Біз қайғыра аламыз ба?!..

Dalanews 23 желт. 2015 00:55 401

0 (2)Өткен аптада қазақ Әбішінен – Әбіш Кекілбаевтан айырылды. 76 жасқа қараған шағында заңғар жазушымыз бақилық болды. Саналы ғұмырын ұлт руханиятының кемелденуіне, түлеуіне, қазақтың ел қатарлы ел болуына арнаған хас қаламгерді арулап жер қойнына тапсырдық. Ел болып ұлы тұлғамыздан айырылғанымызды айтып жаттық. Бірақ...

Қазақ ұлыларынан айырылып жатыр. Жуық жылдары марғасқаларымыздың буыны – кілең корифейлер о дүниелік болды. Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Ысқақ секілді бірегейлер бірінен соң бірі кетті. Тағдыры тарғалаңда өткен Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбекті, Дидахмет Әшімханды жер қойнына тапсырғанымыз күні кеше секілді сезіледі. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» осынау шоғырды ойлағанда, ендігі тірі классиктерімізді қадірлей алсақ болар еді деген ой кешетінбіз. Оған уақыт шіркін тоқтар ма? Ұлтқа ақсақалдық сөз арнар тұлғалар азайып барады. Бары үнсіз!.. Кезек күтіп, жағада тұр...

Есімізді жинап үлгермей, бірінен соң бірі аттанып кете барды.

Қайтыс боларынан бірер күн бұрын қасқа маңдайы жарқырап, «қатепті қара нардай» тұлғасын экраннан көргенде, Әбіш Кекілбаевтай кененіміздің барлығына шүкірлік еткен едік.

Сол кененіміз келмес сапарға кеткенін естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. «Әлеуметтік желі» қаралы хабардан көрінбей кетті. Негізінен ақын-жазушы, журналистер қауымы Әбіш Кекілбаевтың болмыс-бітімі туралы кеңінен толғап, бір-біріне көңіл айтумен болды. Тек ресми ақпараттарға қарап, көңіліміз жарым болғанын несін жасыралық.

[caption id="attachment_12772" align="alignleft" width="260"]174vuH7b Әбіш Кекілбаев[/caption]

Әбіш Кекілбаевтың қазасы қатардағы қаза емес. Иә, Кекілбаев әулетіне ресми билік өкілдері де көңіл айтты. Тіпті, Президент Назарбаевтың өзі арнайы отбасына кіріп, қазаларымен ортақтасып қайтқаны туралы да оқыдық. Бізді «әттеген-ай» дегізгені «Қазақстан», «Хабар» секілді мемлекеттік телеарналардың ұлы тұлғамен қоштасу туралы ақпаратты өзге жаңалықтардың ең соңынан бергені болды. Күнделікті хабарларда рухани материалдарды өзге жаңалықтардан кейін көрсететі дағдылары болатын. Бұл жолы да сөйтті. «Спорт» туралы жаңалықтардың қатарына қосты. Өзге-өзге, Әбіш Кекілбаев бұл кемерге сыймайтын тұлға еді. Сұсы да, мысы да басым дарабозды біз неге тиісті деңгейде шығарып сала алмадық? «Ұлттық пантеонға» жерленгенін айтпай-ақ қойыңыз, Әбіштің қадірі ол өлшеммен бітпейді.
Былтыр Гарсиа Маркес қайтыс болғанда, Колумбия не істеп еді?!  Бүкіл ел болып аза тұтып, күңіренген жоқ па еді?! Мемлекеттік телеарналары дыр-думанды азайтып, азалы хабарды әлемге естіртпеп пе еді?! Президентінің өзі бүкіл әлем алдында көңіл айтып, ұлы құндылығынан айырылғанын басын иіп мойындамап па еді?.. Біздің Президент телеарналардан бір ауыз сөз айтуға, Әбішті жоқтамаса да, құрмет білдіруге тиіс еді... Қаралы қоштасуға келсе, тіптен орынды болар еді-ау... Колумбия үшін Г. Маркес қандай болса, біз үшін Әбіш сондай тұлға!

Ұлт қуана да, қайғыра да білуі керек. Біз үшін Әбіш екі тумайтын тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы сан хабар жазып, сан рет толғатқанмен, нақты бағасын бере алуымыз қиын. Ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда Қадыр Мырза-Әлі: «Үлкен екен ғой қашанда, Кішкене елдің қайғысы» деп толғаған екен. Әуезов қайтпас сапарға аттанғанда ұлт болып күңіренген деседі бүкіл қазақ. Ал Әбіштің қазасына тек «Әлеуметтік желіде» емес, шын өмірде күйзеле алдық па? Жоқ!

[caption id="attachment_12773" align="alignright" width="255"]Гарсиа Г. Маркес[/caption]

Күйзелсек, мемлекеттік туды төмен түсіріп, аза тұтар едік. Ұлт болып, мемлекет болып. Ырду-дырдуды азайтып, телеарналарда ойламды әңгімелер өрбітер едік. Қайрат Нұртастың кеші туралы бітпес әңгімені қоңырсытпай, Әбіштің мәңгілік мұрасы туралы  келелі кеңес құрар едік. Бірден бір ұлттық арнаның өзі «Қайраттың кешін тікелей эфирден» көрсеткендерін «бұрын-соңды болмаған» жаңалық деп жар салумен болды.  Былтыр Гарсиа Маркес қайтыс болғанда, Колумбия не істеп еді?!  Бүкіл ел болып аза тұтып, күңіренген жоқ па еді?! Мемлекеттік телеарналары дыр-думанды азайтып, азалы хабарды әлемге естіртпеп пе еді?! Президентінің өзі бүкіл әлем алдында көңіл айтып, ұлы құндылығынан айырылғанын басын иіп мойындамап па еді?.. Біздің Президент телеарналардан бір ауыз сөз айтуға, Әбішті жоқтамаса да, құрмет білдіруге тиіс еді... Қаралы қоштасуға келсе, тіптен орынды болар еді-ау... Колумбия үшін Г. Маркес қандай болса, біз үшін Әбіш сондай тұлға! Гарсианы әлем таныса, Әбішті алты алаш, түркі жұрағаты түгел біледі. «Шыңырау», «Аңыздың ақыры», «Ханша Дария хикаясы» секілді өлмес туындылары қазақ руханияты үшін емес, әлем әдебиеті үшін де маңызын жоғалтпас құндылықтар. Тек соның қадірін біле алсақ...

Біз қазір кішкене халық емеспіз. Өз еркіміз өзімізге тиген егемен елміз! Біз Әбішті жоқтасақ, ол үшін емес, өзіміз үшін, бүгінгі ақшадан өзгеге бас ауыртудан қалып бара жатқан қоғамның есін жиғызып, ұлт екенімізді сезіну үшін жоқтауға тиіспіз! Әбіш ақсақалға енді біздің өтірік еңірегеніміздің соқыр тиындық керегі жоқ...

Біз қайғыра алмайтын кепке түстік. Біздің қайғымыздың өзі өтірікке, ұранға айналыпты. Қуану, шаттану, ұрандату – бұлар өтірік пен көлгірлікке жақын сезімдер онсыз да. Ал шын қайғыруда жасандылық болмаушы еді.

Біз ұмытшақ халыққа айналдық. Бүгінгіні ертең ұмытып, қара жердің өзі шыдас бермес қасіреттерімізді естен шығарып, дыр-думанға толы дүниеге тез үйренетін болдық. Жақсылық па?! Білмеймін...

Қош бол, Ұлттың ұлы байлығы!.. Біз кімнен айырылғанымызды әлі-ақ түсінетін боламыз!..

«Қала мен Дала»

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x