Теріс ақпарат – лабиринт

Dalanews 15 қыр. 2021 00:11 446

Соңғы уақытта интернет желілері діни ақпаратты жедел әрі түрлі форматта таратуға, алмасуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге, интернеттің дамуы білім алу, денсаулық сақтау, техника, қоғамдағы қарым-қатынас, адам баласының өмір сүру үрдісін күрт өзгертіп, чаттар, форумдар, түрлі сайттар адам өмірін тұтас қамтитын болды. Ал, виджет, гаджет, блог, Facebook, Twitter, YouTube сияқты құралдар мен желілер кез келген мәліметті жылдам алуға жол ашты. Бұл жақсы ма, жаман ба?


Ақ пен қараны ажырату


Ғаламдық ақпараттық кеңістік өмірлік қажеттіліктерімізді толықтырып, қоғамдық, әлеуметтік, рухани тұрғыдан қанағаттандырып отыр ма? Жаңа ақпараттық күй қалыптасқан ғаламда тепе-теңдікті қалай сақтауымыз қажет? Алдағы уақыттан қандай эффектілер мен өзгерістер күтуге болады? Міне, осы сұрақтарға (психологияның бір саласы ретінде қалыптасып келе жатқан) жаңа технологияның адамға әсерін зерттейтін киберпсихология жауап береді.


29_gorБүгінгі қоғам виртуалды әлемдегі діни ақпараттың адам санасы мен көзқарасын қалай форматтап, жан дүниесінде қандай сезімдер тудырып, әлеуметтік ұстанымын қалай қалыптастырып жатқанын дін ғылымдарымен бірге, жаңа технологияның адам болмысына әсерін зерттейтін киберпсихологияның зерттеу құралдарымен де байланыстырып, айқындап беруді талап етіп отыр.


Бірақ, бұл арада киберпсихология деген не? Оның негізін қалаушылар кімдер? Пайда болу тарихына жеке тоқталып жатпаймыз. Мақсат – киберпсихологияның зерттеу әдістерімен интернет арқылы тарап жатқан діни ақпаратқа адамның тәуелділігі, сананы форматтау технологиясы, әсері мен нәтижесі туралы ой өрбіту.


Дәл бүгін де ала-құла діни ақпараттар әрқайсымыздың интернеттегі жеке адрестерімізге сілтеме немесе спам түрінде де келіп жатады. Ислам, пайғамбар, ақырет... деген жалпы діни ұғымдарды желеулеткен түсініксіз ақпараттардың астарынан қандай «құбыжық» шыға келетінін де әлі толық сезініп болғанымыз жоқ.  Мысалы, діни сарындағы мынандай ақпараттарды жиі кездестіруге болады.


Ұялы телефоныма келген мына бір хатта адамды іштей күйзеліске түсіретін оқиғаны баяндап келіп: «бұл ақпаратты 20 адамға таратсаң, 5 минуттан кейін өміріңде өзгеріс болады. Құранды теріске шығаруға болмайды», – деп қорытындылаған.


Тағы бір хатта Құранды қорлаған қыздың тышқанға айналып кеткендігі туралы айтылған. Тіпті, жан түршігерлік суреті де көрсетілген. Бірақ, суреттер мен видео роликтерді жариялауды жөн санамадық. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) Ислам дінін осылай жеткізген бе еді? Мұндай мәліметтер дағуат (дін жеткізу) ғылымының шарттарына сәйкес келе ме?


Ал, тағы бір видео роликте қабір азабын тартқан жас жігіттің күнәға толы өмірі туралы баяндалған. Ислам дінінде қабір азабының болатындығы туралы айтылған және еш күмәнсіз сенеміз. Мүнкәр-Нәкір періштелерінің сұрақ сұрайтыны да ақиқат. Өйткені, ол нәрселер қасиетті Құран мен хадистерде айтылған.



«2000 жылдары интернет қолданушылары бар болғаны 4% еді. Ал қазір 65%-ға жетті. Бұл шынымен де ақпараттық төңкеріс», – Эндрю Кохут, PewResearchGroup, PBS (31.12.2009). 

«Әлемдегі әрбір 13 адамның Facebook әлеуметтік желісінде аккаунты бар, американдықтардың 48%-ы ақпаратты осы желіден алады және 20 минут сайын желіге 2,7 млн сурет салынады», – France24 (26.02.2011).

«Жасөспірімнің 95%-ы  интернет тұтынады және 78%-ның жеке ұялы телефоны бар...», – Pew Internet Survey: Teens and Technology, 2013 . 

Жалпы діни мазмұны бар осындай ақпараттарды көптеп кездестіруге болады. Тіпті, қаласаңыз да, қаламасаңыз да жақын дос-жарандарымыз күнделікті қарым-қатынаста электрондық поштамызбен, ұялы телефон қосымшасына осындай мәліметтерді жиі жіберіп отыратынын білеміз.


Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) дінді жеткізуге қатысты бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер», – деген. Бұл – асыл дініміз Исламды насихаттаудың ең негізгі шарттарының бірі. Жоғарыда келтірген мысалдардың ешқайсысында бұл шарттар сақталмаған. Сонда, интернет әлемін кезіп жүрген теріс түсінік пен сенім қалыптастыратын эмоцияналды видео роликтер мен картиналардың кімге керегі бар? Не үшін жасалған? Астарында не жатыр? Әрине, мұндай ақпараттар белгілі бір мақсатта қолдан жасалатыны белгілі. Ол қандай мақсат? Мақсат – қоғамның ең нәзік діни сенімі мен иманына күдік ұялату. «Хатты 5 адамға тарата салып, шексіз бақытқа кенелесің» деу ақылға сия ма? Мұның астарында дінді шынайы өмір заңдылықтарынан алшақтатып, ұшқары, жеңіл-желпі етіп көрсету мүддесі жатқан жоқ па?


Егер адамның дін туралы түсінігі өзгерсе, дүниетанымы да өзгереді, дүниетаныммен бірге ділің де, тәрбиең де, тұтас өміріңде басқаша арна табады.


Fotolia_41153254_Subscription_XXLБірінші эффект. Кез келген теріс діни ақпарат – лабиринт. Сондықтан, лабиринт – ағымның мәні. Онсыз ағым болуы мүмкін емес. Жалған діни ақпараттың негізгі мақсаты – адастыру, шатастыру. Оның ішінде барлық нәрсе абстрактілі, мақсат пен бағыт айқын емес. Тіпті, ойы да, сөзі де, ішкі құрылымы да анық емес. Ол – түсініксіз бөлмелер мен қабырғалардан тұрады. Оның ішінде екі түрлі нәрсенің біреуі қас-қағым сәттік әсермен таңдалады. Егер лабиринттің ішінен шығу керек болса, жан-жақты біліммен қаруланған жүйелі дүниетаным қажет. Алайда, лабиринттің мақсаты – құрсаудан шығармау болғандықтан, нысанасыз әуелейтін түрлі-түсті ақпаратпен (манипуляциялаушы) жол сілтейді. Бірінші эффектінің нәтижесі: жолсызда адасу.


Екінші эффект. Ғылымда «паника» (үрей) деген ұғым бар. Егер соғыс кезінде кім «үрейге» берілсе, сол жеңіліске ұшырайды. Сол сияқты, бұқаралық үрей де белгілі бір мақсатта қолдан жасалады. Үрей тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де өте қауіпті. Ақпараттық қарым-қатынастың жылдамдығы артқан уақытта қоғам арасында үрей тудырудың қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Үрей болған жерде мақсат болмайды. Сол себепті, жалған діни ақпарат тарату, теріс діни пікір қалыптастыру, сол арқылы үрейлендіру – басқарудың бір құралы. Бұл процесс ұзақ уақыт бойы программаланып, адамның күнделікті іс-әрекеті мен жеке өміріне дейін әсер етеді. Оның нәтижесін күнделікті өмірден көріп, байқап жүрміз. Жалған діни ақпарат арқылы түрлі догмалар мен идеологияларды қалыптастырудың әсері өте күшті. Атом бомбасының зияны белгілі бір территория мен уақытты қамтыса, діни жалған ақпарат территория мен уақытқа тәуелді емес. Өйткені, ол адамның санасында дүниетанымдық деңгейде тамыр жаятындықтан мыңдаған жылдар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырады. Екінші эффектінің нәтижесі – үрей мен мақсатсыз әрекет.


Үшінші эффект. Теріс діни ақпараттың басқарушы әдіс екені анық. Бұл күрделі процесс ақпаратты тасымалдау арқылы іске асатыны да белгілі. Мәселен, бүкіл әлемнің, ғаламның өзіндік ырғағы бар. Электрон – атом ядросының шеңберінде тербеледі. Атом молекуланың шеңберінде тербелісте болады. Ай Жерді айналып тербеледі. Жер Күнді айналып үздіксіз тербелісте болады. Ал, өз кезегінде күн галактика кеңістігінде тербеліп қозғалады. Жарық – тербелістен тұрады, магниттік толқын – тербеліс, дыбыс – тербеліс, радиоактивті толқын – тербеледі. Ал тербелістер белгілі бір өлшемдегі – ақпараттан тұрады. Мысалы, радио толқыны да белгілі бір өлшемдегі ақпарат. Ол толқын – нақты бір ақпаратты тасымалдайды. Демек, радио толқыны ғаламның бір бұрышынан, екінші бұрышына белгілі бір құрылымы, өлшемі бар ақпаратты тасымалдайды. Сонда тасымалдау деген не? Бұл жеткізу деген сөз. Ал, ақпаратты бір жерден екінші жерге жеткізу – басқару процес екені анық.


Тіпті, жүрегімізде белгілі бір ырғақта тұрады. Енді соңғы уақытта ғалымдар ми өлшеуге болатын толқынды ырғақта тұрып жұмыс жасайтынын анықтады. Ол толқындар сіз ашуланып тұрсыз ба, әлде қуанып тұрсыз ба, әлде ауырып тұрсыз ба соған байланысты құбылып тұрады екен. Қысқаша айтқанда,  миымыздың ырғағы біздің қандай күйде тұрғанымызды анық көрсетіп тұратын айна десек болады. Енді ми ырғағы басқарылатын болса, не болар еді? Қызық, адамдардың әлеуметтік желідегі діни ақпаратқа арбалып қалатыны немесе түрлі жалған діни идеологияның ықпалынан шыға алмай қамалып қалуы, оның миының ырғағын біреу басқарып отыр деген сөз емес пе? Бұл шындық дәлелдеуді қажет етпесе керек... Үшінші эффектінің нәтижесі – теріс діни ақпаратқа саналы түрде тәуелділік.


Адамның қорғашаған орта, жаратылыс, ғалам, көзге көрінет, көрінбейтін әлемдер, дін, Жаратушы туралы көзқарасы, түсінігі, дүниетанымы қандай болса, оның ішкі тұлғалық қасиеті мен сипаты да сондай болады. Нақтылап айтсақ,  сырттан алған ақпаратымыздың құрылымы қандай болса, болмысымыз да сол мәліметке сай болады. Біз күнделікті денемізге қажетті азық-түлікті табиғи құрамы бай болса – пайдалы, химиялық құрамы жоғары болса – зиян деп таңдап, талғап тұтынамыз. Өйткені, ол тағамдар денемізге айналатынын білеміз. Сол сияқты, діни ақпарат та біздің болмысымызды қалыптастыратындықтан мұқият сүзгіден өткізіп барып қабылдауымыз қажет.


Таразы


Күн санап жаңа технологиялар дамып жатқан уақытта дегеніңе жеткізбейтін, адастыратын, алжастыратын кедергі ақпараттар аз емес. Адамға ғұмыр бойы ең қиыны – солардың ырқынан жол тауып шығу мәселесі.


Сана бостандығына әркім-ақ ерікті. Бірақ, кейде «ешқандай идеяға тәуелді емеспін, өз ойымды өзім басқарамын, ерік-жігерім еркін, тәуелсізбін» деп айтып тұрсақ та, «5 адамға хат тарат» деген белгісіз біреудің бұйрығын қалай орындап қойғанымызды сезбей қалып жатамыз. Сондықтан, жас бол, жасамыс бол, әйтеуір ел аман, жұрт тынышта «төл мазһабымыздың жолынан жаңылмайық, санамызды біреу билеп кетіп жүрмесін!....» деген ойды естен шығармауымыз керек сияқты.


Анық нәрсе біреу: күрделі ақпараттық заманда кез-келген діни ақпаратқа сеніп, соңынан еріп кете бермейтін, өзін берік ұстай алатын, былайша айтқанда, екі аяғын нық басқан иманды көзқарас иесі, түптек келгенде нағыз ізгі әрекет жасай алатын елге тұлға, азамат дәрежесіндегі жастар ғана елдің болашағы. Ал, бұл деңгейге көтерілу – терең тамырлы әрі күрделі процесс.


Әсет БЕКТҰР, ҚМДБ баспасөз бөлімінің бас маманы, дінтанушы


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x