Сайлау өткізудің сыры неде?

Dalanews 14 қаң. 2016 00:05 189

Осыдан біраз бұрын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны өтеді деген едік. Күні кеше ғана депутаттардың өзі «бүлік» шығарып, сайлау өткізуді сұрады. Ел Президентіне арнайы үндеу жолдап, кезектен тыс сайлау өткізелік деді. Бұл сайлаудың боларын онсызда білген қоғам селт ете қойған жоқ, «кезекті спектакль» деумен отыр. Сайлау өткізуден ештеңе өзгермейді, баяғы жартас – бір жартас деген пікірлер әр жерден қылаң беруде. Не десек те, алда сайлаудың өтетіні анық. Бұрынғы сайлаулардан бұл сайлаудың маңызы зор болмағын түсінуіміз керек. Неге?

Сирия мәселесі. Әлемдік саяс оқиғалар әлденеше үйекке бөлініп үлгерді. Сирияның айналасында өрбіген халықаралық қатынастар ушығып барады. Қазақстан мың жерден сәлиқалық танытқанымен, ірі ойындардан шет қала алмайтынын ұққан дұрыс. Ресей мен Түркия арасындағы жанжал тек екі елдің өзара қарым-қатынасына сызат түсіріп тұрған жоқ. Қазақстан тарапы екі оттың ортасында тұр.

Түркия – бауырлас ұлт қана емес, Қазақстан республикасының мығым да сенімді жүрісінің болашақтық кепілі бола алатын бірден бір ел. Түріктермен ат кекілін кесісіп, көршінің сойылын соғу біздің тайқы маңдайға шоқпарды өз қолымызбен ұрумен бірдей.

Ресей болса, шырма-шату байланыстағы, алыстасақ жақын тартатын, жақындасақ, бауырынан босатпауды көксейтін ең күрделі қарым-қатынастағы қоңсымыз. Еуразиялық экономикалық одаққа бірігумен бірге өзіміздің «тар жолымызды» одан арман тайғаққа айналдырғанымызды кештеу түсіндік десек те болады. Қазақ билігі дәл қазір шарасыз халде. Сирияға әскери шабуылын үдеткен Ресей бұл майданда Қазақстанның да бірге қимылдауын қалап отыр. Ресеймен бірігіп, Сирияға әскер кіргізу – Түркиямен, НАТО-мен, күллі мұсылман елдерімен жауласу. Мұндай ауыр кезеңде елімізге сайлау өткізіп, қалғыған қоғамдық сананы сілкіп алу әрі бүгінгі үндемес Парламенттен құтылып, одан гөрі тегеуіріндірек Парламент жасақтау аса маңызды. Ол үшін «айтқанға көніп, айдауға жүретін» партияларды емес, көп көзіне көріне қоймаған яки ел атын ұмыта бастаған бірнеше партияны Парламентке өткізу керек.
Бұған дейін Парламентте отырған «Ақ жол», Коммунистік партия атқамінерлері «Нұр Отан» партиясындағы әріптестерінен де төмен әрекет етті. Олардың бұл көнбістігінен Үкіметтің өзі жалықса керек. Бұрын-соңды қазақ Парламенті мұндай «өлі тыныштықта» болмаған шығар.

Қазіргі «Ауыл» партиясы мен ЖСДП-ның құрамына елге танымал, аузы дуалы лидерлерді жинап, жаңа Парламент жасақтаса, Үкіметтің төменгі палатадағы пікір-таласқа ден қоя отырып, шешім қабылдайтыны шындық. Бұған дейін Парламентте отырған «Ақ жол», Коммунистік партия атқамінерлері «Нұр Отан» партиясындағы әріптестерінен де төмен әрекет етті. Олардың бұл көнбістігінен Үкіметтің өзі жалықса керек. Бұрын-соңды қазақ Парламенті мұндай «өлі тыныштықта» болмаған шығар. Егер алдағы сайлауда «мінезді» депутаттар Парламент палатасына отырар болса, Үкімет пен биліктің өзі үшін пайдалы. Олардың айғайын сылтауратып, Ресеймен арақатынастағы кейбір маңызды тетіктерге ықпал етуге болады.

Теңге тағдыры және дағдарыс. Экономикалық дағдарыс күн санап күшейіп келеді. Теңгенің тағдыры дәл қазір қыл үстінде. 1 доллар 370 теңгеге күні кеше саудаланды. Қымбатшылық алқымдап, жұмыссыздар қатары күн санап артып отыр. Статистикалық агенттік 2015 жылғы инфляция 13,5 пайызды құрады деп ақпарат таратты. Бұған кім сенеді?

Азық-түлік 60-70 пайызға, құрылыс материалдары 40-50 пайызға, киім-кешек 60 пайыздан да жоғары мөлшерде қымбаттағанын қара базарға барып осыдан бір жыл бұрынғы бағамен салыстырыңыз. Өзі мардымды ештеңе өндірмейтін, бәрін сырттан таситын ел үшін бүгінгі құнсыздануды ұстап тұрудың өзі қиын. Қазірдің өзінде теңгенің бағамына Ұлттық банк жасырын араласып отыр деген сыбыс бар. Алда тіптен қымбаттауы, 1 доллар 500 теңгеге барабар болуы бек мүмкін.

Сайлау осы кезде неге керек дерсіз. Теңгені нығайту үшін емес, саяси тұрақтылықты сақтау үшін Үкіметті таратып, жаңа Үкімет жасақтау керек. Басқаша айтсақ, халықтың көңіл-күй ауанын сайлауға бұрып, осы кезде мүмкін болатын девальвацияны жасап үлгермек ойда. Теңге қазір әлем бойынша қысқа уақыт ішінде ең көп құнсызданған валюталардың көшін бастап тұр. Теңгеге сенім оятудың еш мүмкіндігі жоқ. Неде болса, сайлауды пайдаланып, құнсыздану процесін шегіне дейін жоғарылатып алу маңызды секілді. Бір қарасаңыз, парадокс секілді. Бірақ ықтималдығы бар ойдың бір ұшы осы.

Жұмыссыздық мәселесін оңды шешер халдің жоқтығын түсінген Үкімет енді үнемшілдікті күшейтеді. Сайлаудан кейін жасақталатын Үкіметтің жұмысы ең қиын шаққа тура келгелі тұр. Олар Қазақстанды экономикалық ауыртпалықтан құтқара ала ма? Ол үшін сайлауға қандай партияларды өткізу маңызды. Егер тағы да «қолдан жасалған» партиялар құнжиып, қазіргі депутаттар қайтадан мінберге көтерілсе, бұл сайлаудан еңштеңе күтпеуге болады.

Ішкі саяси ахуал.  Бұл сайлау алда болатын үлкен өзгерістің басы деушілер де көп. Нақты айтсақ, болашақ тақ мұрагерін таныстырудың алдындағы қам-қарекет. Осыған дейін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын кім басады деген сұрақ сан рет қойылғанымен, бұл сұрақтың жауабы жабық тақырыптардың бірі болып келді. Сайлау өткізудің кәнігі тәсілі белгілі, одан дәл қазір ештеңе өзгермейді. Мемлекет өзіне қажетті партиялар мен тиісті кандидаттарды таңдап алады. Бірақ бүгінгі депутаттар болашақтағы саяси шешімдер үшін тиімсіз әрі қауқарсыз болуы мүмкін. Кландар арасында жүретін астыртын тартыстың қай тұстан білінері белгісіз. Егер алда-жалда тақ мұрагері туралы сөз болар болса, бүгін үндемеген депутаттар «ауыр салмақтылардың» сойылын соғып, кері тартпасына кім кепіл?.. оларды ауыздықтау қиынға соғуы мүмкін...

Тақ мұрагеріне кім лайықты? Оны дәп басып айту қиын. Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевты ауыстырғанына қарап, біздің алдағы бірнеше жыл ішінде тақ мұрагері болатын адам туралы естуіміз мүмкін екенін болжауға болады. Оған дейін депутаттарды шахматтың тасындай өз орындарына мықшиту маңызды жұмыс...

Сайлау арқылы әрі адуынды, әрі сөзге «тоқтайтын» кандидаттарды іріктеу кезінде билік барынша сақ қимылдары даусыз. Бұл жолғы Парламент депутаттарын сайлаудың алуан түрлі астары бар. Биліктің ықпалын әрі күшейтетін, әрі оның ойындағысын орындауына септесетін, әрі елдегі тыныштық пен өзге топтардың аузын жабуға ықпалын арттыратын аса маңызды сайлау деп білген жөн.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x