр Төргеұлы болатын. Сол әлемдік додада Әлнұр 13-орынға тұрақтады. «Әр солдат генерал болуды армандайды» демекші, Олимп шыңын бағындыру барлық спортшының өмірлік мақсаты екені анық. Сол жылғы Қытай рейтингі бойынша өз салмағында 1-орында тұрғанымен, жолдаманы Әлнұрға беру оңай болмапты. Бар-жоғы 20 күн қалғанда «сен барасың» деген шешімді естіген балуан қысқа уақыт ішінде жолға әзірленіп те, жаттығып та, өзінің бұрынғы қалпына келіп те үлгермегенін мойындайды.

[caption id="attachment_14547" align="alignright" width="340"]image (8) Жақсылық Үшкемпіровпен бірге[/caption]

– Спортшы үшін психологиялық қысымнан ауыр салмақ жоқ. Тұтас ғұмырыңның ең елеулі, жалынды мезетін бір салаға арнаған адам соның ұшар биігіне шығуға мүмкіндік туғанда ол орайды қолдан жібергің келмейді. Егер әділетті шешім дер кезінде қабылданса, кемі 2-3 ай бұрын жарысқа тастүйін әзірленер едім. Жарысқа кімнің баратыны айтылмады. Лицензия емес, жолдама болғандықтан, ұлттық құрама кімді жіберем десе де еркі еді. Менен өзге бірнеше үміткер болды. Менімен бірге жаттығып жүрген достарым: «Әлнұр, сен жаттықпай-ақ қой. Бұл жарысқа сенің баруың мүмкін емес...» деп, онсызда пәс көңілді одан арман түсіріп жіберді. Сонда да іштей Аллаға сыйынып, жаттыққандай болып жүрдік. Бірақ «мүмкін» мен «мүмкін еместің» арасындағы хал жүйкені жүндей түтті... Жарысқа дәл 20 күн қалғанда Қытай олимпиада комитетінің арнайы жиыны өтті. Бұл күндері үмітім үзілген. Қандай шешім шығарар екен деп, жиынға қатыстық. Менің атым аталғанда сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Ішті қуаныш пен күйіктің оты өртеп барады. Менімен бәсекелес қытай балуанының бірі мойнына сумкасын асты да, ауылына тартып тұрды. Өңі бұзылып кетіпті...

Сонымен, шамалы күннің ішінде құжат рәсімдеу, жолға дайындалу, жаттығу, бапкерлермен ақылдасу, өзіңді өзің жарату ісіне кірісіп кеттім. Арманым Қазақстанға келіп, жаттығу болғанымен, уақыт тым тапшы еді. Мұның салмағы тіпті абыржытты. Жөнді ұйқы да жоқ. Ақыры, Алланың бұйрығымен Афиныға бардық. Біреулер үшін Олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік болар, мен бұл жетістіктен биікке қол созып ем... Төрешілердің де бақастығы болды дегендер де кезікті. Таза жеңіс емес, тәсілдік қателікке бой алдырдым. Қарсыласым орыс балуанының иығына менің маңдайым бірнеше рет тиіп кетті. 3:2 есебімен жеңілдім. Саусақтарымның қысқалығы оны ұстауға кесірін тигізді, менің маңдайымның оның иығына тиетіні сондықтан, және ол менен гөрі ұзындау болды. Ол менен қаша жүріп күресті. Одан айламды асырып, алдына шыққаныммен, төрешілер қарсыласыма ескерту бермеді. Оның да мықты балуан екенін мойындаймын. Сол жолы ол қола медаль еншіледі. Спортта жеңілген соң, ақталуға болмайды. Спортшының өмірі – жеңіс пен жеңілістің жолы екенін естен шығармаған абзал...

image (11)

«Мен жетпеген биікті шәкірттерім бағындырады»

Афины олимпиадасынан кейін 2006 жылға дейін ұлттық құрама сапында болған ол, 2005 жылы Қытай мемлекеттік чемпионатында 2-орын, 3 түрлі күрес түрінен алтын тұғырға көтерілді, одан кейін бапкерлік салаға ауысып, Шынжаң командасын жаттықтырады. 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиаданың алауын ұстаған аз ұлт өкілінің бірі де осы Әлнұр балуан.

Қазір ол грек-рим күресі бойынша Қытай ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы. 5 жыл бойы Қытай құрамасын халықаралық жарыстарға апарып жүр. Осы жолы Астанада өткен олимпиада жолдамасынан грек-рим күресі бойынша 3 жолдама алып қайтты. Әлнұрдың айтуынша, Қытай ұлттық құрамасында 5 қазақ жігіті бар екен. Оның үшеуінің жеке бапкері де өзі.

– Мен олимпиада шыңын бағындырмасам да, шәкірттерім сол биікке көтерілеріне сенемін. Соңғы жылдары Қытай спорты күрт дамып кетті. Мемлекеттік қамқорлық та жетерлік. Тағы бір айтарым, Қытай спорт басшыларының қазақтарға көзі түзу. Тек Шынжаңда ғана емес, басқа өлкелердің командалар құрамында жүрген қазақ спортшылары баршылық. Мұның бірнеше себебі бар: ол біздің ұлттың төзімді, қайсар мінезі, содан кейін ибалы, кішіпейілдігіміз.

Қазір жастардың көбі имандылық жолын ұстанады. Қытай бапкерлері: «Бұлар жаттығудан қалмайды екен, ойнап-күліп, орынсыз қаңғымайды екен. Тәртіпке бағынып, үлкенмен де, кішімен де сыпайы сөйлеседі. Мұндай әйбат балалар бізге керек» деп отырады.

Ұлттық құрамада Мұрат (120 келі), Әлмұрат, Шаттық (96 келі), Уәлихан, Салтанат (60 келі) деген 5 қазақ бар. Бәрі де жақсы нәтижелерге жетіп жүр. Бесеуі де сайдың тасындай. Машығы да, тәртібі де өте жақсы. Құрама жетекшілерінің де оларға ниеті оң. Алдағы Рио олимпиадасына бару мүмкіндіктері жоғары. Бір-екеуі сол жарысқа қатысып, жүлдеге ілінсе, менің өмірлік арманым орындалады. Моңғолия мен Түркияда өтетін олимпиада жолдамасын сараптайтын жарыстарға бірнешеуі қатысуы мүмкін. Жолдама алар деген үмітім зор. Солардың жеңіске жетуі үшін бар білгенімді аямаймын!..

[caption id="attachment_14548" align="alignleft" width="214"]image (16) Үйлену тойынан естелік[/caption]

Ағайындылардың жетістіктері

Әлнұр Төргеұлының екі інісі – Дәуітнұр Төргеұлы мен Тілеунұр Төргеұлы да Қытайға танымал спортшылар. Дәуітнұр Қытай ұлттық құрамасына қабылданып, Азия мен Әлем чемпионаттарына, халықаралық жарыстарға, елішілік біріншіліктер мен Қытай спартакиадасында жетістіктерге жеткен.

Дәуітнұр Төргеұлы қазір Шынжаң командасының белді бапкері болса, Тілеунұр Төргеұлы – Іле аймақтық спорт командасының жаттықтырушысы. Екеуінің жетістіктері туралы айтар болсақ та, тағы да ұзақ әңгіме өрбітуге болады. Үш ағайынды – аймақтық, өлкелік, мемлекеттік құрамаларда жемісті еңбек етіп жүргенін ескерсек, болашақта Қытай қазақтары арасынан әлемдік деңгейдегі мықты балуандар шығарына үлкен сенім бар.

– Екі інім менің жолымды қуды. Кенжеміз Тілеунұрдың қолы шығып, ойнамалы болып қалғандықтан, спорттық карьерасын ерте аяқтады. Алайда біршама биік белестерді бағындырды. Дәуітнұр ұлттық құраманың жастар және ересектер сапында өнер көрсетті. Оның алған жүлделерінің өзі көңіл көншітерліктей. Шынжаң командасының белді бапкері болып қызмет атқарып жүр. Бізді бұл биікке жеткізген – намыс. Әкем қайтыс болғанда Тілеунұр бесіктегі бала еді. Біз ешкімнің қолына қарамау үшін тырыстық.

P.S. Біздің Әлнұр Төргеұлымен жолығып, аз-кем әңгімеміздің ұзын-ырғасы осылай өрбіді. «Мен жетпеген биікті шәкірттерім бағындырады» деген арманының тезірек орындалуын іштей тіледік. Сол күнге бәріміз бірге жетейік!..

Т. ТАҢЖАРЫҚ.


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x